Қос ішектен төгілген сезім

  Ұлттық өнер — халықтың рухани қазынасы. Ол өткеннің ізі ғана емес, бүгінгі ұрпақтың да үні. Халықтың тарихы мен тағдыры, қуанышы мен мұңы кейде бір күйдің бойына сыйып кетеді. Сол күйді ғасырлар бойы жеткізген домбыраның қоңыр үні бүгін үлкен сахнада ондаған ұлттық аспаптың үнімен үндесіп, жаңа сипатқа ие болып отыр. Мұның айқын көрінісін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің өнерінен көруге болады.

 12 қазан күні Алматыдағы Almaty Theatre сахнасында өткен «Qurmangazy: Next Cinema Hits» концерті осы сезімді жаңғыртқан ерекше кеш болды.  Мен үшін бұл кештің орны тіпті бөлек. Себебі ұлттық оркестрдің жанды орындауын алғаш рет тыңдап, домбыра мен қобыздың мүмкіндігін жаңа қырынан таныдым.

  Кеш Түркештің «Көңілашар» күйімен басталды. Дирижер Абылай Тілепбергеннің жетекшілігімен орындалған алғашқы шығарма-ақ залға ерекше серпін берді. Домбыраның ширақ қағысы, аспаптардың өзара үйлесімі мен дирижердің әр қимылын қалт жібермей орындаған музыканттардың шеберлігі бірден назарымды аударды. Әсіресе, күйдің екпіні күшейген тұста сахнадағы ондаған аспаптың біртұтас үнге айналуы таңғалдырды. Сол сәтте музыканы құлаққаппен тыңдау мен тірідей сезінудің айырмашылығын анық түсінгендей болдым.

  Күй аяқталысымен сахнаға жүргізушілер көтеріліп, көрерменді кино әлеміне саяхат жасауға шақырды. Бағдарламаның алғашқы бөлімі қазақ киносының алтын қорындағы туындыларға арналды. Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» шығармасы мен домбырашылар тобы орындаған «Жекпе-жек» күйі ұлттық музыканың тереңдігін сезіндірді. «Қыз Жібек» фильмі арқылы таныс әуендер қазақ киносының тарихын қайта еске салды. Кеш барысында Жібек бейнесін сомдаған халық әртісі Меруерт Өтекешованың 75 жылдық мерейтойы да аталып өтті. Сонымен қатар режиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына орай «Менің атым Қожа» фильмі еске алынып, Нұрғиса Тілендиев пен Тұманбай Молдағалиевтің «Біз Отанның ұланымыз» шығармасы оркестр, хор және «Сармад» би ансамблінің қатысуымен ұсынылды.

  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің тарихы өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан басталады. 1933 жылы Алматыдағы музыкалық-драма техникумы жанынан академик Ахмет Жұбановтың бастамасымен 11 домбырашыдан құралған ансамбль құрылды. Шағын ұжымның өнері кейін қазақтың кәсіби оркестрлік музыкасының қалыптасуына негіз болды. 1934 жылы оркестр ресми түрде құрылып, ұлттық музыка өнерінің жаңа кезеңіне жол ашты. Ал 1944 жылы ұжымға қазақтың ұлы күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының есімі берілді. Содан бері оркестр халық күйлері мен әндерін кәсіби сахнада орындап қана қоймай, ұлттық музыканы жаңа шығармалармен толықтырып, оның өрісін кеңейтіп келеді.

Бүгінде оркестрдің репертуарында ұлттық туындылармен қатар әлемдік классиканың таңдаулы шығармалары да бар. Ұжым қорында 5000-нан астам шығарма жинақталған, ал сахнада 90 кәсіби музыкант өнер көрсетеді. 2020 жылы оркестрге «Ұлттық» мәртебесі берілді. Бұл — оның қазақ музыка мәдениетін дамытуға қосқан үлесі мен ел руханиятындағы орнының мойындалуы. 

 Концерттің екінші бөлімінде әлемдік және кеңестік киноның танымал әуендері орындалды. Эннио Морриконенің «Спрут» телехикаясына жазған музыкасы, «Возвращение Будулая» фильмінің әуені және Леонид Гайдай комедияларындағы Александр Зацепин шығармалары негізінде жасалған музыкалық парафраз көрерменді өткен кезеңнің экрандық естеліктеріне жетеледі. Бұл бөлімде дирижер Жексен Айсын оркестрді басқарды.

Ал концерттің үшінші бөлімі мен үшін ерекше әсерлі болды. Себебі сахнадан бала кезден таныс, әлемге әйгілі фильмдердің әуендері шырқалды. Ханс Циммердің «Гладиатор» және «Интерстеллер» фильмдеріне жазған музыкасы, «Хатико», «Игра престолов», «Железный человек» мен «Мстители» туындыларының саундтректері ұлттық аспаптардың орындауында мүлде өзгеше естілді.

