Менің алдымда әбден тозығы жеткен қалың дәптер жатыр. Сырты кезінде дермантинмен тысталғанымен, қазіргі көрінісінен оның қандай материалдан жасалғанын білу мүмкін емес. Бұл дәптерде жазықсыз жабылған жаланың кесірінен бір жарым ай бойы абақтыда жатып, небір қорлықты бастан өткерген, ақыры істемеген аса ауыр қылмысты еріксіз мойындап, бостандыққа шыққаннан кейін, өз күшімен өзін ақтаған жанның жазбалары бар. Тіпті күні мен сағатына дейін қойып, тергеу барысында көрген қорлық-зорлығын жіпке тізгендей етіп жазыпты.
Ес білгеннен көргені есі ауытқымалы шеше мен соғысқа бір сирағын беріп, оның орнына жалғанған ағаш аяғын шолтаңдатып, совхоздың шабындығын қоритын, үнемі аттан түспейтін, беті әжім-әжім әкесінің айналасына түкірігін шашыратып, боқтанып сөйлейтіні. Соғыс салған жарақаты мен ұстамасы бар қосағының мазасыз жұмысының кесірі ме, аузынан шыққан сөз боқтықпен қабаттасып жүреді.
… Шешенің шалығы жұға ма деп қорыққан еді. Әйтеуір соңынан ерген қарындасы екеуі қатарларынан қалмай өсті. Өзі әупірімдеп жүріп, Талдықорғандағы техникумды тәмамдаса, қарындасы Семейде дәрігерлік институтта оқыды да, бітірген соң Алтайдағы шалғай ауылдың біріне тұрмысқа шығып кетті. Шешесі мен әкесі барда бірнеше жылда бір рет болса да ат ізін салып тұратын. Үйдегі үлкендер бірінен соң бірі ана дүниелік болғаннан кейін, келуді мүлде доғарды. Қалалық жеңгесінің тік мінезін жақтырмайтын, анасынан бір жылдан кейін әкесі қайтқанда келгенінде екеуі жүз шайысып қалған. Содан бері оншақты жыл болды қарасын көрсетпегелі. Сол жылдар арасында мұның өмірі де түбегейлі өзгерді. Ауылға әрең шыдап жүрген Галясы Алматыдағы әкесі қайтқанда бірге барып, бұл қері қайтқанда марқұмның жетісіне дейін қала тұрайын деген. Сол беті оралмады. Қайынатасының қырқына барғанында келіншегі тура өзі сияқты қылып өсірген қызымен бірге мұны салқын қарсы алып, осында қалатындықтарын мәлімдеді.
Қажып жүрген еді, қарсылық білдірген жоқ. Көл жағасындағы ауылда орналасқан қара шаңырақты, азын-аулақ малды сатып, әйелі мен қызының үлесін берді де, мектептегі жұмысынан шығып, облыс орталығына жақындау жердегі шағын қаладан пәтер сатып алды. Осындағы ақыл-есі кеміс балалардың мектеп-интернатына еңбек пәнінен сабақ беретін мұғалім болып орналасты. Тоқсаныншы жылдары бұлар тұрған қалашықтың қылмыстық ахуалы қиын еді. Қазаққа қарағанда, басқа ұлттар көп. Орта мектептердің көбі және училище де орыс тілінде оқытады. Төрт мектептің біреуі ғана қазақша, оның өзі елді мекеннің шетінде орналасқан. Бұл қызмет ететін мектеп-интернат екі тілде білім береді.
Сол жылы қалашықта шынында да жағдай қиын болып кетті. Жұмыс жоқ. Жастардың екі қолы алдына сыймайды, сырахана маңы күнде төбелес. Жаңа жылдың бірнеше күнге созылатын ырду-дырдуы аяқталып қалған. Өздерінің көз алдарында жүрген бозбала үйінен әкесінің қосауызын алып шығып, дүкеншіні қорқытып, дорбасын арақ-шарапқа толтырып, сыртқа беттей бергенде, алдынан учаскелік инспектор кезігеді. Сасқалақтап қалған ол ештеңенің байыбына барып та үлгермеген тәртіп сақшысын қақ жүректен атып салады. Сол күні жергілікті тәртіп сақшылары жанталаса іздегенімен, таппай, оларға көмекке облыстан, Алматыдан арнайы топтар келіп, шағын қаланың шат-шәлекейін шығарды. Үшінші күні таңға таман көшеде алдынан шыққан осындай топтың біріндегі үш адамды жайратып салған бұзақы тағы да ізім-қайым жоғалады. Ақыры алтыншы күн дегенде қылмыскердің прокуратура ғимаратының шатырында жасырынғанын байқап қалған кездейсоқ жанның көмегімен қолға түсті.
