Жалпы мүлік деген ұғымға тоқталып өтетін болсақ, ол заңды немесе жеке тұлғаның меншігіндегі, иелігіндегі немесе басқаруындағы заттардың, материалдық құндылықтардың жиындығы, азаматтық құқықтардың ең алдымен меншік құқығының материалдық нысаны деп айтуға болады.
Сот тәжірибесінде кездесетін мүліктік даулар-жеке және заңды тұлғалар арасында мүлікке иелік ету мен билік ету мәселелерінде туындайтын келіспеушіліктер. Бұл жағдай ресми шешім қабылдауды, сотқа дейінгі реттеуді немесе сотта талқылауды талап етеді.
Азаматтық заңнамада азаматтық құқықтар объектілері ретінде мүлік немесе зат ұғымының нақты анықтамасы жоқ, тек олардың құрамында мүліктік игіліктер мен құқықтарды көрсетумен шектеледі (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 115-бабының 2-тармағы). Сондықтан мүлікті белгілі бір адамның меншік құқығындағы және өз кезегінде азаматтық құқықтар мен міндеттер туындауы мүмкін материалдық құндылықтардың жиынтығы деп санауға болады.
Мүлік туралы даулар өте алуан түрлі, бірақ барлық даулардың басында меншік тұр. Меншік туралы даулар негізінен белгілі бір мүлікке немесе мүліктік құқықтарға қатысты туындауы мүмкін, олардың негізгісі, әрине, меншік құқығы (қандай да бір затты иелену, пайдалану және басқару құқығы ретінде).
Мүліктік даулардың негізгі түрлері:
* мүлікке меншік құқығын тану туралы
* мүлікті бөлу туралы
* меншіктегі үлесті бөлу туралы
* басқа тұлғалардан мүлікті талап ету туралы
* мүлікті пайдалану тәртібін айқындау туралы
* мүлікті пайдаланудағы кедергілерді жою туралы
* сервитут туралы
* мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы және т.б.
Соттарда қаралатын жылжымайтын мүлік туралы ең көп таралған даулар: пәтерге, тұрғын үйге меншік құқығын тану, үйдің бекітілген бөлігіне меншік құқығын тану, ерлі-зайыптылау арасында ортақ мүлікті бөлу, үлесін анықтау, өзгеден мүлікті қайтару секілді даулар өте кең таралған.
Алайда, мүліктік даулар тек меншік құқығы туралы даулар ғана емес. Сондай-ақ, даулардың бұл түріне міндетті мүліктік құқықтар туралы даулар жатады. Даулардың осы санатының түрлері өте әртүрлі. Олардың көпшілігі мәмілені жарамсыз деп тану талаптары немесе керісінше жарамды деп тану туралы даулар болып танылады.
Мүліктік даулар қалай шешіледі? Заң бойынша, бірінші кезең-сотқа дейінгі кезең. Мүліктік құқығы бұзылған адам өтініш берушінің талабын көрсете отырып, осы құқықты бұзған адамға жазбаша бұзылған құқықтарды орнына келтіру жөнінде ескертпе хатпен жүгінеді (шарт талаптарында көзделген болса)жүзеге асырылады.
Егер бұзылған құқықтары қалпына келтірілмесе, сотқа талап қою бойынша жүгінуге әрбір азаматтың құқығы бар және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 104 бабының талабына сәйкес, талап қою бағасын талап қоюшы көрсетеді және көрсетілген баға ізделінетін мүліктің нақты құнының бағасына анық сәйкес келмеген жағдайда талап қою бағасын судья айқындайды деп көрсетілген.
Бұл тұрғыда, ҚР АПК-нің 104 бабының талабына сәйкес, талап қою бағасы талап қоюшымен ақшаны өндіріп алу туралы талап қоюларда – өндіріп алу талап етілген сомамен, ортақ немесе үлестік меншік болып табылатын мүлікті бөлу туралы, ортақ меншік болып табылатын мүліктегі үлесті айқындау не бөлу туралы талап қоюларда – талап қою берілген кезде мүліктің орналасқан жерінде қалыптасқан нарықтық бағалар бойынша айқындалатын талап етілетін мүліктің құнымен, тұрғынжайды жалдауды қоспағанда, мүліктік жалдау (жалға алу) шартын мерзімінен бұрын бұзу туралы талап қоюларда – шарттың (келісімшарттың) қолданысының қалған мерзімінде мүлікті пайдаланғаны үшін төлемдердің, бірақ үш жылдан аспайтын мерзімдегі жиынтығымен, ылжымайтын мүлік объектілеріне меншік құқығы туралы талап қоюларда – осындай объектілердің талап қою берілген күні орналасқан жерлеріндегі нарықтық құнымен, жылжымайтын немесе жылжымалы мүлікті бөтеннің заңсыз иеленуінен талап ету туралы талап қоюларда – ізделінетін мүліктің нарықтық құнымен, бірақ азамат жасасқан сақтандыру шарты бойынша бағалануынан төмен емес және сотқа талап қою берілген күнінде заңды тұлғаға тиесілі мүліктің теңгерімдік құнынан төмен емес нарықтық құнымен, жылжымайтын және жылжитын мүлікті cатып алу-сату, кепіл, сыйға тарту шарттарын, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 157-1-бабының үшінші бөлігінде белгіленген тәртіппен мәмілелер бойынша барлық алынған мүлікті кейіннен қайтаруға байланысты өзге де шарттарды жарамсыз деп тану туралы талап қоюларда – мүліктің сотқа талап қою берілген күнгі нарықтық құнымен айқындалады. Кепіл туралы шартқа дау айту кезінде талап қою бағасы шартта көрсетілген мүлік құнынан аспауға тиіс деп айқындалатыны көрсетілген.
