31-мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» басталатын аштық пен репрессия жылдары қазақ халқына ұлт ретінде жойылып кету қаупі төнген-ді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф. Голощекиннің келуі елде орын ала бастаған аштық , теріс саясат жағдайын одан бетер ушықтырды.
Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп есептеп, бірден «Кіші Қазан» төңкерісін бастады. Ол төңкеріс ұлт зиялыларын жаппай қуғындалаудан, өзіне қарсы шыққандарды жоюдан тұрды. Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерге «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Осы кезеңдер мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. Арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат қайраткерлері болған. «Сөздің ұлысы–тарих» – дейді сол қуғын-сүргіннің түрлі кезеңдерін басынан өткеріп, сол жолда өмірін қиған ағартушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы. Тарихты танып білу арқылы ғана жас толқын аға буынның жасампаз істерін жалғайды. Ата-бабасын қуғын-сүргінге, аштық пен ұлы қырғынға ұшыратқан қаралы күндер тарихын парақтау арқылы ғана келешек ұрпақтың өткенге құрметі артады, ұлт тұтастығының қадірін біледі, ғасырлар сабақтастығын мағыналы істермен өрбітуге ұмтылады. «Өзінің тарихын жоғалтқан жұрт, өзінің тарихын ұмытқан ел – қайда жүріп, қайда тұрғандығын, не істеп не қойғандығын білмейді, келешекте басына қандай күн туатынына көзі жетпейді. Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады» – дейді тағы бір алаш көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейхан. Ендеше, бүгінгі ұрпаққа ұлт ретінде жоғалмауға қам қылмақ – уәжіп, парыз, абыройлы міндет. Әрбір саналы азамат үшін ұлт тарихындағы кез келген кезең құнды, ата-бабасына қатысты әрбір ақтаңдақ беттер аяулы. Сан түрлі зұлматты бастан кешірген қазақ халқы жайлы өткен күн естеліктерінің ұрпаққа айтары көп, дерегі тың. Ендеше, өткенді таразылау, бабалардың елі үшін, жері үшін жанын құрбан еткен көзсіз ерліктерін дәріптеу – бейбіт заман ұрпақтары алдындағы абыройлы міндет.
Жадыра ҚҰДАЙБЕРГЕН


