Батпырауық

Сол күні ауа райы жеңілтек жеңгедей мың құбылып тұрды. Таңертеңгілік түскен соқыр тұман сейілмей-ақ қойды. Түс қайта жаңбыр сіркіреді. Онсыз да жүйкесі сабаудан шыққан жүндей ұйқы-тұйқысы шығып тұрған Сырбайдың еңсесі түсіп кеткен. Ол бүгін жол жүреді. Алысқа. Ауылға. Самал-ай, Самал! Сəмбі талдай бұралған көрікті бойжеткен едің-ау! Таудан құлаған бұлақтай төмен қарай тарқатылып жататын қос бұрымы өзіне соншалықты жарасымды болатын. Ерке болмысы қандай еді? Сырбай немере қарындасы Самалды ойлағанда көңілі тағы да құлазып сала берді. «Ағалап» келіп мойнына асылатыны, баладай еркелейтіні соншалықты жарасымды болатын! Оның арманы таусылмайтын, біресе «мен көк зеңгір аспанды ұнатамын, сондықтан стюардесса боламын» десе, ертеңіне-ақ бұл ойынан айнып қалып «заманның бүгінгі келбеті күңгірттеніп барады, сондықтан да қара қылды қақ жаратын судья болғым келеді» деуші еді. Енді бірде қиялына қанат жалғап журналист болғысы келетін. «Шындықты шырқыратып жазармын-ау сонда» деп шабыттанып отыратын. Несін айта берейік, Самал ауылдың гүлі еді. Жарқырап жүретін. Жадырап күлетін. Мектептегі қоғамдық жұмыстар мен көркемөнерпаздар үйірмелерінің онсыз сəні кірмейтін. Сырбай ауылға келген сайын қарындасының тез таралып, сылаң қағып өсіп қалғанына таңырқап қайтатын. Əжесінің кейде кейіп отырған сыңай танытқансып: «Əдіремқалғыр, бұ қыз дегеннің қалай бойжетіп қалғанын байқамай да қаласың. Кеше ғана шашы жалбырап, алдыңда қуыршақтай болып жүгіріп жүретін қыз «сыңарымды таптым» деп алдыңа келіп сыңсып отырғанда ғана жаман түс көріп оянғандай селк ете қаласың. Шайтан ғой бұлар, шайтан!» дейтіндейі де бар. Соңғы кезде Самал көктемнің қызғалдағындай тым құлпырып кетіп еді. Осыған көрінген екен де… Өкініш Сырбайдың бойына аяныштың уыты тарай бастады. Оның жер тоқпақтап жылағысы келді. Бірақ еркек басымен жаһанды жаңғыртып жылауды намыс көрді. Ернін қымқырып, тілін тістеп өкініштің өртін кешіп отырып ұзақ ойланды. Көкірегін мысық тырнап жатқандай беймаза күй кешті. Орындық арқалығына басын қойып, көзін жұмғанымен, кірпік айқастыра алмады. Көз алдынан Самалдың күлімсіреген бейнесі кетпей қойды. «Аға! Ауылға келмей кеттіңіз ғой. Мен сізді сағынып жүрмін» деп еді-ау соңғы келгенінде. Адамда ғылым да түсіндіріп бере алмайтын алдағы өмірін болжай алатын ғажайып бір көріпкелдік, бəлкім түйсік болады дейді ғой, кім білсін-ай, сол жолы қоштасты ма екен? Мұны білгенде қалаға өзімен бірге ала кетер ме едім? Бірақ, пенде шіркін қашанда адасып, соңынан аһ ұрып жүреді емес пе? «ШаҺарды көріп, ширап қайтарсың» деп ілестіре кеткенінде мұндай жағдайға душар болмас па еді? Сырбай тағы да ауыр күрсінді. Көрдегі адамның өзі шошынатын күрсініс көліктегі ұйқылы-ояу келе жатқандарды селк еткізді. Жанында отырған жігіт оған жаратпай қарады. Жүрдек көлік теңселіп кетті. – Көзіңе қарап айдасаңшы! – Қырады ма, қайтеді? – Бүгінгі балалардың машина десе бəлесі бар. Жын қуғандай ұшыртады! – деп артқы орындықта отырған ақсақал жүргізушінің ту сыртынан ала көзімен ата қарады Бұған ыққан жүргізуші жоқ, жапондар жасаған жеңіл көлік жылдамдығын үдете түсті. Сырбай тағы да ұзын-сонар ой құшағына кіріп кетті. «Басқа, басқа, Самалдың өзіне-өзі қол салатын реті жоқ еді ғой» деп өкіне ойлады. – Бір жеріңіз ауырып келе ме? Өңіңіз қуқыл тартып кетті ғой, – деп жанындағы жігіт бұл жолы Сырбайға жанашырлықпен жалтақтай қарады. – Жол бойы күрсінумен болдыңыз. Не жағдай? – деп оң қапталда отырған келіншек те бетін бері бұрды. Сырбай «айтсам ба, айтпасам ба?» дегендей ойланып қалды да «көңіл кірі айтса кетеді» деген анасының сөзі есіне түсіп, ақтарылмаққа оқталды. – Ауылда жақсы көретін қарындасым бар еді. Суицид жасапты. Өлімге қиятын қыз емес еді, – деп бастап, марқұмның жетісіне бара жатқанын айтып өтті. – Обал болған екен! – Қазір осындай сұмдық көбейіп кетті ғой. Əсіресе жастар арасында. Оларға не жетпейді осы? – Кесел ғой бұл, кесел! Дауасы жоқ, – деп ақсақал жан қалтасынан орамалын алып, бетін сүртті. Кесел Сырбай жанындағы жолаушылардың жұбатып келе жатқанын да, табалап келе жатқанын да түсінбеді. Қазір біреуге біреудің жаны ашитын заман ба? Сүрінгеніңе қарап сүйсінетін, құлағаныңа қарап тұрып қарғайтын, жығылғаныңды көрсе жұдырық ала жүгіретін алмағайып заманда кімге барып мұң шағарсың? Зар заман запыранын төгіп, аласұрып тұр емес пе? Мұндайда төзім мен сабыр ғана тығырықтан шығара алмақ. Кімнің