ҮЛКЕНГЕ ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ

Қарттар күні мен Ұстаздар күніне арналған тағылымды шаралар

№196 жалпы білім беретін мектепте өткен мерекелік іс-шаралар туралы

    Қазан айы – ұрпақ тәрбиесі мен адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін қос бірдей айтулы мерекені тоғыстыратын ерекше кезең. Халықаралық қарттар күні – өмір жолынан мол тәжірибе жинаған аға буынға құрмет көрсетудің жарқын үлгісі болса, Ұстаздар күні – жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп жүрген ұстаздар еңбегін бағалайтын мерейлі мереке. Осы айтулы күндерге орай №196 жалпы білім беретін мектепте тағылымы мол бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтатын болсақ, мектепте 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне және Ұстаздар күніне орай тағылымды кездесулер, қариялардың шаңырағына арнайы сапарлар мен мерекелік кештер  ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – оқушылардың бойына үлкенді сыйлау, еңбекті бағалау, ізеттілік пен мейірімділік қасиеттерін сіңіріп, ұрпақтар сабақтастығының маңызын ұғындыру.

«Ғибратты ғұмыр иелері» – тағылымды кездесу

    30 қыркүйек күні 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай мектепте «Ғибратты ғұмыр иелері» атты тағылымды кездесу өтті. Іс-шараға 6 «Ғ», 7 «В», 7 «Ғ», 8 «Б», 8 «Ә» сынып оқушылары мен сынып жетекшілері қатысып, өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық ардақты жандармен жүздесті. Кездесудің негізгі мақсаты – оқушыларға үлкенді сыйлау, еңбекті бағалау, ізеттілік пен мейірімділіктің маңызын ұғындыру.

  Кездесуге Бердіқұлов Жұмағали Дүйсенбайұлы, Қабдуллина Гүлнара Зейтенқызы және Шаменова Анипа Бурибаевна сынды еңбек ардагерлері арнайы шақырылды.

   Кездесу барысында оқушылар қонақтарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңестерін тыңдады. Оқушылар өз кезегінде ән айтып, өлең оқып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.

      Ақылдың кені – қариялардан өнегелі әңгіме тыңдап, олардың өмір жолына үңілу оқушылар үшін үлкен тағылым болды. Жылы жүздесу барысында үлкен буын мен жас ұрпақ арасында ерекше рухани байланыс орнап, ұрпақтар сабақтастығының маңызы айқын сезілді. Іс –шара мазмұнды әрі тәрбиелік мәні жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды.

                       

Өмір жолы – кейінгі буынға өнеге

    Ғибратты ғұмыр иелерінің өмір жолына тоқталар болсақ,  Жұмағали Дүйсенбайұлы Бердіқұлов – өмірінің қырық жылдан астам уақытын ұстаздық қызметке арнаған ардагер ұстаз. Жетісай ауданындағы №66 «Мырзашөл» жалпы білім беретін мектебінде 32 жыл директор қызметін атқарып, білім мен тәрбие саласына зор үлес қосты. Еңбегі «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, «Өз ісінің білікті маманы» медалімен және білім саласына қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталған. Сонымен қатар аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы қызметін атқарған.

      Гүлнара Зейтенқызы Қабдуллина – саналы ғұмырын білім беру мен бала тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз. 1984 жылы институтты тәмамдап, еңбек жолын Алматы облысы, Боралдай кентіндегі №17 орта мектепте химия және биология пәндерінің мұғалімі болып бастаған.

 Педагогикалық жолының соңғы 15 жылын мектеп директоры қызметіне арнаған.Алғашында Қарасай ауданындағы Рахат орта мектебінде директор болғанҰстаздық еңбегі 40 жыл.  «Құрметті ұстаз», «Парасат педагог» медальдарымен бағаланған.  Бүгінде зейнет демалысындағы ардагер ұстаз ретінде өмір жолына көз салсақ,  ең үлкен мақтанышы – білім мен тәрбие берген шәкірттері деп біледі.

        Анипа Бурибаевна Шаменова да білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткен білікті маман. 1986 жылы Ташкент қаласындағы Республикалық орыс тілі мен әдебиеті педагогикалық институтын үздік дипломмен тәмамдап, ұстаздық жолын Өзбекстан Республикасы Сырдарья облысы Ақалтын ауданындағы №13 орта мектепте бастаған. 1993 -2002 жылдары Өзбекстан Республикасы Гүлістан Мемлекеттік Университетінің «Жаhандық әдебиеті» кафедрасында мұғалім, 2023-2012 жж Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Ғ. Мүсірепов атындағы мектепте орыс тілі пәні мұғалімі. 2012- 2014 жж. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін Алматы облысы Қарасай ауданы Ш. Құдайбергендіұлы атындағы мектеп.                2014–2025 жылдары №196 жалпы білім беретін мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет етіп, білім беру саласының дамуына өз үлесін қосқан.

Қария шаңырағына – ізгі сапар

         Қарттарға құрмет көрсету мектеп қабырғасындағы кездесумен ғана шектелмеді. 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай 3 «Ә» сынып оқушылары сынып жетекшісімен бірге Абаева Шаретхан апаның шаңырағына арнайы барып, мерекесімен құттықтап, сый-сияпаттарын табыстады. Өз кезегінде Шаретхан апа ақ батасын беріп, ізгі тілектерін арнады.

