Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек беру тәртібі өзгеруі мүмкін. Бұл өзгеріс жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жариялады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құжат 2025 жылғы 5 мамырға дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында жарияланған.
«Жоба Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпандағы ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында халыққа әлеуметтік көмек көрсету тетігін жетілдіру бойынша іс жүзінде мұқтаж азаматтардың жиынтық кірістері мен шығыстарын айқындауды ескере отырып шаралар қабылдауға қатысты берген тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленді», — деп жазылған хабарламада.
Құжатқа сүйенсек, атаулы әлеуметтік көмекті алуға үміткерлер банк шоттары, банктегі қарыздары (ипотекалық қарыздардан басқа) және (немесе) микрокредиттер, жинақ салымдары, депозиттер бойынша шығыс операциялары туралы мәліметтерді ұсынуы қажет. Бұл мәліметтерге атаулы әлеуметтік көмекті алуға үміткердің келісімімен ғана қол жеткізуге болады.
Қазақстанда кімдерге АӘК беріледі?
Қазақстанда жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға (отбасыларға) атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) көзделген.
Ол Қазақстан халқының мына санаттарына тағайындалады:
- ҚР азаматтары;
- ҚР аумағында тұрақты тұратын азаматтығы жоқ тұлғалар;
- босқындар;
- қандастар.
Жан басына шаққандағы орташа табыс – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі.