Қазақстан Республикасының қылмыстық процесіндегі кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімдер мен татуласу институтын қолданудың жай-күйі мен проблемалары

А.Жүкенов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті құрметті профессоры, «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының отставкадағы судьялары» қоғамдық бірлестігі тең төрағасы.

Қазақстан Республикасының қылмыстық процесіндегі кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімдер мен татуласу институттары ерекше орын алады. Оларды енгізу қылмыстық саясатты ізгілендіру, қылмыстық сот ісін жүргізудің тиімділігін арттыру, процестік шығындарды азайту және құқық қорғау мен сот жүйелерінің жүктемесін төмендету қажеттілігімен байланысты болды.

Кінәні мойындау туралы мәміле прокурор мен күдікті, айыпталушы не сотталушы арасында онша ауыр емес, орташа ауырлықтағы немесе ауыр қылмыстар бойынша жасалады. Мұндай мәміле жасасу адамның өзіне тағылған күдікпен не айыппен келісуі, ерікті түрде мойындауы, дәлелдемелерге, келтірілген зиянның сипаты мен мөлшеріне дау келтірмеуі, сондай-ақ жәбірленушінің келісімі болған жағдайда мүмкін болады.

Кінәні мойындау туралы мәміле институты қылмыстық саясатты ізгілендіруге, қылмыстық процестің репрессивтілігін төмендетуге, сот ісін жүргізуді жеделдету мен жеңілдетуге, жәбірленушінің бұзылған құқықтарын жедел қалпына келтіруге, келтірілген зиянды өтеуге, тергеу органдары мен соттардың жүктемесін азайтуға, мемлекеттің процестік шығындарын қысқартуға бағытталған.

Неғұрлым жеңіл жаза тағайындау мүмкіндігі айыпталушыны тергеумен ынтымақтасуға және кінәні мойындауға ынталандырады. Өзінің құқықтық табиғаты бойынша бұл институт қылмыстық процесті дамытудың заманауи үрдістеріне және процестік үнемдеу міндеттеріне толық сәйкес келеді.

Алайда аталған институттарды іс жүзінде қолдану шектеулі болып қалып отыр.

Құқықтық статистиканың ресми деректеріне сәйкес, кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы жасалған процестік келісімдердің саны: 2015 жылы — 2 617; 2016 жылы — 2 252; 2017 жылы — 2 870; 2018 жылы — 1 565; 2019 жылы — 1 727; 2020 жылы — 2 143; 2021 жылы — 1 618; 2022 жылы — 1 628; 2023 жылы — 1 606; 2024 жылы — 1 278; 2025 жылы — 1 000-нан аз болды.

Келтірілген деректер кінәні мойындау туралы мәміле институтын қолданудың тұрақты төмендеу үрдісінің бар екенін көрсетеді.

Осыған ұқсас жағдай Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабы негізінде тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық істерді тоқтатуға қатысты да байқалады.

Тоқтатылған істердің саны: 2015 жылы — 57 829; 2016 жылы — 64 207; 2017 жылы — 56 064; 2018 жылы — 53 720; 2019 жылы — 57 321; 2020 жылы — 37 352; 2021 жылы — 27 047; 2022 жылы — 22 908; 2023 жылы — 20 907; 2024 жылы — 22 113; 2025 жылы — 20 000-нан аз болды.

Бұл ретте 2015 жылдан 2025 жылға дейінгі кезеңде сотталғандардың жыл сайынғы саны шамамен бірдей деңгейде қалып, 30 мың адамды құрайды.

Осылайша, процестік келісімдер мен татуласулар санының азаюы қылмыстық қудалау деңгейінің төмендеуімен байланысты емес, керісінше қылмыстық-құқықтық жанжалды шешудің баламалы нысандарын қолданудың қысқарғанын көрсетеді.

Менің ойымша, процестік келісімдер мен татуласуды жеткіліксіз қолданудың себептері мынадай мән-жайлар болып табылады.

Негізгі проблема теқ құқықтық реттеудің жеткіліксіздігінде емес, институционалдық және құқық қолдану практикасының ерекшеліктеріндеде.

