12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

КИЛЛЕРДІҢ ҚАТЕЛІГІ

Алматы қаласы. «Океан» дүкенінің маңайы. 21.12.1993 жыл Жаңа жыл қарсаңы. Аяқ-қолыңды шымшылаған сарышұнақ аяз. Жеңіл көліктегі термометр 23 градусты көрсетіп тұр. Соған қарамастан ала-құла Алатаудың баурайындағы бұйығы қалада қым-қуыт тіршілік. Асфальт түстес «Вольвоның» терезесінен тысқа көз салып отырған бизнесмен салондағы бір бума раушан гүліне және пүлішпен оралған сыйлығына көз тастады. Осылай абыр-сабыр болып жүргендердің бірі өзі екеніне күлкісі келді. Кашемир пальтосының жеңін түргенде алтын сағаты жылт-жылт етті. Сағаттың қылдырықтай тілі түскі бірге жақындап қалыпты. «Түскі үзіліс кезінде Галяны құттықтап кетейін. Кешке қарай кім біледі, қайда болатынымды» – деп ойлап қойды. Галя дегені көптен бері ұнатып жүрген сүп-сүйкімді қыз еді. Өзі басқаратын құрылыс компаниясында істейді. Алғашқыда жай сыйластықтан басталған аралас-құралас қарым-қатынасы бірте-бірте махаббатқа ұласып бара жатқандай. Бизнесмен жұмбақ жымиды. Ойша сұңғақ бойлы Галяның ақсары жүзін, аспан түстес тұңғиық көздерін, толқындалған қоңырқай бұйра шашын көз алдына елестетті. Өзінен бір мүшелдей кіші екендігіне қарамастан қылықтары тәп-тәтті. Жақын қатынаста болғанына біраз уақыт өтсе де сен деп сөйлемейді. Мұны көрсе болғаны «Сіз» деп сызылып тұрғаны. Бұл да оның сыйластығына сыйластықпен жауап қатуға тырысады. …«Океанның» жанындағы бағдаршам істемей қалыпты. Соған байланысты көлік кептелісі пайда болыпты. – Осы жерге тоқтай салшы. Дүкенге кіріп «Қазақстан» коньягі мен бір қорап шоколад алып келші. Иә, темекіні де ұмытпа. Екі «Абай» жетіп қалар, – деп жүргізушісіне жаңа шыққан жиырма теңгеліктерді ұсынды. Жүргізуші желең отырған қалпы дүкенге қарай жүгіре жөнелді. Дүкенде адамның көптігі алыстан байқалып тұрды. Шыныдан жасалған есігіне бір тыным жоқ. Кіріп-шығып жатқан адам. Әрине, оның үстіне Алматыдағы ең үлкен дүкендердің бірі болған соң барлығы осында келуге тырысады. Іздегендерін осы жерден табатындарына сенімді. Арада сүт пісірімдей уақыт сырғыды. Жүргізуші кешіге бастады. Бизнесмен сағатына қарады. Кеткеніне он бес минуттай өтіпті. «Жарайды. Алып келсе қайда баратынымды біледі ғой. Бірінші рет келіп жүрген жоқ. Мен жаяулап бара берейін». Осы ойға бекінген ол көліктен шығып, дүкен жаққа тағы бір қарады. Ешкім көрінбейді. Шамалы жүріп барып, көлікке қайта келді. Ұмытып барады екен, бір қолына ұқыппен гүлді, екінші қолына пакеттегі сыйлығын ұстады. Сөйтті де дүкеннің артқы жағындағы еңселі үйге қарай бет түзеді. Аулаға кірген соң элиталық үйге тағы да қызыға қарады. Өзі басқаратын құрылыс компаниясы қанша үй соқса да, осы үйдің орны бөлек. Тырнақалды құрылысы болғаннан кейін ба, қарағысы келе береді. Тоғыз қабатты тұрғын үй кешені Алматының қақ жүрегінде орналасқан. Қымбат құрылыс материалдарымен безендірілген. Сыртқы көрінісінің өзі-ақ көп нәрсені аңғартып тұрғандай. Инфрақұрылымы да дамыған аймақ. Барлығы үйдің айналасында. Қолжетімді. Галя да осыны әуелден сезсе керек. Осы үйден пәтер алғысы келетіндігін білдірді. Бизнесмен алғашқыда абыржып қалғандай еді. Элиталық тұрғын үй кешені болған соң, әрі тұрған жері жайлы болғандықтан мұндағы барлық пәтерлер қыл үстінен бөлініп қойған-ды. Астыңғы қабаттың барлығын жергілікті муниципалитет сатып алған. Әрине, сәл төмендеу бағамен. Ішінің удай ашығандығы әлі есінде. Бірақ не істерсің. Қолынан келіп тұрған соң, қала басшысы қонышынан басатын әдеті ғой. Қалғанына құдай береке берсін деп қойған-ды. Ал Галя өтініш айтқанда абыржып қалған себебі, «осы өтінішті айтқызбай-ақ істеуім керек еді ғой. Қалай ұмытып кеткенмін» деп ыңғайсызданғаны еді. Содан амал жоқ, сату бөліміне тапсырма берді. Олар барлық пәтердің сатылып кеткендігін айтып, алақандарын жайды. Не істеу керек? «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деген, ойына