Жақында Алматы облысының Үлкен ауылында Атом электр станциясын салу жөнінде қоғамдық тыңдау болды. Елді мекеннің шағын ғана мектебінің мәжіліс залында өткен бұл талқылауға республиканың түкпір-түкпірінен сарапшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Онда айтылған әңгіменің белгілі деңгейде салмағы бар екенін мойындауға тиіспіз. Әрине, пікірлер екіге жарылды. Бір тарап құптаса, екінші тарап қарсылық көрсетті. Қай-қайсысының болмасын өз шындығы бар.
Атом электр станциясының құрылысын қолдаушылар бұл жобаның тиімділігін барынша дәлелдеуге тырысты. Олардың айтуынша, Атом электр станциясы елді аса қажет электр энергиясымен қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Оның Балқаш көліне кері әсер ету ықтималдығы төмен. «Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС-нің директоры Тимур Жантикин бұл орайда Балқаш көлінің су шаруашылығы комитетінен алған мәліметті келтірді. Оған сенсек, жыл сайын көл бетінен 18 миллиард м3 су буланады екен, ал стансаға жылына бар болғаны 63 миллион м3 бу жұмсалады. Бұл көлдің табиғи буының небәрі 0,3 пайызы, яғни мүлде аз. Қауіпсіздік мәселелеріне қатысты Т.Жантикин мамандар 3 немесе 3+ буынының ең тиімді технологияларына, яғни ең қауіпсіз реакторларына басымдық беріп отырғанын айтты. Сонымен қатар, АЭС адамның араласуынсыз жұмыс істейтін және қондырғы өшірілген кезде де оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін пассивті қорғаныс жүйесін пайдаланатын болады. Жантикин осы орайда ядролық қалдықтарды кәдеге жарату технологиялары, сондай-ақ стансаны пайдаланудан шығару бірден АЭС құрылысының өзіндік құнына енгізілгенін айтты. Ал, жобаның экономикалық тиімділігіне қатысты сұраққа орай оның шығындарының ауқымды, бірақ қызмет ету мерзімі ұзақ болғандықтан, энергия өндіру құны кәдімгі электр станциясымен пара-пар болатынын ортаға салды. Тыңдауға қатысқан белгілі қазақстандық эколог Мэлс Елеусізов Жантикиннің Балқаш өзеніне қатысты келтірген дерегін жоққа шығарды. Оның айтуынша, шын мәнінде біз қазір станцияны қай жерде салуды емес, Балқашты құтқару жайлы ойлауымыз керек. Өйткені, көп ұзамай, бұл көл тартыла бастайды. Қазақстандағы мұздақтардың бүгінде 44 пайызы еріп кетті. Көп ұзамай Балқашқа құйылатын су көздері жойылады. Шын мәнінде нағыз бас ауыртатын мәселе – осы. Ол осы орайда 2000-шы жылдардың басында парламентарийлердің Қазақстанда жаһандық ядролық қалдықтарды көміп, ақша табу туралы бастама көтергенін еске алды. Бірақ қоғамның белсенді араласуының арқасында бұл шешім парламенттен өтпеді. «Мен көп жылдар бойы Балқаш көлінің проблемаларымен айналысып келемін және бүгінде Балқаштың орташа тереңдігі небәрі алты метр екенін білемін. Жағдай қиын. Егер атом электр станциясы салынатын болса, ондағы тірі ағзаның бәрі өледі. Атом электр станциялары бүкіл адамзат үшін қашанда түйткілді мәселе болған, солай болып қала береді» – деп ескертті Мэлс Елеусізов. Экологтың айтуынша, атом электр станциясын салу тек Үлкен ауылының мәселесі емес. Бұл республикалық референдум деңгейінде талқыға түсуге тиіс жалпыхалықтық іс. «Жұмыстары жоқ жергілікті тұрғындарды түсінемін. Егер Қазақстан оларды ойласа, мұнда баяғыда кәдімгі зауыт салынып, адамдар жұмыс орнына ие болар еді» деп түйіндеді ол ойын. Үлкен ауылының тұрғындары бұл жобаны қолдайтынын білдірген еді. Олар тіпті бұл тыңдауға ұрандарын жазып алып келіпті. Елеусізов мырза айтқандай, олар бұл шешімдерін Үлкен ауылының қазіргі жағдайымен байланыстырды. Тыңдау барысында сөз алған ауыл тұрғындарының айтуынша, ауылдың инфрақұрылымы нашар. Электр энергиясының тапшылығынан қоныс аударушылар көп. Жұмыс орны да аз. Егер атом электр станциясы салынса осы