сөзіне құлақ асып, салғыласып жатарсың? Əр сөздің астарына үңіле берсең, ой қамауында тұншығып өлерсің. Мына бақталасты бейқам өмірде оның көрген құқайы бұл ғана деймісіз? Бəріне де төзіп бақты. Олардың қасында жанындағылардың сөзі шыбын шаққандай-ақ болар? Бірақ, көңілі қобалжудан арылмай келе жатқан адамға бұл ауыр соққы еді. Шерлі үй Жол да жол. Сырбайға ұшы-қиыры жоқ құла дүз дала таусылып бітпейтіндей көрінді. Ой қажауында отырған адамға жұмсақ орындықтың өзі тастай батады екен. Ол ауылға құр сүлдері қалған қалпы құлазып жетті. Ағасы болған іске болаттай болып қайраттанып алған ба əлде көп алдында жылауды намыс көрді ме «қарағым-ай, қабырғамды күйретіп кеттің ғой» деп бір өксіп барып тоқтады. Көкірегін шел, көңілін мұң басқан жеңгесі Ақжарқын қайнысын көргеннен зарлы жоқтауын айтып, ішіндегі бар күйігін ақтарып тастағысы келгендей ашына жылап, өксігін баса алмай жатты да буыны кеткен адамдай былқ-сылқ етіп құлап түсті. У-шу, азан-қазанда не болып, не қойғанын біліп болмайды. Сырбай сыртқа шыға бергенде əлдекім жеңгесінің бетіне су бүркіп жатқанын көзі шалып қалды. Астан соң Сырбай қалаға асыға қоймады. Асыққанда қайда барады? Жүздің бірі қол жеткізе алмайтын қызметін өз еркімен өткізген. Қаланың у-шуынан бойын аулақ салып, осындағы ағайындардың үйлерінде біраз күн бола тұрмақ болып шешті. Оның үстіне ағасы мен жеңгесіне демеу болып, көңілдері орныққанша жандарында жүргенді қолай көрген. – Бауырым! Біздің көңілімізді қимай жүргеніңді білемін. Өлгеннің артынан өлмек жоқ дейді ғой баяғылар. Жан жарасы да жазылар. Өткеннің орны жаңа күндермен, үміт шоғымен, елеске емінумен жүріп қарақотырланып болса да бітелер. Бізге алаңдама. Ел ішінде отырған бізді жау алмас. Қызметіңнен қалма. Келін мен балалар да сені күтіп қалған болар, – деді күншуаққа шығып, шалқайма орындықта қалың ойға шомып отырған ағасы Жайлаубек інісі Сырбайды жанына шақырып алып. Сырбай ағасына жүрек қалтасындағы бар сырын айтқысы келгенімен, онсыз да жүрегі жаралы жанды қамықтырғысы келмей, құпиясын бүгіп қалды. – Жұмысқа түсуіме əлі біраз күн бар, аға! – Ендеше, өзің біл! Балалар сағынып қалмасын дегенім де. Ағасы осыны айтып орнынан тұрды. Иығы қушиып, бүгежіктеп бара жатқан ағасы Сырбайға шөгіп қалғандай болып көрінді. Иə, мына ғапыл дүниенің адамдарға тартатын сыбағасы көп қой, көп… Орынсыз бйры Сырбай облыстық Ішкі істер департаментінде Тергеу басқармасының мықты аса маңызды істер бойынша тергеушілерінің бірі еді. Департамент бастығы, полиция генерал-майоры Тəлібай Досбергенов те жұмысына тиянақты, кез келген қылмыстық істі көп кешіктірмей ашып, сотқа өткізетін полиция майорын жиындарда талай мақтаған. Алғыс жариялады. Қаншама аса ауыр қылмыстарды дер кезінде ашқаны үшін талай марапаттарға да ұсынылды. Сол марапаттарды қолын қысып тұрып салтанатты түрде тапсырды. Осылай ықыласына бөленіп жүрген бастығымен қырғи қабақ болармын деп үш ұйықтаса түсіне кіріп пе? Бірде Тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Төлеш Мыр затаев өзіне шұғыл шақыртты. Қарап отырған қағазын қоя салып, бас тығының алдына жетіп барған. – Полковник мырза! Шақыруыңыз бойынша келіп тұрмын! – деді Сырбай ішкі тəртіппен. – Сырғабаевтар ісін сен қарап жатырсың ғой,– деді полковник басын көтермеген қалпы. – Тап солай, полковник мырза! – Осы істі Шалғынбаевқа өткіз! – Полковник мырза! Істі бітіріп, сотқа дайындап та қойдым ғой. – Онда шаруам жоқ. Бар. Айтқанды істе! Бастық айтқан соң бас шұлғымасқа шара бар ма, бітіріп қойған істі əріптесіне өткізуге мəжбүр болды. Ал, Шалғынбаев «ешқандай қылмыстық құрамның болмауына байланысты» деп істі қысқартып тастады. Мойнында талай адамның қаны бар Айтуар Аюбеков сүттен ақ, судан таза болып уақытша ұстау абақтысынан босап шықты. Кейін білді ғой, бұйрық департамент бастығынан тікелей түсіпті. Сырбай есіл еңбегінің босқа кеткеніне бір өкінсе, кəдуілгі қанішердің бостандыққа шыққанына еселеп өкінді. Тағы бірде Сырбайдың уысына қаланы қан қақсатқан қылмыстық топтың басшысы түсті. Бастапқыда тергеу жақсы жүріп жатты. Ел аузында «Жырт қыш» атанып кеткен күдікті барлық кінəларын мойындап, əне-міне қылмыстық топтың басқа да мүшелерін ұстап, істі сотқа өткіземін деп жүргенде тергеушіні Төлеш тағы да шақырған. – Істі қысқарт. Болмаса Шалғынбаевқа өткіз! – деді полковник сызданып тұрып. – «Жыртқыштың» тобы əлі толық ұсталған жоқ. Осы істі соңына дейін өзім жүргізгім