Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қазақстандағы глэмпингтің орталығы қазір Алматы облысы болып тұр. Республикадағы 28 глэмпингтің 10-ы осында шоғырланған. Одан кейінгі орында Ақмола облысы (6) мен Алматы қаласы (5). Ал қалған алтауының екеуі Ақтөбе облысында, төртеуі Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласында.
Қарапайым тілде табиғат аясына шығып, жайлы демалу деген мағынаны білдіретін глэмпинг терминінің пайда болғанына көп уақыт өткен жоқ. Ол қазіргі таңда экотуризмнің ең қарқынды дамып келе жатқан түрі саналады. Егер экотуризм деген сөздің өзі өткен ғасырдың 1980 жылдары ғана айналымға енгенін ескерсек, глэмпингтің болашағы жарқын деуге болады. Өйткені, оның тұтынушылары негізінен пікірлес, рухтас адамдар. Олар мұнда күнделікті күйбең тірлікті ұмытып, жаны мен тәнін тынықтырып, табиғаттан бойына күш-қуат алу үшін келеді. Әлемдегі экотуризм индустриясы былтыр 172,4 млрд долларға бағаланды. Болжам бойынша, 2028 жылы бұл 374,2 млрд долларға дейін жетеді. Ал глэмпинг нарығының көлемі былтыр 2,73 млрд долларды құрады. Жылдық өсім 2030 жылға дейін 10,2 пайызды құрайды деп болжануда. Ондағы көшбасшы елдер – АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Канада, Кения, Оңтүстік Африка, Жаңа Зеландия. Глэмпинг демалушыларын жас ерекшелігі бойынша 4 топқа бөлуге болады. Оның тең жартысына жуығын 18-32 жас аралығындағылар, одан сәл азырағын 33-50 жастағылар, ал қалған бөлігін 51 жастан жоғарылар құрайды.

Қазір еліміздегі глэмпингтің ең ірісі ашылғанына биыл екі жыл толатын Алматы облысы Талғар ауданындағы Бесқайнар ауылындағы Глэмпинг тауы болып отыр. Онда демалушылар үшін барлығы 10 тент-хаус дайындалған. Әрқайсысында 2-4 адам демала алатын бұл нысандар қыста жылы, жазда салқын. Оған ыстық-суық сулары кіргізіліп, ішінде азық-түлік сақтайтын тоңазытқышы да қойылған. Үйдегі суға шайыну бөлмесіне қанағаттанбасаңыз, сыртта орналасқан 3 моншаға түсуге де мүмкіндік бар. Сондай-ақ, егер мейрамханаларда (2) емес, өзіңіз алып келген асты ғана тұтынам десеңіз оған да рұқсат етілген. Алматыдан 34 шақырым жердегі 7 гектарды алып жатқан Глэмпинг тауы қонақтарына балық аулап, атпен, жаяу серуендеуіне де жағдай жасалған. – Экологиялық туризмді еліміздегі бүкіл туризм саласының қозғаушы күші деуге болады. Қазақстандағы экотуризмнің ең танымал түрлеріне: тау туризмі; жаяу туризм; рафтинг; ұлттық парктер мен табиғи аумақтарға бару; тарихи орындар мен мәдени мұра нысандарына бару; глэмпинг кіреді. Өкінішке қарай, еліміздегі рығы мен оның әлеуеті әлі толық зерттелмеген. Ұлттық статистика бюросынан да, оған қатысты ақпаратты табу мүмкін емес. Қазақстан экотуризмнің бұл түрі жағынан Орталық Азия елдерінен алда тұрғанымен, дамуы жағынан көршілес Ресейден біршама артта қалып қойды. Дегенмен, әлемдегі жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын және географиялық орналасуы жағынан бірегей Қазақстанның глэмпинг бойынша әлеуеті өте зор, – дейді «Глэмпинг тауы» қонақүйінің теңқұрылтайшысы Рустам Даиров. Оның айтуынша, еліміздің 8 аймағында ғана емес, барлық жерінде экотуризмнің бұл түрін дамытуға мүмкіндік бар. Тек бұл үшін, бизнес пен мемлекеттің серіктестігі керек. Мәселен, қазір экотуризм ақпараттық ресурстық орталығы сайтында глэмпинг туралы мәлімет жоқ деуге болады. Онда ішкі туризммен айналысатын 17 компанияның ғана тізімі тұр. Яғни, экотуризмнің бұл түрі әлі игерілмеген тың сала болып отыр.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»