Қылмыс әлемінің тарихынан хабары бар кез келген адам алаяқтықтың өте ертеден келе жатқанын және оның дамуы әр елде әрқилы дәрежеде болғанын жақсы біледі. Мәселен, тұрмыс салтына байланысты туыстық байланысы жақсы сақталған қазақ елінде бұл ХХ ғасырға дейін өте сирек кездесетін қылмыс түрі саналды. Өйткені мұнда «У ішсең руыңмен» деген қағида жақсы сақталған.
Егер біреу алаяқтықпен айналысып, өз ауылдастарын алдайтын болса ол бұл ортада ең жеккөрінішті адамға айналады. «Малым – жанымның, жаным – арымның садақасы» дегенді күнделікті өмірде естіп, көріп өскен адам еңбексіз, арам жолмен тапқан табыстың қайырсыз екенін біліп, одан бойын аулақ ұстайды. Ал ірі өнеркәсіп орны көбейіп, қалалық өмір салты дамыған елдерде алаяқтықтың түртүрі пайда болып, ол жан қинамай оңай табыс табуды қалайтындардың күнделікті кәсібіне айналып кетті. Әдетте адам көп жиналатын базарлар мен өзге де қоғамдық орындарды көп жағалайтын алаяқтар қазір цифрлық технологияның арқасында ешқандай шекараны білмейтін «сиқырлы құралдарға» иелік ете бастады. Үйде отырып-ақ, әлеуметтік желілерді ақтарып отырып, өзіне қажетті ақпаратты оп-оңай тауып ала алатын олардың көлеңкелі бизнесінен зардап шегетіндер саны жыл өткен сайын өспесе, кеміп жатқан жоқ. Мәселен, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2022 жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамасына қарағанда, ең көп таралған сыбайлас жемқорлық қылмыстардың ішінде алаяқтық, пара беру мен пара алудан кейін үшінші орында тұр. 2021 – 2022 жылдары оның саны 160-тан 311-ге дейін өскен.
Мемлекет басшысы маусым айының аяғында Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде алаяқтыққа арнайы тоқталды. Азаматтарымыздың алаяқтардың айласына түсіп, алданып қалып жатқанын, құқық қорғау органдары алаяқтарға қарсы табанды күрес жүргізуге тиіс екенін, оларға ешқандай жеңілдік жасалмауы керектігін айтты. – Алаяқтардың жасаған әрекетінен халық зардап шегуде. Мысалы, жақында бір туристік компания заңға бағынатын бір топ азаматты алдап, оларды қажылыққа жіберген. Енді кінәсіз адамдар Сауд Арабиясының полиция учаскесінде қамауда отыруға мәжбүр. Осындай алаяқ компанияның заңға қайшы әрекеті азаматтарымыздың денсаулығына, олардың моральдық жағдайына және жалпы еліміздің беделіне үлкен нұқсан келтіріп отыр. Бұл жерде, әрине, адамдардың құқықтық сауатсыздығы да бар. Енді мемлекетіміз, яғни Сыртқы істер министрлігі оларға барынша көмектесуі қажет. Ал Ішкі істер министрлігі алаяқ компанияның басшылығын, қызметкерлерін заңға сәйкес жауапқа тартуға тиіс. Әділетті қоғам құрамыз десек, дәл осындай өзекті мәселелерді шешуіміз керек, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. ЖАЗА АУЫРЛАДЫ Қылмыстық кодекстің 190-бабының 1-тармағы бойынша алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену – мүлкі тәркіленіп, 1000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, немесе 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2-тармағы бойынша адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен; адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып; ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен; мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық – мүлкi тәркiленiп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айырылады. Немесе 4000 АЕК дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 1000 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 4 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 3-тармағы бойынша ірі мөлшерде; мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам, не оған теңестiрiлген адам, не лауазымды адам немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса; екі немесе одан да көп адамға қатысты; бірнеше рет жасалған алаяқтық – мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан 6 жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеп, не сол мерзiмге бас бостандығынан айырылады. Ал 2-тармақта көзделген жағдайларда мүлкi тәркiленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің 10 еселенгеннен 20 еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға, не 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 4-тармақ бойынша осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер оларды: қылмыстық топ жасаса; аса iрi мөлшерде жасалса – мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейінгі мерзімге айыра отырып онсыз, ал осы баптың үшінші бөлігінің 2-тармағында көзделген жағдайларда белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. АЛАЯҚТЫҢ АЙЛАСЫ КӨП Қазіргі кезде алаяқтықтың ең көп таралған түрлері: вишинг пен фишинг болып отыр. Мемлекеттік қызметтер мен онлайн ақпараттың Egov электрондық үкімет порталындағы мәліметке қарағанда, вишинг – әлеуметтік инженерия элементтері бар алаяқтықтың бұл түрі телефон арқылы азаматтардың жеке мәліметтерін ұрлауға бағытталған. Фишинг – пайдаланушыны алдауға, оны өзі және оның картасы туралы құпия ақпаратты ашуға мәжбүрлеуге мүмкіндік беретін әдістер жиынтығы. Оны пайдаланушылардың негізгі мақсаты – азаматтардың жеке және төлем деректерін иемдену, олардың банктік шоттары мен ақшасына қол жеткізу. Мәселен, телефон алаяқтарының негізгі схемаларының біріншісі: әлеуетті жәбірленушінің ұялы телефонына қоңырау шалып, өзін банктер мен басқа да қаржы ұйымдарының қызметкерлері деп көрсетеді. Олар қазақстандық қаржы институттарының абоненттік нөмірлерінің көшірмесін жасауға мүмкіндік беретін SIP телефония сияқты бағдарламалық құралды пайдаланады. Әңгімелесу кезінде олар жәбірленуші картасынан ақшаны шығару әрекеті болғанын хабарлайды және жеке кабинетінен құпия сөзді өзгертіп, жаңа пароль мен SMS кодын ұсынуды сұрайды. Сондықтан банк қызметкерлері қоңырау шалса, сөйлесуді дереу тоқтату керек. Өйткені, нақты банк қызметкері сіздің жеке деректеріңізді нақтылау үшін тұтынушыға ешқашан қоңырау шалмайды. Бұл ақпарат тек алаяқтар үшін қажет. Екінші, алаяқтар әлеуетті жәбірленушінің ұялы телефонына қоңырау шалып, өздерін тәртіп сақшылары ретінде көрсетеді. Олар сіздің атыңыздан немесе сіздің туыстарыңыздың, достарыңыздың үстінен арыз түсіп, 190-баптың 3-бөлімі – аса ірі көлемдегі алаяқтық бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлауы мүмкін. Мұндай жағдайда күдіктінің қай полиция бөлімшесінде тұрғанын, оған қандай бап бойынша айып тағылғанын, әрекет қашан жасалғанын, адвокаттың көмегі көрсетілді ме, онымен қалай байланысуға болатынын сұрау керек. Сондай-ақ, өзін шақырған ұйымның сенім телефонына бұл жағдай туралы айтып, қоңырау шалу қажет. Үшінші, заманауи технологиялардың көмегімен алаяқтар әңгімелесушілермен белгілі бір сценарийлер немесе аудио жазбалар бойынша «байланысатын» дауыстық роботтарды пайдаланады. Онда: ЖСН, жеке басын куәландыратын құжат нөмірі, картаның толық мәліметтері, SMS коды сияқты маңызды мәліметтерді алғысы келеді. Мұндай жағдайда әңгімені мемлекеттік тілде жүргізіп, күдіктенген жағдайда байланысты үзу керек.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»