келеді, полковник мырза,– деген. – Бұл істі өзің жүргізе алмайтын сияқтысың,– деді полковник кекесінмен. Сырбай Тергеу басқармасының бас тығы алдынан ызаға булығып шықты. Сол бойы генералдың қабылдауына барған. Тəлібай Досбергенов аса маңызды істер бойынша аға тергеуші Сырбайды жылы қабылдағанымен, іле түнеріп сала берді. – Өзің жөн білмейтін жігіт көрінесің. Үлкендер айтқан соң, кері шегінуге болмайтынын қалай ұқпайсың? – деп зіркілдеді генерал. – Генерал мырза! Бұлар қаланы ғана емес, елімізді түгел қақсатқан кəнігі қылмыскерлер емес пе? Тергеуді бітіруге тақап қалып едім, – деді Сырбай əлі де болса бастық кері шегініп қала ма деген дəмемен. – Өй, сенің өзің тіптен шала бала екенсің ғой. Тəжікелеспей, бар, жоғал! Көзіме көрінбе! – деп ақырды генерал. Осыдан соң-ақ Сырбайдың аяғына шала байланды. Отырса опақ, тұрса сопақ болды. Мұнан ары қызметте қала алмайтынын ұққан тергеуші рапорт жазып қызметінен кетті. Кнделіктегі пия Адвокат ретінде тіркеліп, арнайы құжат алды. Бір мекеменің бос тұрған бөлмесін жалға алып, жұмысын бастады. Артынша Сырбай жеке детектив ретінде де таныла бастады. Оған мінəйі себеп те бар еді. Бұрынғы əріптестерінің өтінішімен талай қылмыстың ашылуына жəрдемін берді. Құжаттарды толтыру, күдіктілердің жауаптарының рас-өтірігін дəлелдеу, криминалистермен қалай жұмыс істеу керектігі, қылмыскерді бұлтартпай мойындату сияқты тəжірибелерін аяған жоқ. Өткенде бір кісі алаяқтарға алданып, қыруар қаржысынан айырылып, боздап келген. Жеке детектив ретінде осы іске араласып, жəбірленушінің қаржысын қайтарып бергізді. Ерлі-зайыптыларды өлтіріп, сейфін ашып, барлық қымбат бұйымдары мен қаржысын тонап кеткен жауызды марқұмдардың туыс тарының өтінішімен өзі іздеп тапты. Осыдан соң адвокат əрі жеке детектив Сырбайды көпшілік іздей бастады. Бірақ мұның барлығын ағасына айтып отыратын мезгіл емес. Зəуіде айта қалса онсыз да ішкі арпалысымен қажып отырған жан жүнжіп, мүжіліп қалмай ма? Осыны ойлаған Сырбай жүрек құлпын ашпады. – Мынау қарындасыңның кітаптары мен дəптерлері еді. Иесіз қалды ғой,– деп жеңгесі Ақжарқын қамығып тұрып кітап сөрелерін көрсетті. Сырбай жеңгесінің көңілін қимай кітаптарды алып қарай бастады. Япырмай, мынау қыз күнделігі ғой. Сырбай қарындасының əлдебір құпиясын ашып қоятындай үркектеп, дəптерді зорға аударыстырып отырды.

Кім біліпті, бойжеткен біреуге деген сезімін күнделігіне түсірсе, оны көріп қойған ағасына көрінде жатып та өкпелейді емес пе? Ендеше, күнделікті жылы жапқаны жөн. Бірақ, бойында тергеушілік қаны бар Сырбай күнделікті соңына дейін мұқият қарап шыққанды дұрыс деп тапты. Кім біледі, біреу-міреу қыз намысына тиді ме екен? Жасыратын несі бар, бүгінде жігіті тастап кеткен бойжеткендер де өздерін өлімге қия салатын болып жүр ғой. Күнделікте сезік алатындай ештеңе де жазылмапты. Бірақ Самалдың Ажар атты апайы жөнінде жазғандары көңілінен кетпей қойды. «Шіркін, біздің Ажар апайға жететін ұстаз жоқ қой. Жан сырыңды айтқызбай түсінеді. Өзі қандай сұлу болса, көзі де сондай көркем! Менің Ажар апайдай болғым келеді». «Бүгін де Ажар апаймен бірге қайттым. Ақылды ұстазым жол-жөнекей талай əңгіме айтты. Сөздері қандай шырын. Күлкісі бал ғой, бал!» деп тамсаныпты қарындасы. Сыр бай қарындасы мақтаған мұғалімді барып көргісі келді. Расында, соншалықты сұлу ма екен? Адам да осылай ат тауып қоя береді екен-ау, Ажар десе ажар! Екіүш балалы болса да құлын мүсінін жоғалт паған жас мұғалім жұтынып тұр екен. Өзі қымсынбай, тартыншақтамай жып-жылы алақанын жігіттің саусақтары арасына қыстыра қойды. Сырбайдың өн бойы ысып бара жатқандай еді. Ол Самалдың ағасы екенін айтты. Күнделік тауып алғанын, онда қарындасының ұстазын соншалықты сезіммен жақсы көретінін жазғанын да жасырмады. «Жан сырын бөліскен қамқоршысы əрі ұстазы болыпсыз. Самал соңғы кездері өзін қалай ұстады?» деп жүзіне үңілді. – Бұл əңгімені кеңдеу отырып талқыласақ қайтеді? Менің сабағым бар еді,– деді Ажар. Екеуі сабақтан соң кездесетін болып келісті. Ажардың əлі екі сабағы бар екен. Уақыт ұттыру үшін Сырбай кітапханаға барды. Мұндағы уақыты тез өте шыққандай көрінді. Тиы Ажар əңгімені оқушысының өте ұқыпты, тəрбиелі, тəртіпті, оқуда озат болғанынан бастады. – Ешқандай оғаш қылығын байқаған емеспін. Қашанда жайраңдап жүруші еді. Бірақ, соңғы кездері көңіл-күйі болмай жүрді. Ақыры бір күні маған келіп боз бұлау болып жылады. Алайда, ішкі күйігін ақтара алмады. Не