12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Ералы ШОҚБАРОВ, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының өндіріс жөніндегі басқарушы директоры: «СЕЙСМИКАЛЫҚ АЙМАҚТА ҚАРЖЫ ЕМЕС, ҚАУІПСІЗДІК БАСТЫ ОРЫНДА»

– Ералы Мейрамбекұлы, Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен кейін сіз жетекшілік ететін институттың жұмысына деген қызығушылық күрт өскен сияқты. Көпшілікті не қызықтырып жатыр?

– Зілзала болғаннан кейін бүйту керек еді, сүйту керек еді деген дұрыс емес. Апаттың алдын алу керек. Бұл жұмысты біз күнделікті жасап отырмыз. Әрдайым зілзала кезінде қапы қалмас үшін алдын ала құрылыс нормаларына түрлі өзгерістер енгізіп отыруға тырысамыз. Әрине мына жағдайдан кейін біздің жасап жатқан ғылыми жұмысқа билік органдары мен мекемелер бұрынғыдан да көбірек көңіл бөлетін шығар деп ойлаймыз. Мәселен, 2010 жылы құрылыс саласында Еурокодты енгізу бойынша реформа жүрді. Оны бірден енгізген жоқпыз. Құрылыс жобасында жұмыс жасайтын конструктор, архитекторлардың нормамен танысуына 5 жыл уақыт бердік. 2015 жылға дейін құрылыс нормалары жасалынып, 2015-2020 жылдары бейімдеу жұмысы жүргізілді. Ал 2021 жылы ескірген барлық құрылыс нормаларының күші жойылды. Сондай-ақ, біз тек құрылыс нормасына өзгеріс енгізіп қоймай, түрлі халықаралық ғылыми конференцияларға қатысамыз. Онда өз жұмысымызды басқа елдермен бөлісіп, олардың жасап жатқан дүниелерінің керегін өзімізге аламыз. Атап айтқанда, бізде 7 ақпанда «Сейсмикалық аймақтағы индустриалдық құрылыс» деген тақырыпта халықаралық конференция өтті. Оған ТМД мемлекеттерінен ғана емес, АҚШ, Италия, Германия, Түркия сияқты мемлекеттерден де спикерлер шақырдық. Бүгінгі таңда сейсмикалық аймақтағы құрылыстың бәрі Еурокод–1998 құрылыс нормасына негізделген. Жаңа нәрсені енгізген кезде бізде күмәнданушылар да болды.

– 2000 жылдан бері еліміздегі тұрғын үй бағасы 20 есеге жуық қымбаттауына құрылыс саласына енгізілген еурокодтың әсері бар ма? –

Бұл еурокодтың әсері деп ойламаймын. Әлем бір орнында тұрған жоқ қой. Құрылыс материалдарының қымбаттауы бізде ғана емес, дүниежүзінде болып жатыр. Оның бірден бір себебі – пандемия. Еурокодты енгізу құрылыс саласын қымбатшылыққа әкелді деуге болмайды.

– Құрылыс саласына қатысты мамандарды 40-қа жуық жоғары оқу орны дайындаса да, еліміздегі сейсмология және сейсмологиялық қауіпсіздік мәселесімен айналысатын сарапшылар мен ғалымдар тапшы. Бұл мәселеге қатысты көзқарасыңыз қандай?

