Түркістанда отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Бақытты шаңырақ – кемел болашақ» тақырыбында республикалық форум өтті. Шараға ҚР Парламенті мен ҚР ІІМ, прокуратура мен құқық қорғау органы басшылары, қоғам қайраткерлері, отбасы құндылығын дәріптеп жүрген ел ағалары мен аналары және аймақ тұрғындары қатысты.
Отбасы құндылығын насихаттайтын өте әсерлі қойылыммен басталған форумда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ана мен бала құқығын қорғаудың аса маңызды міндет екенін айтса, облыстық Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша атқарылған шаралардан хабардар етті. Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бала құқығын қорғау бағытындағы жұмыстар туралы баяндаса, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы отбасы құндылығы туралы сананы серпілтетін аналық ақылын айтты. Ал Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Отбасы институтын нығайтудың маңызы туралы сөз қозғады. Форумда сөз алған Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев зорлық-зомбылық санын азайтуда жазалау емес, профилактикалық іс-шаралар пәрменді екенін жеткізді. Біз осы айтулы шарада зорлық-зомбылыққа қатысты статистика мен нақты нәтиже бойынша толық мәлімет берген облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиевтің сөзін газет оқырмандарына ұсынуды жөн көрген едік.
Қазақтың рухани астанасы, қазақы тәрбиенің отаны саналатын Түркістанның төрінде арнайы жиын өткізіп, ардақты, елге сыйлы азаматтарды шақырып, отбасы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселені талқылауымыз тегін емес. Қоғамды ойландырған, қоғамды сілкінткен, қоғамның өзегіне жара боп түскен кез келген түйткіл айтылмай, көпшілік талқысына салынбай қалмауы керек. Отбасы құндылығының әлсіреп, тұрмыстық зорлық-зомбылық деректерінің көбеюі бәрімізді алаңдатуда. Бұл мәселенің өзектілігіне Мемлекет басшысы назар аударып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресте алдын алу жұмыстарының маңызы зор екенін атап өтті. Жауапкершілікті күшейтіп, жаңа жұмыс тәсіліне көшуге алдын ала дайын болу керектігін алға тартты.
«Үкімет азаматтық қоғам институттары мен сарапшыларды тарта отырып, бұл жұмысқа мұқият қарауы керек», – деп құзырлы орындарға бағыт берді. Бұл – тек құзырлы құрылымдарға берілген тапсырма емес. Бұл – отбасы құндылығына, ана мен бала құқығының тапталуына бейжай қарамайтын, заң үстемдігінің салтанат құруына мүдделі кез келген азамат үшін берілген сигнал. Кез келген қылмыстың салдарымен емес, себебімен күрескен нәтижелі, жемісті болатыны белгілі. Осы тұста айта кетерлігі, зорлық-зомбылық тек тұрмыстық емес, оның психологиялық, экономикалық сипаты да бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Мұндай құқық бұзушылықтың алдын алу үшін біз бірінші кезекте отбасы институтын күшейтуге, жанұя жарасымдылығын сақтауға басымдық беруіміз керек. Отбасын мәдени феномен деп есептесек, әрбір ел сол құндылығын көзінің қарашығындай сақтап, ұлттың болашағы осымен өлшенетінін жете түсінуі керек. Өзгеге еліктеу, басқа елдердің мәдениеті мен болмыс-бітімін үлгі тұту халықты өзіндік бет-бейнесінен, тамырынан ажыратады. Сөзіміз жалаң болмауы үшін сандарды сөйлетіп көрейік. Айталық, қазақы тәрбиенің бесігі саналатын Түркістан облысында 2022 жылы 3022 неке бұзылса, 2023 жылы 2678 отбасы ажырасқан. Көңілге дем беретіні – ажырасу азайған. Дегенмен, полиция органдарына отбасы зорлық-зомбылық деректері бойынша 2022 ж. – 5282, ал 2023 ж. – 4766 хабарлама түскен. Бұл жерде де деректердің азайғаны байқалады. Бірақ, осы аз деген хабарламаның артында қаншама шаңырақтың қайғысы, қасіреті, өкпе-назы жатыр. Зорлық отбасының тыныштығын кетіреді, ананы жасытады, балаларды жасқаншақ етеді. Ал ұрпағым жеке шаңырақ болды деп қуанған ата-ана үшін ұл-қызының арасына түсіп, зорлықтың куәгері болу қаншалықты ауыр. Жалпы, біз тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтқанда жазаны қатайтуды бірінші орынға қоямыз. Неге? Мысалы, біздің аймақта жанұяның тыныштығын бұзғандардың соңғы екі жылында 3730-ы әкімшілік, 132-сі қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Дегенмен, еш нәрсе негізсіз жасалмайды. Тиісті зерттеулер, сараптамалар арқылы ғана шешім қабылданады. Мәселен, біз жүргізген мониторинг пен жылдар бойғы тәжірибеге сүйене отырып айтарым, жазаны қатайту арқылы ғана тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоямыз десек қателесеміз. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, құқық бұзушыға айыппұл салу да, қамаққа алу да отбасының материалдық ахуалына теріс әсер етеді. Екіншіден, жазаны қатайтып, қылмыстық жауаптылыққа тартудың салдары ауыр. Бұдан құқық бұзушы жұмысынан айырылады. Моральдық, психологиялық соққы алады. Ең өкініштісі, әкесінің осы қылмыстық жауаптылығы кейіннен балаларының алдынан шығуы мүмкін. Үшіншіден, жаза – отбасындағы сыйластықты төмендетеді. Жазасын алған азаматтың мысы басылып, жүзі төмен болатыны даусыз. Біз осылайша әкелер институтын әлсіретіп, қоғамдағы ер азаматтардың рөлін төмендетіп алатынымызды да естен шығармауымыз керек. Жазаны қатайту оңай, бірақ жанға түскен жараны жазу қиын. Сондықтан біз бұл жерде тұрмыс тық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюдың тетігі ретінде отбасылық құндылықты күшейтіп, әкелердің де орнын аласартпай, аналардың да маңызын төмендетпей, балалардың да құқығы мен қалауын елеус і з қ а л д ы рм а й жолсыздан жол табатын әрекет жасауымыз ке — рек. Қазақта мұны «Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» әрекет жасау дейді. Түркістан облысы бала саны ең көп өңір. Яғни, біз осы бастан балалардың санасына тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қасірет екенін, заңға да, адами қасиетке де қайшы екенін ұғындыруымыз керек. Себебі сана өзгермей, зорлық тыйылмайды. Ал санаға саңылау түсіретін – отбасы. Бүгінгі ажырасудың көптігі, баласынан безген аналардың артуы, балалар арасындағы қылмыстың жиілеуі секілді мәселелердің бәрі айналып келіп отбасы тәрбиесіндегі олқылықты көрсетеді. Қоғамдағы кез келген мәселе тәрбиеге келіп тіреледі. Бүгінгі бала ертеңгі бір үйдің отағасы, отанасы. Жастардың қалауы не болса, сол арқылы қоғамның санасын дұрыс бағытқа бұру маңызды. Мәселен, біздің облыс бойынша жасөспірімдердің қатысуымен соңғы екі жылда 300-ге жуық қылмыс тіркелген. Осы қылмыстың 38-і толық емес отбасында өскен балалардың қолымен жасалған. Ажырасудың теріс әсерінің бірі де осы. Қазір толық отбасында тұрып, туған ата-анасынан зәбір көретін балалар да бар. Онымен салыстырғанда, өгей әкесімен тұратын балалардың қауіпсіздігін сақтау, зорлықтың құрбанына айналмауына ықпал ету оңай еместігін түсіну керек. Осыған орай, прокуратура тарапынан бұл бағытта да кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын айта кеткеніміз абзал. Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтқанда бірнеше шетін мәселеге тоқталмай кетуге болмайды. Оның біріншісі – жалған, жағымсыз ақпарат тарату арқылы халықтың әділетті қоғамға, құқық қорғау құрылымдарына деген сенімін төмендетумен байланысты. Елдің өскенін, дамығанын қалайтын көзі ашық азаматтар жалған ақпаратқа қарсы тұрып, жақсылықты, жақсы істерді насихаттаса құба-құп. Өкінішке қарай, біз қазір игілікті шараларды көрсетуге, бүгінгінің батырларын дәріптеуге, айналамыздағы жақсы істерді бөлісуге сараң болып кеттік. Керісінше, қылмысты, жамандықты қайта-қайта жазуға құштармыз. Бұл дұрыс тенденция емес. «Күн жылытпаған жүректі сөз жылытатынын» ұмытпайық! Екіншіден, біздегі құқық бұзушылыққа қарсы іс-шаралардың барлығы әйелдердің сауатын көтеріп, әйел мен баланы қорғауға, жағдай жасауға бағытталған. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әдетте әлеуметтік жағдай, отбасының тұрмыстық ахуалының төмендігі түрткі болып жатады. Сондықтан, бұл кеселдің алдын алғымыз келсе, отағасы ретінде өзін таппай жүрген, психологиясы бұзылған азаматтарға көңіл бөлсек, зерттесек, мүмкін басқа нәтиже шығатын болар. Үшіншіден, ұлттық құндылықтарымызды балабақшадан бастап баланың бойына отбасы құндылығын сіңіріп-тәрбиелесек осы мәселенің алдын алуға, жүйелі шешуге болады. Бұл кеселмен күресу тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес. Мұндайда «бәріміз де жауаптымыз» деген принцип басым болу керек. «Дұрыс қанаттанған түзу ұшар» дейді бабаларымыз. Ал теріс әрекеттің төркіні тәрбиедегі осал жақтарымен тамырлас. Отбасы құндылығының төмендеп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туындауына түрткі болатын себептің бірі спирттік ішімдіктер болғандықтан, Түркістан облысындағы Бәйдібек, Ордабасы, Қазығұрт, Жетісай, Мақтаарал, Сауран аудандарының бірқатар ауылдарда ішімдіктен бас тартқанын үлгі ретінде айтар едік. Бұл ауылдарда сәйкесінше елдің бірлігі бекем, татулығы мықты, тұрмысы түзу. Осындай игі іс басқа өңірлерге де үлгі болып, жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болмақ! Ежелгі Рим ойшылы Луций Сенека «Кейбір жазылмаған заңдар жазылған заңдардан да мықты» деп әділін айтқан екен. Дәл осы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін оңтайлы шешуде жазылған заңдармен бірге, бабалардың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі арқылы санамызда қатталған ұлттық тәрбие, ұлт мұратына арқа сүйегеннен ұтарымыз көп деп санаймын.