Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына жолдауында:Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлы ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек, – деген еді. Бүгінгі әлем дамуының жаңа ұстанымы білім беру жүйесінің экономикалық, әлеуметтік-мәдени өзгерістерге мейлінше бейім болуын талап етеді. Әлем қазір «білім қоғамын» және «білім экономикасын» құру бағытында. Қазіргі уақытта ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың заманауи талаптарға сай дамуы білімді бағалау және пайдалану жүйесін уақытылы өзгертіп отыруды талап етеді. Осыған байланысты оқытуда қолданылатын әдіс-тәсіл, әдістеме, технологиялар білім беру талаптарына байланысты жаңартылып отырады. Сапалы терең білімді меңгеруге талпынған өскелең ұрпақтың жеткілікті дәрежеде сандық сауаттылығы бар, себебі олар өмір жағдайлары барысында жаңа технологияның барлық мүмкіндігін пайдаланады. Сол мүмкіндікті нәтижелі қолдану оқытушылардың біліктілігіне, біліміне, тәжірибесіне байланысты.
БҰҰ-ның бастауымен алғаш рет «тұрақты даму» концепциясы ұсынылды. «Тұрақты даму мақсаттары» – қазіргі уақыттың қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, болашақ ұрпақтардың өзінің қажеттіліктерін қамтамасыз етуіне қауіп туғызбайтын даму.Тұрақты даму мақсаттары концепциясының 4 бөлімі -сапалы білім екен алға тартқым келеді. Елімізде де білім беру жүйесі санға ғана емес, сапаға негіздеу – бүгінгі күннің басты талабы. Саналы да сапалы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана биікке шығатынымызды ескерсек, бұл мәселе ұдайы назарда болуы тиіс. Бүгінде оқытушылардың біліктілігін көтеру жұмыстарын жандандыру және білім сапасын жақсарту жолдары бірізділікпен жүйелі жолға қойылып келеді.Осы жайттарды ескере отыра, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің оқытушылар құрамы сапалы білім беру мақсатында аянбай еңбек етуде. Жастарға сапалы білім беру, ғылыми бағытын айқындау, жаңашыл идеяларын қолдау біздің басты міндетіміз. Жастардың мамандықты дұрыс таңдауы, сапалы білім алуы — өзекті мәселе. Себебі, еліміздің дамуы, өсіп-өркендеуі жастардың мамандық таңдауына, өзі таңдаған кәсіпке деген ынтасына, алған біліміне байланысты және осы мәселеге ерекше көңіл бөлген жөн.
Сапалы білім беру– аса құнды капитал. Сондықтан инвестиция салу өзіңді шыңдап қана қоймай, елге, Отанға қызмет ететін маңызды қадам екенін естен шығармау керек. Ең білімді мамандары бар мемлекетте өмір сүрудің барлық жағдайы тұрақты әрі сапалы болады. Ол сіз бен біздің денсаулығымызды, өмірімізді ұзартатын бірден-бір фактор. Сондықтан Президент Жолдауындағы сапалы білім беру қағидаты әр уақытта жауапкершілігі мол міндет.
Куаналиева Г.А
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі,з.ғ.д.,профессор
Яо Хуйлин
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті кеден қаржы және экологиялық құқық кафедрасының білім алушысы