spot_img
spot_img

Жоғалған келіншек

Аманғазы студенттік  кезден  білетін  Ләтипа — тым  ажарлы  келіншек. Құралай  көзі адамға  мөлдіреп қарайды, алқызыл ерніне  қыр  мұрыны, ашық  маңдайы  жарасып, атжақты  аққұба  беті  кіршіксіз  үлбіреп  тұрған  әдемі жан. «Қызға  кім сөз айтпайды, қымызды кім ішпейді» демекші, көп  жігіттер ұнатып қалып  сөз  салғанымен  Ләтипа  солардың  ешқайсысына  қарамады. Өзіне жарасатын такаббарлау  мінезімен  басын  шалқақ  ұстап, еркелей  қадам  басатын. Тіпті, сол кербездігі  Ләтипаның  өзіне жарасып тұратынын  қайтерсің! Ауылдан келген небір марқасқа жігіттердің бетін қайтарған,  қарапайым ғана еліктің лағындай талдырмаш қыз.

Университеттің  соңғы  курсында  оқып  жүргенде осы  қазіргі  күйеуі Кәріммен  жолықты. Кәрім  заң  факультетінде  оқитын   ұзын бойлы, ер  тұлғалы   сымбатты жігіт. Екеуі  қолұстасып  келе жатқанда  танымайтын  адамдарға  дейін  жарасымды  жұпқа  сұқтана,  сүйсіне қарайтын. Ер  тұлғалы сымбатты  жігіттің  жанында  аққудың  көгілдіріндей  сұлу  қыз! Оның  үстіне сол хор қызы сымбатты сұлу жігітке   еркелеп, аяғын такаббарлана  кербез басып  келе  жатса  сүйсінбегенде қайтсін! Сұлулыққа  жұрттың  бәрі  құмар екені  бәрімізге  белгілі жайт. Жоғары  білім алып, университетті  бітірген жылы  Кәрім  Ләтипаға  қосылып, курстас   студент  жолдастарын, туған-туыстарын  шақырып, шама-шарқынша үйлену   тойын жасады.

 Аманғазы Ләтипамен  бірге  оқыған. Шынын  айтса, сыртқа  сыр шашпағанымен  Аманғазы да  Ләтипаға сырттай       ғашық  еді. Алайда, бір—екі  рет  киноға, театрға  шақырып  көріп  еді,  « — Аманғазы, кешір, уақытым жоқ» деп, меселін  қайтарған  соң,  қыздың  өзіне   деген  сезімі  жоқ екенін  біліп, ол қызға қырындауды  кілт  тиған. Әйткенмен, жақсы  көріп  қалған  курстас  құрбысы  Ләтипаны  сырттай  бақылап  жүргенін тағы  мойындайды.  Ләтипа  Кәріммен  үйленгенде  іштей  қызғаныш  оты Аманғазының  ішін  өртегені  тағы  рас. Алайда, Кәрімге  қызыға  қараудан басқа  амалы  қалмай, Ләтипаға  шын  көңілден  бақыт  тілеген. Сүйген жүрек  кешірімді демекші, құралай көз қарындасына шын жүректен  әйел бақытын тілеген.

Арада  төрт-бес   жыл  өткен  соң сол  Ләтипамен  қайта  кездесем деп, Аманғазы  мүлдем  ойламапты. Тағдыр  айдап екеуі  бір мекемеде  жұмыс істейтін  әріптес  екенін  біліп, жүрегі жарыла  шын  қуанды. Ол кезде  Аманғазы  қазіргі  әйелі   Майгүлге  үйленген. Бір ұл, бір қызы бар, тату-тәтті  отбасы  болатын. Бұрынғы  сыр-сымбатымен  көз тартатын  Ләтипа мен Кәрімнің  отбасында  жалғыз қызы  бар екенін білді. Бұрынғы  курстас достар  болған соң, отбасы  болып  анда-санда  жиын-тойда   араласып тұратын  болды. Кей  уақыттарда  отбасылық отырыстарда  араласып  жүріп, күйеуі  Кәрімнің  ішімдікке жақын екенін байқады. Алайда, Ләтипа күйеуі туралы  ешкімге ашылып,   ештеме айтпайтын. Тек Аманғазының  әйелі  Майгүл Кәрімнің  араққа  сылқия  тойып  алып, Ләтипаға  айғайлап  әкіреңдеп жатқанын  кездейсоқ  байқап қалыпты.

—Ләтипа – сондай  сүйкімді, ақылды  әйел. Бүгін күйеуі Кәрім Ләтипаға айғайлап ұрсып жатқанын байқап қалдым,-деген Майгүлге  Аманғазы  ақыл айтып шыға келді.