айтпақ болдың екен деп əлі күнге дейін ойлап, қамығамын. Осындай кеселге душар болғандарды ақ киімді кісілер аңдып жүреді деседі ғой. Əлде кететінін біліп жылады ма екен? – деген Ажардың жанарына жас ілікті. Бұдан əрі əңгіме өрбімеді. Сырбай да, Ажар да ой тұңғиығында келе жатты. – Соңғы кезде оқушылар батпырауық дегенді шығарды. Самал да батпырауығын ұшырып, желмен жарысып жота үстінде қарлығаштай қалықтап бара жатушы еді. Аспан жаққа неге сонша ынтық болды екен? – деді Ажар жолайрыққа келгенде. Содан бері де екі-үш күн өткен. Сырбайдың қарындасының ажалы тағдырдың жазмышы екенін мойындамасқа шарасы да қалмады. ааздаы сыр Бірде ағасы Жайлаубек інісін қыр төсіне барып, серуендеп келуге шақыр ды. Дүние нұрға толып, дала құлпырып тұр еді. Көктемнің күні кісіні еліктірмей қояр ма? Жота-жотаның басында гүл терген, асыр салып ойнаған балалар баршылық. Ойнақ салған қошақандар да дала сəніне көрік үстемелеп тұр. Ағалы-інілі екеуі саумал ауаны құшырлана жұтып, үнсіз келе жатты. Кенет алдынан жүгіріп өткен бір топ бала: – Мынаны қараңдар! Самалдың батпырауығы! – деп шуласты да қалды. Жайлаубек те, Сырбай да балалар топырлап тамашалап тұрған жерге қарай жүгірісті. Неге жүгірді? Не күтті? Əлде аяулы қыздың қолының табы қалған дүниеден жаралы жүрекке дəру күтті ме? Білмейді. Батпырауықты жерден Сырбай көтерді. Айналдырып қарап шықты. Əдемі жасалыпты. Мынадай көздің жауын алатын дүниенің далада иесіз жатқаны обал да сияқты. Таңсық дүние тылсым бір сыр айтатындай. Сырбай батпырауықты айналдырып ұзақ қарады. Батпырауық қанатының астына кішкентай ғана конверт тəрізді қағаз желімделіпті. Сырбай оның аузын ашқанда ішінен тілдей парақ шықты. «Мен осы батпырауықпен аспанға ұшып кетемін. Сонда барып тазарамын. Ал сен айуан, қара жерде қала бер. Онсыз да қара ниеттісің ғой, албасты! Сен зəлімнің нағыз өзі екенсің! Көкте жүріп сенің тозақ отына күйгеніңді көргім келеді» деген сөздерді оқығанда Сырбайдың жүрегі мұздап кетті. Ол қағазды жалма-жан қалтасына сүңгітіп жіберді. Жазбаны Жайлаубек оқыса қандай күйге түсер еді? Қайтар жолда Сырбай ағасынан біраз жəйтті суыртпақтап сұрап көрді. «Қарындасыңның қалтасынан қоштасу хаты шықты. Онда өлімін ешкімнен көрмеуін жазып кетіпті. Аңдып келген ажал алмай тынбайды екен ғой» деді ауыр күрсініп. Үйге келген соң Сырбай тыныш отыра алмады. «Мұның астарында бір құпия бар. Қыз бекерге мұндай хат қалдырмайды. Үлкендер байқамаған ғой» деп ұзақсонар ойға шомды. Ол қыздың сүйегіне түскен үш əйелмен жеке-жеке сөйлесіп көрді. «Қыздың денесі тап-таза еді. Зорлық ізін байқамадық. Тек мойнында арқанның ізі ғана бар болатын» дегенді үшеуі де қайталап шықты. «Əй, аңқау ағайындарым-ай! Көз алдарыңда тұрғанды да көрмейсіңдер-ау» деп өкінді. Бірақ ауылдың аңқау адамдары Сырбай сияқты жырынды қылмыскерлердің арасында жүрген жоқ қой. Қасқыр келіп бас салса тырп етуге, тіпті маңырауға да шамасы келмей көзін бір ашып, бір жұмып жата беретін қой мінездес қазағымның қарсыласқа келгенде ұтылатын жері көп. Өз есебіңді өзің түгендеуді қашан үйренер екенсің, момын қазағым! Өз үйіріңде жүріп таланған құлыныңды құтқаруға шамаң келмеген сендерге не деуге болады? «Қалай дегенде де қыздың бір белгі бермеуі мүмкін емес. Соны аңғармаған үлкендерді қалай жазғырсам екен?» деп Сырбай түні бойы ұйықтамай шықты. Ертесіне ол ауылды аралап жүріп қарындасының жанында жиі жүретін жігіттер туралы сұрады. Сұлу қызға сұқтанушы көп. Бірі сыныптасының атын атаса, бірі əскерден келген жігітті жиі қыз жанынан байқайтынын айтты. Салы суға кеткен Сырбай іздестіру амалдарын қарындасының қырқына келгенде жалғамақ болып, қалаға қайтты. Қалтасындағы қарындасынан қалған қағаз тұла бойын мұздай қарып келе жатты. Текей датқа асуына көтерілгенде қалта телефоны безілдеп қоя берді. Күлəн екен. – Үйге қайттың ба? Балалар сені сағынып жүр, – деді келіншегі амандығын білдірген соң. Сырбай мырс етіп күлді. «Балалардан бұрын өзің сағынып жүрме». Көптен көңіл аспанын қою бұлт торлап алғандықтан еңсесін тіктей алмай-ақ қойып еді. Аға үйінде иығын жаншып жатып алған салмақтан арылған соң ба əлде даланың саумал самалы сергітті ме, əйтеуір аз да болса жеңілдеп қалғандай сезінді. Көлік терезесінен дөңгеленіп қалып бара жатқан сан алуан гүлге оранған далаға қарап отырып, ой теңізіне сүңгіді. Əлден соң оқыс сілкінді. «Қап! Самалдың телефонын қарауды қалай ғана ұмытып кеткенмін» деп сан соқты.

