Бүгінгі саяси, әлеуметтік, экономикалық даму өрісінде өлшемі үлкен өзгерістер, елеулі ауытқулар орын алып, дүние келбеті күнде өзгеріп жатқан заманда елдің тұрақтылығын, халықтың бақуатты өмірін қамтамасыз ету – өзекті міндет.
Мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстап, халыққа қызмет көрсетіп жүрген азаматтардың мойнындағы жауапкершілік жүгі әрдайым салмақты.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі және Әдеп жөнiндегi уәкiл туралы ереже бекітілген болатын.
Уақыт талабы, кейінгі саяси реформалардың ықпалы бойынша оған биыл маусым айында өзгертулер енгізілді. Бұл жердегі түпкі мақсат – мемлекеттiк қызметшiлердiң моральдық-адамгершiлік бейнесiне және iскерлiк қасиеттеріне қойылатын талаптарды жоғарылату.
Мемлекет басшысы осы жылы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы. Басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табады. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес»,– деп қадап айтты. Түсінген адамға батпандай салмағы бар ауыр сөз әрі шынайы байлам. Бұқара халықтың арасында мемлекеттік қызметшілерге «шенеунік» деп жақтырмай қарап, ұнамсыз пікір қалыптастырып алғандар баршылық. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын ескерсек, мемлекеттік қызметтің әр сатысында жүргендер тарапынан жасалған өрескел әрекеттер, заңбұзушылықтар осындай пікірлердің бас көтеруіне себеп болғаны анық. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегеннің кері келіп, заңнан, әдеп пен адамгершіліктен аттағандардың кесірі жалпы мемлекеттік қызметшілерге тиіп отыр.
Мемлекет басшысының бастамасымен кәсібилік пен туған елге, жерге жанашырлықпен, перзенттік сүйіспеншілік, құрметпен жұмыс істейтін мамандарды іріктеп, мемлекеттік қызметші деген абыройлы лауазымға кір келтіргендерден арылу үдерісі түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға түрткі болуда.
Халықтың сенімі болмаса, мемлекеттік қызметті, идеологияны алға сүйреу қиын. Сондықтан, әрбір мемлекеттік қызметшінің адалдығы, қара қылды қақ жаратын туралығы, білім-білігі, іскерлігі, терең жауапкершілігі, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, мінезі – бәрі-бәрімен айналасына үлгі, жағымды тұлға болмағы маңызды. Кәсібилік пен әдептілік мемлекеттік қызметші имиджінің тұтас сипатын айшықтайды.
Елімізде мемлекеттік қызметшілерге оң көзқарас қалыптастыру, олардың түзу жолдан таймай, әдептен аттамай, дұрыс бағытта жұмыс істеуіне жөн сілтеп, заң талаптарын ескермеуінің алдын алу мақсатында Әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады.
Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін сақтауды қамтамасыз ету, заңды бұзудың алдын алу қызметін жүзеге асырады және өз дәрежесі шегінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға кеңес береді.
Әдеп жөніндегі уәкіл өркениетті елдердің тәжірибесі арқылы енгізілгені көпке мәлім. Ол да мемлекеттік қызметші болғандықтан, алдымен тиісті талапқа өзі лайық болуды бірінші кезекке қояды.
Әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдарын, Әдеп кодексін, аталған ережені, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерін басшылыққа алады. Әдеп жөніндегі уәкіл болу екі есе жауапкершілікті қажет етеді. Бұл міндет ұжымда қадірлі және құрметке ие мемлекеттік қызметшіге жүктеледі. Өйткені, ол басқа мемлекеттік қызметшілерге үлгі бола отырып, заң талаптарына, әдеп нормаларына сай жұмысты талап етуге, сөзін өткізе алуға тиіс.
Ережеге сәйкес, Әдеп жөніндегі уәкіл өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді, мемлекеттік қызметшілердің заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауына ықпал етеді, мемлекеттік орган басшылығының тапсырмасы не мемлекеттік орган басшысы берген өкілеттіктер шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды, ұжымда жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларына сәйкес келетін өзара қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдеседі, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайларда оларды қорғауға және қалпына келтіруге бағытталған шараларды қабылдайды, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын сақтауын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады. Оның мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері басшыларының қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша тиісті шаралар қабылдамау жағдайлары туралы мемлекеттік органның басшылығына хабарлауға, заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті лауазымды адамдарға қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол берген мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығын қарау туралы ұсыныммен жүгінуге құқығы бар.
Ел Президенті жақында ғана халыққа жолдаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарын нақты айқындаумен қатар, алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асыру өте маңызды екеніне тоқталып, оның табысты болуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты екенін атап өтті.
Еселенген міндеті мен жауапкершілігіне адал болу мемлекеттік қызметшіні абыройға жеткізетіні анық.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Алматы қаласы бойынша департаменті
Мемлекеттік қызмет саласындағы
бақылау басқармасының жетекші маманыны
Ж.А. Кульбаева