Сәйкесінше, Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы Заңының 610 бабының талабына сәйкес, сотқа мүліктік даулар бойынша жүгінгенде міндетті түрде төленетін мемлекеттік баж алымының сомасы айқындалған, яғни жеке тұлғалар үшiн – талап қою сомасының 1 пайызы, 10 000 АЕК-тен аспайтын мөлшер; заңды тұлғалар үшiн – талап қою сомасының 3 пайызы, 20 000 АЕК-тен аспайтын мөлшер белгіленген.
«Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 7 тармағы бойынша мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжат қоса тіркелмеген не ол толық мөлшерде төленбесе немесе сәйкес келмейтін деректемелер бойынша төлем жүргізілсе талап қою ҚР АПК-нің 152-бабына сәйкес қайтарылуға жатады, өйткені мемлекеттік бажды төлемеу азаматтық істі қозғауға кедергі келтіреді деген талапты соттар әрдайым талап қоюды өндіріске қабылдау кезінде ұстанады десек қателеспейміз.
Тағы бір ескеретін жай, ҚР АПК-нің 113 бабының талаптары бойынша сот пайдасына шешім шығарылған тараптың өтінішхаты бойынша процеске қатысқан және осы тараппен еңбек қатынастарында тұрмаған өкілдің (бірнеше өкілдің) көмегіне ақы төлеу бойынша шығыстарын тараптың іс жүзінде жұмсаған шығыстары мөлшерінде басқа тараптан алып береді. Мүліктік талаптар бойынша осы шығыстардың жалпы сомасы талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігінің он пайызынан аспауға тиіс. Мүліктік емес сипаттағы талаптар бойынша шығыстар сомасы ақылға қонымды шектерде өндіріліп алынады, бірақ ол үш жүз айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
Сот тәжірибесінде мүліктік дауларды қарау кезінде тараптармен сотқа жүгіну кезінде өкілдерге жүгінген шығындарды өтеу кезінде талап қоюдың мәніне сәйкес, мүліктік даулар бойынша өкілге сот шешімімен өндірілген сомасының он пайызын өндіру тәжірибеге айналдырылғанын хабарлаймын.
Соттармен қаралатын жылжымайтын мүлікке байланысты даулар бойынша Азаматтық процесстік кодексініңнің 31-бабына сәйкес айрықша соттылық мәселелері ескеріледі, яғни, жер учаскелеріне, ғимараттарға, үй-жайларға, құрылыстарға, жермен тығыз байланысты басқа да объектілерге (жылжымайтын мүлік) құқықтар туралы, жылжымайтын мүлікті тыйым салудан босату туралы, кепілге салынған жылжымайтын мүлікке өндіріп алуды қолдану, жылжымайтын мүлік кепілінің шартын тоқтату не жарамсыз деп тану туралы талап қоюлар осы объектілердің орналасқан жері бойынша беріледі, егер жылжымайтын мүлік объектілері әртүрлі елді мекендерде орналасқан болса, талап қою объектілерінің бірінің орналасқан жері бойынша сотқа беріледі. Ал, жылжымайтын мүлік объектілері бір елді мекеннің аумағында орналасқан болса, талап қою объектілерінің бірінің орналасқан жері бойынша сотқа беріледі.
Мүліктік дауларға әдетте күрделі жағдайлар немесе өмірлік жағдайлар әсер ететіні белгілі. Ал нарықтық экономика жағдайында мұндай даулар сот процестерінің жалпы көлемінің басым бөлігін құрайтын ерекше ауқымға ие.
Қызылорда қалалық сотының судьясы
Карбозова Асель Бакбергеновна