Судья – төрелік алаңындағы басты тұлға. Ақ пен қараны ажыратып, адам тағдырына қатысты үкім шығарушы. Осындай жауапты міндет арқалаған судьяның статусы еліміздің бас құжаты – Конституцияда жан-жақты бекітілген. Ата заңымыздың 76-бабында «сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады» деп көрсетілсе, 77-бапта: «Судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады» деп нақтыланған.
Елдегі әділдіктің кепілі болып, азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғайтын басты құрылым болғандықтан сот саласына қойылар талап та тым жоғары. Бұл өз кезегінде сот корпусын сапалы кадрлармен қамтамасыз ету ұстанымын алға шығарып, судьялықтан үміткер жандарға қойылатын талаптардың күшейтілуіне алып келді. Айталық бұрын 25 жастан асқан, заңдық білім алған, құқық, заң құрылымдарында 5 жылдық жұмыс өтілі бар мамандардың судья болуға мүмкіндігі болатын. Кейіннен судьялықтан үмітті жандардың шекті жасы ұзартылды. Мұның бәрі отыз жаста азаматтардың ақыл-ойы толысып, тәжірибесі артып, өз эмоциясын бақылай алады, өз іс-әрекетіне жауап береді деген пікірден туған болатын.
Расында, сот – дау алаңы. Қос тараптың сот отырысында парасатты мәмілеге келетін кезі сирек. Тараптардың көңіл-күйдің жетегінде кететін, дауда жеңіске жету үшін өтірік айтып, жұртты жаңылдыруға тырысатын тұсы да баршылық. Сондайда қос тарапқа теңдей қарап, әр фактіні терең пайыммен саралап, көңіл-күйдің ырғағына берілмеу судьяның тәжірибесі мен шеберлігі тікелей байланысты.
Судьялықтан үміткерлердің тіл байлығына, қоғамдағы болмыс-бітіміне, заңгер ретіндегі мінсіз бейнесіне, заңды жетік білуіне де ерекше назар аударылады. Себебі, сот процесіндегі судьяның бүкіл қимыл-әрекеті, сөйлеген сөзі мен тіл байлығы түгелдей жұртшылық назарында. Тіпті, тараптар судьяның дауыс интонациясындағы, көзқарасындағы өзгеріске де мән беріп, «қарсы тарапқа жылы жүзбен қарап, маған қатаң ишара жасады» деп орынсыз сын айтып жатады. Дегенмен, сот залдарының толықтай дыбыс-бейне жазу құрылғыларына жазылуы судьяларға айтылған сын-ескертпелердің дұрыс-бұрысын ажыратуға оң ықпал етіп отырғанын айта кеткеніміз жөн.
Ең басты өзгеріс – бүгінде судьялыққа кандидаттарды іріктеуден бастап, судьялардың біліктілігін көтеру, шеберлігін шыңдау мәселесімен толықтай Жоғарғы Сот кеңесі айналысады. Кеңестің ақпараттық сайтынан судьялықтан үміткерлер барлық мәліметті ала алады. Сонымен қатар, қарапайым азаматтардың бұл сайтта судьялыққа ұсынылған үміткерлерге қатысты пікірін білдіруіне, сот корпусының сапалы кадрлармен толығуына үлес қосуына мүмкіндігі бар.
Жоғары Сот Кеңесі «Қалай судья болуға болады?» деген тақырыппен үнемі семинар өткізіп келеді. Семинар барысында судья лауазымына біліктілік емтиханын қалай тапсыру қажет, эссе жазуда нені ескеру керек деген секілді үміткерлерді қызықтыратын көптеген сауалдарға жауап беріліп, жол көрсетіледі. Дәріс кезінде тестілеуге, эссе жазуға және кейс тапсырмаларын шешуге қойылатын негізгі талаптар туралы ақпарат беріледі, үміткерлер жиі жіберетін қателіктер айтылады.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Жоғарғы Сот кеңесіне сот корпусына мықты кадрларды іріктеу, судьялардың кәсіби шеберлігін шыңдау міндетін жүктеп отыр. Бүгінде осы бағытта жан-жақты жұмыс жүргізіп отырған Кеңес бұл міндетті сапалы орындарына сенім мол.
Галия Абимұрат,
Алматы қаласы
Әуезов ауданының №2 аудандық сотының судьясы