Қазақстандық сот жүйесінің заңдылық нормаларына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған ережелер мен принциптер Конституциямен нақтыланған. Осыған орай, мақалада әкімшілік сот төрелігі кезінде қолданылуы тиіс жалпы принциптерге басымдық беріледі.
Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің екінші тарауында қамтылған қағидаттардың негізінде жүзеге асырылады. Осы тарауда белгіленген қағидаттарды бұзу әкімшілік актілер мен әкімшілік әрекет пен әрекетсіздікті заңсыз деп тануға, сондай-ақ, шығарылған сот актілерінің күшін жоюға алып келеді.
Заңдылық қағидаты Конституция мен конституциялық заңдарға, ӘРПК-ға, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ, қолдануға болатын халықаралық шарттардың талаптарына негізделген. Яғни, соттар әкімшілік істерді қарап, шешуде аталған құжаттар талаптарын сақтауға міндетті. Әділдік қағидатына сәйкес, әкімшілік орган, лауазымды адам, сот болсын әкімшілік істі қарауда нақтылық пен бейтараптықты сақтап, іске қатысушыларға, яғни, олардың әрқайсына істің мән-жайын жан-жақты әрі толық зерттеуге теңдей мүмкіндік береді. Заңда немесе екі жақтың келісімінде тиісті мәселенің сотпен шешілетіні көзделсе, сот оларды шешуде әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алады.
Тоғызыншы баппен айқындалғандай, әркім өзінің бұзылған немесе дау айтылатын құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғауда ӘРПК-да белгіленген тәртіпте әкімшілік органға, лауазымды адамға немесе сотқа жүгіне алады. Заңмен өзгеше көзделмеген жағдайда жолданым сотқа дауды реттеудің сотқа дейінгі тәртібі сақталғаннан кейін беріледі. Мөлшерлестік қағидаты әкімшілік орган мен лауазымды адамның әкімшілік қалауды жүзеге асыруында әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүддесінің әділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Осы ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет пен әрекетсіздік мөлшерлес болуы тиіс.
Әкімшілік орган мен лауазымды адам жүзеге асыратын әкімшілік қалау ел заңнамасында белгіленген шектен аспауы керек. Еліміздің әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасында кездесесін барлық күмән-қайшылықтар, көмескіліктер әкімшілік рәсімге қатысушының пайдасына түсіндіріледі. Он үшінші баппен нақтыланғандай, әкімшілік рәсімге қатысушының әкімшілік органдар мен лауазымды адамдардың қызметіне деген сенімі ел заңдарымен қорғалады.
Формальды талаптарды теріс пайдалануға ӘРПК мен тыйым салынған. Мәселен, әкімшілік орган қызметкерлері немесе лауазымды адам әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартпауы тиіс. Яғни, рәсімге қатысушы құқығын шектеуге, оған қандай да бір міндет жүктеуге тыйым салынады.
Анықтық презумпциясына қатысты айтсақ, әкімшілік рәсімге қатысушы ұсынған материалдар мен құжаттардың, мәліметтердің, объектілердің әкімшілік органдар, лауазымды адамдар тарапынан дұрыс еместігі нақты белгіленбейінше анық деп есептеледі. Олардың төлнұсқа екеніне күмән туған жағдайда тексеру, яғни, анықтау міндеті әкімшілік органдар мен лауазымды адамдарға жүктелген.