Ең алдымен, құқық қорғау органдары қызметінің айыптау-статистикалық моделінің бар екенін атап өткен жөн. Тергеу органдары мен прокуратура дәстүрлі түрде қылмыстық істерді сотқа жіберуді тиімділіктің негізгі көрсеткіші ретінде қарастырады. Бұл жүйеде істі сотқа жолдау оң нәтиже ретінде бағаланады, істі тоқтату тергеудің «толыққанды емес» аяқталуы ретінде қабылданады, ал татуласу мен процестік келісімдер іс жүзінде ынталандырылмайды. Ведомстволық қызмет көрсеткіштері негізінен процестік үнемдеуге емес, ашылған қылмыстар мен сотқа жолданған істердің санына бағдарланған.

Екіншіден, тергеу мен прокуратура үшін жеткілікті ынталандырулар жоқ. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімді жасау қосымша процестік әрекеттерді, келісім мәтінін дайындауды, келісулерді, арнайы сот рәсіміне қатысуды талап етеді. Бұл ретте тергеушілер мен прокурорлардың қызметін бағалау жүйесі баламалы сот ісін жүргізу нысандарын қолданудың тиімділігін іс жүзінде ескермейді. Соның нәтижесінде лауазымды тұлға үшін әдеттегі тергеу көбінесе оңай әрі қауіпсіз болып көрінеді.

Үшіншіден, қалыптасқан практиканың себептерінің бірі — процесс қатысушыларының сенімсіздігі. Тергеу, прокуратура, қорғау тарапы және жәбірленушілер көбінесе процестік келісімдер мен татуласуға өзара сенімсіздікпен қарайды. Қосымша фактор ретінде тараптар, сондай-ақ тергеу мен прокуратура қызметкерлері арасындағы уағдаластықтарға байланысты сыбайлас жемқорлық күдігіне ұшырау қаупі көрініс табады.

Тергеудің практикалық қызметкерлері кінәні мойындау туралы процестік келісімдердің жеткіліксіз жасалуының себептерінің бірі ретінде соттың келісімді бекітуден бас тарту қаупін де атайды. Сот процестік келісімді бекітуден бас тартуға қатысты кең өкілеттіктерге ие. Тергеуші мен прокурор соттың бас тартуынан және үкімнің жоғары тұрған сатыларда күшін жоюынан қауіптенеді, бұл тәртіптік салдарға әкеп соғуы мүмкін. Нәтижесінде процестік келісім қосымша кәсіби тәуекел ретінде қабылданады.

Сонымен қатар, практикада процестік келісім бірнеше деңгейде келісуді талап етеді. Бұл рәсімді, әсіресе онша ауыр емес және орташа ауырлықтағы істер бойынша, ұзақ әрі қолайсыз етеді.

Қолданыстағы модель айыпталушыға жазаны едәуір жеңілдетуге кепілдік бермейді. Қазақстандық модель континенталдық және англосаксондық процестің элементтерін үйлестіреді. Сот кең дискрециялық өкілеттіктерді сақтап қалады, сондықтан айыпталушы мен оның қорғаушысы кінәні мойындаудың практикалық мәнін әрдайым көре бермейді. Сот келісім талаптарымен байланысты емес, судьялық қалау еркіндігін сақтайды және әрекетті саралаумен келіспеген жағдайда не келісімде ұсынылған жазаның тым жеңілдігі себепті істі келісімдік іс жүргізуде қараудан бас тарта алады. Мұндай жағдайларда іс жүзінде соттың айыптау тарапының қалау шегіне араласуы орын алады. Нәтижесінде айыпталушы кепілдендірілген нәтижеге қол жеткізе алмайды. Келісімнің болуына қарамастан, сот дәлелдемелерді зерттеуді және айыптаудың негізділігін тексеруді жалғастырады, бұл процестік үнемдеу әсерін едәуір төмендетеді.

Осылайша, республикада қолданылып жүрген кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім моделі тұтастай алғанда айыпталушыға жеткілікті процестік пайда бермейді. Жалпы тәртіптегі сот талқылауы мен кінәні мойындау туралы мәміленің салдары арасындағы айырмашылық көбінесе елеусіз болып келеді, бұл тергеумен ынтымақтасуға деген ынтаны төмендетеді.

Тараптардың татуласуы да бүгінгі күнге дейін толыққанды қалпына келтіруші сот төрелігінің тетігі ретінде емес, көбіне ерекше жағдай ретінде қабылданады. Қылмыстық медиацияның дамыған институттары, жәбірленушілермен жүйелі жұмыс және татуласуға жәрдемдесудің орнықты практикасы жоқ.

Осыған байланысты халықаралық тәжірибе мен оны пайдалану мүмкіндіктері біз үшін үлкен қызығушылық тудырады.

Атап айтқанда, қысқартылған және келісімдік қылмыстық сот ісін жүргізу нысандары кеңінен қолданылатын еуропалық мемлекеттердің, соның ішінде Эстония тәжірибесі ерекше назар аударуға лайық.

Эстондық модель мынадай қағидаттарға негізделген: қылмыстық істерді барынша сотқа дейінгі сатыда шешу; процестік келісімдерді белсенді қолдану; тараптар арасында дау болмаған жағдайда істерді жеңілдетілген тәртіппен сотта қарау; құқық қорғау жүйесінің ресурстарын күрделі және аса ауыр қылмыстарды тергеуге шоғырландыру.

Мұндай жүйелерде толыққанды жарыспалы сот талқылауы тек айыпталушы кінәсін мойындамаған, әрекетті саралау бойынша дау болған немесе тараптар келісімге қол жеткізбеген істер бойынша ғана өткізіледі.

Бұл тәсіл тергеу органдарының, прокуратура мен соттардың жүктемесін едәуір азайтуға мүмкіндік береді.

Қылмыстық сот ісін жүргізудің тиімділігін арттыру мақсатында заңнамалық және ұйымдастырушылық шаралар кешенін қабылдау қажет деп саналады.

  1. Процестік келісімдер мен татуласу қолданылатын саланы кеңейту, осы институттарды қолдану шектерін заңнамалық тұрғыдан ұлғайту. 

Жәбірленушінің өліміне байланысты емес, соның ішінде меншікке және жеке адамға қарсы жекелеген аса ауыр қылмыстар бойынша да процестік келісімдер жасау мүмкіндігін; ауыр зардаптар болмаған жағдайда кейбір ауыр қылмыстар бойынша міндетті татуласуды қолдануды (ҚК-нің 68-бабының 1-бөлігі); аталған институттарды кәмелетке толмағандар мен 21 жасқа дейінгі тұлғалар жасаған қылмыстарға неғұрлым кеңінен қолдануды көздеу орынды. Атап айтқанда, көрсетілген тұлғалар алғаш рет жасаған және оларды әлеуметтендіруге жағдай болған кезде есірткінің заңсыз айналымына байланысты құрамдарға процестік келісімдерді қолдануды кеңейту мүмкін.

  • Қылмыстық кодексте кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалған кезде шартты жазаны неғұрлым кеңінен қолдануды және жазаны едәуір қысқартуды көздеу қажет. Мысалы, негізгі жаза түрінің мерзімі немесе мөлшері: онша ауыр емес немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған кезде — тиісті бапта көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің үштен бірінен; ауыр қылмыс жасаған кезде — жартысынан аспауға тиіс. 
  • Заңнаманы тараптардың мәмілесі (өзара келісімі) болып табылатын кінәні мойындау туралы процестік келісім институтының табиғатына сәйкестендіру, оның ішінде соттың процестік келісімді бекітуден бас тарту негіздерін барынша азайту қажет. Соттың тараптар ұсынған әрекет саралауымен және жаза мөлшерімен келіспеу негіздерін кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім институтына қайшы келетін ретінде алып тастау қажет. Соттың келісімді бекітуден бас тарту негіздері ретінде тек оны жасау кезінде тараптардың құқықтарының бұзылуына әкеп соққан қылмыстық және қылмыстық-процестік заңның елеулі бұзушылықтарын, сондай-ақ айыпталушының кінәлілігіне күмәннің болуын ғана көздеу қажет. 
  • Процестік келісім жасау кезінде келісу рәсімін жеңілдету, келісімдерді бекіту құқығын аудандық деңгейдегі прокурорларға беру, процестік келісімдердің үлгілік нысандарын енгізу қажет. 
  • Құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін бағалау жүйесін өзгертіп, тергеу мен прокуратура қызметін бағалаудың оң көрсеткіштері ретінде жасалған процестік келісімдердің санын, татуласуға байланысты тоқтатылған істердің санын, сондай-ақ процестік үнемдеу көрсеткіштерін көздеу ұсынылады. 
  • Кінәні мойындау туралы мәміле және тараптардың татуласуы нысанындағы процестік келісімдерді қолдануды кеңейтудің маңызды шараларының бірі — тергеу және прокуратура органдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған заманауи цифрлық технологияларды кеңінен енгізу болуы тиіс. 

Аталған институттарды практикада шектеулі қолданудың себептерінің бірі — процесс қатысушылары арасындағы өзара сенімсіздік, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық күдігі мен қабылданған шешімдердің заңдылығын кейін бағалауға қатысты қауіптенулері. Мұндай жағдайларда қылмыстық процесті цифрландыру келісімдік рәсімдерге деген сенімді арттырудың маңызды тетігі бола алады.

Осыған байланысты: процестік келісім жасау және тараптарды татуластыру жөніндегі келіссөздерді міндетті аудио- және бейнефиксациялауды енгізу; процестік келісімді келісудің барлық сатыларын цифрлық құжаттандыру; прокурор мен сот тарапынан процестік бақылау жасау мүмкіндігі бар келісімдік рәсімдердің бірыңғай электрондық платформасын құру; процестік келісімдер мен татуласуды қарау мерзімдерін, негіздері мен нәтижелерін есепке алуды автоматтандыру; келісім жасауға байланысты материалдарға тараптардың электрондық қол жеткізуін қамтамасыз ету; кінәні ерікті түрде мойындауды және жәбірленушінің келісімін тіркеу үшін электрондық қылмыстық істі пайдалану орынды болып көрінеді.

Заманауи технологияларды қолдану сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, субъективті қалау деңгейін төмендетуге, келіссөз рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және процесс қатысушыларының процестік келісімдер мен татуласу институттарына деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, аталған рәсімдерді цифрландыру келісу процестерін жеделдетуге, бюрократиялық кедергілерді қысқартуға және құқық қолдану практикасының бірізділігін қалыптастыруға ықпал етеді. Түптеп келгенде, бұл Қазақстан Республикасының қылмыстық процесінде келісімдік тетіктерді неғұрлым кеңінен қолдануға қосымша жағдайлар жасайды.

  • Істі сотқа жібергенге дейін қылмыстық процестің міндетті сатысы — айыптау мен қорғау тарапы арасындағы ақпарат алмасу сатысын енгізу қажет. Бұл сатыда прокурор мен адвокат материалдармен алмасады, істі сотқа жіберу перспективаларын, қылмыстық қудалауды тоқтату не процестік келісім жасау мүмкіндігін талқылайды. Дәл осы жерде жарыспалы сот процесінің қажеттілігі туралы түпкілікті шешім қабылдануы тиіс. Бұл ретте сотқа толыққанды жарыспалы процесс үшін істердің ең аз саны ғана түсуге тиіс, ал олардың негізгі бөлігі сотқа дейінгі сатыда шешілуі немесе сотқа қысқартылған тәртіпте қарау үшін жіберілуі керек деген тұжырымдама негізгі қағидаға айналуы қажет. Толыққанды жарыспалы сот талқылауына тараптар келісімге келмеген, күдікті кінәсін мойындамаған немесе құқықтық саралаумен келіспеген істер ғана түсуге тиіс. 

Жоғарыда аталған ұсыныстарды заңгерлік қауымдастықта талқылаумен қатар, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесі отырысында қарау орынды болар еді.

№11 мекемесінде бас имаммен кездесу өтті

Алматы қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты,  №11 мекемесінде кәмелетке толмаған...

На III съезде «Әділет» Айбек Дадебай обозначили политическую миссию партии

Ұйымдастырушылық мәселелер қаралғаннан кейін «Әділет» партиясының кезектен тыс III...

Суицидальное поведение среди детей и подростков

САМОУБИЙСТВО ДЕТЕЙ И ПОДРОСТКОВ ЯВЛЯЕТСЯ ОДНОЙ ИЗ НАИБОЛЕЕ ОСТРЫХ...