Еліміз кеңес дәуірінен келе жатқан ғылыми кадрларды дайындау жүйесінен бас тартып, Боллон жүйесін енгізген соң 2010 жылдан бастап құрылыс саласындағы ғалымдарды дайындауда үлкен үзіліс пайда болды. Ондағы ғылыми кеңес тек былтыр ғана қайта ашылды. Сондықтан біздің мамандарымыз ғылыми дәрежесін Қырғызстан, Беларусь, Ресейге барып қорғап жүрді. Маман тапшылығына сай өзіміз де оқу орындарында сабақ береміз. Бұл үшін Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университет пен Қазақтың бас сәулет-құрылыс академиясымен қарым-қатынас жасаймыз. Ондағы студенттер бізде тәжірибеден өтеді. Өзім де олардың диплом, ғылыми-зерттеу жұмысына жетекшілік жасаймын. Қажетті мамандарды тәжірибеге келгендердің ішінен іріктеп, өзімізде қалдырамыз. Соның нәтижесінде екі қызметкеріміз ҚазҰТУ-да, біреуі ҚазГАСА-да, біреуі Е.Гумилев атындағы ЕҰУ-да, екеуі Ресейде аспирантураны бітіріп келді. Екі жас маманымыз техника ғылымдарының кандидаттығына диссертациясын жазып жатыр. Өйткені, біздегі әр зертхананың өз бағыты бар. Қаңқалық темірбетон құрылымдары, металл құрылымдар, қабырғалы құрылымдар деген сияқты. Сондықтан әр зертхана басшысына жас маманды алған кезде қауқары жеткенше дайындап, өзі демалысқа шыққан кезде орнына 1 не 2 адамды дайындап кетуді міндеттедік. 2000 жылдары бізде ең жас маман 47 жаста болатын. Қазір жағдай біршама түзелді. Қала құрылыс қатынастарының тұрақты даму идеялары бүкіл әлемде сұранысқа ие. Мамандар қолданыстағы «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңда Гро Гарлем Брундтланд комиссиясының принциптеріндегі тұрақты даму индикаторларын пайдалануды міндеттейтін бап жоқ дейді. Олардың кейбірі еурокодта қамтылған. Біздің институтта қадағалау фунциясы жоқ. Кез келген мекемені өз бетімізше тексере алмаймыз. Ол бір. Екіншіден, Еурокодты әлемнің 45-тен астам елі мойындаған. Біздің еурокодқа өтуіміздің себебі оның нормалары прогрессивті, икемді және әмбебап норматив болып табылады. Ол тірі организм секілді әрбір үш не бес жылда жаңарып тұрады. Мысалы, қолданыстағы еурокодтардың жаңа өзгерісі жүріп жатыр және жаңа өзгерістер 2024 жылы шығады деген ақпарат бар. Кеңес дәуірінде де құрылыс нормалары әр 5 жыл сайын жаңарып отыратын. Кеңес одағы тараған соң әр ел өз бетінше дамыды. Қазір ТМД елдерінің ішінде құрылыс нормаларына өзгеріс енгізуде біз көшбасшы боп тұрмыз. Еурокодты енгізгеннен кейін 2017 жылы сейсмикалық аймақтағы құрылыстардың жалпы сейсмикалық аймақтандыру картасы жасалды. Мұндай тәжірибе Кеңес Одағы елдерінде бұрын болмаған. Біз бірінші жасадық. Ол карталар еурокод – 1998-ді ескере отырып жасалған.

– Шет елдермен тәжірибе алмасу қаншалықты жолға қойылған?

– Бүгінгі таңда көптеген шетелдік мекемелермен қарым-қатынас жасаймыз. Соның бірі Жапон халқының сейсмикалық изоляция қауымдастығымен жасалған меморандум. 2018 жылы олар бізге келіп лекция оқып, өз жетістіктерімен бөлісті. 2015–2018 жылдары тәжірибе алмасу бойынша бізден жылына бір рет 3-4 маман Жапонияға барып тұрды. Оның ішіне тек біздің институттың ғана емес, Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаментінің, қалақұрылыс басқармасының, құрылыс басқармасының мамандары да болды. Жапонияда көп жерде сейсмикалық изоляция – резина металдық ұстынға орналастырылатын тіреуіштер болады. Жер сілкінген кезде астындағы іргетас пен жоғары қабаттар қозғалмайды. Тек ортадағы резина ғана қозғалады. Оны біз өзімізге де енгізіп жатырмыз. Наурыз айында Германияның Мюнхен қаласынан Мауер деген компанияның мамандары келіп, тәжірибе алмастық. Осындай шараларды жиі өткіземіз. Оған қаладағы жобалық мекемелердің конструктурларын және басқаларды шақырамыз. Бүгінгі таңда сейсмикалық аймақтағы құрылыс нормаларында кез келген жаңа құрылыс материалын қолданбас бұрын, эксперименталдық сынақтан өткізу керектігі жазылған. Осы сынақты жасайтын біздің мекеме. Байқағандарыңыздай, 9, 12 қабатты ғимараттардың үстіне сілкігіш машина қойып сілкілейміз. Наурыз айында Шымкент қаласында сондай екі сынақ болады. Олар өндірістік құрылыс саласына жаңа конструкцияны енгізгелі тұр. Соны барып тексереміз. Одан бөлек, бір қаңқалы конструкцияны тексереміз. Ол Қазақстанда құрылыс нарығына әлі енгізілмеген. Сынақтан соң біз осы құрылымды қолдануға болатын-болмайтыны жөнінде қорытынды береміз. Болмаса қандай өзгерту енгізу керек екенін ұсынамыз.

