Мәжіліс кулуарында Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Абай облысындағы өртке қатысты тергеліп жатқан қылмыстық істер аясында министрлер мен әкімдерден жауап алынатынын мәлімдеді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бас прокурордың орынбасарының айтуынша, тергеу енді ғана басталғандықтан, шенеуніктердің әрекеті әлі анықталған жоқ.
«Қылмыстық істі тергеп-тексеру шеңберінде өз міндеттеріне, қызметтеріне жауапсыз қарап, өздеріне жүктелген міндеттемелерді орындамау салдарынан осындай оқиғалар мен азаматтарымыздың өліміне себеп болған кінәлі лауазымды тұлғалар анықталатын болады», — деді Өмірәлиев.