жүргізушісіне бөлінген пәтер түсті. Жүргізуші бәлсінбеді. Жаңадан соғылып жатқан басқа үйден бұдан да кеңірек пәтер алып беретіндігін айтқанда көп ойланбай-ақ келісті. Сөйтіп бұл мәселені сәтті шешкені бар. Жалпы, биылғы жыл жаман болмады. Ойға алған істерінің барлығы орындалды. Компанияның аяқ алысы да жаман емес. Қазақстандағы белді де беделді құрылыс компаниясының қатарына қосылып үлгерді. Алда бұдан да үлкен жоспарлар бар. Ол туралы айту әзірге ертерек. Күн көзі жылтырап тұрғанымен, аяз шымшылап барады. Тоңғанын енді сезді. Түс кезі. Қыбырлағандар қатары бұрынғыдан да көбейе түскендей. «Қой, текке тоңғанша үйге кіре берейін». Артына бұрылып тағы бір қарады. Жүргізуші көрінбейді. Биік үйдің есігіне жақындай бергені сол еді, әлдене «тарс» ете түсті. Ішіне ыстық от кіріп кеткендей болды. Қалтасындағы тапаншасын қалай алғанын өзі де сезбей қалды. Сақтандырғышын шешкенімен, атып үлгермеді. Тағы да «тарс» еткен дыбыс естілді. Қай жақтан атып жатқанын да аңдай алмады. Көшедегі адамдардың у-шу болып қашып жатқандығын байқады. Әлдебір әйел бар дауысымен ойбай салды. Бұдан ары қарайғы оқиғалар есінде жоқ. Тәлтіректеп төрт-бес қадам жүрді де, жер сүзе құлады. Осы сәт бұта арасынан қара курткалы, бұтына көк джинсы киген, шымыр денелі, басында қара түсті спорттық бас киімі бар еңгезердей жігіт сып етіп шыға келді. Жүгіре басып бизнесменнің қасына келді де, қолындағы тапаншасымен оның басынан «тарс» еткізіп тағы атты. Бұған дейін қозғалақтап жатқан жаралы дене бір шоршып барып, сылқ ете түсті. Әлгі жігіт төмен қарай жеңіл жүріспен жүгіре жөнелді. Асып-сасып жүргені байқалмайды. Күнделікті жұмысын істеп кетіп бара жатқандай. Қимылы ширақ және нық. Үйлердің арасымен сытылып кетуге тырысып барады. Артына бұрылып та қарамады. Қылмыскердің бұл жүрісін көргендердің көздері төртеу болып, ауыздарын ашып, жағаларын ұстады. «Адам өлтірдім-ау» деп қиналып бара жатқан жігіт жоқ. Құдды бір қас дұшпанын өлтіріп, содан ләззат алып бара жатқандай… Бұл кезде қолына шоколад пен коньяк ұстаған жүргізуші де үйге жақындап қалған еді. Тапанша дыбысы шығысымен бар пәрменімен үйдің ауласына жүгірді. Қашып бара жатқан қара курткалы жігітті көрісімен: – Тоқта! – деп бар дауысымен айғай салды. Қолындағы тапаншамен бір атты. Сол екен, қара курткалы жігіт ағаштың тасасына тығылып үлгерді. Жүргізуші де тығылу үшін есік алдындағы бұталарды тасалай бергені сол еді, қара курткалы жігіт көздемей-ақ шүріппені басты. Жүргізуші бұтаға жете бере бүк түсті. Қайта басын көтермеді. Ауыр демалғанынан болар, бұта арасынан қою бу шыққандай болды. Қара курткалы жігіт жылдам басып үйдің бұрышын айнала берді… Осы кезде барып тапанша дауысынан тығылып тұрғандар естерін жиды. – Милиция! – Милицияға звондаңдар! – Телефон қайда! – дескен жұрт аулаға кіруге қорқып, бұрыш-бұрыштан айқайлады. Оқиға орнында Алматы қаласындағы Бостандық аудандық ішкі істер бөлімінің жедел-тергеу тобы оқиға орнына санаулы минуттарда жетіп келді. Ішкі істер органдарына шалынған қоңыраулардың эмоциялы болғандығын осыдан-ақ байқауға болатындай. Келе іске кірісті. Оқиға болған аудан қоршауға алынды. Қылмыскерді ұстауға қатысты басқа да іс-шаралар жылдам пысықталып жатты. Аудандағы ғимараттар мен көше қиылыстары әп-сәтте-ақ милиция бақылауына көшті. Олар әрбір шатырды, жертөле мен үй босағаларын тыңғылықты түрде тінтуге кірісті. Қылмыс жайлы оқиға лезде гулей жөнелді. Өтірігі бар, шыны бар, әркім өз пайымдауын айтып жатты. Аса қауіпті қылмыскер екендігі бәріне ескертілді. Бірақ, дәл мұндай шаңқай түстегі атысты Алматы әлі көрмеген еді. Куәгерлердің барлығы жағаларын ұстап, бастарын шайқап жатты. – Қылмыс өршіп кетті! – Масқара ғой, шаңқай түсте бір емес, екі адамды «спокойно» атып кету деген! – Әне, «Союз» қалай тарқады, міне қылмыс солай өршіп кетті. Мұндай сұмдық бұрын болмаушы еді! Бұл әлі бастамасы ғана. Алдағы уақытта