Рәмізтану – рәміз тарихын зерттейтін ғылым. Алайда рәмізтану отандық ғылымда дербес сала ретінде енді ғана қалыптасып келеді. Әр халықтың даралығы, өзіндік ерекшелігі, шыққан тегі, тілі, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымен өлшенеді. Рәміздер қалыптасу барысында талай тарихи кезеңдер мен бірнеше әлеуметтік сатылардан өтті.
Рәміздер туралы сөз қозғағанда, әлемдік һәм ұлттық рәміздердің ара-жігін ажыратуымыз керек. Əлемдік, халықаралық терминдерді қолданғанда мұқият және сақ болғанымыз жөн. Батыстық үлгіде қалыптасқан парадигмалар негізінде ұлттық рәміздер зерттелмейді, зерделенбейді, яғни, геральдика қағидалары мен түсініктері түрік рәміздері, оның ішінде ұлттық рәміздердің мазмұнын аша алмайды. Себебі сол терминдердің этимологиясында империалистік амбицияны көздеген, өзге елдердің құндылықтарына қарама-қайшы ұғымдар болуы мүмкін. Рәмізтану ғылымы ұлттық рәміздер және әлемдік рәміздер тарихын қарастырады. Мемлекеттік рәміздер мәселесі алғаш сөз болған жылдарда «рәміз» атауына байланысты бірқатар пікір болған екен. Рәмізтану ғылымының негізін қалаған Ербол Шаймерденұлы «рәміз» терминін ұсынған.
«Қазақ елінің рәміздері», «Елтану әліппесі», «ҚР Тәуелсіздік рәміздері», «ҚР мемлекеттік рәміздері», «Тәуелсіздік нышандары», «Елтаным» деген құнды кітаптары – Ербол Шаймерденұлын толық дәрежеде тұңғыш рәмізтанушы атауымызға негіз. Біздің байқауымызша, төл рәміздердің құрылымдық жүйесін түзуде Еуропа, Ресей ілімдерін негізге алған рәмізтанушы әлемдік рәміздердің қағидалары мен жіктелуін нақпанақ көшірмеген. Ғылымның жаңа бағытын қалыптастырған Ербол Шаймерденұлы әлемдік рәміздер мен ұлттық рәміздердің ұқсастығын, өзгешелігі мен ерекшелігін ежелгі дәуірлердегі деректемелерге назар аудара отырып көрсеткен. Тұңғыш рәмізтанушы не себепті «геральдика» терминін қолданбады, неге «рәмізтану» терминін ұсынды. Осы мәселеге ой жүгіртіп көріңіз. Адамзат мәдениетінің екі тармағы, екі өркениет және екі түрлі дүниетаным – Шығыс және Батыс әлемі. Батыс геральдикасының басты символдық негізі өзінің діни дүниетанымынан бастау алады (крест-белгі). Батыс Еуропа және орыс гербтері тарихын жан-жақты қарастырған А.Б. Лакиер алғаш рет 1855 жылы Петербургте басылған «Русская геральдика» еңбегінде «геральдика» түсінігі крест жорықтарынан бастау алатынын баяндайды. «Позднее, например, во время Крестовых походов, когда дворянство и рыцарство всей Западной Европы, вдохновившись одной святой идеей, шло на Восток для освобождения Гроба Господня, необходимость в этих знаках была еще настоятельнее, и мы увидим, что это событие было одним из главных, давших толчок развитию гербов», – деп көрсеткен.
Крест жорықтары
Дәл осы кітапта А.Б. Лакиер: «Крест, символ той святой цели, для которой предпринимался поход, был виден повсюду, разных цветов, в различном положении. Если до этой эпохи крест нередко красовался на гербах, то Крестовые походы внесли его в гораздо большее число гербов рыцарей, поднимавших оружие за святой крест», – деп түсіндіреді. Еуропа тарихшыларының жүзжылдық пікірталасына айналған орта ғасырларда діни белсенділіктің күшеюімен үдеген крест жорығы «геральдика» түсінігін тудырды. Крест жорықтары кезінде кресшілер крест-белгіні матадан қиып, оны киімдеріне тігіп, жорыққа аттанушының (христиандар) ең негізгі белгісі ретінде қолданған. Сегіз рет ұйымдастырылған жорықтың «крест жорықтары» аталуының себебі осы.
