12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ержан КЕНЕНБАЕВ, Жетісу облыстық сотының төрағасы: «СОТ ӘДІЛ ТӨРЕЛІГІМЕН МЕМЛЕКЕТ БЕДЕЛІН КӨТЕРУГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУІ КЕРЕК»

– Ержан Әбдірақымұлы, сіз төрағалық етіп отырған Жетісу облыстық соты – жаңа құрылған ұжымның бірі. Жаңа соттың жұмысы неден басталды?

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 9 тамыздағы № 973 Жарлығына сәйкес Жетісу облыстық соты құрылып, өз қызметін бастады. Ал 2022 жылғы 3 мамырдағы №887 Жарлығына сәйкес, қазіргі Жетісу облысына қарасты Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары мен Талдықорған және Текелі қалалары Алматы облысының құрамынан бөлініп шықты. Облыстардың бөлінуіне ең алдымен өңірдің инфрақұрылымын дамыту, халықтың тұрмыс жағдайын көтеру түрткі болғаны анық. Сөз реті келгенде айтып өтсем, негізі инфрақұрылым латынша – төменгі деген ұғымды білдіреді. Ал аграрлы облыста ең төменгі жұмыс орны ауыл шаруашылығы саласына баса назар аудару керектігін аңғартады. Түгін тартсаң майы шыққан Жетісу жерінің төл дақылы қант қызылшасын талапқа сай өсіріп, өңірдегі екі зауытты қамтамасыз ету көп еңбекті қажет етеді. Саланы жандандыруға ауыл тұрғындары тартылса халықтың тұрмысы түзеліп қоймай, облыс экономикасын көтеруге де ықпал етері анық. Жетісу облысы бөлінгеннен кейін аймаққа жаңа инвестиция тартылып, шалғай жатқан аудандарды дамытып, қалпына келтіру жоспарланған. Соған орай табиғат-ананың теңдессіз сыйы Алакөл мен Балқаш көлін заңнама шеңберінде тиімді пайдаланып, туризм саласын дамыту үшін инвестиция тартуға ұмтылсақ ұтарымыз көп. Алакөлдің кереметін ғылыми тұрғыда дәлелдей білсеңіз әлем саяхатшылары Жетісу жеріне ағылары анық. Туристер көбейген сайын тіршілік қайнай түсетіні тағы бар. Осылайша қызмет көрсетудің сан алуан түрі пайда болған сайын қаражаттың қайнар көзі ашыла береді. Бұл іс алға басу үшін тәртіп қажет. Талап – реттілік. Азаматтар өз қауіпсіздігіне сенгенде, өз құқығының тапталмайтынына көзі жеткенде кәсіп алға дамиды. Жетісу жері жандансын десек, қазақстандықтармен қатар шетелдіктердің де құқықтарын мінсіз қорғауға тиіспіз. Өйткені, біз Ата Заңымызда жазылғандай құқықтық мемлекет ретінде орнығып келе жатқан елміз. Осылайша Жетісу өңіріне тың серпін беріледі деген пікірдемін және де алдағы уақытта облысымыздың өркендейтініне кәміл сенемін.

– Облыстық сот құрамының ықшамдалуы сот жүйесінде тиімділікке, іс қарауда судьяларға түсетін салмақты жеңілдету секілді ерекшеліктерге жол ашты ма?