Жасырын көз Өкіну мен ашу арпалысқанда ақылы арашаға келді. Тəуірі, бір ай деген соншалықты ұзақ мерзім емес қой. Қарбалас шаруамен жүргенде зуылдап өте шықпай ма? Қалған тірлікті сонда көре жатады дағы. Жақында ғана аса маңызды істер бойынша тергеуші Ерлан «Жасмин» мейрамханасындағы атыс кезінде бірнеше адамды мерт қылған қандықол қылмыскердің екеуі ұстатпай жүргенін айтып, көмек беруді өтінген болатын. Осы істі біржақты еткенше ауылға барар уақыт та келіп қалмай ма? Көңілі қобалжудан арылмай келе жатқан Сырбай батпырауық жайлы ойлап кетті. «Бар жұмбақтың түйіні қарындастың жазбасында тығулы жатыр. Түйінді тарқата алар ма екенмін?» деп күрсінді. «Жасмин» мейрамханасындағы атыс кезінде қашып кеткен екеуді табу да оңай болған жоқ. Атыс кезінде мейрамханада болған адамдармен кездес ті, даяшылардан суыртпақтап сыр тартып көрді. Күдіктілердің бет-əлпеттерін тану жүйелері жасанды интеллект жəне заманауи алгоритмдерді пайдалану арқылы жүргізілгенімен, жер екіге жарылып түсіп кеткендей зым-зия жоқ. Қашқындардың фоторобот жасаған суреттері тиісті жерлерде ілулі тұрғанымен, көрдім-білдім деген біреу болсашы. Ұсталғандар «бізден басқа ешкім жоқ» деп қасарысады. Жеке детектив бұрын істі болғандармен байланысып көрді. Олар да сырғақтап ұстатпайды. «Байланысымыз жоқ» деп қысқа қайырады. Сырбай қонақүйлерді сүзіп шықты. Ерлан күдіктілердің суреттерін барлық қалаларға жіберіп, əріптестерінен хабар күтіп отыр. Сырбай кəнігі із кесушілерден бөлек күдіктіні жалғыз іздеп көрмек болды. Полицияда қызмет істеп жүрген кезінде ашқан қылмыстары еске түскенде жадырай алмады, керісінше қаны басына шапты. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ». Бұл қызметтен кетерде араша бола алмағандар енді бұдан көмек күтеді. Əлде алма-кезек дүние деген осы ма екен? Бір күні ол көше бойлап келе жатты. Кенет көзі көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы терезеге түсті. Біреу пердені ысырып, сығалап тұрғандай көрінді. Биіктегі бейтаныс пердені жаба қойды. «Бұл кім болды екен? Неге жасырынады?» деп ойлап келе жатты. Ертесіне де осы көшемен жүріп көрмек болды. Алайда, Күлəннің «балалар көптен бері үйде отырып ішқұса болды, кешке серуендетіп келейік» дегеніне қарсы бола алмады. Ерланмен хабарласып, «күдікті көрінген пəтерді тексеріп көрші» деген. Бірақ, күдіктілер сол түні-ақ іздерін суытыпты. «Ендеше пəтерді мұқият қарап шық, айғақ ретінде əлдене қолыңа ілігер» деп ақыл қосты. Əккі немелер пəтерді жылан жалағандай тып-типыл етіп кетіпті. Тіптен, саусақ іздерін де қалдырмаған. «Зəндем немелер сауысқаннан да сақ болып шықты ғой» деп ой түйді Сырбай. Күдіктілер алысқа ұзап кетпес үшін күшейтілген тəртіппен қаладан шыққан əрбір көлік мұқият тексеріліп жатты. Қарақшы атаулыда сыртқы жауды жауырынымен көріп тұратын жасырын көз болады. Мұны сақтық пен қорқыныш, үрей жасап шығарады. Демек, жаны тəтті қандықол жауыз дар күндіз далаға аттап баспайды. Өмірлік тəжірибесінен мұны жақсы білетін Сырбай шұғыл рейдтің пайдасыз екенін айтқанымен, тексеру тоқтамады. ры Сырбай тағы да көшеде жалғыз келе жатыр. Көше күндізгідей жарық. Тымық түнде қолтықтасып көше бойлап келе жатқан жастар алаңсыз ақтарыла күліседі. Тіршіліктің осы бір тыныш та мамыражай көрінісіне қарап, мына əлемде зұлымдық атаулы қараңғыға тұншығып қалғандай сезінесіз. Бірақ, залымдарда аяушылық болмайды. Қалтарыста тап беріп, жағаңнан ала түспесіне кім кепіл? – Квартира! – Квартира! – Квартира бар. Арзан! Қолдарындағы кілттерді шыр айналдырып, айқайға басып екі келіншек тұр. Сырбай жайлап басып солардың жанына келді. – Пəтер бар ма? – Бар. Саған қандайы керек? – Жас жігіт, менікі евроремонттан өткен. Жаймалары кіршіксіз аппақ. Жаныңда бірге қонатын əлдекімің бар шығар. Жүр, көрсетейін. Сендерге ұнайды. Жас келіншек өз ұйғарымының шындығына күмəнсіз сенеді. Өзі қутың-қутың етеді. Талайды көрген тəжірибелі екені көрініп тұр. – Маған арзандауы керек еді. Пəтеріңізді қаншаға бересіз? – деп Сырбай жорта сұрады. – Қап! Ертерек келмеген екенсің. Арзан да таза пəтер бар еді. Жаңа ғана екі жігіт келіп алып қойды. Өздері іс-сапармен келгендерге ұқсайды. Ұзақ мерзімге алды, – деді жайнақ көз келіншек. – Кешігіп қалыппын-ау, – деп өкінген сыңай танытты Сырбай. – Сен өзі пəтер аласың ба, жоқ па? Екінші келіншек ашулана бастады. – Сіз килікпеңіз. Біз саудаласып тұрмыз ғой, – деп жайнақ көз келіншек бəсекелесіне кейіп, мұны шеткерек ысыра бастады. Осы арада Сырбай екі жігіттің қай пəтерге орналасқанын сұрап қалды. Саудасы жүрейін деп тұрған келіншек бірден ақтарылды. Пəтерді жалға алған жігіттердің «біз туралы ешкімге тіс жармаңыз» деп үстемелеп теңге беріп кеткенін қапелімде есінен тарс шығарып алды. Сол түні Ерлан бастаған бір топ полиция қызметкері қашқындарды тырп еткізбей құрықтады.