мәселелер өздігінен шешілер еді. Сондықтан үлкендіктер АЭС құрылысын қолдайды. Олардың кейбірі ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіндегі сараптама кеңесінің мүшесі Светлана Могилюктің «Атом энергиясының денсаулыққа зияны туралы көптеген расталған зерттеулер бар. Атом электр станцияларының жанында балалардағы лейкоз ауруы айтарлықтай артып келеді. Атом электр станциясының қызметі радиоактивті шығарындылармен бірге жүреді» деген сөзін тіпті тыңдағысы да келмеді. Солардың бірі «40 жылдан бері ауылды өзгерістер күтіп тұрды. Үлкенде ұзақ уақыт жылусыз, жарықсыз өмір сүрдік. Осы құрылыстың басталуын күттік. Мен өзім инженер-энергетикпін. Бұл станса бізге өте қажет деп білемін. Сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан Жапонияда 15 атом электр станциясы бар. Өзбекстанда атом электр станцияларының құрылысы басталды. Біздің олардан қай жеріміз кем. Біз бейбіт атомды жақтаймыз!» деп кесіп айтты. Оның бұл сөзін «АҚШ-та атом электр станцияларындағы 98 энергоблок электр энергиясын өндіреді, ал Қазақстан әлі екі блокты салу туралы шешім қабылдай алмай отыр. Біздің еліміздің аумағына бес Францияны орналастыруға болады. Ал, осы елде 58 атом электр станциясы жұмыс істейді. Қытайда 49, Ресейде 38 энергоблок бар» деп Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева жандандыра түсті. Нұрғазиева сонымен қатар атом электр стансасы құрылысының «Атом энергиясын пайдалану туралы» заңмен реттелетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, аталмыш құжаттың 12-бабына сәйкес құрылыс салу туралы шешімді жергілікті өкілдік органдардың келісімімен ҚР Үкіметі қабылдайды. 2022 жылдың 22 қарашасында облыстық мәслихаттың сессиясы өтіп, депутаттар атом электр станциясын салуға келіскен. Атом электр стансасын орнатамыз ба, жоқ па, мұны жергілікті халық шешеді. Жергілікті тұрғындар оң шешім қабылдаса, суды, ауаны, топырақты зерттеу кезеңі басталады. Сондай-ақ, ол «мұндай тыңдауларды Қазақстанның басқа аймақтарында, атап айтқанда Талдықорған, Алматы, Балқаш қалаларында өткізу керек» деген пікір білдірді. Бұл қоғаммен ашық диалогты қамтамасыз етуге, барлық мүдделі тараптардың пікірлері мен мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді. Тыңдау қорытындысы бойынша Алматы облысының мәслихаты шешім қабылдайды, қазір бұл құжат дайындалуда. Содан кейін бұл мәселені Үкімет қарайды. Жалпы, тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, көптеген Батыс елдері өздеріндегі АЭСтың жұмысын тоқтатуға бел байлап отыр. Тіпті, қазіргі таңда Украинадағы жағдайға қарамастан, Германия секілді бірқатар мемлекеттер атом электр станцияларын жауып жатыр. Қазір тек дамушы елдер атом электр станцияларын салу үстінде. Энергетика саласындағы жобалар ұзақ мерзімді және оларды жүзеге асыру тек жүйелі жоспарлау арқылы жүзеге асады. Соның ішінде атом электр станциялары – базалық қуат пен адами капиталды қажет етеді. Бұл өте қымбатқа түседі. Бірақ оны пайдалану арзанырақ. Бұл орайда тұтынушы тарифін кім бекітеді, Қазақстан ба, әлде шетелдік компания ма, ол теңгемен бе, доллармен бе? Осының бәрі нақты шешілуі керек. Сонымен қатар, станцияның қосалқы бөлшектерін өзіміз өндірмейтініміз де үлкен мәселе. Америка Құрама Штаттарының Ресейге қарсы санкцияларының 11-ші пакеті General Electric-ке Ресеймен жұмыс істеуге тыйым салады. Енді бұл ел қосалқы бөлшектерді жеткізуге, қызмет көрсетуге, кеңес беруге және тіпті сатып алынғаннан кейін сызбаларды пайдалануға тыйым салады. Мұның бәрі белгілі деңгейде тығырыққа тірейтін жағдай. Бұл орайда шешім қабылдаудан бұрын жан-жақты сараптама жұмыстары қажет.
А. ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


