Сот саласын жаңғырту бағытында жасалған ауқымды жұмыстардың нәтижесі жоғары. Әлбетте, жаңа заң, жаңа жоба, соны бастамалардың қолға алынғаны дұрыс. Мұндай игілікті істер сот пен халық арасын жақындатуымен, азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғауымен құнды. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің қолданысқа енгізіліп, жаңа әкімшілік соттардың жұмыс бастауының да қоғамға әкелген жаңалығы, азаматтарға тигізген пайдасы мол. Өйткені, бұл жаңашылдық жария-құқықтық дауларды оңтайлы шешіп, мемлекеттік құрылымдардың әрекеті мен әрекетсіздігіне шағымданған жеке және заңды тұлғалардың мүддесін қорғауды көздейді.
Қолданысқа енгізілгеніне екі жылға жуықтаған әкімшілік соттар бүгінде бірыңғай тәжірибе қалыптастырып, жұмысын бір арнаға түсіріп үлгерді. Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан әкімшілік реформаның мақсаты – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру ғана емес, билік органдарының әлеуметтік қажеттіліктерді дер кезінде қанағаттандыру мүмкіндігі. Әкімшілік соттар өндірісіне түскен істердің басым бөлігін жер дауы, сот орындаушылар әрекеттеріне шағымдар; мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар; салық, тұрғын үй дауы және мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы даулар құрайды. Соның ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы шешімдер мен әрекеттерді дауларды қараудың өзіндік тәртібі бар.
Жалпы, бүгінде ірілі, ұсақты мекемелердің барлығы өзіне қажет қызмет пен тауарды Мемлекеттік сатып алу порталынан алатыны белгілі. Алайда, «Мемлекеттік сатып алу» туралы заң талабын белден басып, өзіне жүктелген міндеттерді дер кезінде, талапқа сай орындамайтындар да аз емес. Мұның соңы әкімшілік соттардағы мемлекеттік сатып алуға қатысты даулар санының артуына әсерін тигізеді. Жоғарғы Соттың «Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулыны қабылдауының астарында да әкімшілік соттарға түскен дауларды сапалы қарап, бірыңғай тәжірибе қалыптастыруға бағытталған болатын.
Әрине, мұндай санаттағы даулардың үлес салмағы аз болғанымен, олардың сипаттамалары әртүрлі. Сондықтан судьялар бағдар етер, сүйенер арнайы нормативтік қаулының болғаны құптарлық. Мемлекеттік сатып алуға қатысты дауларды берушілер көбінесе арнайы заңдағы талаптарды ескере бермейді. Айталық, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының 47-бабында әлеуетті өнім берушінің құқықтарын бұзған әрекеттері (әректесіздіктеріне), шешімдеріне шағым жасаудың мерзімі мен тәртібі реттелген. Заңның бұл нормасы әлеуетті өнім берушіні сотқа талап арыз бермес бұрын уәкілетті органға шағыммен жүгіну міндетін көздейді. Яғни, арызданушы үшін дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі міндетті болып табылады. Осыдан көріп тұрғанымыздай әлеуетті өнім беруші заңмен көзделген сотқа дейінгі белгіленген тәртіпті айналып, сотқа жүгіне алмайды. Егер талап арыз сотқа бұл тәртіпті сақтамай тікелей берілген болса, ӘРПК-нің 138-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасына сай ол қайтарылуы тиіс. Құқықтық талапты ескермегендіктен заңның осы бір тетігі көбінесе ескерілмей жатады.
Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алуға қатысты дауларда өнім берушіні жосықсыз қатысушы деп тану туралы талаптар жиі түседі. Осы ретте нормативтік қаулыда айқындалған нақты талаптар түрлі субъективті көзқарастың алдын алатынын айта кеткеніміз жөн. Соның ішінде бұл құжатта әлеуетті өнім берушінің конкурстық баға ұсынысына әсер ететін біліктілік талаптары мен құжаттары туралы жалған мәліметтерді ұсынумен байланысты әрекеттер тізбесі келтірілген. Мұндай нақтылау әлеуетті өнім берушінің әрекетін бағалау кезінде судьяға да, тараптарға да үлкен көмек.
Әсіресе, мемлекеттік сатып алуда жосықсыз қатысушы деп тану туралы талаптарды қарауда әрбір судья жоғарыдағы нормативтік қаулы мен «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңды басшылыққа алады. Осы заңның 12-бабының 4-тармағына сәйкес, біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат бергендер; жеңімпаз деп айқындалғанымен, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарғандар; өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемесін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілер мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне кіреді.
Тағы бір ескерерлігі, мемлекеттік сатып алуға қатысты әрекеттерді таразылағанда да сот өзіне жүктелген құзырет шегінде азамат пен билік құрылымдары арасындағы дауларды бейбіт жолмен шешуге ықпал етеді. Десек те, әкімшілік іс жүргізуде бітімгершілікке келу барлық жағдайда мүмкін бола бермейді. өйткені әкімшілік орган тек заңмен берілген өкілеттік шегінде әрекет ете алады. Әрбір іс бойынша сот дауды бейбіт жолмен шешудің артықшылықтарын түсіндіреді, мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның өз қалауы бойынша мұндай рәсімді қолдану мүмкіндігін белгілейді. Осылар болған және процеске қатысушылардың келісімі болған жағдайда татуластыру рәсімі жүргізіледі.
Әрине, мемлекеттік сатып алуға қатысты даулардың алдын алу қашан да тиімді. Ол үшін заң тәртібі мен салдарын үнемі түсіндіріп, назарда ұстап отыру маңызды. Осыған орай біздің сот судьялары мемлекеттік және әкімшілік органдар арасында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормаларын түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Соның ішінде мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылармен және тапсырыс берушілермен мемлекеттік сатып алу саласындағы құқық қолданудың проблемалық мәселелері бойынша арнайы шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Зәуре Жарылқасынова,
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы