Қоғам өмірінде адамдар арасында түрлі келіспеушіліктер мен даулы мәселелердің туындауы – заңды құбылыс. Алайда кез келген даудың соңы сот шешімімен аяқталуы міндетті емес. Кейбір жағдайларда өзара түсіністік танытып, ортақ мәмілеге келу арқылы мәселені бейбіт жолмен шешуге болады. Осындай тиімді тәсілдердің бірі – татуласу рәсімі.
Қазақ халқы ежелден бірлік пен берекені, татулық пен ынтымақты жоғары бағалаған. «Дау мұраты – бітім» деген нақыл сөздің өзі халқымыздың дауды ушықтыруды емес, оны келісіммен аяқтауды құп көргенін көрсетеді. Бұрынғы билер мен ақсақалдар ел арасындағы келіспеушіліктерді ақылмен, сабырмен шешіп, екі тарапты ортақ мәмілеге келтіруге күш салған. Бұл дәстүр бүгінгі құқықтық жүйеде де өз жалғасын тауып келеді.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының заңнамасында дауларды сот процесі барысында татуласу арқылы реттеуге ерекше мән берілген. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде (бұдан әрі – ӘРПК) жария-құқықтық дауларды татуласу және медиация тәртібімен реттеу мүмкіндіктері қарастырылған.
ӘРПК-нің 120 және 121-баптарына сәйкес, әкімшілік сот ісін жүргізудің барлық сатысында сот тараптардың татуласуына жәрдемдесіп, дауды бейбіт жолмен шешу үшін қажетті шараларды қабылдайды. Яғни соттың міндеті тек дауға құқықтық баға беріп, шешім шығару ғана емес, сонымен қатар тараптардың өзара келісімге келуіне мүмкіндік жасау болып табылады.
Татуласу рәсімінің басты ерекшелігі – тараптардың ерікті түрде келісімге келуі. Бұл ретте ешбір тарап мәжбүрленбейді, әрқайсысының ұстанымы мен заңды мүдделері ескеріледі. Тараптар дауды өзара тиімді шарттар негізінде реттеп, сот шешімін күтпей-ақ мәселені аяқтай алады.
Әкімшілік істер бойынша татуласудың өзіндік ерекшеліктері бар. Себебі мұндай дауларда тараптардың бірі көбіне мемлекеттік орган немесе лауазымды тұлға болып табылады. Сондықтан татуласу мемлекеттік органның заңмен берілген әкімшілік қалауы шегінде ғана жүзеге асырылады. Келісімнің шарттары заң талаптарына қайшы келмеуге, өзге тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға тиіс.
Татуласу рәсімі бірнеше артықшылыққа ие. Біріншіден, ол дауды қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді. Екіншіден, тараптардың уақытын және сот шығындарын үнемдейді. Үшіншіден, дауласушы тараптар арасындағы қарым-қатынастың одан әрі шиеленісуіне жол бермейді. Ең бастысы, мәселені тараптардың өздері таңдаған қолайлы шешім арқылы аяқтауға жағдай жасайды.
Медиация да татуласудың маңызды тәсілдерінің бірі болып саналады. Оның барысында тараптар бейтарап медиатордың немесе заңда көзделген тәртіппен судьяның жәрдемдесуі арқылы өзара келісімге келеді. Мұндай рәсімнің негізінде өзара құрмет, сенім және ортақ шешімге ұмтылу қағидаттары жатыр.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында да жария-құқықтық дауларды татуласу және медиация рәсімдері арқылы реттеу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сот тәжірибесі көрсеткендей, тараптар өзара түсіністік танытып, заң аясында келісімге келген жағдайда, көптеген даулы мәселелерді тиімді әрі нәтижелі шешуге мүмкіндік бар.
Әсіресе, мемлекеттік органдардың әкімшілік актілеріне, әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты дауларда тараптардың өзара келісімге келуі азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге оң ықпал етеді. Бұл ретте мемлекеттік органның да өз шешімін қайта қарауға, заң талаптарына сәйкес мәселені реттеуге мүмкіндігі болады.
Әрине, барлық дауды татуласу арқылы шешу мүмкін емес. Мұндай рәсім тек заңда көзделген жағдайларда және тараптардың өзара келісімі болған кезде қолданылады. Дегенмен, татуласуға мүмкіндік бар жерде оны тиімді пайдалану – құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетеді.
Қорытындылай келе, татуласу – тек дауды аяқтаудың жолы ғана емес, ол өзара сыйластық пен түсіністікті қалыптастыратын маңызды құқықтық құрал. Дауды жеңіспен емес, келісіммен аяқтау – қоғамдағы тұрақтылық пен татулықтың негізі. Сондықтан әрбір тарап даулы мәселені шешу барысында өзара мәмілеге келу мүмкіндігін қарастырып, заңда көзделген татуласу рәсімдерін тиімді пайдаланғаны жөн.