– Салыстырмалы түрде айтатын болсам, қазір Алматы облысында 1,5 млн-нан астам тұрғын бар. Ал Жетісу облысында 700 мың адам тұрады. Яғни, Алматы облысының құрамына 9 аудан (380 елді мекен), бір қала, ал Жетісу облысына 8 аудан (352 елді мекен), екі қала кіреді. Өндірістің басым бөлігі Алматы облысының шекарасында қалған, Жетісу облысының жұрты көбінесе ауыл шаруашылығымен айналысады. Осы статистикалық мәліметке қарап, сотқа келіп түсетін істердің де өндіріс, сауда, жер мәселесі тұрғысынан болатындығын, істердің басым бөлігі Алматы облыстық сотының қарауына тіркелетіндігін ашық айта аламыз. Бірақ, Жетісу облыстық сотына түсетін істер де аз емес. Заман ағымына сай дау да біткен емес. Бүгінгі таңда елімізде жер дауы ерекше екпін алып келе жатқаны бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жүр. Мұндай дау біздің облыста да бар. Жер дауына байланысты азаматтық істерге талдау жасағанда ауыл адамдарының сенгіштігіне қайран қалатын кезіміз көп. Қарапайым ғана бір мысал, Кеңес өкіметі ыдырағанда фермалардан пай үлесіне тиген жылжитын, жылжымайтын мүліктерін жинап, заман талабына сай шаруа қожалығын құрған тұрғындар өз ортасынан бір адамды басшы ретінде сайлап, өздері күнделікті тіршілік қамымен жүре береді. Енді елдің малы өсіп, көбеюде. Сол малды жазда жаятын жайылым, қысқы азығын дайындайтын шабындық, егістік жер тапшылығы туғанда ауылдастар арасында жер дауы пайда болды. Арызданушылардың заңды білу, сыйлау, құрметтеуден тұратын құқықтық мәдениетінің тым төмен еместігі де талап арыздарында көрініп тұрады. Жауапкерлердің кейбірі, әсіресе, жастар жүздеген гектар жерді өздері игере алмай субарендаға беріп, қымбат көлік мініп, ірі қалаларды маңайлап жүреді. Мұндай дауларды судьяларымыз мұқият оқып, тыңғылықты дайындалып басы ашылмаған даулы жерге мұрагерлікті заңнама талабына сай рәсімдемегенін, жылдар бойы алданып жүрген ауылдастары конституциялық құқығының бұзылғанын енді ғана біліп сотқа талап арыз түсіргенін, жалпы шаруа қожалығының төрағасы деген лауазымның хан тағы емес, сайланбалы лауазым екенін ұғындырып, тараптарды медиациялық тәсілмен келісімге келтіруге мүмкіндік беріп жатады. Түсінген адамға бұл адамгершілік деген асыл қасиеттің бір тармағы. Қалай десек те біз бір елдің тұрғынымыз. Бүгін болмаса да ертең басымыз бір жерде тоқайласары хақ. Сонда бір-біріміздің жүзімізге ұялмай қарау үшін дауды ашумен емес, ақылмен реттеген дұрыс. Елге белгілі Қорғас кеден бекеті Жетісу облысында орналасқан. Сондықтан Азия, Еуропа елдерінің бизнесмендері Қытайға біздің өңір арқылы қатынайды. Ал осы арада қандай да бір заң бұзушылық анықталып, сотқа түскенде шығарылатын шешім мен үкімге ерекше назар аударылады. Өйткені, өзге ел азаматтарының қазақстандық сотқа қатысты пікірі Жетісу облыстық сотының жұмысына қарап бағаланады. Бұл біздің судьяларға ерекше жауаптылық жүктейді. Саяси, құқықтық, экономикалық сауаттылық бар ісімізден көрініп тұруы керек. Біздің судьялар халықаралық нормаларды жақсы біліп, сақтауда да ерекшеленуі тиіс. Әрине, айтуға оңай. Бірақ сот беделі арқылы мемлекет беделін қалыптастыруға ықпал ететін істерге аса сақ қарау маңызды.

– Сот жұмысын жандандыруда нормативтік құқықтық актілердің маңызы қандай?

– Әуелгі кезекте нормативтік құқықтық акт туралы аз-кем түсінік берейін. Негізі нормативтік құқықтық акт дегеніміз – референдумда қабылданған не уәкілетті орган немесе мемлекеттің лауазымды адамы қабылдаған құқықтық нормаларды белгілейтін, сол құжаттың қолданылуын өзгертетін, тоқтататын немесе тоқтата тұратын жазбаша түрдегі ресми құжат болып табылады. «Құқықтық актілер туралы» заңның 5-бабына сәйкес Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары Қазақстан Республикасының Конституциясына ғана негізделеді. Өзге нормативтік құқықтық актілер бұл құжатқа қайшы келмеуі керек. Сот талқылауының негізгі мәні болып табылатын қоғамдағы қарым-қатынас осы құжатқа сәйкес шығарылған нормативтік құқықтық актілер бойынша қаралады. Нақтылай түссем, әр істің мәніне байланысты әртүрлі нормативтік құқықтық актілер қолданылады. Мысалға, неке бұзу жайлы азаматтық істе ел Конституциясы, Азаматтық кодекс, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс, Азаматтық процестік кодекс және істің мәніне қарай «Соттардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы істерді қараған кезде заңнаманы қолдануы туралы» Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы қолданылады. Осының өзі құқықтық мемлекетте адам тағдырына атүсті қарауға жол берілмейтінін көрсетеді.

– Қылмыстық істерді бөлуде тепе-теңдік сақтала ма?

– Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының істерді бөлу туралы қағидатына сәйкес тек қылмыстық істер ғана емес, барлық істер мен талаптар компьютерлік жүйе көмегімен әр судьяға автоматты түрде бөлінеді. Істер судьяларға мамандануына қарай, істердің санаттары, ауырлығы ескеріле отырып бөлінеді. Істерді тіркеп, іс бойынша мәліметтерді жадығаттарға енгізіп, автоматты түрде бөлінуін жүзеге асыратын арнайы маман бар. ҚР Жоғарғы Сотының істерді автоматты түрде бөлу қағидаттарын бұзу, істерді бөлуге араласу заң бойынша жауаптылыққа алып келеді.