Мы сауал Сырбай қарындасының қырық күндік асына балаларын əке-шешесіне тастап, жұбайы Күлəнмен бірге келді. Ағасы мен жеңгесі əлі де қайғы бұлтынан ажырай қоймапты. Есік сықыр етсе қыздары кіріп келетіндей жалтақтайды. Оларды көріп Күлəннің іші жидіп сала берді. Жақсы көретін қайынсіңлісін ойлап, өкіне жылады. Сырбай оңаша қалған бір мезетте жеңгесі Ақжарқыннан Самалдың телефоны қай жерде тұрғанын сұрады. – Сіңлісі ұстап жүр еді. Жамалдың қолында ғой, – деді жеңгесі. Жамал аулада бауырсақ пісіріп жатқандарға көмектесіп жүр екен. «Телефоныңды бере тұрасың ба?» дегенде əуелі қымсынып қалды. Сырбай телефонды екі күн бойы ақтарды. Жамалдан əр нөмірді сұрап отырды. Солардың ішінде үш номер қоңырау қабылдамай қойды. «Сіз қоңырау салған нөмір зонадан тыс жерде немесе өшірулі» деген бір сөзді тотықұстай қайталай береді. Сырбай Ерланға өшірулі үш телефонның нөмірлерін беріп, тексеріп көруін өтінген еді, қас қылғанда үшеуі де тіркелмеген болып шықты. «Демек, мұнда бір гəп бар. Осы нөмерді пайдаланған адам чипті лақтырып жіберіп, артынша басқа нөмер сатып алып пайдаланған болуы мүмкін ғой» деп ойлады ол. Енді не істеу керек? Іздеуді неден, кімнен бастаған жөн? Қоянның жымындай баттастыра айқасып кеткен шиырлы соқпағындай бұл жерден де жол тауып шығу оңай шаруа емес. Көрдім, білдім деген бір жан болсашы. Оның үстіне араға бірнеше күн түсіп те кетті. Қолға бір заттай айғақ (вещдок) түссе ғой, індете тартып, апанда жатқан қорқауды суырып алу қиын болмас еді. Сырбай тергеуші Ерланмен қайта хабарласты. Қолда бар телефон нөмірлерін қайта тексеріп көруін өтінді. Көп ұзамай телефоны шылдырап қоя берді. – Майор мырза,– деді Ерлан бұрынғы əдетімен,– сіз жіберген үш нөмерді де бір адам пайдаланған болып шықты. Электрондық себетте тіркелген ақпараты табылды. Дегенмен, чип пайдаланушының кім екенін əзірге анықтай алмадық. Қосымша хабарласамын. Бұрынғы тергеуші, бүгінгі жеке детектив телефондағы суреттерді қанша ақтарғанымен де қолға күдікті ештеңе ілікпеді. Самалдың сыныптастарымен, ұстаздарымен, отбасымен түскен суреттері ғана сақтаулы тұр. Тығырыққа тірелген Сырбай келіншегін оңашалап алып: – Самал енді бойжетіп қалған қыз еді. Жоғары сыныпта бойжеткендер сезімге көбірек ерік береді. Жамалдан, ертең қырқына келген сыныптастарынан суыртпақтап сұрастырып көрші, біреу-міреуді ұнатып қалмапты ма? Онымен қыдырыстап жүрген кезін көргендер бар ма екен? – деді. Күлəн ойланып қалды да «жарайды» деп келісті. Астан соң Күлəн күйеуіне ауылға қаладан бір жігіттің келіп тұрғанын жеткізді. Ол қаладан түрлі көкөніс пен басқа да азық-түлік əкеліп, дүкендерге өткізіп, артынша ақшасын алып кетіп тұрған көрінеді. Бірер мəрте жоғары сынып оқушыларын қалаға апарып əкелген. Солардың ішінде Самал да болған. Екеуінің арасында қандай байланыс барын ешқайсысы білмейді. Сыныптастары Самалдың «өзі бір күлдіргі жігіт екен» дегенін есітіп қалған. Бары осы. Сырбай сол күні-ақ ауылдағы дүкендерді аралап шықты. Дүкен иелері қаладан бір жігіттің келіп, ауылда таптыра бермейтін тұтыну тауарлары мен көкөністер əкеліп тұратынын жасырмады. – Өзі бір иненің көзінен өткендей пысық бала. Біздің неге зəру екенімізді айтқызбай біледі,– деп мақтағандары да болды. – Соңғы кезде сирек келгіштеп жүр. Басқа да шаруалары көп қой, – дегенді айтты сатушылардың бірі Жағыпар. Шахимнің бұл ауылды айналсоқтап жүргеніне біраз уақыт болып қалыпты. Тек осы ауылға ғана емес, көрші елді мекендерге де тауар жеткізіп тұрады екен. Бірақ, көлігінің нөмірі ешкімнің жадында қалмапты. Ауылдың аңқау адамдары-ай десеңші. – Осы жігіт ауылдан мал ұрлап апарып, қалаға сатады деседі ғой, – деп сыр тартты Сырбай Жағыпардан. – Қайдағы? Басының дымы кеппеген бала ғой əлі. Одан мұндай сорақылық шыға қоймас деп ойлаймын, – деп Жағыпар оны қорғаштап бақты. Шырала