– Мадияр Бекенұлы, азаматтар құқығын қорғауда прокуратура органының маңызы зор. Ал осы қадағалау органына қызметкерлер қалай таңдалады? Прокурор болуға ынталылар көп пе?
– Прокуратура – заңдардың, ел Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік-құқықтық актілердің біркелкі қолданылуын, еліміздегі заңдылықтың сақталуын қадағалайтын мемлекеттік орган. Азаматтардың әлеуметтік кепілдігі мен қауіпсіздігінің сақталуына кепіл болып, сенімді тұтқасына айналып отырған прокуратура сапында қызмет етуге қызығушылар аз емес. Өте жауапты міндет жүктелгендіктен, қадағалаушы орган құрамына кез келген үміткердің қабылдана бермейтіні түсінікті. Соның ішінде жоғары оқу орнын үздік бітірген, арнайы іріктеуден сүрінбей өткен, академияда білімін жетілдірген үміткерлер кідіріссіз прокуратура органына қызметке кіре алады. Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдарының кадрлық әлеуетінің сапасын арттыру мақсатында 2022 жылы 15 қыркүйекте І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен Жетісу облысының прокуратурасы арасында ынтымақтастық туралы екіжақты меморандум жасалды. ҚР Бас прокуратурасы құқық қорғау органдар қызметіне алғаш рет кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу жариялап тұрады. Іріктеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдауды прокуратура органдарының аумақтық бөлімшелері жүргізеді. Іріктеуге қатысу үшін үміткерлер мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда тестілеуден, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалаудан өтуі қажет. Үміткерлерге қойылатын негізгі талап – Қазақстан Республикасының азаматтығы болуы, 35 жастан аспауы, жоғары заңгерлік білімінің болуы міндет. Прокуратура органынының қатарына қосылуды мақсат еткен жандар үшін бірнеше іріктеу сатысы белгіленген. Үміткерлер алдымен құжаттарын тапсырып, одан кейін прокуратура органының аумақтық бөлімшелерінде әңгімелесуден өтеді. Сондай-ақ болашақ прокурорлар әскери-дәрігерлік комиссиядан, полиграфологиялық зерттеуден өтетінін еске салғанымыз жөн. Осы кезеңдерден мүдірмегендер құқық қорғау органдары академиясында емтихан тапсырып, біліктілігін дәлелдейді.
– Сіздің азаматтарды жиі қабылдап, сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдайтыныңызды байқап жүрміз. Азаматтар қандай мәселеге жиі шағымданады?
– Кез келген мемлекеттік қызметкер – халықтың қызметшісі. Біздің қызметімізді басты тұтынатын да – халық. Сондықтан халықпен санасып, ел-жұрттың ұсыныс-пікірін тыңдау – басты міндетіміз. Азамат тардан түскен өтініш-тілек, сауалдың ешқайсысы қараусыз қалмайды. Мәселен, биылғы жылы 2 мыңға жуық өтініш қабылданып, оның жартысынан астамы прокуратурада қаралды. Бұл өтініштердің басым бөлігі тергеу саласына қатысты. Тергеу саласының жұмысына қатысты жазылған шағым-тілектердің 270-і қанағаттандырылды. Қарау нәтижелері бойынша 4 қылмыстық іс қозғалып, тергелуде. Тергеудегі қылмыстық істер аясында 162 өтініш бойынша процессуалдық шешім бұзылып, 88 өтініш бойынша тиісті нұсқаулар берілді. Осы аралықта барлығы 772 жеке қабылдау ұйымдастырылып, оның 550-інде азаматтарды басшылық тікелей қабылдады. Оған қоса «көшпелі топтар» барлық ауылдық округтерді аралап, жергілікті жерде түсіндірме жүргізуді дәстүрге айналдырған. Бізге азаматтар көбінесе қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысындағы кемшіліктер бойынша, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық саладағы мәселелер бойынша жүгінеді. Әсіресе, азаматтар тергеудің дұрыс жүргізілмеуіне, істің тоқтатылуына келіспей жатады. Ал әлеуметтік-экономикалық сала бойынша жер мәселелері, тұрғын үй кезегі және сот орындаушыларының іс-әрекеттері азаматтардың көңілінен шықпайтыны байқалады. Мысалы, ЖШС директоры Е. деген азамат облыс прокурорының қабылдауында болды. Ол облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы шығарған «Келісімшарттың қолданылуын тоқтату туралы» бұйрығының күшін жою туралы шағымданған. Өтінішті зерделеу барысында белгілі болғандай, басқарма жауапкершілігі шектеулі серіктестікке хабарламаны тиісінше жеткізбеген. Оны растайтын құжат болмағандықтан, басқарма хабарламаны тапсыру тәртібін бұзып отыр. Осылайша жеке қабылдау және өтінішті қарау нәтижесі бойынша прокуратура атына заң бұзушылықты жою туралы прокурорлық қадағалау актісі енгізілді.
– Қазір жасөспірімдерге қарсы қылмыс көп. Әсіресе, зорлық-зомбылық деректері күн өткен сайын өршіп барады. Осы қылмыстың алдын алуда прокуратура тарапынан не жасалып жатыр?