– Судьяның ар-намысы, құқығы, жұмысына қатысты келеңсіздіктер жиі орын ала ма?

– Қазақстан Республикасы судьяларының VII съезінде қабылданған Судьялық әдеп кодексінде әдеп нормаларын сақтау туралы судьялардың жүріс-тұрысының Бангалорлық қағидаттары мен қағидалары ескерілген. Бұл құжаттың 1-бабында «Судья берген антына берік болуға, қоғамдық қызмет пен тұрмыстық жағдайда кез келген әрекеттерді жүзеге асырған кезде әдепсіз жүріс-тұрыстың көріністеріне жол бермей, судья лауазымының жоғары мәртебесіне лайық болып, әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауға тиіс» деп нақты жазылған. Бұл заңнама талабы. Сондықтан зиялы қауым өкілі ретінде де судьяларымыз сабырлылық пен байсалдылықтың, ұстамдылықтың ерен үлгісін көрсетумен ерекшеленгені абзал. Сот әділ төрелігімен мемлекет беделін көтеруге қызмет етуі керек. Жетісулық судьялардың бұл міндетті мінсіз сақтап жүргеніне, алдағы уақытта да сақтай беретініне кәміл сенемін. Ал, судьялардың құқығы, тәуелсіздігі Ата Заңымызда және «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» конституциялық заңында және өзге де заңдарда жазылған. Ешкімнің сот төрелігін жүзеге асыру ісіне араласуға және судья мен алқа билерге қандай да болмасын ықпал етуге құқығы жоқ. Мұндай әрекеттер заңмен қудаланады.

– Таяуда Мемлекет басшысының Қылмыстық кодекстің жекелеген баптарына енгізілген өзгерістерге қол қойғаны мәлім. Бұл қандай өзгерістер?

– Мемлекет басшысы 17 наурызда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам құқықтары, жазаны орындау, сондай-ақ, азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Аталған заңның мақсаты – сот ісін жүргізу саласында адам құқығын қорғау болып табылады. Бұл заң – елімізде жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар аясында Қазақстанның азаптау мен қорлаудың басқа да түрлерін жоюға, осы мәселе бойынша халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізуге, сондай-ақ, сотталғандардың құқығын кеңейтіп, түрмедегі теріс субмәдениеттің қалыптасуына жол бермеуге бағытталған жүйелі қадамның жалғасы. Атап айтқанда, құжатта мынадай нормалар қарастырылған: – қатыгез немесе адамның қадірқасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін жауапкершілік қарастырылады; – азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қатаңдатылады; – заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін тергеу амалдары кезінде дыбыс және бейне таспалау жүйесін қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі. Сонымен бірге, заң сотталған адамдарға бірқатар қосымша құқық береді: – ауыр сырқатқа шалдыққан жағдайда оларға жазаны өтеу мерзімін кейінге қалдыру құқығы беріледі, яғни, сотталған адамға медициналық мекемеде шұғыл ем алуға мүмкіндік туады; – сотталған адамды ауыр дертке шалдығуына байланысты жазасын өтеуден босату туралы сот шешімі дереу орындалады (бұрын сотталғандар соттың шешімі заңдық күшіне енгеннен кейін ғана босатылатын); – сотталған әйелдер мен олардың балалары арасындағы әлеуметтік байланысты сақтау үшін оларға өз балаларын колонияда қалдыруға рұқсат ету мерзімі 3 жылдан 4 жылға ұзартылды. Бұрын сотталған адамдардың бірінші рет істі болған азаматтарға теріс ықпал етуіне жол бермеу үшін сотталғандарды қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерге бөлу тәсілдері өзгереді. Енді бірінші рет сотталғандар бас бостандығынан айыру жазасын бұрын сотталғандардан бөлек жерде өтейді. Бұл заңға бағынушылық мінез-құлық қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жалпы, заңнамалық актілерге енгізілген бұл өзгерістер адам құқықтарын сақтауға берілетін кепілдіктерді арттырады. Сондай-ақ, қауіпсіздік шараларын күшейту, олардың түзелуіне және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасау арқылы сотталған адамдардың түрмедегі жағдайын жақсартуды көздейді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы 27 наурызда «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға да қол қойған болатын. Жаңа түзетулер негізінен судьялардың тәуелсіздігін нығайтуға, олардың жұмыс сапасын арттыруға, Жоғары Сот кеңесінің рөлін күшейтуге және оған Жоғарғы Сот функцияларының бір бөлігін беруге байланысты болып отыр. Аталған заңға сәйкес енді құқық қорғау органдары судьяларға қысым көрсете алмайды. Судьяларға қатысты арнайы жедел-іздестіру шаралары тек Бас прокурордың санкциясымен ғана жүргізіледі. Мысалы, бұрын құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғамай-ақ кез келген судьяға қарсы арнайы жедел-іздестіру шараларын жүргізе алатын. Бұл үшін облыс прокурорының санкциясы жеткілікті болатын. Сонымен қатар, аудандық соттың төрағаларын кадр резервіндегі және өз-өзін ұсынған азаматтардың арасынан сайлау тетігі енгізілді. Судьялар қауымдастығы кандидатты өзі ұсына алатын болады. Бұдан басқа, қабылданған заңға сай, Сенат Жоғарғы Соттың судьяларын да баламалы негізде сайлайды. Сенатқа кемінде екі судьяның кандидатурасы ұсынылады. Қабылданған түзетулер Жоғары Сот Кеңесінің анық кадрлық функциялары бар толыққанды институт ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайтуға бағытталған. Осы заңнамалық өзгерістер Жоғары Сот кеңесінің соңғы жылдары жүзеге асырып жатқан іс-шараларының жалғасы болып табылады. Заңнамалық түзетулермен Жоғары Сот кеңесіне судьялыққа кандидаттарды даярлау, олардың біліктілігін арттыру, шекті жасты ұзарту, жұмыс істеп жүрген судьялардың өкілеттіктерін тоқтата тұру және тоқтату сияқты бірқатар мәселелер беріледі. Атап айтқанда, 2024 жылғы 15 шілдеден бастап судьяларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелерімен айналысатын Сот төрелігі Академиясы Жоғары Сот Кеңесіне берілетін болады. Сондай-ақ, судьяларға Жоғары Сот Кеңесіне: – зейнеткерлік жасқа немесе шекті жасқа толғаннан кейін судья лауазымында болу мерзімін ұзарту; – судьяның өкілеттігін тоқтату; – сот қайта ұйымдастырылған немесе таратылған, тиісті сот судьяларының саны азайған, сондай-ақ, сот төрағаларының өкілеттік мерзімі өткен жағдайларда жол берілетін судьяларды конкурстан тыс тағайындау мәселелері бойынша тікелей жүгіну құқығы берілді. Егер бұрын Жоғары Сот Кеңесі Жоғарғы Соттың ұсынуы бойынша жоғарыда аталған мәселелерді қараған болса, енді қабылданған түзетулерге сәйкес судьялар өтінішпен тікелей Кеңеске жүгінуге құқылы. Бұдан басқа, Жоғары Сот Кеңесі төрағасының құзыретіне судьялардың өкілеттігін тоқтата тұру мәселелері берілді. Жоғарыда аталған рәсімдер судьялар тәуелсіздігінің кепілдіктерін күшейтуге бағытталған.

