Ағаш тамырымен, адам досымен мықты
Жәрдембек Қыдыралиннің досы жайлы естелігі өте көп. – 1985 жылы Кеңшілік Абдельдинов және оның Ауғанстанда әскери борышын бірге өтеген қарулас досы Бақыт Сақбаев пен әрі курстасы, әрі әріптесі болған Арман Құлбеков сынды сайдың тасындай іріктелген жігіттер ҚазМУ-дің заң факультетіне оқуға түсіп, бірге бітірдік. Бір бөлмеде тұрғандықтан, жасыратын сырымыз болған жоқ. Бір жапырақ қара нанды бөліп жеп, әзіл-қалжыңымыз жарасқан дос едік, – деп бастады әңгімесін сыралғы дос. – Талдықорған өңірінде бір аудандық соттың төрағасы болып отырғанымда, облыстық соттың судьялары Арман Құлбеков пен марқұм Кеңшілік Абдельдинов келіп, мұрағаттан біз қараған істерді егжей-тегжейлі тексеруге кірісті. Бір күні көшпелі сот мәжілісін ұйымдастырып, қылмыстық оқиға болған жерді қарап, қайтып кеңсеме келсем, алдымнан соттың бас маманы жүгіріп шықты. Түрі бұзылып кеткен. «Не болды?» десем, «Облыстан тексеруге келген судьяларға автокөлігіңізді жуғызып қойыпсыз ғой», – дейді. Кеңшілік киімін ауыстырмастан, автокөлікті жууға кірісіп жатқанда, жүргізушім мен қызметкерлерім абдырап қалыпты. Аудандық соттың қызметкерлеріне «ой, ол кісінің бұзақы достары бізге қысым көрсетуі мүмкін. Көлігін жуып, тазалап құтылмасақ болмайды» деп, оларды одан әрі әбігерге түсіріпті. Жақсылық Қыдыралиннің айтуынша, Кеңшіліктің ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары болған. Содан болар, ауғандық ардагерлердің басын қосқан жиындардан қалмай, игілікті істердің ұйытқысы болып жүретін. Алайда соғыс туралы олар өте сирек айтатын. Бірақ реті келгенде Сақбаев екеуі ауған соғысында «КамАЗ» маркалы трасса королінің жүргізушілері болғандығын мақтанышпен еске алатын. «Университеттегі ұстаздарымыз Қалауша Бегалиев, Мәжит Имашевтар қазақы дәстүрді де, заңды да жақсы білетін ұлағатты адамдар болды. Сол кісілер Кеңшілікті әрдайым мақтап отыратын. Заң ғылымының докторы, профессор, заманында республикамыздың үш-төрт облысындғы прокуратура органына басшылық еткен Қалауша Бегалиев Кеңшіліктің ақпейілділігіне, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін мінезіне, жалпы, оның парасаттылығына риза болып: «Кеңшілік деген ат кеңдікті, кемеңгерлікті, бостандықты, тәуелсіздікті, кеңпейілділікті білдіретін есім, сен өз атыңа әбден лайықсың», – деп жиі қайталап отыратын. Расында Кеңшілік кең адам екенін өмірде дәлелдеді. Айналасына ақыл-кеңесін айтып, жоқ адамға көмегін беріп жүретін. Өте қайырымды болды. Жомарттығы сол, өзі киіп жүрген жақсы киімін қатар жүрген досының иығына жаба салатын. Бірде курстас жігітті ауғандық ардагерлер дүкеніне апарып, югославиялық етік алып берді. Ол кезде мұндай етікке қаржысы қат адам түгілі, жағдайы бар адамның қолы жетпейтін. Осындай кеңдігіне қарап, Кеңшілік қайырымдылық жасауды, жақсылық жасауды өзінің парызы деп есептейтінін аңғарар едік», – дейді Жәрдембек Қыдыралин.
