Мемлекет басшысының 2022 жылғы 31 қаңтардағы Жарлығына сәйкес Нұрсерік Шәріпов Жоғарғы Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып тағайындалды.
Нұрсерік Кәрімұлы Шәріпов 1965 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіргеннен кейін әкімшілік құқық кафедрасының ассистенті болып қызмет атқарды.
1992 жылы ҚР Президенті аппаратының азаматтық және рақымшылық жөніндегі бөлімінің аға референті, 1995 жылы Алматы қаласы Фрунзе ауданының халық сотының судьясы болып сайланды.
1996–2007 жылдары Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы, 2007 жылы Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Бұдан кейін Маңғыстау облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы, Маңғыстау облыстық сотының апелляциялық сот алқасының төрағасы болды.
2012–2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы болған Нұрсерік Кәрімұлының еңбек жолы ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшылығынан кейін, Қарағанды облыстық сотының төрағасы қызметіне жалғасты. 2021 жылдың желтоқсанынан бастап ҚР Жоғарғы Сотының судьясы болды.
Қызметтегі үздік нәтиже, үлгілі істерінің арқасында «Ерен еңбегі үшін», «Мінсіз қызметі үшін», «Құрмет» ордені мен және тағы басқа мерекелік медальдармен марапатталған.
Үлкен тәжірибе мектебінен өткен Нұрсерік Кәрімұлының Жоғарғы Соттың азаматтық алқасын абыроймен басқаратыны күмәнсіз.
Мемлекет басшысының 2022 жылғы 31 қаңтардағы Жарлығына сәйкес Аслан Тукиев Жоғарғы Соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болып тағайындалды.
Аслан Сұлтанұлы Тукиев 1979 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. 2000 жылы Қарағанды Заң институтын бітіргеннен кейін Түркияда, Германияда, Франция мен Латвияда ғылыми тағылымдамадан өткен. Заң ғылымдарының кандидаты, доцент.
Алғашқы еңбек жолын Қарағанды қаласының ІІБ полициясының учаскелік инспекторы және тергеушісі болып бастаған Аслан Сұлтанұлы одан кейін ҚР ІІМ Қарағанды Заң институтының қылмыстық процесс кафедрасының оқытушысы, Қарағанды Академиясының зерттеу орталығының басшысы болып қызмет атқарды.
2012 жылы ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы директорының орынбасары, Әділет министрлігі заңнама департаментінің директоры; «Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры; Заңнама институтының директоры қызметін мінсіз атқарды.
2019 жылы Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары болған А.Тукиев 2020 жылдан бастап осы тағайындауға дейін ҚР Жоғарғы Сотының судьясы болды.
Аслан Сұлтанұлы ғылым саласында да үлкен ізденістер жасады. Отыздан астам заң жобасын әзірлеуге, сондай-ақ ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларын сараптауға қатысты. Саладағы нәтижелі жұмысына орай «Мінсіз қызметі үшін» және бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған Аслан Сұлтанұлының жаңа қызметті де жоғары деңгейде атқарарына сенім мол.
Жоғарғы Соттың алқа төрағаларына сәттілік тілейміз!
Редакция ұжымы