Кез келген зайырлы мемлекеттің тірегі де, сүйенері де – Коституциясы. Себебі, Конституция – әрбір елдің кедергісіз дамуына, азаматтардың құқығы мен бостандығының қорғалуына кепілдік береді. Біз қашанда заңға бағынған, заңын сыйлаған елміз. Тіпті, сонау хандық дәуірдің өзінде халық арнайы заңның айналасына топтасқан. Қазақ тарихында «Қасым ханның қасқа жолынан» басталып, «Есім ханның ескі жолымен», «Тәуке ханның Жеті жарғысымен» жалғасқан заңдық жүйе елдігіміздің шаңырағын шайқалтпай, іргетасының беріктігін қамтамасыз етті. Осы қазақы салт-дәстүрге негізделген дала заңдар бүгінгі дара заңымыздың алғышарты, күретамыры.
Иә, әрбір құқықтық мемлекеттің негізі – оның Ата Заңы. Ол тәуелсіз елдің басты нышаны, құқықтық өзегі. Ата заңның айбары асқақ, пәрмені жоғары. Еліміздегі кез келген заң, кодекс, құқықтық құжаттар бастауын осы Конституциядан алады. Әрі барлық заңның Конституцияға қайшы келмеуі, бас құжаттың талабына сәйкес келуі аса маңызды. Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда қабылданғаны белгілі. Биыл бас құжаттың қолданысқа енгізілгеніне 28 жыл толып отыр. Осы уақыттың өзінде Ата заңымыз халықаралық сарапшылар, ғалымдар тарапынан жоғары бағасын алып, сапалы дайындалғанын, мемлекет дамуына бастамашы болып отырғанын толық дәлелдеп үлгерді. Дайындығына үлкен жауаптылықпен қарап, мемлекеттік маңыз берілген бұл құжаттың көптің көңілінен шықпауы істе мүмкін емес. Өйткені, 1993 жылы қабылданған Конституцияда бірталай кемшіліктер анықталғанан кейін жаңа құжатты дайындауға ерекше көңіл бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына еліміздің мықты заңгерлері, танымал ғалымдары топтастырылды. Осы іріктелген топ әлемдегі ең таңдаулы Конституцияларды қарап, жетістігі мен кемшілігін сараптап, үздік тәжірибелерді ғана жаңа құжатта ескеруге күш салды. Ең бастысы, бұл құжаттың басқа елдер Конституциясының көшірмесі болып кетпеуіне басымдық берілді. Өйткені, өз елінде қандай керемет құжат болып, өз халқының толық көңілінен шығып, талабына сәйкес келіп тұрғанымен, бұл басымдықтардың біздің елімізге сәйкес келуі неғайбыл. Өйткені әр халықтың болмысы, табиғаты, менталитеті әртүрлі. Сондықтан, кез келген заң сол халықтың ерекшелігіне, талабына сай дайындалуы керек.
Тәуелсіздік алған алғашқы кездерде заңдар мен кодекстер асығыс дайындалып, көшірме заңдардың қандай теріс әсері болатынын бәріміз байқадық. Соның кесірінен талай маңызды құжаттарға бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ал заңның жиі өзгеруі, тұрақсыздық халықтың құқықтық салаға деген сеніміне селкеу туғызады. Бұл сонымен бірге, азаматтардың өз құқығының қорғалатынына деген күмәнін күшейтетін тетік. Конституцияны дайындауға ерекше маңыз берілуі де сондықтан.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ата заңымыз туралы бір сөзінде: «Конституция біздің Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалыптастырды. Мемлекеттің басты байлығы ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы танылды. Бұл құжатта елдің аумақтық тұтастығының, қоғамдық келісімнің, саяси тұрақтылықтың, заң үстемдігі мен демократияның қағидалары бекітілді. Жаңа қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудың құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық алғышарттары айқындалды», – деген болатын.
Мемлекет басшысы атап өткендей, Ата заңымыз өз биігінде. Еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығының, тәуелсіздігі мен құқықтық бостандығының кепілі болып отырған бас құжатымыз өз биігінен ешқашан түспесін!
Райхан Сартаева,
Алматы қаласы
Әуезов ауданының №2 сотының судьясы