—Отбасы болған соң  ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды, анда-санда  біз де сөзге келіп қаламыз. Сондай ұсақ-түйекке  мән бермей-ақ қой,- деген. Бірақ, Аманғазының  ішінде  бір белгісіз  түйткіл күдік пайда болды. «Сырттай  ешкімге  сыр шашпай  күлімдеп жүргенмен  осы   Ләтипаның  көзінде айықпас мұң бар сияқты. Кәрім оңашада  ішіп алып, қол жұмсап жүрген жоқ па екен?» деген алаңдаушылық пайда болған. Майгүл Аманғазының  студенттік  кезде Ләтипаға  сырттай  ғашық болғанынан  мүлде бейхабар болатын. Сондықтан ішкі  күдігін қойнында жатқан әйелі Майгүлге де ашылып  айта  қоймады. Бірнеше  рет Ләтипамен  кездейсоқ кездесіп қалған сәттерде, «Сен Кәріммен бақытты  отбасы  бола  алдың ба?» деп сұрауға оқталды да, «Аманғазы, мен отбасында  бақыттымын ба, жоқ па, онда  сенің  не  шаруаң бар?» десе қайтем деп, ештеме  айтпай  тосылып қалған. Дегенмен  Ләтипаның  тұңғиық жанарында  әлдебір  мұң бар екенін тағы да  сезгендей болды.  

Аманғазы  мен Ләтипа үлкен  мекеменің  әр  саласында  жұмыс  істегенімен  жұмыс барысында жиі  кездесіп қалып, бір-бірімен жылы  амандасатын. Кейде Майгүл  Кәрім екеуін қонаққа шақырып, ұзақ-ұзақ  әңгімелесіп, студенттік  қызық  күндерді  сағына  еске алатын  кездері де баршылық. Сондай отбасылық отырыстардың  бірінде Ләтипаның  көзі  жәудіреп, «Шіркін сол  жастық шағым қайта  оралса, өмірімді басқаша бастар  едім» деп  айтып қалғаны. Дәл  сол шақта Кәрім  жандарына  келіп қалды да, әңгімелері  кілт  тиылды. Осы  кездейсоқ  әңгімеден  кейін  Аманғазының  көңіліндегі  күдік  ұлғая  түскен. Бірақ   әдептілік сақтап, бұрын жақсы  көрген, қолы  жетпеген Ләтипамен  сол  күйі  ашық  сөйлесе  алмады. Ол да Аманғазыға  шешіліп, сырын  айта  қоймайтын. Уақыт  алды-артыңа  қаратпай жылдам  өте шығатын  әдеті. Ләтипа екеуі  бірге қызметтес болғанына үшінші жылға  жуық  уақыт    өте  шығыпты. Аманғазы  бұрын жанындай  жақсы  көрген  келіншекті  сырттай  көріп  жүргенін  көңіліне  медеу  тұтатын. Кейде  түскі тамақ асханада, немесе  жұмыс барысында  Ләтипаны  көріп, жылыұшырай  амандасқаны – көңіліне  жылышуақ  нұр шашқандай  іштей қуаныш сезіміде болатын. Аманғазы қатарынан  екі  күн  Ләтипаны  көргісі  келгенмен  ешқайда  көзіне  түспеді. Ләтипамен бір бөлімде жұмыс  істейтін   әріптес досы  Ақыжаннан   сұраған.

-Ләтипа, еңбек  демалысына  шыққан ба? Екі-үш  күн көрінбей  кетті ғой?-деп, жайбарақат  сұрай  салған.

—Аманғазы, сен  әлі  естімедің бе? Ләтипа із—тұзсыз жоғалып кетіпті,—деп, әріптесі  Ақыжан  суыт хабарды  жеткізгенде, таң-тамаша болды.

—Ләтипа  қалай  жоғалады, айдың күннің  аманында?! Мен қазір  көрші  кабинеттегі күйеуі Кәрімнен  сұрап білейін,—деп, жүрегі   кеудесіне  сыймай  өрекпіп, Кәрімнің  бөлмесіне  жетіп барған. Ол жайбарақат   телефонмен  сөйлесіп   отыр екен. Амандық-саулық жоқ, бірден Ләтипа жайлы білгісі  келген.

—Кәрім  айтшы, Ләтипа жоғалып  кетті деген өтірік  қауесет пе? Шын ба? —деп төтесінен сұраған.