да мұндайлар көбейе беретін болады! – Бұрын мұндай оқиғаларды, тал түстегі атыс-шабыс дегендерді «американский» кинолардан ғана көруші едік! – Жиналып қалған қала халқы оқиғаны осылай бағалап жатты. «Жедел жәрдем» көлігі де көп ұзамай жетті. Ақ халатты дәрігерлер бизнесменнің тамырын ұстап, бастарын шайқады. Үш жерден тиген оқ оңай ма? Жатқан жерінде жан тапсырыпты. Ал, жүргізуші ауыр жаралы екен. Демігіп жатыр. – Бар көмектеріңізді жасаңыздар! Бұл адам тірі қалуы керек! – деген жедел топ бастығы дәрігерге қайта-қайта тапсырып жатты, – қалай есін жинайды, бірден бізге хабар беріңіздер! – Жақсы, жарайды. Жарақаты өте ауыр секілді. Әуелі қан тоқтату керек. Дәрігерлер оны жылдамдатып көлікке салды да, жақын маңдағы аурухананы бетке алды. Бірақ, «жазмыштан озмыш жоқ» деген, арада бір-екі сағаттай уақыт өткенде жүргізушінің де қансырап барып қайтыс болғандығы туралы хабар жетті. Оқиғаның негізгі бір куәгері жүргізуші болатын шығар деген із кесушілердің үміті үзілгендей болды. …Қанша іздегенмен, қара курткалы қылмыскерді қолға түсірудің сәті түспеді. Жердің жарығына түсіп кеткендей ізім-ғайым жоқ. Қоршауда тұрған аймақтың әрбір тасына дейін қаралды. Жоқ. – Жер жұтып кетті ме?! – Алматы қаласы Бостандық аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы подполковник Амантай Әубәкіров айналаға ойлана қарады, – қайда тығылуы мүмкін! Бұл аймақтан шығып кететіндей уақыт болған жоқ қой! Куәгерлер не деп жатыр? – Олардың сөздері әртүрлі боп тұр. Біреулері «киллер автомобильге мінді» дейді. Екіншілері «жатақхана жаққа қарай қашты» дейді. Қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы орта бойлы, қияқ мұртты, шымыр денелі майор Мұрат Мұқашев осыны жылдам баяндап, оқиға орнына қайта кетті. Куәгерлердің алуан түрлі, бір-біріне қарама-қайшы жауаптары жедел іздестірушілерді шатастыра бастады. Амал жоқ, куәгердің аты куәгер. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс деп таласып жататын уақыт емес. Барлық жауаптарын тексеруге тура келеді. – Мына ағашты тасалап тұрып атты. Сөйтті де былай кетті, – толық денелі кемпір ауладағы ағашты, содан кейін үйдің бұрышын көрсетті. – Олай емес, сен дұрыс көрген жоқсың ғой. Сен ол кезде подъезде тығылып тұрдың. Балам, былай болды ғой, ол «тарс-тұрс» еткізіп атты да, үйдің бұрышын жағалап жатақхана жаққа қарай қашты. Ары қарай «забордан» секіріп кетуі мүмкін, – деп зейнет жасындағы қария әлгі кемпірдің сөзін түзеді. – Жоқ. Мен тығылған жоқпын. Сығалап бәрін көріп тұрдым. Ол жатақхана жаққа емес, мына жаққа, көше жаққа қарай жүгірді, – деген кемпір мен қарт кісі екеуі өзара дауласып кетті… Іргедегі бес қабатты жатақхананың жертөлесінен бастап шатырына дейін қайта-қайта тінтіп шығуға тура келді. Ешкім жоқ. Есесіне жатақханада заңсыз тұрып жатқандар, төлқұжаттарының мерзімі өтіп кеткендер, осы секілді басқа да ұсақ-түйек заң бұзушылықтар молынан тіркелді. «Бір жоқты бір жоқ табады» дегендей, бұған дейін хабар-ошарсыз кеткендер тізімінде жүрген екі адам дін аман табылды… Осындай есептің бәрін тыңдап болған подполковник Әубәкіров: – Да-а. Киллер кетті. Айырылып қалдық! Ол «уже» бостандықта жүр! – деп автомобильдің капотын жұдырығымен бір қойды. Ішкі интуициясы сездіріп тұрды. Қылмыскер құрылған тордан оп-оңай шығып кетті. Яғни, бұл қылмыскердің қылмыс орнын тастап кету тәсілі басқа! Мұны Әубәкіров оқиға орнын зерттей бастағанда-ақ байқаған еді. Бірақ, бәрі де кеш. Қолданып жүрген тәсілдерді жетілдіру керек деген ой келді. Бірақ қалай? Әрине, милиция қызметкерлерін де түсінуге болатын еді. Бұған дейін тек шетелдік фильмдерден ғана көретін мұндай оқиғамен олар да алғаш рет бетпе-бет келіп отыр. «Киллер» деген терминді бұған дейін тек экраннан естіп келсе, енді оны өздерінің де лексикондарына енгізе бастады… Алғашқы болжамдар Жедел жиналыс түннің бір уағына дейін созылды. Алғашқы болжамдар айтылды.