Күлəн балаларына алаңдап, қалаға қайтып кетті. Сырбай сұрау салуды (ориентировка) тоқтатқан жоқ. Ол əр түні ұйықтай алмай дөңбекшіп шығады. Уысқа түскен ештеңе жоқ. Шахим дегендері де шыңырауға түсіп кеткендей қарасын көрсетпей қойды. Оны қаланың қай бұрышынан іздерсің? Əлде жабулы қазан жабулы күйінде қала салғаны дұрыс па? Егер Самалды біреу өлуге мəжбүрлегені анықталса, ағасы мен жеңгесі одан сайын жүнжіп қалмай ма? Бірақ бауырына қиянат жасаған адам жер бетінде алшаң басып жүре бермек пе? Онда Сырбайдың аса маңызды істер бойынша аға тергеуші болғаны қайда қалады? Ағалық парызы қалай өтеледі? Көрде жатқан Самалдың əруағы ағасына разы бола ма? Бүгін қылмысқа барған адам ертең тағы бір нəрсені бүлдіреді. Ендеше, оған тосқауыл қою барлық жағынан алып қарағанда да басты міндеті. Қылмыскердің орны – түрме. Сондықтан жердің түбіне түсіп кетсе де табуы керек. Сырбай ауылдан шығып сай-саланы, жыра-жыраны аралап кететін əдет тапты. Бірақ көзіне оғаш зат ілікпеді. Осындай сарсылған күндерінің бірінде оған бір қойшы кездесті. Жаздың шыжыған ыстығында басына құлақшын, үстіне күпəйке, аяғына етік киіп алған Серік көзін сығарайтып тұрып, біраз əңгіменің тиегін ағытты. Сөздің бір ығытында осыдан бірер ай бұрын шамасында бір жеңіл көліктің осында келіп, біраз бөгелгенін, артынша ауылға қарай кеткенін көргенін айтып қалды. – Бұл біздің ауылға тауар таситын жігіттің көлігі болатын. Анық сол. Суыт жүрісінен шошыдым. Өрістен мал ұрлайтындар қатарынан емес пе екен? Артынша ауылға қарай ызғытып бара жатты,– деді Серік. – Бұл өзі қай күні болып еді? Машинаның тұрған жерін нақты білесің бе? – деп сұрады Сырбай. – Ой, оған бірталай уақыт өтіп кетті ғой. Қойшыда ес болады ма? Қай күні екенін итім білсін бе? Айттым ғой, бірер ай бұрын. Ал, машина мына сайдың ішінде тұрды, – деп Серік машинаның тоқтаған жеріне долбармен алып келді. «Осы маң сияқты еді» деп қыратта тұрып сайға қаратып қамшысын сілтеді. Көрсетілген маңда айғақ боларлық түк те табылмады. Сырбай əрі жүрді, бері жүрді. «Айдаладан алтын тауып аламын дей ме екен? Өзін жын иектеп кеткен бе, түге? Əр түп жусанның түбінде соншама үңілгені несі?» деп Серік таңданып тұрды. Ақырында есегін тебініп, қойының соңынан кетті. Арпалыс Ол қаталап шөлдеді. Сонда да кері қайтпады. Кенет оның көзі жылтырап жатқан бір нəрсеге түсті. Қолайна екен. Оның жанында ерінбояғыш пен кішкене қалам жатыр. Баялыштың түбінен сарғайған орамал табылды. Орауын жазып қарағанда əлдебір дақтың ізі байқалды. Байырғы тергеу ші айғақты заттардың ешбіріне де тиіскен жоқ. Сол орнында қалдырды. Шахимның тағы да төбе көрсетуін асыға күтті. Ол соңғы уақытта тек көрші ауылдарға ғана тауар таситын болыпты. Сырбай оны көп тосқан жоқ. Дүкенге заттарын өткізіп жатқанда кездойсоқ ұшырасып қалған сыңай танытты. – Жігітім, қалаға қайтқалы тұр едім. Ала кетесің бе? – деп сұрады ол амандықтан соң. – Адамдарым бар. Сыймайсыз ғой, – деді жүргізуші. – Жарайды. Басқа көлік іздестіріп көрейін онда. – Еркіңіз білсін. Қаншама күдіктіні сайратқан Сырбай тауар тасушының ертерек құтылсам екен деп алаңдап тұрғанын тыржиған түрінен жазбай таныды. Қипалақтап, кетуге асыққан ол сасқалақтап біресе дүкенге, біресе көлігіне қарай жүрді. Сырбай кері бұрылып, ұзақ кетті. «Уф!» деп демін алған Шахим көлігін үйлердің ара-арасымен жүргізіп, жолаушылар алғансып біраз айналсоқтады да, күре жолға түсті. Ол алдында құрулы тор бар екенін аңғарған жоқ. Жолдың бойына көлденең тұрған көлікті көрген Шахим қатты сасқалақтады. Дегенмен, тəжірибелі жүргізуші емес пе, көлікті айналып өте шықпақ болды. «Мынау жолымды тосып тұрған жігітті дүкен жанынан көрдім ғой. Тегі, мені тонамақ болар» деген ой миын солқ еткізді. Шахим мұндайлардың талайын көрген. «Əуселеңді көріп алайын» деп көлігінен үнемі жанынан тастамайтын кеспелтек темір таяғын ала шықты. Əйткенмен, ол осал қарсыласқа кезікпеген еді. Қолынан таяғы қалай ұшып түскенін өзі де сезбей қалды. – Отыр көлікке,– деді тосып алған кісі. – Қайда барамыз? – Жусандысайды аралап қайтайық. – Онда не бар? Ағатай, мен асығыс едім. Жіберіңізші. – Жіберемін, əрине. Бірақ, əуелі Жусандысайға барып қайтуымыз керек. Шахим Жусандысайға жеткенше лəм-мим деп жақ ашқан жоқ. Межелі жерге жеткенде Сырбай қалтасынан қағаз алды. – 8-701… Мына нөмер саған таныс шығар? 