«Алматыдан, облыстан келгендер бірден тарқамапты. Аудандық ішкі істер бөлімін түгелдей тексеріп, жасырып-жабылған бірқатар заңсыздықтарды анықтапты» дегенді естіген. Жылу жүйесі істен шыққан, көпқабатты үйдің екінші қабатындағы екі бөлмелі пәтеріндегі темір пешті гүрілдетіп жағып, диван үстінде кітап оқып жатқан еді. Әрең тұрған сыртқы есік солқ ете түсті. «Бұл кім?» деп беттей бергені сол, қатты соққыдан қақырап түскен есікті ғана көріп үлгерді. Қаруларын кезенген милиционерлер бұлқынуға да шамасын келтірмей, қолын артқа қайырып, кісендеп, ала жөнелді. Ештеңені ұғар емес. Ішкі істер бөліміне апарып, арнайы бөлмеге кіргізгендер, түгін қалдырмай боқтап, бірден төмпештей жөнелді. Олардың басы-қасында бастықтың тергеу жөніндегі орынбасары, күні кеше ғана реті келгенде картаны бірге ойнап, бірер жүзді бөлісіп ішкен Хасан жүр. Бір есін жиғанда түсінгені жасөспірім қыздың жоғалғаны. Жаңа жылға бірнеше күн қалғанда, мектеп-интернатта өзі кезекшілік еткенде, алыс ауылдағы балаларды жөнелткен болатын. Сол жолы түнде қалааралық автобусқа отырғызып жіберген Настя атты жасөспірім қыз үйіне бармай қалыпты. Бүгін сол қыздың арақтан көз ашпайтын шешесі милицияға келіп, баласының үйге келмегенін, интернатта да жоқ екенін айтып, арызданыпты. Мектеп-интернат басшылығы сол күні мұның кезекші болғанын баяндап, барлық жауапкершілікті мойнына арта салыпты.
Мен оны 27 желтоқсан күні сағат он жарымда Алматыдан Семейге кетіп бара жатқан жолаушылар автобусына отырғызып жібергенмін. Жүргізушіге қай ауылдан түсетінін түгел түсіндіргенмін. Оны көрген адамдар бар, – деген жауабына ешкім мән бермеді.
Бірнеше тәртіп сақшысына ажал құштырып, ауданды айтпағанда, облыс пен республиканы тік тұрғызған бозөкпе бозбаланың бірнеше күн бойы көрші тұрған ғимараттың шатырына тығылып, өздерін мазақтап отырғандығына әбден ашынғандар, ашуларын бұдан қайтаруға бел буғандай. Тыңдар емес, тепкінің астына алды. Көгертпеудің, таңба түсірмеудің небір тәсілдерін меңгерген. Басыңа целлофан пакет кигізіп, тұншықтырғанда, бұл дүниеге келгеніңе өкінесің. Сонда да айтқанынан қайтпады. Осылай бір айдан астам қинады. Екі күннің бірінде тергейді. Ұратын жері қалмағанда, табанынан соққылағанын айтсаңшы. Жаның көзіңе көрініп, құлындаған дауысың құдайға жетеді. Бірақ ешқандай із түспейді. Прокуратураға жазған арызынан хабар жоқ. Ешкімге жолықтырмайды. Іздеушісі жоқтығы жанына әбден батты. Ақыры тергеуде бірге отырғандардың ақылымен істемеген қылмысын мойнына алды. «Ең бастысы, сенің өлтірмегенің, мәйіт табылмайды. Ал мәйіт болмаса, қылмыс та жоққа шығады» деген еді, түрмені үйі қылып алған кәнігі баукеспе. Соның айтқаны расқа шықты.