—Кешеден бері таппай  отырмын. Міне, жоғалып  кеткеніне   екінші  күн. Бүгін тағы кеш батқанша  келе ме деп, күтіп едім, сол күйі хабар-ошарсыз. Кешеден бері не үйге, не  қызмет орнына келген жоқ. Қызылордаға  әке—шешесіне  кетті ме деп хабарласып  едім, ол кісілер де бейхабар. Бүгін таңертең  полицияға  хабарласып, әйелім Ләтипаға  іздеу  жариялауын  өтіндім.

—Ерлі-зайыпты екеуің  бір-біріңнің  қайда  жүргендеріңді  білмегендерің  қызық екен?!—деп, таңданысын жасыра  алмады. Әрі  Ләтипаның  із-тұзсыз жоғалып кеткеніне  Кәрімнің  аса  қайғырмай  отырғанына  зығырданы  қайнаған.

—Әрине, қайда баратынымызды айтып жүретінбіз, бірақ кеше  таңертең  жұмысқа  кеттім деген. Кешке  үйге  келмеді, мен достарымен бірге жүрген шығар деп ойлап жатып, мен  ұйқтап қалыппын. Бүгін Ләтипаның  бөлімшеде  бірге  істейтін  әріптестерінен сұрасам, жұмысқа  да  келмепті,—деп, түк  болмағандай   ақтала бастады.

—Жұмыс орнына  жеңіл машинамен  шығушы ма  еді?

—Жоқ. Біз жақын тұрғандықтан жаяу  келе  салатын.

—Жолда  таксиге  отырушы ма  еді?

—Қайдан  білейін. Біздің  үй жұмысқа жақын, арасы  —бір, екі-ақ    аялдама. Тегі, таяқ тастам жер.

—Демек такси жалдаудың қажеті шамалы. Мына тұрған жерден қалай жоғалмақ?!

— Аманғазы, сен өзі тергеуші  сияқты, қадалған жеріңнен қан алады екенсің,—деп ыржиды. Бірақ, қиықтау  жылан  көзінде  сұрақтың  астына  алған Аманғазыны    жаратпағандай  суық  ызғар бар екенін екеуі  де  байқап  үлгерді.

—Әй, Кәрім сен  әйелі жоғалған  азаматқа  ұқсамайсың,  тым жайбарақат  отырсың, бұл қалай?

—Өй, сен қызық жігіт екенсің, Аманғазы?!  Мен тамыр-таныстарға хабарласып, іздеп  отырмын,—деп, қолындағы  телепон трубкасын орнына қойды. Аманғазының  көңілі қобалжып, әлдебір жамандықты сезгендей  абыржып отырып, тағы бір сұрақты төтесінен қойды.

—Кәрім, кеше  Ләтипамен жанжалдасып қалған  жоқсыңдар ма?

—Жоғәәә!—деп, көзі шарасынан шығып, тағы  ақтала  жөнелді. –Әрине, отбасы болған  соң ыдыс—аяқ сылдырамай  тұрмайтыны белгілі. Бірақ, кеше сөзге  келіскен жоқпыз. Таңғы шайымызды  ішкен соң, Ләтипа жұмысқа кетті. Мен бір шаруамен басқа жаққа кеткем.

—Сен  қайда  бардың?—деп, Кәрімнен көз алмай тағы  жауап  күткен. Осы  кезде  Кәрім  алдыңғы  ақталғанын қойып, жанарынан  ызғар шашып Аманғазыға  жалт қарап, жауап  бермей  кілт  қайырды.

—Жарайды, Аманеке. Менің  тығыз шаруаларым бастан  асады. Қазір  кешкілік  Қызылорда  қаласынан келетін   Ләтипаның  әке-шешесін  теміржол вокзалынан күтіп алуым керек,—деп, «бос  сөзге  уақытым жоқ» дегендей  орнынан ұшып тұрды. Жабырқау  көңіл-күйде  Аманғазы  амалсыз  жұмыс орнына  беттеді. Жолай әртүрлі  күдікке беріліп, Кәрімнің  жаңағы  айтқан ақпараттарын  ой елегінен  өткізе  бастады. «Сонда  кеше таңертеңнен бері  Ләтипа  жоғалып кеткен. Кәрім неге  түнде  үйге  қонбаған соң  іздеуге кіріспеген? Неге  Ләтипаны  уайымдамай, мүлдем  жайбарақат отыр. Әлде  кеше  Кәрім  ішіп келіп, екеуі  ұрсысып қалды ма? Онда Ләтипа  күйеуіне  өкпелеп, дос құрбыларының  үйінде  отырған болар» деп, ойы  сан-саққа жүгіріп, жұмыс уақыты  біткен соң  жақын маңдағы  үйіне  аяңдады. Алайда, күні бойы, түні бойы  Ләтипаны  ойлады, әртүрлі жорамал жасады.   «Егер дос құрбысының  үйіне барса, ашуы басылып үйіне қайтатын уақыты болды ғой. Тым болмаса  туған қызы  Алуаға   сырын айтар еді ғой.  Қызы да анасын іздеп, шарқ ұруда. Мұнда бір гәп бар…» деп, іштей  көп  сұраққа жауап  іздеді, алайда таба алмады.  Сонымен салы суға  кетіп, күнделікті  әдетінше жұмысқа таңертең  барып, кешке  үйге  келгенімен Ләтипа  ойынан шықпады.

