Соттар талап қою нысанасын дәлелдеу процесінде тараптардың, атап айтқанда талап қоюшының мүмкіндіктерінің теңсіздігін жоюды қамтамасыз ететін соттың белсенді рөлі қағидатын басшылыққа алуға міндетті.
Осы қағидатты іске асыра отырып, істі сот талқылауына дайындау кезеңінде, сонымен қатар сот процесінде сот, талап қоюшының тарапына талап қою мәтініндегі формальды қателер мен түсініксіз сөздерді жоюға; талап қою талаптарын нақты және түсінікті тұжырымдауға; талап қоюшы талап қоюды негіздейтін істің нақты мән-жайларын баяндауға; алдын ала тыңдау кезеңінде қаралуға және шешілуге жататын өтінішхаттарды беруге жәрдемдеседі.
ӘРПК-нің 16,116,130-баптарына сәйкес сот өз бастамасы немесе әкімшілік процеске қатысушылардың уәжді өтінішхаты бойынша уәкілетті органдардан және ақпараттық жүйелерден қажетті материалдар мен дәлелдемелерді талап етіп алдыру арқылы жинайды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу міндеттерін шешуге бағытталған өзге де әрекеттерді орындайды.Дәлелдемелерді, дәлелдемелер ретінде алынбайтын нақты деректерді, дәлелдеу нысанасы мен дәлелдемелердің дереккөздерін құқықтық реттеу, сондай-ақ дәлелдемелерді (дәлелдеуді) жинау, зерттеу, бағалау және пайдалану тәртібі және дәлелдемелер мен дәлелдеу туралы басқа да ережелер осы Кодексте белгіленген ерекшеліктерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) нормаларында айқындалады.
Әкімшілік іс жүргізу барысында, талап қоюшы өз мүмкіндіктеріне сәйкес дәлелдемелерді жинауға қатысуға міндетті. Берілген талап қою түріне қарамастан, талап қоюшы құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғаны туралы өзіне мәлім болған уақытты, сондай-ақ келтірілген залалдың мөлшерін дәлелдеуге міндетті.
Мұндағы бір ерекшелік- дәлелдеу ауыртпалығын:
1) дау айту жөніндегі талап қою бойынша — ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер;
2) мәжбүрлеу туралы талап қою бойынша – сұратылып отырған әкімшілік актіні қабылдаудан бас тарту үшін негіз болған фактілер бөлігінде жауапкер және өзі үшін қолайлы әкімшілік актінің қабылдануы негізделетін фактілер бөлігінде талап қоюшы көтереді. Егер жауапкер нақты жағдайда талап қоюшы қалаған әкімшілік актіні шығаруды болғызбайтын іс жүзіндегі шарттардың болуына сілтеме жасаса, мұндай шарттарды дәлелдеу жөніндегі міндет осы жауапкерге жүктеледі;
- әрекет жасау туралы талап қою бойынша – сұратылып отырған әрекет жасаудан (әрекетсіздік танытудан) бас тарту үшін негіз болып табылған фактілер бөлігінде жауапкер және өзі үшін қолайлы фактілер бөлігінде талап қоюшы;
- тану туралы талап қою бойынша қандай да бір құқықтық қатынастың болуын немесе болмауын растайтын фактілер бөлігінде талап қоюшы және бұдан былай заңды күші жоқ ауыртпалық түсіретін әкімшілік актінің, сондай-ақ қандай да бір жасалған әрекеттің (әрекетсіздіктің) құқыққа сыйымдылығын негіздейтін фактілер бөлігінде жауапкер;
- заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің (оның ережелерінің) заңдылығына дау айту туралы талап қою бойынша – дау айтылатын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні қабылдаған уәкілетті орган, лауазымды адам көтереді.
Тағы бір ерекшелік, жауапкер әкімшілік актіде аталған негіздемелерге ғана сілтеме жасай алады. Егер барлық дәлелдемелерді зерттегеннен кейін әкімшілік істің нәтижесіне негізделген қандай да бір факт дәлелденбей қалса, онда әкімшілік істі қарау және шешу нәтижелерінің теріс салдарларын осы фактіні дәлелдеудің ауыртпалығын көтеретін тарап көтереді.
Жоғарыда көрсетілгендей, сот процестің барлық сатыларында формальды қателерді жоюға, түсініксіз сөздерді нақтылауға, әкімшілік істің мәні бойынша өтінішхаттарды беруге, толық емес нақты деректерді толықтыруға, әкімшілік істің мән-жайларын толық айқындау мен объективті бағалау үшін маңызы бар барлық жазбаша түсініктемелерді беруге жәрдем көрсетуге міндетті.
Егер әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болып табылса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды. Әкімшілік процеске қатысушылар сотқа әкімшілік істің нақты мән-жайларын зерттеуге және дәлелдемелерді жинауға жәрдем көрсетуге міндетті.
Сот тараптардың түпкілікті шешім шығару кезінде рұқсат етілетін дәлелдемелердің жарамдылығы туралы арызымен байланысты емес.
Әкімшілік процеске қатысушылар сот талап еткен құжаттарды, сондай-ақ қажетті мәліметтерді беруге міндетті. Сот бұл құжаттарды белгілі бір мерзімге талап ете алады. Әкімшілік процеске қатысушылар осы құжаттарға өздері сілтеме жасайтын электрондық құжаттарды, құжаттарды не олардан үзінді-көшірмелерді қоса беруге міндетті.
Әкімшілік іске қатысатын адамдар қандай да бір дәлелдемені жоюға немесе жасыруға не дәлелдемелерді алуға мүмкіндік тудырмай немесе оны қиындата отырып, оны зерттеу мен бағалауға өзге тәсілмен кедергі келтіруге құқылы емес. Мұндай жағдайда сот дәлелдеу ауыртпалығын осы Кодекстің 129-бабының екінші бөлігінде белгіленген қағидаларға қарамастан, кедергі келтіруші тарапқа жүктеуі мүмкін.
Сот өзі белгілеген мерзімде дәлелдемелерді ұсынудың мүмкін еместігі туралы хабардар етілмеген, сондай-ақ сот дәлелсіз деп таныған себептер бойынша сот талап еткен дәлелдемені ұсыну міндеті орындалмаған жағдайда, сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген тәртіппен ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Егер осы құжаттар немесе актілер мазмұнының ашылуы заңмен қорғалатын мүдделерге нұқсан келтірілуі мүмкін болса не олар мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қамтитын болса, сот осы құжаттарды немесе актілерді, сондай-ақ мәліметтерді жабық сот отырысында зерттеу туралы ұйғарым шығарады.
Шымкент қадасы МАӘС судьясы Г.Калдыбекова