Әсіресе, «Хатико» фильмінің музыкасы көңілге ерекше әсер етті. Адалдық пен сағыныш туралы осы фильмді көрген адам оның оқиғасын оңай ұмыта қоймас. Әуен басталғанда-ақ көз алдыма иесін жылдар бойы күткен Хатиконың бейнесі келді. Ал «Интерстеллер» музыкасы керісінше, кеңістік пен уақыт туралы ойға жетеледі. Домбыра мен қобыздың үні арқылы әлемдік кино музыкасын тыңдау бастапқыда тосындау көрінгенімен, бірте-бірте сол үйлесімнің табиғилығына таңғалдым. Ұлттық аспаптардың мүмкіндігі тек дәстүрлі күйлермен шектелмейтінін осы тұста анық байқадым.

Кештің тағы бір есте қаларлық бөлігі «Перекресток» телехикаясына арналды. Қазақстандық алғашқы телесериалдардың бірі саналатын бұл туынды көпшілікке жақсы таныс. Бағдарламада сериал актерлері Гүлнар Досматова мен Ғани Құлжановтың есімдері аталып, оның түпнұсқа саундтрегін орындаған «Овощи и фрукты» тобы оркестрмен бірге өнер көрсетті. Мұндай шығармашылық кездесу ескі әуеннің бүгінгі сахнада қайта жаңғыруына мүмкіндік берді.

Концерттің соңғы бөлігінде «Формула 1», «Көшпенділер», «Ертұғрыл» туындыларының әуендері орындалып, Карина Абдуллина «Сен мұңынды бер маған» әнін ұсынды. Виктор Цойдың «Группа крови» шығармасы мен «Мұзбалақ» туындысынан кейін Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» поэмасы кештің қорытынды нүктесіне айналды. Осылайша концерт қазақтың дәстүрлі күйінен басталып, түрлі дәуір мен елдердің кино музыкасын қамтып, қайтадан ұлттық өнердің терең арнасына оралды.

Меніңше, концерттің ең үлкен ерекшелігі де осында. Оркестр тыңдарманға қазақ музыкасының тарихын ғана таныстырып қойған жоқ, ұлттық аспаптардың бүгінгі заманмен үндесе алатынын көрсетті. Бір сахнада Түркештің күйі мен Ханс Циммердің музыкасы, Нұрғиса Тілендиевтің шығармасы мен «Мстители» фильмінің саундтрегі қатар орындалуы — соның айқын дәлелі.

Сахнадағы музыканттарға қарап отырып, олардың әрқайсысының еңбегі қаншалықты күрделі екенін де аңғардым. Дирижер қолын сәл көтерсе, оркестр үні күшейеді, ал қимылы бәсеңдесе, әуен де жұмсара түседі. Журналист ретінде мені қызықтырғаны — тек музыканың әдемілігі емес, сол әуенді дүниеге әкелетін адамдардың сахнадағы жауапкершілігі.

Кеш аяқталған кезде көңілімде ерекше әсер қалды. Бұрын кино музыкасын көбіне фильмнің бір бөлігі ретінде қабылдайтынмын. Ал бұл жолы оның жеке өнер туындысы екенін сезіндім. Тіпті жақсы таныс әуеннің өзін басқа аспаппен тыңдағанда жаңа мағына табуға болатынын түсіндім.

Концерттен шыққан соң да құлағымнан домбыраның үні кетпеді. Ойланып қарасам, осы кеш маған ұлттық өнерге басқаша қарауды үйреткен екен. 

«Qurmangazy: Next Cinema Hits» концерті мен үшін ұлттық музыкаға жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Құрманғазының күйінен бастап, әлемдік кино әуендеріне дейінгі шығармаларды бір сахнада тыңдау қазақтың ұлттық аспаптары қандай кең мүмкіндіктерге ие екенін көрсетті. Домбыраның қоңыр үні мен қобыздың зарлы сарыны таныс әуендерге өзгеше реңк берді. Сол кеште мен музыкадағы ең маңызды тұстарының бірі оның адам жадында қалатын әсері екенін түсіндім. Концерттен кейін де көңілімде сол әуендер жаңғырып, ұлттық өнерге деген ықыласым арта түсті.

Ақерке Шамшатова 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Журналистика факультетінің 4-курс студенті

Фотосуреттер сілтемесі: @baukinnnn

Патриот, ученый, учитель

(к 99-летию со дня рождения академика Султана Сартаева)  15 октября...

Пуля и Геля спасают жизни 

25 ЛЕТ РУКОВОДИТЕЛЬ КИНОЛОГИЧЕСКОГО ОТДЕЛЕНИЯ ОПЕРАТИВНО-СПАСАТЕЛЬНОГО ОТРЯДА ДЕПАРТАМЕНТА ПО...

Эффект NPC: Как видеоигры меняют сознание убийц

В 2025 ГОДУ В ШКОЛЕ БАНДАРУТАМА (МАЛАЙЗИЯ) 15-ЛЕТНИЙ ПОДРОСТОК...

Правовая модель циркулярной экономики

СЕГОДНЯ ЭКОЛОГИЧЕСКАЯ ПОЛИТИКА УЖЕ НЕ МОЖЕТ ОГРАНИЧИВАТЬСЯ ВОПРОСАМИ ВЫВОЗА,...

Между сервером и законом

МАСШТАБНЫЙ СБОЙ В РАБОТЕ СЕРВИСОВ «ЯНДЕКСА» И ФАКТЫ УТЕЧКИ...