Елордада «Астананың 25 жылдығы. Жаңа перспективалар. Жаңа мүмкіндіктер» деген тақырыппен бауырлас қалалар әкімдерінің форумы өтті. Қала басшыларының, әлемнің 15 елінің беделді сарапшылардың, әлемдік бизнес көшбасшыларының, қаржы институттарының, мемлекеттік және ғылыми қайраткерлердің, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысқан форум жұмысы 8 панельдік сессия арқылы жүрді.
Олар – «Қалаларды цифрлық трансформациялау: инновациялық жобалар, бағдарламалар және технологиялар»; Қалаларға инвестициялар экономиканың өсуінің негізгі драйвері ретінде; Болашаққа бағытталған қала құрылысы; Медициналық туризмнің әлемдік нарығы: проблемалар мен өсу драйверлері; Астана медициналық туризм картасында; Болашақтың 30 жылдығы: Астананың адами капиталына және еңбек ресурстарын дамытуға қосқан үлесі; FUTURE SMART megacities халықаралық ғылыми-практикалық симпозиумы; «Ортағасырлық Еуразияның урбанизацияланған кеңістіктерінің тарихындағы Бозоқ» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы. Форумының ашылу рәсіміне қатысқан Мемлекет басшысы: «Астаналар мен ірі мегополистер – мемлекеттің саяси, экономикалық және мәдени өмірінің өзегі», – деді. Олар мемлекеттердің өркендеуінде жетекші рөл атқарады. Инвестицияларды, инновациялық технологияларды, ең бастысы, адами капиталды тарта отырып, қалалар орасан зор күш шоғырланатын ортаға айналады. – Адамдар және олардың шығармашылық қуаты, бірегей білімі, креативті идеясы мен отаншылдық рухы – ұлт жетістігінің негізгі факторы. Сондықтан қалаларды тиімді басқару және урбанистикадағы жаңа үрдістерді жүйелі зерделеу қажет. Бұл мәселе болашаққа ұмтылған әр мемлекет үшін, оның ішінде Қазақстан үшін де стратегиялық маңызға ие бола бастады. Орнықты даму саласындағы БҰҰ мақсаттарының бірі қаланы дамытуға арналған. Бұл кездейсоқ емес. Қазақстанда біз осы бағытқа ерекше назар аударамыз. Әлемнің жылдам дамып келе жатқан астаналарының қатарына кіретін елордамыз басқа қалалардың дамуына үлгі болады. Өткен ширек ғасырда еліміздің бас қаласының аумағы үш есе ұлғайып, халқының саны төрт есе өсті. Сарапшылардың болжамы бойынша елорда тұрғындарының саны 2030 жылға қарай екі миллионға жетеді. Ел астанасы мәртебесіне ие болған сәттен бері қаланың экономикалық әлеуеті 100 еседен астам артты. Қазір қала экономикасы елдегі жалпы ішкі өнімнің 10 пайыздан астамын құрайды, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшсының айтуынша, алайда үлкен көрсеткіштер қаланың үйлесімді дамуымен үнемі сәйкес келе бермейді. Мегаполистердің табысты болуының басты көрсеткіші оның тұрғындарының өмір сүру сапасымен өлшенуге тиіс. Сондықтан елорданы дамыту және абаттандыру кезінде «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидатын басшылыққа алу маңызды. Қаланың әлеуметтік-экономикалық сапасын арттыру маңызды «Болашаққа бағдарланған қалалық жоспар» панельдік сессиясы аясында «Идеологиядан адамгершілікке: кеңестік алаңдардың эволюциясы» тақырыбында баяндама жасаған «INK Architects» компаниясының негізін қалаушы, Британдық сәулетшілер корольдік институтының құрметті мүшесі, ХСА профессоры және AIA, Американдық сәулетшілер институтының дипломды мүшесі Нұрлан Қамитов посткеңестік елдердегі екі басты мәселеге тоқталды. Бұл сәулет және қала