– Сейсмикалық қауіпсіздік бізде қаншалықты сақталады?

Кеңес Одағында құрылыс үйлерінде көптеген қаңқалы жүйелер болған. Жер-жердегі жер сілкіністерін зерттеген соң біз қазір одан бас тарттық. Зілзала кезінде үйлер төтеп беру үшін Алматыда бүгінгі таңда ғимараттар монолиттік, қабырғалы құрылымдардан салынып жатыр. Түркиядағы зілзалада құлап жатқан үйлердің көбі ригелсіз қаңқалы үйлер. Сыртқы қабырғалары кірпіштен жасалған. Қазақстанда сейсмикалық аймақтардағы құрылыс нормаларында кірпіш бес қабаттан жоғары қолданылмайды. Біз оны алып тастадық. Алматыдағы көпқабатты үйлердің қабырғаларында көбінесе жеңіл конструкциялар қолданады.

– Жапониядағы 7, 3 балдық зілзалада 1 адам көз жұмса, Түркияда 7, 6 балдық зілзалада отыз мыңға жуық адам қайтыс болды. Бұған ондағы сейсмикалық қауіпсіздікті міндеттейтін нормалардың ерікті болуы ықпал етті деген болжам қаншалықты рас?

Түркияның сейсмикалық аймақтағы құрылысты реттейтін нормативтері бар. Біз ондағы құлаған ғимараттардың қалай салынғанын білмейміз ғой. Олар құлап қалған тұрғын үйлер зерттеледі деп айтып жатыр. Егер жобалаушылардың және құрылысшылардың қателігі табылса тиісті жазасын алады деп отыр. Жасыратыны жоқ, тұрғын үй салып жатқан мекемелер бүгінгі таңда бизнестің адамы. Құрылыс салған кезде ол алдымен өз қалтасын ойлайды. Біз сонымен күресіп келе жатырмыз. Сейсмикалық аймақта үнемдеуге болмайды. Түркиядағы жағдай соның нақты айғағы. Ғимарат құрылыс нормаларынан ауытқымай салынса, жер сілкінісіне төтеп беруі керек. Бізде құрылысшылардың тексеретін құзыреті жоқ. Мемлекеттік құрылыс басқармасы тексереді. Сондай-ақ, әр құрылыста авторлық, техникалық қадағалау бар. Солар қабылдап алғанда қол қояды. Біз құрылыс басқармасы ақау тауып хабар берсе ғана зерттейміз. Егер құрылысшылар салған ғимаратты өткізбес бұрын ғылыми-зерттеу институтынан құжат алып кел деген талап қойса ғана біз олардың бәрін тексереміз. Өйткені, біздің алдымыздан өткен әр жоба қараусыз қалмайды. Оған 100 пайыз кепілдік берем.

– Сейсмикалық аймақтағы құрылыстардың микроаймақтық картасын сіздер жасадыңыздар ма?

