Еліміздегі Әділет органдарының құрылу тарихы кешегі Кеңес одағы кезеңінен бастау алады. 1920 жылдың 26-тамызында Қырғыз Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы құрылып, оның істерін басқару үшін халықтық комиссариаттар жасақталды. Солардың арасында Халықтық Әділет комиссариаты ерекше маңызға ие болды. 1937 жылының қазан айында РКФСР әділетінің халықтық комиссариаты құрылып, оған сот, прокурорлық, тергеу және нотариаттық органдарды басқару, 1930-1934 жылдары РКФСР Халықтық ішкі істер комиссариатының пәрменімен таратылған түзету – еңбек мекемелеріне жетекшілік ету міндеті жүктелді.
1939 жылдың 25-қазанында Халықтық Комиссарлар Кеңесінде жаңа Әділет халықтық комиссариаты туралы Ереже қабылданып, сот мекемелері, кадр, оқу орны басқармалары, кодификациялық, жұмылдыру, нотариаттық, ұйымдастыру, құпия-шифрмалалы жоспарлы-қаржылық бөлімдер, адвокатура бөлімі, бақылау-инспекторлық топтар, хатшылық, мұрағат, заң баспасы қызметтері комиссариат құрамына енгізілді.
1946 жылы Жоғарғы сот төралқасының Жарлығына және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданған заңға сәйкес, Халықтық Комиссариат Кеңесі Қазақ КСР Министрлер Кеңесі болып өзгертілді. Сол уақыттан бастап Әділет Халық Комиссариаты Қазақ КСР Әділет министрлігі деп аталатын болды. Әділет министрлігі сол кезде сот және нотариат, құқықтық насихат және халық шаруашылығында құқықтық жұмысты әдістемелік тұрғыдан ұйымдастыру жұмыстарына басшылық жасады. Заңнамалық актілердің жобасын даярлау, оларды жүйелеу, жинақтау барысында күрделі тапсырмаларды орындады.
1970 жылы сот жұмыстарын ұйымдастыру қызметін жүзеге асыратын аймақтық деңгейдегі әділет бөлімі ұйымдастырылды. Бөлімге қалалық және аудандық халық соттары мен нотариалдық кеңселер бағынды. 1988 жылдың тамызында облыстың атқарушы комитетінің шешімімен облыстағы әділет бөлімі жабылып, оның негізінде облыстық әділет басқармасы құрылды. Басқармада сот жұмысын ұйымдастыру, құқықтық жұмыс және заң қызметін көрсету бөлімі жұмыс істеді.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Әділет министрлігінің жаңа дәуірі басталды. Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекетті құрудың, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етіп келген азаматтық қоғам дамуының қағидаттары мен негіздері түбегейлі өзгерді. Әрбір мемлекеттік органда қайта құрылу процестері жүргізілді. 1993 жылдан бастап әділет органдарына азаматтардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделеріне қатысты және жалпыға бірдей міндетті мағынасы бар ведомстволық нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу институтын енгізуге байланысты нормативтік құқықтық актілерді тіркеу қызметтері жүктелді. 1995 жылдан бастап әділет органдары заңды тұлғаларды тіркеуге, филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеуге кірісті.
Бұл қызмет – ерте кезден ең құрметті, сәйкесінше күрделі әрі жауапты мамандықтың бірі. Қиын-қыстау сәттерде құқықтық кеңес беретін де, заңның орындалуын қадағалайтын да, мемлекеттегі тәртіпке жауап беретін де — әділет органдарының қызметкерлері.
Отандық әділеттің құрылғанына 90 жылға жуық уақыт ішінде қалыптасудың қиын да күрделі жолынан өтті, бұл жолда қуғын-сүргін азабын, Азамат және Ұлы Отан соғысының от-жалынын, күйзеліс жылдарын, халық шаруашылығын қалпына келтіру, тоқырау уақыты мен қайта құрудың зардаптарын басынан өткерді. Қазақ халқының көптеген ұл-қыздары жүрек қалауымен кәсіби заңгер болды және өздерінің өмірлерін әділеттің ақ жолына арнады. Бұл жылдар қажырлы еңбекке толы жылдар болды және әділет органдарының жұмысын ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін талмай іздестірумен өтті.
Бүгінгі таңда әділет органдарының қызметкерлеріне қойылатын талаптар да күрделенуде. Осыған орай, Тәуелсіз елімізде әділеттілік пен заңдылықты қамтамасыз етіп, халыққа сапалы қызмет көрсеуге ықпал ету әділет органдарының негізгі қызметтерінің біріне жатады.
Бүгінде әділет органдары еліміздегі мемлекеттік заң жобалау жұмыстары саласындағы қызметті үйлестіру, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, халықты білікті заң көмегімен қамтамасыз ету, атқарушылық іс жүргізу қызметінің, нотариаттық және адвокатура қызметінің, АХАТ саласы және Халыққа қызмет көрсету мемлекеттік корпорациясындағы жылжымайтын мүлікті және заңды тұлғаларды тіркеу саласы қызметтерінің тиімділігін, ролі мен мәртебесін арттыруға ерекше назар аудару, сот-сараптама қызметін жетілдіру және т.б міндеттерді жүзеге асырумен айналысады. Аталған міндеттерді орындау – бүгінгі таңда халқымыз үшін аса маңызды істер болып табылады.