құрылысы объектілерін жобалаудағы ескі нормалар мен ережелер, сондай-ақ социализм идеологиясын бейнелейтін маңызды қала құрылысы тораптары ретіндегі үлкен және кіші қалалардың басты алаңдары. – КСРО аймақтарының климаттық жағдайлары мүлдем әртүрлі екені белгілі. Ғылыми-зерттеу институттары өз кезінде зерттеп, әрине, өз ұсыныстарын берді. Бірақ кеңестік құрылыс пен сәулет барлық жерде бірыңғай стандартты қолданды. Бұл бірыңғай нормалар КСРО ыдырағаннан кейін 30 жыл өтсе де, осы күнге дейін қолданылады. Сонымен қатар көптеген бірыңғай стандарттар Қазақстанның климаттық аймақтарында нашар «жұмыс істейді». Олар орнықтылық пен ресурстық тиімділік қағидаттарына қызмет етпейді. Мысалы, еліміздің солтүстігі мен оңтүстігі арасындағы климаттың ерекшеліктеріне әртүрлі көзқарастың болмауы электр энергиясын, газды және жылыту жүктемесін асыра пайдалануға әкеледі. Менің ойымша, ескі нормаларды да, біртұтас тәсілді де жаңа заманның талаптарына сүйене отырып өзгертетін уақыт келді, – дейді Н.Қамитов. Кеңес мұрасының тағы бір проблемасы, сәулетшінің айтуынша, бұрын негізгі алаңдар тек шерулер өткізу үшін пайдаланылған. Кеңес империясы ыдырағанына 30 жылдан астам уақыт өтті, бірақ қазір ТМД-ның көптеген қалаларындағы басты алаңдар әлі де көп мөлшерде бетон мен асфальттан ғана тұрады. Олар жерді тиімсіз пайдаланумен, қызметтік толтыруы болмауымен, қалалық орта мен ландшафт дизайнына ескірген көзқараспен, тұрғындардың ойын-сауық орны ретінде тартымдылығы жоқтығымен, әртүрлі сценарийлер мен пайдаланушылар үшін инклюзивтіліктің жеткіліксіздігімен ерекшеленеді. Олар сондай-ақ қатардағы тұрғындар үшін жылына бірнеше рет мерекелерде, демалыс күндері жәрмеңкелер өткізуден басқа, сондай-ақ жол жиегіндегі автотұрақ орны болудан бөлек ешқандай әлеуметтік ауыртпалықты көтермейді. Бұл ретте, алаңдар көбінесе бос, ыңғайсыз кеңістік ретінде көрініс табады. Қаладағы кез келген ашық кеңістік, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық міндеттерді орындауы тиіс, яғни қалалық ортаның сапасын жақсартуға ұмтылуы тиіс. «Еліміздің қалаларының басты алаңдарының мақсатын архитектуралық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қайта қараудың уақыты келді. Бүгінгі таңда Қазақстандағы қалаларға тез, арзан және стандартты емес түрлендіру нұсқалары қажет. Ал жылдам жолдардың бірі – бар аумақтарды түрлендіру. Өйткені, бұл мәселені шешу қала үшін күрделі жоба емес, мысалы, жерді сатып алу, т.б. мәселе жоқ қой. Қазақстандағы басты алаңдардың әлеуеті өте жоғары, бірақ әзірге ол өте аз пайдаланылады», – деген Ink Architects негізін қалаушы посткеңестік елдердегі қалалар мен нысандарды жобалаудағы ескірген нормалар мен ережелер мәселесіне қатысты келесі шешімді ұсынды. Біріншіден, жалпы негізгі талаптармен бірге, әр қаланың өз нормалары бар урбанистік қағидаларды әзірлеп, енгізу қажет. Бұл қағидалар өз қалаларының барлық айырмашылықтарын, соның ішінде халықтың тығыздығы мен дамуын, ландшафтты, биіктікті, тұрақ орындарын, шегіністерді, инженерлік желілерді және т.б. ескеруі тиіс. Екіншіден, қолданыстағы құрылыс нормаларын (building code) оңтайландыру қажет, яғни қажетсіз, ескірген нормалардың 30-40%-на дейін алып тастау керек.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»