– Бизнесменнің таныстары мен туыстарын жақсылап тексеру керек! Қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы өзінің дәлелдерін келтіре бастады. Дәлелдері сенімді шықты. Қылмыскердің жүріс-тұрысы, қатыгездігі, «бастан атуы» – оның ұсақ-түйек қылмыскер еместігін білдіріп тұрғандай. – Біріншіден, – деді бөлім бастығы, – бизнесменнің қай уақытта, қай жерге келетіндігін киллер нақты білген. Бұл анық нәрсе. Біздің бір «зацепкамыз» осы болмақ. Сондықтан ол алдын ала позициясын «удачно» таңдай білген. Себебі, далада минус 20 градустың үстінде аяз болғандығына қарамастан, ол ширақ қимылдаған. Яғни, жылы жерде тұрған. Далада күткен болса, ол бұлай ширақ қимылдай алмаған болар еді. Аяқ-қолы тоңған адам дәл бұлай ата алмайды. Бизнесменді қырық екі метр жерден көздеп, дәл тигізген. Екі оқ ішіне тиген. Ал жүргізушіні елу бес метр жерден атқан. Кездейсоқ, дайындығы жоқ адам мұндай қашықтықтан тигізе алмайды. Так что ол «профессиональный киллер»! Қылмыс орнынан да із-түзсіз сытылып кетті. Тіпті, иттердің өзі із ала алмай қалды. Бізге де өте абайлап қимылдау керек. Екіншіден, бизнесменнің аулаға жалғыз кіретіндігін киллер білген. Өйткені, жүргізуші ешуақытта машинадан шықпайды екен. Міне, осының өзі-ақ киллердің қолында барлық ақпарат болғандығын байқатады. Яғни, бизнесменнің айналасындағы біреу оны ақпаратпен жақсылап жабдықтаған. Бәрін біліп отыр. Ол кім? Ең алдымен сол адамды табуымыз керек. Майор Мұқашевтің сенімді болжамдары жедел кеңеске қатысып отырғандардың барлығын ойландырып тастады. Ешкім ой қоса алмады. Алғашқы болжамдар осындай болды. – Ал мотив қандай? Шаңқай түсте осылай атып тастайтындай бір себеп болуы керек қой? «Между прочим», бұл бізге тасталып отырған «вызов»! Милицияның қолынан не келер екен деген ой да жоқ емес! Мұны естісе бүкіл журналистер шулайтын болады. Жазып та жатқан шығар! Бүкіл әлем еститін болады. Тағы қандай версия бар?– Әубәкіровтың бұл сауалына қылмысты іздестіру бөлімінің қызметкерлері жауап берді: – Әртүрлі болжамдар жасалуда. «Финансовая махинация» деп ойлаймыз. Үлкен компания! «Большие обороты!» дегендей. Осы бағытқа бар күшімізді салып отырмыз. Желтоқсан айының басында ғана бизнесмен екі «макар» сатып алыпты. Біреуін өзінің досына сыйлапты. Біз оған «Делец» деген «оперативный псевдоним» қойдық. «Семерканың» бақылауына бердік. Жіптің ұшы осыдан шығатын секілді. – «Океан» маңайына не үшін келгенін білдіңдер ма? – Иә. Оқиға болған үйде компанияның «секретаршасы» тұрады екен. Сонымен махаббаты бар сияқты. Соны құттықтауға келген сыңайлы. Бір букет гүл, қымбат сыйлығы осының айғағы. Жүргізушінің жүгіріп келген жолынан да бір қорап шоколад пен коньяк табылды. Осы үйде демалғысы келгендігі айқын. – Криминалистер не дейд? – Барлық материалдар экспертизаға жіберілді. Айғақтар көп емес. Тапқан заттарымыз лабораторияда зерттеліп жатыр. Анализді күтіп отырмыз, – криминалистер тобының бастығы подполковник Сәндібай Күмісбеков қолындағы фотосуреттері мен қағаздарына қарап сөйледі. – Жарайды. Бүгінге осы. Жұмыс істеңдер! – Әубәкіров осыны айтып, жиналыс аяқталды деген сыңай танытты Куәгер көз жұмды Көп ұзамай-ақ баллистикалық экспертизаның қорытындысы дайын болды. – Не дейд? – Әубәкіров алдына қойған екі-үш жапырақ құжатты оқымас бұрын қылмысты іздестіру бөлімінің бастығына қарады. – Қысқаша айтқанда, бизнесменнің басындағы оқ «Макаровтан» болып шықты. – Соныме-е-ен?