Осы бір келелі істердің әділет органдары қызметкерлерімен толыққанды аса жауаптылықпен атқарылуы, әрдайым заман талабына сай жетілдіріліп отырылуы халық үшін маңызы зор екеніне еш күмән тудырмайды.
Бүгінгі таңда сот орындаушылары қызметінің де мемлекеттік санаты әділет органдарының тікелей құзырында. Бұл қызметтің де өзіндік жауапкершілігі мен маңыздылығы өте жоғары. Себебі Қазақстан Республикасының атынан шығарылған әрбір сот актісі орындалуымен маңызды. Осыған орай әділет органдары өз жауапкершілігін сезініп, әрбір сот актісінің орындалуына үлкен жауапкершілікпен аянбай еңбек етуде.
Сонымен қатар, әділет органдары авторлық құқық және зияткерлік меншік құқығының сақталуына, ғылым, әдебиет, өнер шығармалары және кәсіпкерлердің бизнесінің құқықтық қорғалуына ерекше қызмет көрсетуде.
Әділет органдарының бүгінгі таңдағы жүйесі Қазақстан Республикасының Әділет органдары туралы 2002 жылғы №304 Заңымен реттелген және осы Заңмен әділет органдарының мәртебесі, қызметінің құқықтық негізі, негізгі міндеттері, қызметінің принциптері, жүйесі, мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және лауазымды адамдармен өзара іс-қимылы және негізгі функциялары құқықтары мен міндеттері айқындалған.
Қазіргі таңда әдiлет органдары заң жобасы жұмысын жүргiзу, заңдарды жетiлдiру саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) заң жобасы жұмысы, нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеу;
1-1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен заң жобаларын әзірлейтін орталық мемлекеттік органдардың заң жобалау жұмысын үйлестіру;
2) нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларына заң сараптамасын жасау;
2-1) заң жобасы бойынша ғылыми құқықтық, ғылыми лингвистикалық сараптамалар жүргізуді ұйымдастыру;
2-2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен әзірленген заң жобасы бойынша заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасы мен ақпараттық сүйемелдеу және түсіндіру бағдарламасының жобасы бойынша заң сараптамасының нәтижелерін қамтитын қорытынды беру;
2-3) өз құзыреті шегінде «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын және нормативтік құқықтық актілердің жобаларын жария талқылау рәсімдерін жүргізуді үйлестіру;
3) заң жобалары, сараптама, ғылыми-зерттеу жұмыстарын және консультацияларды жүзеге асыру үшiн, осы мақсаттарға бюджеттiк және өзге де қаражаттарды пайдалана отырып, мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, оның iшiнде шет ел мамандары мен сарапшыларын тарту;
4) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Үкіметтің нормативтік құқықтық актілеріне ресми түсіндірме беру;
5) құқықтық ақпараттандыруды, «Е-заңнама» ақпараттық жүйесін жүргізуді, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесін жүргізуді қамтамасыз ету;
6) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың заң саласындағы ғылыми-зерттеу жұмысын үйлестiру.
Және де халықаралық шарттарды құқықтық қамтамасыз ету, шетелдiк құқықтық көмектi үйлестiру саласында мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шет мемлекеттермен құқықтық көмек және құқықтық ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарды дайындау, жасасуды және орындауды ұйымдастыру;
2) Қазақстан Республикасының кепiлдiгiмен жасалатын заем шарттарына заң сараптамасын жасау;
2-1) ратификациялауға жататын, Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттар бойынша, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобалары бойынша ғылыми құқықтық сараптама жүргізуді ұйымдастыру;
2-2) ратификациялауға жататын, Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттар бойынша, сондай-ақ халықаралық шарттардың жобалары бойынша ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізуді ұйымдастыру;
3) халықаралық шарттарға сәйкес шет мемлекеттердiң сот тапсырмалары мен өтiнiштерiн орындау;
4) Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердiң заңдарын үйлестiру, бiр iзге түсiру, сондай-ақ Қазақстан таныған халықаралық нормаларды Қазақстан Республикасының заңдарына имплементациялау мәселелерi бойынша талдау жүргiзу;
5) санаткерлiк меншiк құқықтарын өзара қорғау туралы халықаралық шарттарды дайындау мен жасасуға, осындай шарттарға қол қоюға белгiленген тәртiппен қатысу;
6) халықаралық шарттардың жобаларына заң сараптамасын жасау.
Түркістан облысы Әділет департаментінің Сарыағаш ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі бөлімі-филиалының басшысы – аға сот орындаушысы,
Құқық магистрі Н.З.Жармаханбет