– Картаны жасайтын біз емес, Сейсмология институты. Біз тек картаны қолданушымыз. Алматыда сейсмикалық шағын аудандастырылған карта 2019 жылы жасалып, біз 2021 жылы құрылыс нормасын әзірлеп, сол картаны құрылыс нормасына кіргіздік. Мысалы, Алматыдағы паспортизация кезінде біз зерттеген ғимараттар ішінде кеңес дәуірінде салынған көптеген үй бүгінгі құрылыс нормаларына сай емес. 3 қабатты кірпіш үйлер, 2 қабатты каркас қаңқалы үйлердің зілзалада қирау мүмкіндігі басым. Бүгінгі таңда Алматыда мұндай ескі үйлерді сүру, оның орнына жаңа үй салу процесі жүріп жатыр. Қанша үй бұзылғаны туралы ақпарат жоқ. Бірақ паспортизацияның аймағында мың үйдің тозығы жетті деп бердік. Соны кезекпен бұзып жатыр.

– Сейсмикалық күшейту жұмыстарын не үшін әлеуметтік нысандардан бастадыңыздар?

– Балабақша, мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік нысандар зілзала болған кезде барлық елде тамақ беру орны, жайғастыру орны ретінде қолданылады. Мемлекет бірінші кезекте мекемелік ғимараттарды күшейтіп, оларға көңіл бөлуге мүдделі. Өйткені, 100 адам тұратын 9 қабатты үйдің сейсмикалық беріктігін күшейту үшін тұрғындардың бәрін шығару керек. Сондықтан тозығы жеткен үйді күшейткенше, оны бұзып, орнына қауіпсіз жаңа үй салған дұрыс деп ойлаймын.

– Сейсмикалық қауіпті аймақ деп тек Алматы есептеле ме?

– Әрине. Қауіпсіздік шаралары Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Жамбыл облыстарында да жүргізілу керек. Ол жақтарда жағдай қандай екені қазір бізге беймәлім. Мысалы, Түркістан облысында жекеменшік тұрғын үйдің көбі саз балшықтан салынған. Жасыратыны жоқ, өңірлерде құрылыс нысандарындағы сейсмикалық қауіптің алдын алуда ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқ. Алматы қаласы еліміздегі 9-10 балдық ең қауіпті аймаққа жатады. Сондықтан біз Алматыда орналасқанбыз. 2017–2018 жылдары құрылыс нысандарын құжаттандыру жұмысын бастадық. Оны енді ары қарай өрбіту керек. Мысалы, біздің паспортизацияның қорытындысы бойынша Алматыдағы бағдарламаға өзгеріс енгізіліп, ол әр мекемеде болу керек. Төтенше жағдайлар департаменті, құрылыс басқармасында, архитектурада және тағы басқа да мекемелер өздеріндегі электрондық картаны қолданып, оған күнделікті өзгеріс енгізіп отыру керек. Қазір Алматыдан басқа өңірлерде ол жоқ. Менен жер сілкінген кезде Алматыда қанша үй қирайды деп жиі сұрайды. Ол тек Алланың қолындағы іс. Оны мен айта алмаймын. Паспортизация бойынша құрылыс нормаға сай болмаса қирамаса да, бір жерлері құлауы мүмкін. Оны жер сілкінісінде ғана білуге болады. Біз ғимараттарды сілкіп зерттегенде тәжірибелік түрде ғана 9 балдық сілкініс береміз. Бірақ ол ғимарат шынайы жер сілкінісі кезінде қалай болатынын толық анықтау мүмкін емес. Сосын жер сілкінісінің әр жерде өз ерекшелігі болады. Жапонияға қарағанда біздегі 9 балдық зілзаланың қаупі жоғары. Оны салыстыруға болмайды. Жер қыртысының тиктоникасы бөлек. Бірақ жапон халқында сейсмоизоляциямен салынған ғимарат өте көп. Олардың технологиясы дамып кеткен. 1995 жылғы Коба зілзаласында зардап шеккеннен кейін сейсмикалық аймақтағы бүкіл құрылысты 100 пайыз қарап шығып, беріктігін нығайтуға өзгеріс енгізіп, ол мүлтіксіз орындалды.

– Үкіметтен тапсырыс берілсе бүкіл еліміздің қауіпке жауап бере алатынын зерттеуге сіздердің шамаларыңыз жете ме?

– Институттың Жамбыл, Өскемен, Астанада филиалы бар. Егер бір мезетте бүкіл ел аумағын зерттеуге тапсырыс берсе, шамамыз жетпейді. Бізде филиалдарды қосқанда 350 ғана адам бар. Зерттеу жүргізген кезде ғимарат санына қарай адамдарды бөлеміз. Мәселен, Алматы қаласындағы 10 мың ғимаратты құжаттандыруға 70-80-дей адамды жұмылдырдық. Тапсырыс кеш берілгендіктен, тіпті, соңғы айларда демалыссыз жұмыс істедік. Біз ғылыми жұмыста пайда табуды ойламаймыз. Қосымша жасайтын жұмыс болғанда оны өзіміз үшін тегін атқарамыз. Мысалы, типтік жобаларға қорытынды беру тапсырыста болмады. Оны өзіміз жасадық. Біліп жүрейік деп өз атымыздан жасап бердік.

– Сейсмикалық аймақтардағы құрылыс нормаларын нақтылай түссеңіз?

– Құрылыс нормаларында 9 балдық аймақта 12 қабатқа дейін ғана рұқсат беріледі. Одан жоғары қабат нормада қарастырылмайды. Әр үйге 9 қабаттан жоғарыға жеке техникалық шарт дайындалады. Ал 10 балдық аймақта 4 қабатқа ғана рұқсат беріледі. Одан кейін техникалық шарт бойынша 6 қабатқа дейін ғана салынады. Одан ары қарай берілмейді. Өйткені, құрылыс нормасында берілген заттардың барлығы жер сілкінісі кезінде зерттелген. Құрылыс нысандарындағы қабатты шектейтініміз сондықтан.

– Дегенмен, 40 қабатқа дейінгі нысан да бар ғой бізде?

– 40 қабатты ғимараттарға қойылатын талап өте қатаң. Оған кез келген құрылыс компаниясы шыдамайды. Сіз бұл жерде 38 қабаттық Есентай моллды айтқыңыз кеп отыр ғой. Ол жерде біздің институт әр құйылған бетонды, арматураны басынан бастап, аяғына дейін тексерген. Тапсырыс беруші АҚШ-тан болды. Сол кісілерді біз қадағаладық. Әрине мұндай үлкен жобаға ғылыми зерттеу ұйымдары қатысып, қолдаса ғана көп қабатты ғимараттан қорқатын ештеңе жоқ. Мұндай қауіпті ғимараттарға біз сейсмостанция орнатамыз. Ол әр жер сілкінісінде оның тербелісін онлайн режимде жазып тұрады. Кейін жазбаны зерттеуге алып тұрамыз. Жалпы, сейсмикада екі сейсмостанция болады. Біреуі сейсмологиялық, екіншісі құрылыс жөнінде. Сейсмикалық аймақтағы біздің сейсмостанциялар ғимаратқа орнатылады. Онда біз ғимарат беріктігі есеп-қисаппен дұрыс келе ме соны анықтаймыз. Ал Сейсмология институтының сейсмостанциялары жер қыртысын зерттейді.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақ бортында қанша қазақстандық болған?

Министрліктің алдын ала ақпаратына сәйкес бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады

Ақтауда құлаған Azerbaijan Airlines ұшағындағы жолаушылардың тізімі жарияланды.

Ақтау маңындағы ұшақ апаты: оқиға хронологиясы қандай?

25 желтоқсанда таңертең Ақтау маңында Әзербайжан ұшағы апатқа ұшырады.

Ақтаудағы ұшақ апаты: Тоқаевтың тапсырмасымен комиссия құрылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтаудағы жағдайға байланысты тапсырма берді.

Буллинг, автобустан түсіруге тыйым: биыл балаларға қатысты қандай заңдар қабылданды?

2024 жыл елімізде балалардың құқықтарын қорғау бойынша маңызды оқиғаларға толы кезең болды. Биыл балалардың жағдайын жақсартуға, әсіресе әлеуметтік қолдау мен балалардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған үш негізгі заң қабылданды.