Дара тұлға
Досы жайлы Жәкеңнің естеліктері өте көп. Соның бірі мынау: – Әлі есімде, 1989 жылдың көктемінде ҚазМУ-дың заң факультетінің үлкен аудиториясында лекция жүріп жатқан. Бір кезде залға бес-алты дәрігер кірді. Ол кісілер Ауғанстаннан қайтып келген солдаттардың арасында жаралы жауынгерлердің көп екенін, олардың біразына қан құю қажеттілігі туындап тұрғанын айтып, студенттерден көмек сұрады. Сол кезде ойланбастан Кеңшілік суырылып алға шықты, оның артынан ауған соғысының ардагері Ешенов Айдархан досымыз ілесті. Оларға бірнеше студент қосылдық. Сонымен үш жүзден астам студенттің арасынан бас-аяғы бес адам ғана донор болып, қан өткіздік… Кеңшілік қазақ орта мектебін бітірген. Ол кезде университетте сабақ орыс тілінде өтетін. Ауызекі орысшасы жақсы болғанымен, орысша дәріс айту қазақ мектебін бітіріп келген ауыл балаларына ауыр соғатын. Сол себепті болар, Кеңшіліктің тақырыпқа қатысты бүкіл тарауды жаттап келетін әдеті бар-тын. Есте сақтау қабілеті зор еді. Өжеттігі бір төбе. …Екінші курста Бақыт Сақбаев деген досымыз екеуміз шахмат ойнап отырған едік. Бөлмеге Кеңшілік кіріп келді. Түрі бұзылып кеткен, ашулы. «Жүріңдер, ана екі жігіт жабылып кетпесін, қарап тұрыңдар», – деді бірден. Бардық. Сөйтсек, ерегестің басы қыздардың көмек сұрауынан басталыпты. Екі жігіт тиісіп қоймаған соң, көзтаныс қыздар досымызды танып, көмекке шақырған ғой. Жетіп барса, сырттан келген, қызып алған жігіттер екі қыздың жолын бөгеп, жібермей тұр екен. Дереу қыздарды арашалап алып, жатақханаларына жеткізген соң, бізді ертіп алып, өзін тосып тұрған әлгі екі жігітке келдік. Кесімді сөзінде тұрып, қорықпай қайта келгеніне риза болды ма, әлде мастықтары тарады ма, «екі мықты» Кеңшіліктен кешірім сұрап, төбелессіз сол жерде татуласып тарадық. Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Жәрдембек Қыдыралиннің айтуынша, Кеңшілік тура айтатын тік мінезді болған. Әрине, онысы кейбір басшыларға ұнамайтын. Достарын да үлкен-кіші деп бөлмей, көңіліне ұнамай қалса, бет-жүзіңе қарамай, ойын ашық айтып, қарап отыратын. …Қазақстанның әділет саласының алғашқы генералы атанған Долда Досполовтың шәкірті болып, сол кісіден көп тәлім-тәрбие алды. Долда Досполов Әділет министрі болған, өмірде көргені көп, тәжірибесі мол, мәдениеті өте жоғары адам еді. Ол кезеңдегі адамдар зейнеткерлік жасқа жеттім деп, арқасын кеңге салып демалып жату дегенді білмейтін. Мысқалдай болса да пайдам еліме, жұртыма тисін деп кез келген қызметті атқаруға жан-тәнімен кірісетін. Долда Досполов сол кезеңде өзінің шәкірттері Кеңшілік, Арман, Какен деген жігіттерді тәрбиелеп, олардың заң саласының қыр-сырын жетік меңгерген маман болып қалыптасуына зор үлесін қосты. Сондай заңғар тұлғадан тәлім алған Кеңшілік өмірде өз орнын тауып, заң саласында абырой-атағы, өзіндік орны бар тұлға болып қалыптасты.
Досымыз мәңгілік бізбен бірге
Жетісу облыстық сотының судьясы Арман Құлбек те – Кеңшілік Абдельдиновтың әріптес досы. «Кеңшілікпен жоғары оқу орнын тәмамдап, мамандық алғаннан кейін Әділет министрлігінде қызметтес болдық. Кәсіби біліктілігі толысқан, өз кәсібінің нағыз маманы болғанына сол кезде көзім жетті. Жоғарғы Сотта Кеңшілік Кеңесұлы беделді, білікті, абыройлы қызметкер ретінде танылып қана қоймай, бізді судьялық жұмысқа дайындап, оң ықпал ете білді. Өзі де қызметтегі біліктілігін көрсетіп, 2003 жылы Алматы облыстық сотының судьясы қызметіне тағайындалды. Шыны керек, Кеңшілік Кеңесұлының басқа облыстарға да судьялық лауазымға тағайындалатын мүмкіндігі бар еді. Бірақ ол өз облысын таңдады. Талдықорғанда нан-тұзымыз, шай-суымыз араласқан дәмдес көрші де болдық. Өзі жақсы азамат болған соң, Алла тағала лайықты жақсы жар берген ғой. Жұбайы Қанзия екеуі ұлағатты ұрпақ тәрбиелей білді. Кеңшілік Кеңесұлы артық сөзі жоқ, жүрісі де, тұрысы да өзіне жарасып тұратын жан еді. Үлгі алатын нағыз дос, азамат болды. Сырт келбеті мен ішкі ойы сай келіп тұратын. Туғантуыс, ет жақындарға тең қарайтын. Үлкенге құрмет, кішіге ілтипат таныта білетіндіктен, айналасында тек жақсы жандар жүретін еді. Кеңшілік туралы өткен шақта айтқан өте ауыр. Ол бүкіл