Алды-артыңа  қаратпайтын  жүйрік уақыт  зырылдап  өтіп жатты. Арада  бір жылдан  астам  уақыт  өтті. Ләтипа  із-тұзсыз жоғалып  кеткендей, Қылмыстық  іс сол күйі  ашылмады. Қызметтегі  әріптестердің  арасында  сан түрлі қауесет жан-жаққа  тарап жатты. Біреулері, «Ләтипа  басқа  жігітті  ұнатып  қалып, Кәрімнен  қашып  кетіпті» десе,  енді біреулері «Ләтипаға  ұқсайтын бір келіншектің  мәйітін тауыпты.  Мәйіт  көп уақыт  өткен соң  бұзылып  кеткен дейді, енді  сот-сараптамасын жасап жатыр екен» деп, сан түрлі  құбылтып айтады.

           Ал, Аманғазы болса  неге  екені  белгісіз    Кәрімнен  күдіктенді. «Ол  арақ  ішіп  келіп  ұрыс-керіс  шығып, Ләтипаны  байқаусызда  өлтіріп алды ма? Онда  тергеушілер  неге мәйітті  таба  алмай  отыр? Қылмыстық  істің  бір  орнынан  қозғалмай  жатуына  не  себеп? Әлде  қылмыскер  айласын  асырып, мәйітті ешкімге  көрсетпей  көміп тастады ма екен? Орыстардың бір криминалды хабарында, «нет тела, нет дела» деп, қылмысты аша  алмай жатушы  еді. Мәйітті таба  алмағасын қылмысты  аша  алмай  жатыр ма екен? Бәлкім  Ләтипа Кәрімнен  қашып жүрген шығар. Бәлкім  Ләтипа тірі шығар» деп, көп  ойлайтын болды. Қанша  ойласа  да, шындықтың  түйінін таппай  қиналатын.

—Аманғазы, саған не болған? Күні бойы Ләтипаны ойлап, қартайғанда ғашық болып қалғаннан  саумысың?—деп, өкпе-назы аралас әйелі  Майгүл  наздана сұрайды.

—Міне, бақандай   бір  жарым  жыл! Ләтипа әлі күнге  дейін  табылған жоқ. Әй, білмеймін, тірі болса табылар еді. Кім де болса  Ләтипаны өлтіріп тастады-ау деймін,—деп, қорқынышты ойын  әйеліне   жайып  салды.

—Кім  біледі, тірі ме, өлі ме?  Сормаңдай байғұс  келіншек! Өлтіріп тастаса, обал-ай!-деп, Майгүлдің көзі жыпылықтап    ауыр күрсінді.

—Осы  Ләтипаның  жоғалуына  Кәрім  себеп пе деген  күдігім бар,—деп, күйеуі ойын   тағы   жайып салды.

—Түу, Аманғазы, саған не болған?! Кәрім  аздап  ішкені болмаса ешкімге залалы жоқ   ақкөңіл   жігіт. Мені  көрсе болды, «Аманғазы  құрдасымның  үйіндегі  алтын жеңгем! Сен қандай  әдемісің!» деп, мақтап ала  жөнеледі.

—Сені  өтірік  мақтаса  болды  ғой, майдай  ерисің?! Сен оның  ішіне кіріп шықтың ба? Ләтипаны  ұрып  өлтіріп тастамасына кім  кепіл?

—Онда  Ләтипаның  мәйітін  сот сараптауына  тапсырып, неден өлгенін тез арада тауып алар еді ғой. Қойшы, Аманғазы!  Жаман ойламашы!—деп, зайыбы  Майгүл Кәрімге кір жуытпады. Өйткені, Кәрім кез  келген  қыз-келіншектерді  көрсе  көзі күлмеңдеп  асты-үстіне түсетін. Аманғазының   әйелі  Майгүлге де, «Қандай  сұлу  келіншексің! Шіркін, сені  жолықтырған  Аманғазының маңдайының  бес  елі  бағы  бар екен!? Майгүл деген атыңыз  затыңызға  сай екен!» деп, әртүрлі мақтау  айтып, қарапайым  әйелдің   көңіл-күйін  көтеріп қоятын. Сондықтан ба, әйелдердің  бәрі  Кәрімге кір жуытпайтын.