– Біздің версиямыз дұрыс секілді. Бұл іске «Делецтің» толық қатысы бар. бірақ ол тапаншаны кімге берді? Мәселе осында боп тұр. Оны қазір қысатын болсақ, оның жауабы дайын, «жоғалтып алдым» дейді. Біз оған не дейміз. «Советский методпен» қысатын болсақ «правозащитниктер» адам құқығы бұзылды деп шу көтереді. – «Тактичный допрос» жасаңдар. Көрейік. – Құп болады! Көп ұзамай «Делец» тергеу изоляторына қамалды. Ұзын бойлы, шикіл сары жігіт алғашқы тергеу амалдарының өзінде-ақ ат-тонын ала қашты. Бизнесменді қатты сыйлайтындығын, көңіл қимас дос екендерін алға тартты. Сол себепті, туған күні болған кезде бизнесмен достығының белгісі ретінде бұған тапаншасын сыйға тартыпты. Себебі, компанияның талай күрделі істерін осы «Делец» мыңқ демей шешіп жүрген көрінеді. Күн-түн қатқан еңбегін бағалаған түрі. Бір жолы Сібірге барып, құрылыс материалдарын әкелер кезде көп қиындықтар көргенін тілге тиек етті. Бір дорба ақша арқалап, қарусыз тайга аралаған кездерін еске алды. Құдай сақтағанда орманнан аман-есен шығыпты. Осындай қиындық шеккеннен кейін бизнесмен оған қару сыйлауды ұйғарған секілді. Тапанша жайын сұрағанда, бәрі де жоғарыда айтылғандай боп шықты. Жоғалтып алыпты. Қалай жоғалтқанын білмейді. Тергеушілер сан түрлі тактика қолданып, сан түрлі сұрақтармен қысқанымен, ол осы жауабынан танбады… …Арада зымырап бірнеше ай да өте шықты. – Іс созылып барады. Прокуратура «срок» деп қысып жатыр, мерзімін ұзарта-ұзарта болдық. Амал жоқ, бұл істі «за незаконное ношение и приобретение оружия» бабы бойынша жібереміз сотқа. Қол қойыңыз! – тергеу бөлімінің бастығы қылмыстық іс тігілген бір папка қағазды Әубәкіровтың алдына қойды. – Айналасы тексерілді ме? – Иә. Барлық достары, таныстары, бизнес-партнеры, бәрі тексерілді. Он шақты адам күдіктілер қатарына қосылғанымен, одан ештеңе шықпады. Тергеуші өз ісін білетін қызметкер. Әубәкіров оған үлкен сенім артады. Бұл жолы да оның ісінен ілік таппады. Логикасы, ойлау масштабы жетерлік. Бірақ істің сәті түспей тұрса не істерсің?! Әубәкіров амалсыздан: – Жарайды. Жіберейік. Бірақ бұл іс мұнымен бітті деген сөз емес. Бұл іс қашан ашылғанша біздің мойнымызда тұрады. «Делецтің» мойнына кінәсын қоя алмағанымыз өкінішті. Тағы бір «висяк» деген осы, – деп қинала отырып, қол қойды. Қылмыстық іс прокуратураның сараптамасынан өтіп, сотқа жетті. Сот оны бар жоғы бір жылға ғана соттады… – «Делец» түрмеге жақсы «настроениемен» кетті. Тіпті, «приговор» шыққанда жымиғанын көрсеңіз ғой. Қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы осыны айтып Әубәкіровтың бетіне қарады. – Да-а… жеңіл құтылды. Иә, ол қылмыс сценарийін жақсы жасадым деп тұр. Мен әуелгіде тапаншаға байланысты «киллердің қателігі шығар» деп ойлаған едім. Әзірге сәттілік сол жағында болып тұр. Оның ішінде бір құпия кетіп барады… Агенттерді де іске тартыңдар. Дұрыстап түсіндіріңдер. Бұл анау-мынау адам емес. Өте сақ болу керек, Әубәкіров сұқ саусағын көрсетті, – біз қалайда киллерді табуымыз керек. Құдай Әубәкіровтың аузына салып тұрғандай екен, көп ұзамай агенттердің бірінен желдей есіп маңызды мәлімет түсті. Агенттің сөзіне қарағанда қылмыс әлемінің Паша есімді бір серкесі «жынды суға» тойып отырып, бизнесменді өлтірген киллердің кім екендігін айтыпты. Жай айтпаған. Тіпті, сол киллермен әжептәуір таныс көрінеді. Мына хабарды естігенде Әубәкіровтың құлағы елең ете қалды. Телефон тұтқасын алып: – «Куратор-оперативникті» маған тез шақырыңдар! «Явочнаяға» келетін болсын! – деді. Қолын ысқылап қойды. Телефонның арғы жағындағы бөлім бастығы: – Ол қалада, объектіде жүр. Басқа бір тапсырмамен жіберген едік. Базардан табылған «труп» бойынша. Ал агентпен кездесу… – деп айта бастап еді, Әубәкіров оған айқай салып: – Айтқанды неге орындамайсыңдар! Айттым ғой. Басқа объектіні қоя тұрыңдар. Басты жұмысымыз – «тапсырыспен кісі өлімі». Тез арада киллерді табуымыз керек. Бүкіл ел шулап отыр. Бұл жерде полицияның беделіне нұқсан келмеуін ойлауымыз қажет. Осыны қашан түсінесіңдер. Базар дейді ғой. Тез табыңдар, – осыны айтып Әубәкіров үстіндегі «формасын» шешіп, спорттық киімдерін кие бастады. Көп