Ежелгі орыс тулары
Батыс Еуропа елдерінің бүгінгі туларында, гербтері тағы өзге рәміздер жүйесінде жоғарыда сөз еткен шіркеу белгілерін байқау қиын емес. Ресей батыстық құрылымды нақпа-нақ көшіріп (дүниетанымдары бір) геральдиканы ғылым ретінде дамытып отыр. Елімізде өздерін «геральдиспіз» деп жарнамалап жүргендер бар. Геральдика ғылыми анықтамасында гербтер тарихын зерттейді. Гербтер тарихын зерттеуші – геральдист. Ал түркі елдерінде герб болмаған. Геральдика ғылымы түркі өркениетінің тұтас тарихын айғақтайтын (ежелгі тотемдік белгілер, ру, тайпа, қаған, қағанат таңбалары, байрақ-тулары, мөр, кірке) әлеуметтік-саяси мақсатта қолданылған рәміз, нышан, белгі, яғни, ұлт пен ұлыс, тайпа мен ру таңбаларының сыр-сипатын, қызметін арнайы зерттемейді. Батыстық құрылымға негізделген, орыстың дүниетанымы, дін тарихын баяндайтын геральдика ғылымы – халқымыздың наным-сенімдерімен астасқан киелі ұғымдар жиынтығы болып табылатын рәміздік белгі, таңбалық нышандар, т.б. туралы түсінік бере алмайды. Рәмізтану ғылымы тарихи рәміздерді, таңбалар мен белгілердің шығу тегі мен дамуын, ғылыми жүйелеу, біріздендіру, рәміздік таңбаларды тану, олардың түрлері, маңыздылығы, қолданылу аясы және түркі өркениетінің тұтас тарихын айғақтайтын байырғы түркі дәуіріндегі рәміздік таңбалардан Елтаңбаға дейінгі белгілердің философиясы, семантикасы, символдық мәнін тағы басқа ұлттық дүниетанымға қатысты мәселелерді қарастырады. Орыс билеушілерінің қол астына өткен Қазақстан қалаларының гербтерінде принципті түрде геральдикалық корона (тәж) көрініс тапқан. Геральдикалық коронаның (тәж) төбесінде геральдикалық крест орналастырылған және александр лентасымен көркемдеу дəстүрге енген. I Петрдің Орта Азияны «Ключ к воротам в Центральную Азию» дегенін ескерсек, гербтердегі геральдикалық корона, геральдикалық крест, александр лентасы тағы басқа бейнелерде отаршылдық әрекет, бодандық сипат анық көрінеді және әр өңірдің табиғи ерекшелігі (егін және мал шаруашылығы) орыс билеушілерін қызықтырғаны отаршылдық гербтердің идеясы әйгілеп тұр. «Болыстық ел басқару саясаты мен Ресей империясының қазақтарды шоқындырып, орыстандыру саясаты қатар жүргізілді», – дейді ғалым Мекемтас Мырзахметұлы «Абайдың «толық адамы» ілімі» кітабында. А.Б. Лакиер аталған кітабында «Покажите мне ваш герб: я скажу, какого вы рода» дегенді айтады. Бұл сөзді қазақшаласақ, «тегін білмеген тексіз» деген шығар еді. Ал, тек дегеніміз – шежіре. Шежіре – әр халықтың ру-тегін, таралуын баяндайтын ғылым. Осы орайда таңба және таңбатану, рәмізтануға қатысты деректерді жүйелеу, жандандыру жұмыстарын қолға алуымыз керек. Күллі түрік мәдени мұрасының негізі, арғы замандарда қолданыла бастаған көне таңбалар мен бағзы белгілердің тегі, даму барысы жайында біртұтас ғылыми зерттеу әлі жазылмаған деуге болады. Елтаңбаның тегі таңбаларда. Сондықтан да біз оны ЕлТАҢБА деп атаймыз. Қазақ халқының өз дүниетанымы – «шаңырағың биік, керегең кең, босағаң берік болсын» дегенде айтылатын шаңырақ, босаға, кереге ұғымдары Мемлекеттік Елтаңбада анық көрініс тапқан.
«Көп түрік енші алып тарасқанда, Қазақта қарашаңырақ қалған жоқ па?!» – дейді Мағжан ақын. Рәміз дегеніміз – жалпы айтқанда, осы қарашаңырақ туралы киелі әңгіме. Яғни ата-баба мұрасы, ұрпақ еншісі, мұрагер елдің төлқұжаты. Демек, рәміздер (Ту, Елтаңба, Әнұран) – қазақтың сан ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени-рухани болмысы, таным-түсінігі, салт-дәстүрінен сыр шертетін этномәдени кодтар мен белгілердің жиынтығы, бабалардың рухы сіңген аяулы аманат.
Жібек БОЛТАНОВА, филология ғылымдарының кандидаты