8-705… Мына нөмер де саған таныс емес пе? 8-708… Шахим! Неге үндемейсің? – Мен бұл нөмерлерді білмеймін… Шахимнің дауысына діріл араласты. Ол судан шыққан балапандай үрпиіп, қалш-қалш етті. – Ендеше, мына жер саған таныс болар? – деді Сырбай өңі жуған шүберектей бозарып кеткен Шахимге қарап. – Ағатай! Бəрін де өзім айтамын. Самалдың өзі келіскен еді. Бұлай болатынын білгенім жоқ, – деп Шахим тізерлеп отыра кетті. – Өтірік айтасың. Сен оны… Сырбай тұтығып қалды. «Қарындасымды зорладың» деуге аузы бармады. – Жоқ, өзі келісті. Өзі… – Өзі келіссе мына заттар осылай шашылып қала ма? Келіскен қыз асылып өле ме? Сырбайдың ашуланғандықтан екі көзі қанталап кетті. Шахим қояндай қалш-қалш етіп дірілдеп, орнынан бір тұрып, бір отырды. – Сіз тергеушісіз ғой, ə? – Жоқ, тергеуші емеспін. Бірақ, қазір аудандық ішкі істер бөліміне барамыз. Жасаған қылмыстарыңды тергеушіге қаз-қалпында жасырмай айтып бересің. – Ұрмаңызшы. – Сені ұрмақ түгілі қылқындырып өлтіріп тастауға болар еді. Бірақ, сені ұрмаймын да соқпаймын. Қолымды сендей иттің қанымен былғағым келмейді. Алайда, тергеушінің алдында бұлтарып бақсаң, сыбағаңды аласың. – Мойындаймын, аға! Бəрі де ойламаған жерден болды. – Оттама! Тза Жол бойы екеуі іштей арбасып келді. – Сырбай Тауасарұлы, уақытша ұстау абақтысында отырған күдікті қылмысын түгел мойындады. Бұдан да басқа былықтарының төбесі қылтиып көрінді. Өзі біраз қыздың обалына қалған сыңайлы, – деп мəлімдеді аудандық ішкі істер бөлімі тергеу бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Есболған Ермаханұлы. – Жақсылап терге. Мүлт кетпе. Барлық қылмысын аш. Бұлар түлкідей қу, қорқау қасқырдай қатігез болады. Бар қоясын ақтар, – деді Сырбай. – Сізге көп рақмет! Аса ауыр қылмысты ашатын болдым. Көптен бері бір қылмыс ашылмай, бастықтан таяқ жеп жүр едік,– деді полиция майоры. Екеуі дəлізді бойлап келе жатты. Сыртқа шыққанда Есболған: – Сізді департаментке қайта шақырып жатыр деп естідік. Құтты болсын! – деді. – Құттықтауға əлі ерте. – Неге? – Ол жағы жұмбақ болып қала тұрсын. – Сіздің мықты тергеуші екеніңізді бəрі мойындайды. Генерал да өкініп отыр деп естідік. – Жарайды. Əзірге хош болып тұр! Сырбай полиция майорына қолын ұсынды. Есболған оны қимағандай қолын қысып, босатқысы келмей ұзақ тұрды. Əлдеқайдан бұлың-бұлың етіп батпырауық көрінді. Ол Сырбайға зеңгір көктен қол бұлғап тұрған Самал сияқтанды. Жүрегінің бір бөлшегі – қарындасы бала арманын құндақтап ұзап барады. «Жапырағым-ай! Хайуанның қолында жапа шектің-ау. Қалай ғана шыдадың екен? Сол кезде «көке!» деп мені іздеген шығарсың?» деп Сырбайдың жаны жабырқап, бауыры езіліп сала берді. Көзінен ыстық жас ытқып кетті. Сырбай ағасы мен жеңгесінің жүрегін тағы да жараламас үшін аудан орталығынан қалаға атанды.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Оянбаған әке

Көздері қанталаған күннің қызыл өткір сəулесі бөлме ішіне ентелей...

ҚАЛАДАҒЫ КӨЛЕҢКЕ

Анадан қалған жалғыз із Күләш пен Әлиханның бар байлығы -...

Cүймен

1991 жыл. Мұрат жалғыз отырған кабинеттің есігін біреу тақ-тұқ...

БҰҚТЫРМАДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Қайсенов Абылай Әзімханұлының Өскеменге қайта оралатыны ешқашан ойында болған...

Көлеңкедегі тамыр

Алматыда күрең күз. Тау бөктерінен ескен ызғарлы жел көше...