Ұлттық қордан кәмелетке толмаған балалар үлес алмақ. Бұл қаржы олардың еншісіне қордың инвестициялық табысынан тиеді. Қор кірісінің осы 50 пайызы жыл сайын кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлінеді. Қаржы тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады.
Бірінші мақсатта қаражат тек Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат етілсе, ал білім алу үшін ақша баланың ел ішіндегі оқу орындарымен қатар, шетелдік оқу орнына ақы ретінде төленуі мүмкін. Осылайша ұлттық қордан бөлінетін үлес кәмелетке жаңа толған қазақстандықтардың ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталы болуына жол ашпақ. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Тиісінше, Қазақстан азаматтығынан шыққан кезде оны алу құқығы да жоғалады. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ҚР Ұлттық қорынан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының басты жаңалығы осы. Жаңа құжатты алқалы жиында Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ қорғады. Ұлттық қордың 2000 жылы құрылғаны белгілі. Басты мақсат – еліміздің табиғи байлығы есебінен ұрпақ игілігіне қаражат жинақтау. Аталмыш заң жобасы Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарламасындағы тапсырмасын орындау мақсатында дайындалған. Әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша көп жылдық тәжірибесін және мемлекеттік дерекқорлармен жұмыс істеу мүмкіндігін ескере отырып, жоба операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ны белгілеу жоспарланып отыр. Бұл ұйым ақпараттық жүйеде нысаналы қатысушылардың талабын есепке алу, нысаналы жинақтарды алушыларға жинақтау шотын ашу, шоттағы жинақтарды есепке алу, нысаналы жинақтарды төлеу, Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен дербес деректерді субъектілер келісімінсіз жинау және өңдеу, БЖЗҚ интернет-ресурсы және электрондық үкімет веб-порталының жеке кабинеті арқылы нысаналы талаптар мен нысаналы жинақ сомасы туралы мәліметтерді ұсыну міндетін атқарады. Құжат жобасын талқылау барысында депутаттар балаларға арналған қаражаттың барынша мақсатқа сай пайдаланылуын көздеп, біраз мәселені анықтауға тырысты. Ал бала туғаннан кейін аталмыш қаражатты есептеу және төлеу қалай жүзеге аспақ? Мамандар пікірінше Ұлттық банктің қарамағындағы Ұлттық қордан шығатын ақшаға инвестициялық есептеу жүргізіледі. Яғни, есепшоттар ашылғаннан кейін оған балаларға есептелген ақша келіп түседі. Ұлттық қорда сақталып тұратын бұл қаражат инвестициялық мақсатта жұмсалып жатады. Тұрғын үй жағдайын жақсарту – Отбасы банкі, ал білім алуға ақша алу азаматтың қалауы бойынша екінші деңгейлі банк арқылы жүзеге асады. Банктер одан еш пайда көрмейді. Олар ақшаны оқу орнының есепшотына аударады.
Немесе бұл шара үшін бұрыннан қолданылып келе жатқан мемлекеттік білім беру жүйесінің жинақтау қоры пайдаланылуы мүмкін. Ал бала 18 жасты күтпей, 16 жасында колледж және тағы басқа орта буынды оқу орнына түскен жағдайда қалай қаражат алады? Заң жобасында тек 18 жасқа толған азаматтың ғана қаражатқа қол жеткізуі көзделіп отыр. Қазақстанда қолданылып жүрген заңнамаларға сәйкес толық әрекеттілік қабілеті 18 жастан бастап енеді. Сондықтан қаражатты осы жасқа жетпей алған кезде баланың еркімен емес, ата-ананың көздеген мақсаты жүзеге асырыла ма деген қауіп бар. Сонымен қатар, он сегізге толған басқа балалар тарапынан да бұл қаражатқа ертерек қол жеткізсек бола ма деген сұрақ туындауы мүмкін. Жалпы, елімізде тоғызыншы сыныптан колледжге түсетін балалар үшін мемлекеттен толыққанды гранттар бөлінеді. Сондықтан Ұлттық қордан қаражат алуға қажеттілік жоқ. Десе де, құзырлы орын тарапынан кәсіби білімді қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылап отыр. Сол секілді бұл қаржыны туғаннан түрлі сырқатқа ұшырап, бірінші, екінші топтағы мүгедек болған балалар үшін де жұмсау тетігі жоқ. Мұның себебін Үнзила Шапаққызы басқа да топтың мүдделері туатындығымен және осы қаражатпен аталмыш топтағы балалар мәселесін толық шешу мүмкіндігінің шектеулі екендігімен түсіндірді. Оның үстіне, соңғысына қатысты тиісті өтемақы төленеді. Оның көлемі биыл 14 пайызға артты. Десе де бұл мәселенің басы ашық. Ол әлі заң жобасын пысықтау барысында қаралады. Депутаттар өтемақы төленетін инвестициялық табыстың деңгейіне қатысты да алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселені жиында дептутат Нұртай Сабильянов көтерді. Ол Ұлттық қорда инвестициялық кіріс болмаса өтемақы алудың мүмкін емес екенін айтып, былтыр бұл түсімнің 10 пайызға, яғни, 830 млрд теңгеге төмендеп кеткеніне назар аудартты. Ал, жалпы Ұлттық қордың активі небары 58 млрд доллар. Оны 100 млрд долларға көбейту көзделіп отыр. Министрлік тарапынан осыған орай алдын ала болжам жасалып, Ұлттық қор активтері ұлғайтылып, тиімділігі арттырылуы керек. Ұлттық экономика министрлігі өкілдерінің айтуынша, Ұлттық қордың ұзақ мерзімді табыстылығын арттыру мақсатында 2019 жылдан бастап Ұлттық қор активтерін стратегиялық бөлу басталыпты. Сонымен қатар, оларды саралап және ұзақ мерзімді табыстылығын арттыру үшін жаһандық акциялар мен корпоративтік облигациялар секілді табыс құралдары көбейтіліп, географиясы ұлғайтылуда. Бұл Ұлттық қор табысының артуына ықпал ететін тиімді шаралар. Сонымен қатар, олар депутаттар сауалына орай балалар 18 жасқа толғанға дейін жинақталатын 3500 доллар көлемінің қордың кіріс көрсеткіштері бойынша өсу мүмкіндігін айтты. Бұл қаржыны он сегіз жасқа толған азаматтардың ары қарай жинақтай алатындығы да белгілі болды.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»


