Тіл – халықтың қазынасы» деген сөз бекер айтылмаған. Ана тілі арқылы бала алғаш рет әлемді танып, ата-анасының мейірімін сезінеді, үлкеннен бата, жақсыдан өнеге алады. Тіл ұрпақты ұрпақпен байланыстыратын алтын көпір іспетті.
Қазіргі таңда қазақ тілін дамыту – баршамызға ортақ міндет. Тілді тек мерекеде немесе арнайы іс-шараларда ғана емес, күнделікті өмірде қолдануымыз керек. Үйде балаларымызбен қазақша сөйлесіп, кітап оқып, қазақ тіліндегі сапалы дүниелерді көбірек тұтыну арқылы ана тіліміздің дамуына өз үлесімізді қоса аламыз.
Тілді сақтау – бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның жауапкершілігі. Әр азамат өз ана тілін құрметтеп, оның мәртебесін көтеруге атсалысса, тілдің болашағы да жарқын болады.
Ана тіліміз – атадан балаға жеткен аманат. Оны қадірлеу, таза сөйлеу және кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз. Тілі мықты елдің рухы да мықты.
Улбала Утеулиева, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маманы