– Ана мен бала – мемлекет қорғауында. Заңдарда да, мемлекеттік бағдарламаларда да ана мен баланың құқығын қорғауға, әлімжеттік көрмеуіне барлық жағдай жасалған. Өкінішке қарай, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жасөспірімдерге қарсы құқықбұзушылықтар әлі де азаймай отыр. Әсіресе, енді өмір бастаған балалар тағдырының тәлкекке түсуі, жасөспірімдердің жастайынан қиянат пен зорлықтың құрбаны болуы алаңдаушылық тудырмай қоймайды. Облыс прокуратурасы тарапынан кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша бірқатар жұмыс тар жүргізді. Білім басқармасымен, полиция бөлімдерімен бірлесіп оқу жылының басында барлық орта мектептерде ата-аналар жиналысы өткізіледі. Жастар ресурстық орталығының жұмысы жанданды. Өңірдегі жасөспірімдер арасында кездесетін проблемалық мәселелердің себебі мен салдарын айқындау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында сауалнама жүргізілді. Барлық қалалар мен аудандарда кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, оның ішінде жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы 40-тан астам дәріс өткізілді. Сондай-ақ облыс прокуратурасы БАҚ және әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Бұдан бөлек, барлық қалалық және аудандық білім бөлімдерінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен жыныстық қол сұғылмаушылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Бұл науқандық шара емес. Балаларды теріс ықпалдан қорғау мақсатында құқықтық сауатты арттыру, түсіндіру жұмыстары жоспарлы түрде өтетін айта кеткеніміз жөн.
– Прокуратураның жұмысын жандандыру үшін қандай жаңашылдықтар қолға алынып жатыр?
– 2022 жылғы 5 қарашада Мемлекет басшысы «Прокуратура туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Заңның негізгі мақсаты – прокуратураның құқық қорғау қызметін күшейту, еліміздегі жоғары қадағалау құралдарын және заңдылықты нығайту. Бұл жаңашылдықтар әр салада заңның сақталуын қадағалауды күшейту мақсатында жасалып отыр. Прокуратураның басты міндеті адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде қорғау, сондай-ақ, ел аумағында заңдылықты қамтамасыз ету болып табылады. Адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін прокуратура Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілмен өзара іс-қимыл жасайды және оның қызметіне жәрдем көрсетеді. Жаңа өзгерістерге сәйкес әскери және көлік прокуратураларының басшылары, аудандық және оларға теңестірілген прокурорлар заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында лауазымды адамдарға, мемлекеттік органдарға, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғаларға жүгінуге құқылы. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдарына маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жүктелген. Қазір бұл бағытқа ерекше басымдық беріліп отыр. Соған орай енді инвесторлардың өтінішін біз бұрынғыдай мемлекеттік органдарға қайта бағыттамай-ақ, өз бетімізше қарайтын болдық. Инвесторлардың сигналдарына, өтініштеріне жедел ден қою мақсатында бизнес пен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мобильдік топ құрылды. Онда тәулік бойы құқықтық кеңес алуға немесе инвестициялық жобаны іске асыру проблемасымен тікелей жүгінуге болады. Жетісу облысының прокуратурасы тарапынан есірткі құралдарының заңсыз айналымының алдын алу мақсатында «Narko Shekteu Taldykorgan» пилоттық жобасы іске қосылғанын да айта кетуіміз керек. «Narko Shekteu Taldykorgan» телеграм-боты есірткі құралдарының жарнамасы, геометрлер (геолокация), граффити суреттері, жасырын орындар, зертханалар мен есірткі притондары бар сілтемелерді (контент) енгізу арқылы ақпаратты оңайлатып орналастыруға мүмкіндік туғызады. Телеграм-ботқа жіберілген әрбір хабарлама бойынша прокуратура уәкілетті органдармен бірлесіп тиісті шаралар қабылдайды.
– Президент бизнесті қорғауға жіті көңіл бөлуде. Бұл бағытта қандай іс-шаралар атқарылып жатыр?
– Шағын және орта кәсіпті дамыту – ел өркендеуінің өзегі. Сондықтан да Президент тапсырмасына сай отандық кәсіпкерлерді қолдауға, олардың кедергісіз жұмыс жүргізуіне барлық жағдай жасалып жатыр. Мәселен, биыл прокуратура 3 мың кәсіпкердің құқығын қорғады, 1,1 мың заңсыз салық бұйрығы жойылды. Сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін төлемді негізсіз есептеудің 108 фактісі анықталды. Облыс прокурорының өкімімен инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бойынша фронт-кеңсе ашылды. Осы бастама аясында Алакөл ауданында құс фермасын салу бойынша инвестициялық жобалардың бірі жер учаскесіне байланысты іске асырылмайтындығы анықталды. Мәселен, ауданның жергілікті атқарушы органы инвесторға су қорғау аймақтарынан жер учаскесін берген. Ал инвестор рұқсат беру құжаттарын алуда проблемаға тап болған. Мәселені талдай келе, орын алған құқықбұзушылықты жою және кінәлі адамдарды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы прокурорлық акт енгізілді.
– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет. Сөз соңында Республика күніне орай тілегіңізді тыңдасақ.
– Тәуелсіздік декларациясы – Қазақстанның азаттығын жақындатқан, егемендіктің қуанышын сезіндірген маңызды құжат. Барша отандасымызды осындай айтулы мереке – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке біздің мемлекетіміздің бостандығы мен күш-жігерінің нышаны болып саналады. Тәуелсіздік алғаннан бері біз әлемді тануға және үлкен прогрестерге қол жеткіздік. Осы ұлық мерекеде сіздерге зор денсаулық, амандық және бейбітшілік тілеймін! Үйлеріңізде әрқашан келісім және өзара түсіністік орнасын!
Айнұр СЕМБАЕВА, «Заң газеті»