Қазақстанда үй жануарларын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесі – TAÑBA жұмыс істейді. Жүйе бір дерекқорда үй жануары мен оның иесі туралы негізгі мәліметтерді, сондай-ақ вакцинация, стерилизация және басқа да ветеринариялық рәсімдер туралы ақпаратты біріктіруге мүмкіндік береді.
Жануарды жүйеге тіркеген кезде электрондық паспорт қалыптастырылады. Онда жануардың аты, тұқымы, жынысы, туған күні, сәйкестендіру нөмірі және иесі туралы мәліметтер көрсетіледі. Кейін цифрлық профильде жүргізілген ветеринариялық рәсімдер туралы ақпарат та тіркеледі. Мұндай есеп жануарды жедел сәйкестендіруге және ол туралы қажетті мәліметтерді жылдам алуға мүмкіндік береді.
Бүгінде TAÑBA жүйесінде 400 мыңға жуық үй жануары тіркелген. Олардың басым бөлігін иттер мен мысықтар құрайды: жүйеде 291 761 ит және 107 414 мысық есепте тұр.
Тізілім деректері Қазақстандағы үй жануарларына ең жиі қойылатын аттардың өзіндік рейтингін де жасауға мүмкіндік береді. Иттер арасында бірінші орында – Ақтөс. Бұл атты 8 863 ит иеленген. Одан кейін Шарик – 6 027, Рекс – 5 409, Тузик – 4 243 және Лайка – 4 137. Ең танымал он аттың қатарына сондай-ақ Арлан – 3 012, Мойнақ – 2 382, Алапар – 2 056, Барсик – 2 004 және Барбос – 1 963 енді.
Мысықтар арасында ең көп таралған ат – Мурка. Бұл ат 2 236 мысыққа қойылған. Екінші орында Муся – 1 529, үшінші орында Барсик – 1 491. Одан әрі Мурзик (842), Соня (833), Рыжик (721), Симба (698), Алиса (657), сондай-ақ Вася мен Кузя (әрқайсысы 604-тен) орналасқан.
Алайда TAÑBA жүйесі тек иттер мен мысықтарды есепке алумен шектелмейді. Мұнда сирек кездесетін үй жануарлары да тіркелген. Цифрлық тізілімде қазірдің өзінде сегіз үй қояны мен төрт күзен, сондай-ақ бір-бірден тасбақа, сәндік егеуқұйрық, шағын тұқымды шошқа, атжалман және капибара бар.
Олардың кейбірінің аттары да ерекше. Мәселен, жүйеде Айша есімді тасбақа, Томпи есімді атжалман, Библик есімді шағын тұқымды шошқа, Финик есімді сәндік егеуқұйрық және Борис есімді капибара тіркелген. Үй қояндарының арасында Кембридж, Оксфорд, Рафинад және Снежинка, ал күзендердің арасында Пирожок, Умка, Кипиш және Жижа деген аттар кездеседі.
Жүйеде үй жануарларының басқа түрлеріне де, соның ішінде теңіз шошқаларына, шиншиллаларға, қояндарға, маймылдар мен кірпілерге арналған санаттар қарастырылған. Әзірге бұл түрлердің өкілдері дерекқорда тіркелмеген, алайда оларды есепке алу мүмкіндігі жүйеде бар.
Бірыңғай цифрлық есеп үй жануарлары туралы мәліметтерді жүйелеуге, нақты жануар жөніндегі ақпаратты жедел анықтауға, сондай-ақ оның денсаулығы мен жүргізілген ветеринариялық рәсімдер туралы деректерді өзекті күйде сақтауға мүмкіндік береді.