«Ғибратты ғұмыр иелері» кездесуінен көрініс.

 Сондай-ақ 5 «Ә» сынып оқушылары 85 жастағы Зульярова Гулий апаның үйіне барып, ізгі тілектерін білдіріп, батасын алды. Кездесу барысында оқушылар қарияның өмірлік тәжірибесі мен тағылымды әңгімелерін тыңдап, үлкенді сыйлау, қартты құрметтеу, мейірімділік пен қамқорлықтың маңызын тереңірек түсінді.

                                                     

Қария шаңырағына жасалған ізгі сапардан көрініс.

    «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дейді халқымыз. Қариялардың өмір жолы – кейінгі буынға қалдырған үлкен өнеге. Олардың еңбек жолын тыңдап, ақылын алу арқылы оқушылар үлкенді құрметтеуді, еңбекті бағалауды, мейірімділік пен адамгершілікті бойына сіңіреді. Осындай тағылымды кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жас буынның рухани тәрбиесіне оң ықпал етеді.

«Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет!»

      Ал  Ұстаздар күніне орай мектепте «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет!» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды. Мереклік кеш ұстаз еңбегін дәріптеп, мұғалімдерге деген оқушылардың құрметі мен алғысын білдіруге арналды.  Сахна төрінде оқушылар мен музыка мұғалімдері ән айтып, күй тартып, хор орындап, би биледі. Бағдарламада «Ұстаздарға тағзым» әні, «Ерке сылқым» күйі, «Ұстазым» хоры және «Құдаша» биі ұсынылды. Мектеп мұғалімдерінің орындауындағы «Білім орда» хоры да кештің сәнін келтірді.

   Мерекелік кеш барысында оқушылар ұстаздарға арналған өлеңдерін оқып, олардың шәкірт өміріндегі ерекше орнын атап өтті. Ұстаз білім беріп қана қоймай, әр баланың бойындағы жақсы қасиеттерді қалыптастырып, дұрыс бағыт көрсетіп, қиын сәтте қолдау білдіреді. Оқушылардың жүрекжарды сөздері мұғалім еңбегіне деген шынайы құрметін көрсетті.

   Мерекелік кеште мектеп директоры Бәтен Рүстенбекқызы құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздық қызметтің жауапкершілігі мен маңыздылығына тоқталды. Шараға ата-ана Оруджова Севинч Нуруевна, «ATA YURD – NOMAD» Әзербайжан этномәдени республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі қатысып, ізгі тілектерін білдірді. Сонымен қатар оқушылар дайындаған көңілді көріністер көрсетіліп, ұстаздар мен оқушылардың қатысуымен ойындар ұйымдастырылды.

  Ән мен жыр, әзіл мен өнер тоғысқан мерекелік кеш ұстаздарға деген құрмет пен алғыстың жарқын көрінісіне айналды. Шара соңында ұстаздарға алғыс айтылып, «Ұстаздар күні құтты болсын!» деген ізгі тілекпен қорытындыланды.

Ұстаздар күніне арналған мерекелік кештен көрініс.

Өткеннен өнеге, болашаққа бағыт

       «Ғибратты ғұмыр иелері» атты кездесу, қариялардың шаңырағына жасалған ізгі сапарлар және «Ұстаздық – ұлық емес, ұлы қызмет!» атты концерт мазмұны жағынан бір арнада тоғысады. Қарттардың өмірлік тәжірибесі мен ұстаздардың кәсіби өнегесі – жас ұрпақ үшін баға жетпес тәрбие мектебі.

    Қариялар өткеннің өнегесін жеткізсе, ұстаздар сол өнегені бойына сіңіріп, болашаққа қадам басатын ұрпаққа бағыт-бағдар береді. Осындай тағылымды кездесулер мен мерекелік шаралар арқылы оқушылар үлкенді құрметтеуді, еңбекті бағалауды, ізеттілік пен мейірімділікті үйренеді. Өйткені үлкенге көрсетілген құрмет – өткенге тағзым болса, ұстазға көрсетілген құрмет – болашаққа деген құрмет. Осы құндылықтарды жас буынның бойына сіңіру – баршамызға ортақ міндет.


Автор: Куссакова Жанат Миралиевна
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
№196 жалпы білім беретін мектеп

Казахстан строит больше жилья на человека, чем ЕС и США

Политолог Андрей Чеботарев разобрал показатели развития Казахстана, которые Президент...

Флешмоб ко Дню Республики запустили казахстанские студенты за рубежом

Студенты, которые учатся в иностранных вузах по программе «Болашақ»,...

Президент Жолдауы – сот жүйесін жетілдірудің маңызды бағдары

Мемлекет басшысының жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы – ел...

Жасөспірімдер арасындағы лудомания және киберқылмыстық әрекеттерін алдын алу

Адамзат өркениетінің қазіргі кезеңінде ақпараттық технологиялардың жедел дамуы, сондай-ақ ...