болмыс-бітімімен әлі де бізбен бірге…», – дейді Арман Шәріпұлы. Арман Құлбек қызметтес кезіндегі естелігін де ортаға салды. – Кеңшілік Кеңесұлы адам тағдырын шешуде асығыстыққа жол бермейтін. Әділдігі, жауаптылығы жоғары азамат еді. 1994 жылы сәуір айында Текелі қалалық сотына судья болып тағайындалдым. Ол кезде Кеңшілік Әділет министрлігінде қызмет істейтін. Кеңселерінен пайдалану уақыты өтіп кеткенімен, әлі де жарамды қызметтік стол, кресло, орындықтар, «Ятрань» машинкасы секілді керекті заттарды жалдамалы жүк көлігіне тиеп, бір күні маған алып келді. Жанашырлығы ғой. Осының өзі оның айналасындағы адамдар жайлы өмір сүріп, қиналмай қызмет істесе деген қамқорлығын көрсетпей ме? Себебі ол кезеңде жайлы креслоны айтпағанда, қолжазбаларды басатын машинка табу қиынның қиыны еді. Бүтін ұжымға ортақ бір ғана машинка болатын. Бұл мен үшін керемет, баға жетпес сыйлық болды. Досымыздың бейнесі біздің есімізде тек жақсы қырларымен сақталған. Әттең, тағдыр жақсы адамның өмірін тым қысқы етті…
Соғыс деген бір сынақ
Кеңшілік Кеңесұлы туралы Жетісу облысы Ауған соғысы ардагерлері ұйымының төрағасы Ержан Данабековтің де айтары көп. «Талдықорғанда жасақталған жігіттерді Үштөбе станциясына апарып сапқа тұрғызды. Шокуров деген майор «Ауғанстанға кетесіңдер. Кім қорықпайды, сапта қалыңдар. Қалғандарың боссыңдар» деді. Сонда тізіліп тұрған үш жүзден астам адамнан елуге жуық жігіт сапта қалдық. Соның ішінде Кеңшілік те бар еді. Пойызбен Ташкенттен асып, Түрікменстанның Тақта Базар деген құмды даласында 15 күн дайындықтан өттік. Содан кейін «Тығыз тапсырма түсті. Араларыңнан 54 жүргізушіні алып кетеміз» деді. Бұл іріктеуде Кеңшілік секілді 52 қазақ, бір орыс, бір татар қалдық. Ауғанстан шекарасындағы Кушкада (Түрікменстан) әскери форма кигізіп, ант қабылдатып, 602-батальон құрамына кіргізді. Сөйтіп, Тургунди–Герат- Шындант – Кандагар қалаларының арасында «КамАЗ» автокөлігін тізгіндеп, авиациялық керосин тасыдық. Командирлер сауатты, шымыр да шыныққан, батылдығымен арамызда ерекшеленген солдаттарды бөлектеп, аса маңызды тапсырмаларды соларға беретін. Сол себепті болар, Кеңшілікке жараланған солдаттарды Ауғанстан шекарасынан асып, Кеңес Одағы жеріндегі ауруханаларға таситын «УАЗ-469» маркалы автокөлігі беріліп, зор сенім мен үлкен жауапкершілік жүктелді. Өзіне артылған міндетті Кеңшілік те мінсіз атқарды, – дейді майдандас досы.
Әкеге қарап ұл өсер
Прокуратура органдарының ардагері Айдар Жанаділов – Кеңшілік Кеңесұлының сыныптас досы. Бала күннен тай-құлындай тебісіп өскен Айдар мырзаның да досы жайлы айтары аз емес. «Досқа адал, кек сақтамайтын, ұрыс-керісті ұнатпайтын, оңайлықпен ашуланбайтын, ашулана қалса, тез ұмытатын азамат еді. Айта берсе, жағымды қасиеттері өте көп. Бүкіл ауылдастарымыздың есінде қалған бір оқиға: Кеңшіліктің әкесі Кеңес аға экспедитор болды. Ауылдың керек-жарағын тауып, қамтамасыз ету ісі сол кісіге жүктелген. Содан Кеңес аға автокөлікке тапсырыс беру мақсатында ГАЗ-53 маркалы автокөлігімен жанына 14 жастағы ұлы Кеңшілікті алып, Фрунзе қаласына барған. Сол жердегі құзыретті мамандар Кеңес ағаға «тапсырыс берген автокөлік дәл қазір дайын тұр, бүгін алып кетпесең, ертең басқаға кетіп қалады» дейді. Кеңес аға ауылы зәру болып отырған автокөлікті қайтсе де алып кету үшін, амалсыздан бір автокөлікті өзі тізгіндеп, екіншісінің рөліне Кеңшілікті отырғызады. Сонымен небары бір мүшел жасында-ақ мың шақырым қашықта орналасқан Фрунзе қаласынан су жаңа автокөлікті ауылға жеткізіп, елді бір қуантқан еді досымыз», – деді ол.
Түйін
Кеңшілік Кеңесұлы Абдельдинов арамызда тірі жүрсе, биыл асқаралы алпыс жасқа толатын еді… Халыққа бергенінен берері көп болатын. Еліне жасағанынан жасайтыны мол еді. Амал қанша, арда туған азаматты ажал шіркін арамыздан ерте алып кетті. Бірақ, артында өшпес із, өлмес рухы қалды. Кеңшіліктің орнын жоқтатпай отырған достары мен шәкірттері, бауыры Жақсыбек, шаңырағын құлатпай отырған жұбайы Қанзия мен ұлдары Елнұр, Елдостар көңілге демеу. Аманатына адал болған азаматтың жатқан жері жарық, рухы шат болғай!
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Заң газеті»