– Кәмелетке толмаған ісі де қоғамның басты назарында. Заңнамаларға жасөспірімдер құқығын қорғауға қатысты да өзгеріс жасалғаны белгілі.

– Иә, Президент осы жылы 27 наурызда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына да қол қойды. Бұл заңның мақсаты – іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және сот жүйесін реформалау, оның ішінде ювеналды соттардың қызмет ауқымын кеңейту, апелляциялық сатының рөлін күшейту, өкілдердің іс жүргізу мәртебесін жетілдіру және әкімшілік органдар басшыларының жауапкершілігін күшейту болып табылады. Соның ішінде, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың құзыретіне кәмелетке толмаған балалар болған кезде некені бұзу және мүлікті бөлу туралы азаматтық істер жүктеледі. Апелляциялық сатының рөлін күшейту бөлігінде іс жүргізу заңнамасы және сот жүйесін реформалау жетілдірілді. Бұл судьялық қателіктердің санын азайтуға, сот актілерінің сапасын арттыруға, сот практикасының біркелкілігін қамтамасыз етуге, азаматтар мен кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын тезірек қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Аталған заң соттардың қызметін жетілдіруге мүмкіндік береді және судьялардың шын мәніндегі тәуелсіздігін одан әрі күшейтуді қамтамасыз етеді. Бұл заңда сот жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған өзге де түзетулер қарастырылған.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Заң газеті».

Жалған марапат тарататындарға жаза бар ма?

Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік, ведомстволық және жеке ұйымдардың орден,...

МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ РЕЙДТІК ШАРАЛАР ЖАЛҒАСЫН ТАБУДА

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында және оны өткізу кезінде қауіпсіздікті...

Алтын ұрлап, айыпты болды

Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар қала...

Көршісінің үйінен тоңазытқыш ұрлаған жас жігітті полиция ұстады

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының полициясы көршісінің үйіне ұрлыққа түскен...

КЕЗЕКТІ ПОЛИЦИЯ СЫНЫБЫНДА ЖАСТАР ӨЗ ОТАНЫН СҮЮГЕ АНТ БЕРДІ

Отырар аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен, Шәуілдір ауылында орналасқан...