ұзамай «куратор-оперативник», яғни құпия агенттердің жетекшісі қала ішіндегі құпия пәтерде, бастықтың алдында отырды. Сыртқы дене-тұрқында ешқандай ерекшелігі жоқ, отыз-отыз бестердегі жігіт өзінің пайымдауын айтып жатты. – Пашаны көрген жоқпын. Дегенмен оны «алу» әлі ерте деп ойлаймын. – Неге? – «Наружкаға» қою керек. «Наружкаға» берсек басқа да элементтер ілігуі мүмкін деп ойлаймын. Оның бір өзін алғаннан не пайда? Отырып келген адам. Қасарысып ештеңе де айтпайды. Текке байланысты жоғалтамыз. Сізді де түсініп отырмын. Қылмыстың тезірек ашылғаны жақсы ғой. Бірақ ол үшін сабыр керек. – «Куратор-оперативниктің» мына сөзі көңілге қонатын секілді. Шынында бір-екі ай бақылай тұрса болады ғой. Басқа да қылмыстардың беті ашылуы мүмкін… – Жарайды, – деді Әубәкіров, – басыңмен жауап бересің! Түсіндің бе! «Срочно» хабарлайтын мәліметтер болса маған қалай хабарласуды білесің! – Құп болады! – деген жігіт жылдамдата басып пәтерден шығып бара жатты. Ал қызықтың көкесі осыдан кейін басталсын. «Куратор-оперативник» агентін күнде баптап, қылмыс әлеміне салып, ол жақтан екі құлағы төрт болып сүйінші хабар күтіп жүргенде… күтпеген жаңалық келді… әлгі Паша батыр Қапшағайдан келе жатқанда жол апатынан қайтыс болыпты. Ал әйтпесе! Сөйтіп, қолда тұрған бір жіптің ұшы үзілді. Енді үміт артар ештеңе қалмағандай еді. Мұны естіген Әубәкіровтың көңілкүйі түсіп кетті. «Куратор-оперативникке» қалай дауыс көтергенін өзі де сезбей қалды. Жүйкесінің сыр бере бастағанын осы жолы аңғарды. «Ашу дұшпан, ақыл дос» деп үнемі айтып отыратын анасының сөзі ойына оралып, өз-өзін сабырға шақырғандай болды… …Уақыт сырғып өте берді. Ал қылмыстың ашылатын түрі жоқ. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғандай күйге түсті. Киллердің әмбебап екені рас болса, онда ол қолындағы тапаншасын әлдеқашан адам аяғы баспас бір жерге лақтырып тастағаны сөзсіз. Тапсырыс берушінің де қарап жатпасы анық. Мүмкін ол киллердің көзін жойған да шығар. Орындаушы жоқ болса, заттай айғақ болмаса қылмысты қалай ашарсың? «Нет человека – нет проблемы» деген Сталиннің сөзі осындайда ойға түседі. Олай болса бұл қылмыс ашылмай қалуы да мүмкін деген сөз. Енді тергеуге алатын да ешкім қалмаған секілді. Дегенмен подполковник Әубәкіров жедел іздестіру-тергеу амалдарын жанжақты жалғастырып жатты. «Делец» сотталды деп істі тоқтатып қоюға болмайтынын түсінді. Өйткені, бұл ар-намыстың, іскерліктің көрінетін сәті екенін іштей сезінді. Миллиондаған адамның бұл іске көз тігіп отырғаны анық еді. Соны ойлағанда Әубәкіров түн ұйқысынан оянып кететін әдет тауып алды. Алматы және Алматы облысындағы адам өлтіру оқиғаларына қатысы бар, жазасын өтеп келген бұрынғы қылмыскерлердің барлығы жіті тексеруден өтті. «Бизнесмен қайтыс болған күні олар қай жерде жүрді, кіммен сөйлесті, кіммен кездесті?» деген мәселелер тыңғылықты тексерілді. Осылардан жіптің ұшы шығып қалардай болып еді. Бірақ үміт ақталмады. Белгісіз өліктер де тексерілді. Олардың арасында киллерге сырттай ұқсастықтары болуы мүмкін өліктер бойынша ерекше сипаттамалар жүргізіліп, ерекше хаттамалар толтырылды. Табылған, тәркіленген қару-жарақтар да назарға алынып, бизнесменнің өліміне қатыстылығы тексеріліп тұрды. Бұдан бөлек құқық қорғау органдарының өзара ынтымақтастығы негізінде киллерге халықаралық іздеу жарияланып, оны жер шарының түкпір-түкпірінде іздеу жұмыстары жүргізіліп жатты… Кездейсоқтық категориясы. 31.03.1998 жыл …Арада сынаптай сырғып бес жыл да өте шықты. Бизнесмен ісі ашылмайтын, болашағы жоқ қылмыстық істер қатарына қосыла бастағандай еді. Әрине, мұндай істер құқық қорғау органдарында кездесе береді. Айлап, жылдап, тіпті ғасырлап та ашылмайтын қылмыстық істер болады. Бірақ бір нәрсе айқын екенін кәсіби қызметкерлер жақсы біледі – қанша уақыт өтсе де сол қылмыс түбінде бір ашылады. Осындай қағидаға сенетіндердің бірі подполковник Әубәкіров еді. Бизнесменді атқан киллердің түптің түбінде ұсталатынына іштей сенді. Бір мың тоғыз жүз тоқсан сегізінші жылдың отыз бірінші наурыз күні Алматы қаласының Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының патрульдік экипажы жол қозғалысын өрескел бұзып жүрген «Мерседес» көлігін Науаи және Ангарная көшелерінің қиылысында тоқтатуларына тура келді. Терезелері, тіпті маңдай терезесіне дейін қара пленкамен қапталған көлік жүргізушісі әлдеқайда асығып тұрғанын сездірді. Салонда екі-үш адамның отырғаны байқалды, түр-келбеттері күдік тудырғандай болып көрінді. Жап-жас жігіттер екені түрлерінен байқалады. Ал көлік жүргізушісі отыздың айналасындағы тісқаққан біреу. – Басеке, мүмкін келісе салармыз, асығып бара жатыр едік, – деп жедел уәкілдің асты-үстіне түсіп жатыр, – мыналар менің қонақтарым ғой. Сәл-пәл нарушение болды, мінекей, алыңыз, – белінен бүктелген жасыл банкноттарды ұсына берді. Оның бұл сөзіне мән бермеген жедел уәкіл артқа қарай шегініп, үндемей құжаттарын тексере бастады. Көлік жүргізушісінің құжаттары дұрыс екен. Төлқұжаты, жүргізушілік куәлігі бар. Кезек салонда отырғандарға келді. Салон іші көк түтін. Іште отырып темекі шегіп келе жатқандықтары аңғарылады. Ішімдіктің де иісі шығатындай. Қолқаны қабады. Экипаж мұндай сәтте не істеу керегін жақсы біледі. Мұндай күдік тудыратын адамдарды нұсқаулық бойынша қатаң тексеру қажет. Әуелі құжаттары тексерілді. Тексеру барысында бірінің қалтасынан газды тапанша сусып жерге түсіп кетті. Рұқсаттамасы жоқ. Жүргізуші орындығының астын қараған кезде бір қорап 9 мм патрондар қолға ілікті. Істің насырға шауып бара жатқанын, әрі жедел уәкілмен келісудің мүмкін емесін сезген көлік жүргізушісі кенет көз ілеспес жылдамдықпен белінен тапаншасын суырып алып, атып салды да, қаша жөнелді. Бостандық аудандық ішкі істер басқармасының аға жедел уәкілі болып қызмет істеп жүрген Сырғабек Сүгірбаев қақ жүректен тиген оқтан оқиға орнында қаза тапты. Патрульдік машинада отырған милиция сержанты жалма-жан тапаншасын оқтап, қашып бара жатқан қылмыскердің соңынан түсті. Сержант оңтайлы сәтте көздеп тұрып екі рет атты. Екі оқ та қашқынның аяғына дәл тиіп, ол топалаң асты. Бірақ жаны сірі екен. Әлі де сүйретіліп қашып барады, оқтын-оқтын артына бұрылып атып қояды. Кенет ол жерге жата қалып, сержантты көздеп тұрып екі рет атты. Бұл жолғы оғы сержанттың аяғы мен кеудесіне дәл тиді. Ауыр жараланған сержант құлаған жерінде қалды. Ал қашқын сүйретілген күйі бұрылыста тұрған машинаға жетіп, ондағы жүргізушінің маңдайына тапаншасын тақады. Адам тасып нәпақасын тауып жүрген жүргізушіде жан қалмады. Қашқынның оңға, солға деп жол көрсетуімен кете барды… … «Мерседесте» қалған екі жас жігіт экипажға қарсылық көрсетпеді. Көз алдарында болған оқиғадан шошынып қалған секілді, өздерінің бастарын сауғалап, бірден «Мерседес» жүргізушісінің мекенжайын айтып салды… Бұдан кейінгі мәселе өз кезегімен шешіле берді. Күдіктінің аты-жөні Сергей Басков екен. Көп ұзамай қолға түсті. Тапаншадан ат-тонын ала қашты. Көшеден жақында ғана кездейсоқ тауып алғанын, патрульдік экипажға қарсы одан алғаш рет оқ атқандығын, одан кейін қашып келе жатып жоғалтып алғанын айтты. Бірақ мұндай өтіріктің талайын көрген Мұқашев оған сене қоймады. Мұның сөзінің қаншалықты рас екенін білу үшін әйелінен жауап алуды ұйғарды. Сау етіп, кездейсоқ келген жедел топ өкілдерінен шошып қалған әйелі тапанша туралы сұраққа еш қиналмастан жауап берді. Тапаншаның бірнеше жылдан бері күйеуінің қолында жүргенін, әрі оны бақшадағы дәретхана ішіне тығып қоятынын айтты. Тапанша айтқан жерінен табылды. «Бірнеше жыл» дейді. Яғни бұл тапаншаның талай қылмысқа қатысы болуы мүмкін ғой» деп Мұқашев іштей ойлап қойды. …Түннің бір уағы. Басковтан алынған блокнотты Мұқашев тағы да мұқият қарай бастады. Кішкентай ғана, жырым-жырымы шыққан қара блокнотта бір құпия тығылып тұрғандай сезімде болды. Интуиция дегеніңіз кейде із кесушінің таптырмайтын көмекшісі болатыны анық. Бұл жолы да алдамаған секілді. Мұқашев кенет өз көзіне өзі сенбей селк ете қалды. Иә, өзіне баяғыдан таныс, таныс болғанда бес жыл бойы жаттап алған, ұйықтаса түсіне кіретін «Делец» «досының» фамилиясы жүр. Оның мекенжайы, телефоны жазылыпты. Ал әйтпесе! – Қызық! Бұларды не байланыстыруы мүмкін?.. Ертеңіне мұны естіген басқарма бастығы Әубәкіров те ойланып қалды. Әрі Мұқашевтың қашанда бір іспен айналысса түбіне жетпей қоймайтын тыңғылықты қасиетіне риза кейіппен қарады. Жіптің ұшы қолға ілінгендей болды. Шынымен бұдан бес жыл бұрынғы, ұмытыла бастаған қылмысқа қатысы бар ма екен? – Меніңше бар сияқты. «Делецтің» түрмеден шыққанына талай уақыт болды. Ол жеңіл құтылдым деп ойлайтын шығар. Бірақ «заказчик» сол екеніне сенімдімін! Қазір құрылыс компаниясының басшысы сол. Мүмкін орынтаққа таласып, мүмкін ақшаға таласып, кім біледі, бірақ бизнесменді өлтіруге сол тапсырыс беруі мүмкін деп о баста ойлағанмын! Қанша күдіктенгенмен, кезінде біз оны дәлелдей алмадық. Өйткені, дәлел болмады қолымызда. Киллерден айырылып қалдық. Енді міне, арада бес жыл өткен соң киллер де, тапанша да өзі келіп қолға түсіп тұрған секілді! Қалай ойлайсыз? – Ол да мүмкін. Онда былай істейік. Шұғыл түрде тағы да әйелінен жауап алыңдар. Сол күні қайда болыпты? Әйелі оқиға болған күні күйеуінің қансырап келгенін, жарасын таңып, досының үйіне барғандарын айтты…. – Мына фотосуреттердің ішінен досын танисыз ба? – Мұқашев әйелдің алдына бірнеше фотосуретті жайып салды. Әйел барлық суретке бір көз тастап шықты да, «Делецтің» суретін көрсетті. – Осы кісі. Бизнесмен екен. Бұдан артық маңызды ештеңе айта алмады. Әубәкіров пен Мұқашев екеуі терең ойға түсті. – Біздің болжам дұрыс болып шықты. «Делецті» таниды. Құрылыс компаниясының президенті мен мына қылмыскерді шынымен бизнесменнің өлімі байланыстырып тұр ма? – Әубәкіров терезеден далаға көз салды. – Полковник мырза, тез арада «Делецті» бақылауға алуымыз керек. Ол ендігі қашқалы жатқан шығар, – Мұқашев осыны айтуы сол екен, Әубәкіров өте дұрыс айттың дегендей басын изеп, жедел түрде ішкі байланыс телефонын тере бастады… – Жолдас полковник. Идея бар, – Мұқашев сыбырлай сөйледі. – Айт! – Басковтың қасына агент отырғызсақ, камераға, қалай болады? – Не үшін? – Агент те әлдебір ауыр қылмыс үшін ұсталған болсын. Қалтасына «синтетик» салып жіберейік. Екеуі «по душам» әңгіме айтсын. Мүмкін Басковтан құнды ақпарат шығып қалар. «Опиумның» қай-қайдағыны ойға түсіретін бір қасиеті бар ғой. Әйтпесе, киллер «Делецті» танымаймын деп басын алып қашатындығы сөзсіз. – Болсын. Ұйымдастыр. Көрейік. Жақсы идея! Із кесушінің бұл идеясы да ондыққа дәл тигендей болды. Камераға отырғызылған агент тез арада Басковтың сеніміне кіре білді. Әлсіз жері «опиум» екенін де сезді. Басы айналып, өмірдің ләззатына шомып отырған Басков өзінің құралайды көзге атқан мерген екенін айтып мақтанды. Әскери училищеде оқып жүргенде де барлық мишеньдерді, тіпті жылжымалы мишеньдерді де көздемей атып құлататындығын жыр қылды. Қызды-қыздымен отырып, қасындағы агенттен бұдан бес жыл бұрынғы Милохин өліміне қатысты оқиғаны білетін-білмейтіндігін өзі сұрады. Әрине, бүкіл елді шулатқан оқиғаны кім білмесін. Агент естігенін айтты. Бұған арқаланған мерген жігіт бұдан бес жылдай уақыт бұрын бизнесменді де, оның жүргізушісін де қаланың қақ ортасында көздемей-ақ жайратып салғанын сыбырлап жеткізді… Көп ұзамай эксперт-баллистик дайындаған қорытынды да қолға тиді. Иә, бұдан бес жыл бұрынғы ел-жұртты дүрліктірген оқиғаға Сергей Басковтан алынған тапаншаның тікелей қатысы бар болып шықты. Яғни желтоқсанның сол бір аязды күні бизнесмен мен жүргізушінің ажалы осы тапаншадан екендігі ғылыми тілмей дәлелденіпті…

Мұхтар АНАРБЕКҰЛЫ

Жалған марапат тарататындарға жаза бар ма?

Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік, ведомстволық және жеке ұйымдардың орден,...

МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ РЕЙДТІК ШАРАЛАР ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында және оны өткізу кезінде қауіпсіздікті...

Алтын ұрлап, айыпты болды

Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар қала...

Көршісінің үйінен тоңазытқыш ұрлаған жас жігітті полиция ұстады

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының полициясы көршісінің үйіне ұрлыққа түскен...

КЕЗЕКТІ ПОЛИЦИЯ СЫНЫБЫНДА ЖАСТАР ӨЗ ОТАНЫН СҮЮГЕ АНТ БЕРДІ

Отырар аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, Шәуілдір ауылында орналасқан...