Сол күні таңға дейін өзінің не істейтінін ойлап, жоспарлап алды да, таңертеңгісін тергеушіні шақырып, өзінің қызды зорлап, онан соң өлтіріп, мәйітін бөлшектеп, қысы-жазы қалашықты қақ ортасынан жарып, арқырап ағып жататын асау өзенге тастағанын мәлімдеді. Қуанып кеткен тергеуші басшыларды шақырды. Олардың алдында да бұған дейін айтқанын қайталады. Арнайы топпен барып, үйге қалай апарғанын, қалай зорлап, өлтіргенін, бөлшектегенін, өзенге апарып тастағанын көрсетіп шықты. Бар ойы азаптан құтылу болғандықтан, өзінің өтірігіне өзі де сенетіндей күйге жетті. Бірнеше күн бойы өзен арнасын сүзгілеген полиция мәйітті таппады. Пәтер ішінен бір тамшы қан шықпады, қылмыстық қару – пышақ табылмады. Қылмысты бекітетін айғақ жоқ. Оның есесіне қызды автобусқа отырғызғанын көрген куәлер бар. Бірақ милициядағылар қылмыстың ашылуы – 27 желтоқсан күні түнде қалашық арқылы шығысқа өткен қалааралық автобустарға сұрау салуға байланысты екенін еске де алмады.
Бір жарым айда мұның былайғы кезде де дұрыс емес денсаулығы мүлде нашарлады. Ақыры сот мемлекеттік айыптаушының ешқандай айғағы жоқтығын, мәйіттің табылмағанын, өмірден өтіп кеткен анасының есі ауытқымалығы салдарынан мұның да денсаулығында ақау болуы мүмкіндігін ескеріп, қамаудан уақытша босатып, іске қатысты тексеру тағайындады. Сот залынан шыққанына қуанған жоқ. Тек берілген уақытты тиімді пайдаланып қалуға тырысты. Өйткені, қызметтестері де, көршілері де жоғалған қызды өзінен көретіні анық. Милициядағылар да енді мұның қыр соңынан қалмасы даусыз. Тек өзін-өзі ақтау ғана қалды. Әйтпесе, бұған өмір жоқ.
Әйтеуір, бірге оқыған ескі достары теріс айналмады. Солардың көмегімен Талдықорғанға барып, автовокзалдағылардан 27-желтоқсан күні түнге қарай шығыс бағытқа жолға шыққан автобустардың нөмірлерін білді. Үшінші күні дегенде жолы болды. Сол автобус, сондағы жүргізушілер. Бұл жолы Семейден келе жатыр екен. Өзінің басынан нені өткергенін жеткізгенде, күйініп кеткен жүргізуші тісін шықырлатып, «оңбағандар!» деп бір сыбап алды да, сол күнгі оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берді.
– Настя сен айтқан ауылға жеткенде, түспей қойды. Мамасының күнде арақ ішетіндігін, өзін соғатынын, аштан қатыратынын айтып, шырылдап жылап тұрып алды. Аякөзде әжесі тұратындығын, үйі тура жолдың бойында екенін, соған дейін ала кетуімізді өтінді. Жанымыз ашып, жолда тамақтандырып, ақыры Аякөздегі үйіне апарып тастағанбыз, – деген Николай жоғалған қыздың әжесінің үйін қалай табуға болатындығын да түсіндірді.
Үйге жетісімен, бір күн тынығып, киімін ауыстырып алды да, қорғаушысы мен прокуратура өкілін ертіп, машина жалдап, Аякөзге жол тартты. Мұның әр адымын аңдып отырған, милициядағылардан маза кетті. Түске таман діттеген жерге жетті. Қақпаны ашып қалғанда, аулада әжесімен бірге қар күреп жүрген Настя сасқалақтап, қайда қашарын білмей қалды. Үлкен кісіге мән-жайды түсіндіріп, тиісті қағаздарды толтырып, жоғалған қызды өз шешесінің қолына тапсырды.
Сол күннен бастап, өзін бір жарым ай қорлағандардың құрметтісіне айналды. Қызметіне қайта орналастырды. Жұмысқа шықпай қалған айларының жалақысын өтеді. Олардың соншалықты қорқақтығын көргенде, жүрегі айныды. Арызданған жоқ. Барлығын жаратушыға тапсырған еді. Қызметтерін пайдаланып, жазықсыз жандарды қан қақсататындардың ешқайсысы оңған жоқ…
Болат АБАҒАН,
Қазақстанның құрметті журналисі