—Міне, екі жылдай уақыт өтті. Ләтипа тірі болса табылар еді,—деп, Аманғазы тағы  күйзелді. Осы жолы әйелі  Майгүл   оны  қоштады.

—Тірі болса тым болмаса туған қызына хабарласар еді. Байғұс өліп қалған  ғой. Мүрдесін  неге таппай жатыр?—деп, үрейлене  сұрады.

—Ләтипаны өлтірген адам денесін таппайтын қылып, жерге  көміп тастауы  әбден мүмкін.

—Астапыралла! Ондай  сұмдықты  айтпашы!—деп, Майгүл  бетін алақанымен жауып, түрі қуарып   шошып кетті.

—Ертең  тергеушілермен  сөйлесіп  көрмесем,—деді  Аманғазы.

—Ләтипаның  күйеуі  Кәрім  сөйлесіп, не  білгендерін  сұрап тұратын шығар.

—Кәрім  үйленейін деп жатқанын естіген жоқсың ба? Ол Ләтипаны  ойламақ  түгілі  тойдың  қамымен есі  шығып, далақтап  жүрген шығар. Кәрім екі  жыл  бұрын жоғалған Ләтипаны қайтсін?! Той тойлап жүр. Кеше  біраз ішіп алыпты, қызулау  екен, тым  көңілді.

—Ләтипаны  ұмытты десеңші! Еркектер  сондай  өзімшіл,—деп, Майгүл бұрқылдап ала жөнелді.

—Сен бүкіл ер азаматты Кәрімге теңеме. Мысалы, мен болсам, аяулы  курстасым  Ләтипаны ұмыта алар емеспін.

—Ия, ұмыту қиын, әрине. Мен сені  түсінемін. Кәрім қалай  тез ұмытып кетті екен?

—Кім  білсін?! Кәрімнің сүйген жарын теп-тез  ұмытқаны  мені де таңғалдырды, Майгүл.

—Өткен жылы  тергеушімен  кездесіп едің ғой, сонда таппай  жатырмыз деп еді ғой?  Есіңде ме, Аманғазы?

—Менің  бір  ұсынысым   бар. Тергеушімен сол туралы  сөйлескім  келеді.

—Ол қандай  ұсыныс, айтсаңшы, Аманғазы?

—Осы Ләтипаның  жоғалуына  Кәрім кінәлі ме деп  күдіктенем, Майгүл.

—Қойшы, Аманғазы. Ол мүмкін емес.

—Жарайды, мен жұмысқа кеттім,—деген Аманғазы  жолшыбай  полиция  бөліміне  кіріп, тергеушімен  ұзақ  сөйлесті.

—Сіздің  келгеніңіз  жақсы  болды. Кәріммен  кездескенімізде  үйленетіні  туралы  ештеме  айтпаған  еді. Енді біраз жайтқа  көзім  ашылғандай  болды. Ләтипаны  жақсы  білетін  адам  өлтірген сияқты. Мен  ертеңнен бастап, бұл жұмысты  қайта  қолға  алам. Әлі ашылмаған  істердің  арасында  тұр  еді. Сіз  де  Кәрімнен  сыр тартыңыз, бәлкім бірдеме  білетін болар. Тегі, әйелі  із-тұзсыз  жоғалғанда  көбінесе  күйеуінен  күдіктенетін  әдетіміз бар. Әттең, Ләтипаның  мәйіті  табылса, бұл іс  ашылар  еді,—деген тергеуші  Аманғазымен  жылы  қоштасты. Үйіне қарай  аяңдап  келе  жатып, жанында  құшақтаған  жас  қыз бар, екі  езуі  екі жағына  кеткен  Кәрімді  кездестірді.

—Жақында Майгүл екеуіңді  үйлену тойына шақырамын. Мен  өз бақытымды таптым,—деп, жанындағы  қызды  құшырлана құшақтады.

—Ее, құттықтаймын. Ләтипаны  тез  ұмытқан екенсің,—деп, кекесін аралас  жаратпай  құттықтады.

—Өткен іс өтті, енді болашақпен өмір сүру  керек,—деп, Кәрім жанындағы  жап-жас  қызға  күлімдей қарады. Ол да қылымсып, Кәрімнің  иығына  басын  сүйеді.

—Жарайды, Кәрім. Ертең  бұрынғы  күндерді  еске алып, Жарсу  өзеніне  балық  аулауға  барып  келейік. