Әр саланың өз қайраткері болады. Қазақстанның құқықтық, зайырлы жолы да осындай қайраткерлердің арқасында бекіді, жетілді, қалыптасты. Азаматтарының құқығын алдыңғы орынға шығарған демократиялық елге айналды. Осындай қиындығы көп, күрделі сүрлеуде білім — білігі жоғары, ізденісі мен жетістігі ұшан-теңіз ғалымзаңгерлер тұр. Олардың қатарында Есберген АЛАУХАНОВТЫҢ есімі ерекше аталады. Саналы ғұмырын қазақстандық заң ғылымының дамуына арнаған ұстаз-ғалым, академик бүгін 65 жасқа толып отыр.
Мерейлі жасы қарсаңында заңгердің өмір жолы мен өткеніне үңілсек, мамандыққа деген адалдықтың үлгісін көреміз. Құқықтық жүйенің дамуы мен қалыптасуына Алауханов орасан зор үлес қосты. Оның заң ғылымдарына сіңірген еңбегі елеулі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Жазушылар және журналистер одақтарының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі, Халықаралық Еуразия телевизиясы және радиосы академиясының академигі және Халықаралық психологтар академиясының академигі, криминолог-ғалым атақ-дәрежелері осының айғағы. Бұл құрметтердің әрқайсысының артында Есберген Алаухановтың жастығы мен саналы ғұмырындағы ізденісті еңбектің әр жылдары, сағаттары мен сәті жатыр. «Егін екпесең – жерге өкпелеме, еңбек етпесең – елге өкпелеме» деген тәмсіл Есберген Алаухановтың өмірлік ұстанымына айналды. Мектепті бітірісімен еңбек жолын Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, «Красная звезда» ауылында трактор бригадасының есепшісі болып бастады. Еңбекке ерте араласа жүріп оқубілімнен қол үзген жоқ. Отандық және шетелдік басылымдармен қатар, «Литературная газета», «Новое время» журналынан бір сәт ажырамады. Ал мектепті бітірген соң Ленинград университетінің шығыстану факультетіне оқуға түсуі, 3-ші курстан әскер қатарына кетуі, осы жылдардағы ізденістері де өз алдына бір тарих. Е.Алауханов Ташкент мемлекеттік университетінің заң факультетін, Саратов жоғары милиция мектебін, Қазақ-түрік халықаралық университетінің экономика факультетін бітіріп, кейін Сарыағаш аудандық халық сотында сот мәжілісінің хатшысы қызметін атқарып, құқық қорғау саласына бет бұрды. Аудандық мекемелерде заңгер, тергеуші, ҚР Әділет министрінің кеңесшісі болды. Сарыағаш аудандық халық сотының төрағасы, Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер алқасының төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы әділет басқармасы бастығы, осы облыстың және Маңғыстау облысының қаржы полициясының бастығы, Халықаралық Қазақстан криминологиялық клубының президенті, ҚР Жоғары соты ғылыми-консультативтік кеңесінің мүшесі тәрізді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Есберген қатардағы еңбеккерден мемлекеттік деңгейдегі лауазымды қызметтерге дейін өсіп, елдің жүгін арқалап, ұлттың мүддесі үшін аса үлкен жауапкершілікпен нақты жұмыстар істеді. Тіл, тарих, мәдениет мәселелеріне атсалысуды тек қызметтік қана емес, сонымен бірге өзінің азаматтық парызы, борышы деп ұғынып, тұрақты түрде әлеуметтің рухани сұранысына қажетті мәдени ортадан да табыла білді. Мәселен, Алаухановтың мемлекеттік қызметте жүріп, қоғамдык негізде Шығыс Қазақстан облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасына сайлануы да рухани ортадан ешқашан қол үзбегенін көрсетеді. Заңгердің ұйымдастыруымен 2003 жылы ақпан айында Өскемен қаласында Қазақстан және шетел ғалымдарының қатысуымен «Мемлекеттік тілдің даму барысы туралы» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Алыс-жақын шетел мамандарының және отандық қайраткерлердің басын қосқан дүбірлі жиында мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері ортаға салынды, нақты іс-шаралар жоспары қабылданды. Бұл қайраткердің ұлт мүддесін, ұлт мәселесін бәрінен биік қоятынын дәлелдейді. Алауханов ұстазы, академик Салық Зимановтың да шығармашылығы мен өнегелі жолын дәріптеп, мол мұрасын халыққа қолжетімді етуге елеулі үлес қосты. Академиктің 95 жасқа толуына байланысты Астана қаласында «Академик Зиманов – ғалым, азамат және ғылым абызы» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстелдің ұйымдастырушысы, әрі жүргізушісі болды. Бұл игі шаралар қоғамдық негізде, ешкімге салмақ салмай, өзінің демеушілігімен жүзеге асырылғанын айтқан жөн. Ақпарат кеңістігіндегі журналист һәм жазушы Есберген Оразұлының қазақ руханиятынан алар орны айрықша. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің деканы ретінде ақпарат саласының мамандарын тәрбиелеуде де еңбегі зор. «Қазақстанның ғылымы мен өмірі» халықаралық журналының, бас редакторы ретінде жас мамандардың кәсіби біліктіліктерін арттыру жолындағы еңбегі өз алдына бір төбе. Осы ретте, Есберген Алаухановтың ғылыми жетекшілігімен 5 докторлық және 20-дан астам кандидаттық диссертациялар қорғалғанын атап өткен жөн. Есберген Алауханов 300-ден астам ғылыми жұмыстардың, оның ішінде 20-дан аса монография мен ондаған оқулықтардың авторы. Есберген Оразұлының бірқатар еңбектері, атап айтқанда: 2005 жылы монографиялары және «Криминология» оқулықтары Санкт-Петербург, Москва қалаларында жарық көрді. Жалпы, Есберген Оразұлының ғылыми еңбектерінің түйіні «заңнан қорыққаннан ғана емес, заңды сыйлағаннан қылмыс жасамайтын деңгейге жетсек, онда атымыздың алысқа шабары сөзсіз» дегенге саяды. Негізі ол не нәрсені болса да қайнаған өмірдің өзінен алады, көңіліне түйгенін жазады, өзгелердің азаматтығын паш етеді. Өзіне ғана тән ізденістердің нәтижесінде Есберген Алауханов «Ажалдың түсі», «Қасиетті мекендегі қала» және өзге де көркем шығармалары мен таңдамалы аудармаларын өмірге әкеліп, өзінің оқырмандарының ықыласын иеленді. Әсіресе, қазақ заңдарының алыбы, кезінде Қаныш Сәтбаевтың сүйікті шәкірті атанған, мемлекет және қоғам қайраткері, атақты академик Салық Зиманов туралы «Ғылымдағы ғасыр абызы» атты жинағын зиялы қауым өте жылы қабылдады. Есберген Оразұлының әрбір сөзі, әрбір баяндамасы, мақалалары қазақ мемлекетінің нығаюын, ішіміздегі тұрақтылықтың сақталуын, мүдделер мен құқықтардың бұзылмауын мақсат тұтады. Сондықтан ол еліміздің ішкі және сыртқы саясатын үнемі қолдап отырады. Алпыстан асқан асқаралы биігінде де тек жасампаздық идеялардың таратушысы, әрі насихаттаушы қалпын сақтап келеді. Алауханов үшін ең басты құндылық – халықтың сенімінен шығу. 1999 жылы № 57 Сарыағаш сайлау округы бойынша ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа ұсынылуы, «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін», «ҚР Конституциясына 10 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл» медалдарының иегері атануы Есберген Алаухановтың сол сенімді толық ақтап отырғанының жарқын көрінісі екенін атап өткен жөн. Жетпістің ауылына қарай керуен тартқан көшіңіз көлікті болсын дейміз қадірлі ғалым, ардақты азаматқа. Ж.ҚҰРМАНБАЙ


