Биыл Алаш жұртының әйгілі перзенті, ғұлама ғалым, ақын, фольклоршы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына 165 жыл толып отыр. Соған орай жер-жерде мазмұнды, тағылымды, тәлімді іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Бүгін Конституция күні қарсаңында «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі мен Қазақстан Республкасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы бойынша филиалы бірлесе отырып, филиал базасында мемлекеттік қызметшілерге арналған «Ғибраты мол ғұмыр иесі» атты танымдық кездесу ұйымдастырды.
Алматылық жас мемлекеттік қызметшілер алдында филиал директоры Әйгерім Абилова сөз бастап, қатысушыларды Конституция күнімен құттықтап, қонақтармен таныстырды. Сондай ақ жауапты мемлекеттік қызмет саласына қажетті кәсіби дағдылар мен машықтарды игерумен қатар, өзін-өзі дамытуға, «Мансап және отбасы» арасындағы өмірлік балансты ұстауға шақырды. Сол үшін де осы мақсатты ұстанған бірлестікпен меморандумға отырып, алдағы уақытта отбасылық құндылық тақырыбы аясында тығыз жұмыс жасайтындығынын атай кетті.
Келесіде сөз алған бірлестіктің Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиал басшысы Мұхит Бекжанұлы, журналисі Меруерт Мәулетқызы, психологы Қуаныш Қуатқызы бірлестік ұстанымы, ағартушылық бағыты, әлеуметтік зерттеуі жайлы жан-жақты тоқталды. Және бүгінгі кездесуге арқау болып отырған М. Көпейұлының бес томдық шығармалар жинағы бірлестік құрылтайшысы Нұркен Асановтың бастамасымен әрі қолдауымен шыққанын және еліміз бойынша 100 мектеп, 100 ЖОО, 100 мешіт, 100 кітапханаға тегін таратылғанын айтып өтті.
Мәшһүртану ғылымы тарих пен әдебиеттің, лингвистика мен мәдениеттің іргелі салаларының біріне айналып, шығармашылығы әр түрлі бағытта зерттелуді қажет ететіндіктен бұл іс-шараға Философия, саясаттану және дінтану институтының Дінтану орталығының директоры, PhD докторы Алмасбек Шағырбай арнайы қатысты.
Сөз алған Алмасбек Дүйсенбекұлы кітаптың құндылығы, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тигізесін пайдасы жайлы ой өрбітіп, кітаптың жарыққа шығуына себепкер болған жандарға алғыстарын жеткізді. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан философ-ақынның шығармашылығын дәріптеу арқылы мемлекеттік қызметкерлердің тұлғалық бейнесін дамыту бағытында баяндама жасады.
Кездесу соңында қатысушылар ішінен сөз алғандар рухани кездесуді ұйымдастырғандарға алғысын білдіріп, болашақты болжап кеткен қанатты сөздері арқылы қазаққа таныс Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығы – пендені ақыл-парасатқа жетелер қазына деген түйінге келді. Қай-қайсысы да адам баласының басты қызығы артында қалған ұрпағы және сол ұрпағының бойына сіңірген оң істері мен ұлағатты тәрбиесі екендігін ұғып тарқасты.


