Негізі халықпен жұмыс істейтін қызметкерлер зиялы қауым өкілдерімен мүмкіндігінше жиі араласып, түрлі себептермен кездескенде түйген ойларын газет жанрлары арқылы толықтырып отырса құба-құп. Мерзімдік басылымдардың берері мол. Әлеуметтік желілерге желікпей зерделей білген ләзім. Сөз реті келгенде айта кетсем, біз Жетісу облысы №2 Алакөл аудандық сотының судьялары мен қызметкерлері республикалық «Заң газетінің» тұрақты оқырманы болып саналамыз.
Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады» деп нақтыланған. Сондықтан шалғайдағы Қабанбай ауылында да қарапайым халық және зиялы қауым өкілдері түрлі себептермен сотқа жиі жүгінеді. Бұл олардың конституциялық құқықтары болып саналады. Бес саусақ бірдей емес екенін ескеріп сабыр сақтауды азаматтық парызым деп те санаймын. Заңды білу, сыйлау және құрметтеуден тұратын құқықтық мәдениеті төмен азаматтармен де ілтипат таныта тілдесіп, құқықтық мәдениеті жоғары екенін бірден аңғартатын азаматтармен тең сөйлесу төл міндетіміз. Әрине, бұл парыз білімді қажет етеді, тіпті талап етеді. Сондықтан үнемі ізденіспен, білсем білген үстіне біле түссем деген ұстанымым бар. Қызмет бабымен өз ауданымыздағы ғана емес облыстық деңгейде жұмыс істеп жүрген судьялармен жүзбе-жүз кездесіп, кейде телефон арқылы тілдесетінім бар. Байқағаным, «барлық судьялар үшін өзінің қызметтік және қызметтен тыс іс-әрекеттерінде басшылыққа алу үшін әдеп нормаларын белгілейтін Судья әдебі кодексін бұлжытпай орындайтыны тәнті етеді. Негізі конституциялық заңмен бекітілген бұл кодекстін берері көп. Осы орайда еңбек етіп жүрген ортамызда беймарал тәртіп қалыптасқандықтан ой еркіндігіне, сөз бостандығына шектеу жоқ. Бірақ функционалдық міндетіңді мінсіз орындау, заңнама шегінен шықпау әр қызметкердің бойтұмары іспетті жүрек бұрышында тұрады. Нәтижесінде сотқа жүгінген адвокаттар да, тараптар да бірде-бір қызметкеріміздің үстіне шағым түсірген жоқ. Құқық қорғау органдары қызметкерлері де риза. Ал судьяларымыз міндеттерін жақсы біледі.
Түйіндей келе алғашқы ойымды сабақтай отырып айтарым, Судья әдебі кодексін тереңдете оқыған сайын жан сарайың ашылып, сот жүйесіне қатысты өзге заңнамаларға бастау болады екен.
Маратхан Зәуренбеков,
№2 Алакөл аудандық сотының аға приставы