Ғылыми қызмет қағидалары Ата Заңмен бекітілуге тиіс

Астанада өтіп жатқан Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығының ғылыми жетекшісі Жақсыбек Күлекеев еліміздегі ғылыми қызметтің Ата Заң деңгейінде нақты реттелмегенін, соның салдарынан ел дамуын қамтамасыз етудегі ғылымның рөлі мен мәртебесі төмен екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, еліміздің қазіргі даму кезеңіндегі басты басымдықтың бірі – заманауи цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға негізделген білім мен инновацияға сүйенген экономиканы қалыптастыру. Бұл бағыт еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, оның геоэкономикалық және геосаяси кеңістіктегі ұстанымын айқындай түседі.

«Әлемде ғылым кез келген қоғамның ең маңызды өндіргіш күшіне айналып отыр. Бұл тұрғыда білім экономикасын дамыту ғылыммен тікелей байланысты екенін аңғармау мүмкін емес. Алайда еліміздегі ғылыми қызмет салалық заңнамалармен ғана реттеліп, оның негізгі қағидаттары Конституция деңгейінде нақты бекітілмеген. Ата Заңда ғылымға қатысты арнайы нормалардың болмауы ғылыми саланы ағымдағы мемлекеттік саясатқа тәуелді етіп, елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі рөлі мен мәртебесін әлсіретіп отыр» деді ол.

Жақсыбек Күлекеев ғылым мен инновацияның конституциялық деңгейде бекітілуі ғылыми қызметті тұрақты қаржыландыруға берік құқықтық негіз қалыптастырып, зерттеу орталықтарының, университеттердің және технологиялық компаниялардың жүйелі әрі орнықты жұмыс істеуіне жол ашатынын айтты.

Оның сөзінше, мұндай нормалар көптеген дамыған мемлекеттердің конституцияларында бар. Атап айтқанда, ғылым мен инновацияға сүйеніп, елеулі экономикалық табысқа қол жеткізген Германия, Жапония, Оңтүстік Корея сияқты елдерді мысалға келтіруге болады. Сондай-ақ Финляндия, Испания және Португалияның өз конституцияларында ғылыми автономия мен академиялық еркіндікке құқықты нақты бекіткенін тілге тиек еткен маман ұлттың болашағы азаматтардың зияткерлік және технологиялық дамуына тікелей байланысты екенін терең түсінуден туындайтынын жеткізді.

«Ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, өзіміздің ғылыми және технологиялық әзірлемемізді дамыту технологиялық тәуелсіздікті нығайтып, экономиканың және оның аса маңызды инфрақұрылымының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Конституцияда ғылымға қатысты нормалардың болуы мемлекеттің халықаралық беделін арттырып, оны прогресс пен инновацияға бағдарланған ел ретінде танытады. Бұл ғылыми-техникалық дамудың басымдық екенін айқын көрсетіп, инвестиция тартуға ықпал етеді. Сондай-ақ әлемдік қауымдастықтағы абыройымызды күшейтіп, әлеуметтік, экономикалық және технологиялық тұрақтылықтың берік негізін қалайды», – деді ол.

Мемлекеттік қызметкердің әдеп және мінез-құлық нормалары

Қоғамның мемлекетке деген сенімі көбінесе мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігіне...

Сот жүйесіндегі жасанды интеллекттің рөлі

Қазіргі уақытта ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы мемлекеттік басқарудың барлық...

Сотқа шақыру қағаздарын жіберу тәртібі

Сотқа шақыру қағазы — соттың тараптарды (талапкер, жауапкер, куә,...

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒЫЛЫМИ ЖОБАЛАРЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САММИТ КӨРМЕСІНЕ ҚОЙЫЛДЫ

Бүгін Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Өңірлік...

АПОСТИЛЬ – ҚҰЖАТТАРДЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕ ТАНУДЫҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ

Қазіргі жаһандану дәуірінде азаматтардың шетелде білім алуы, жұмыс істеуі,...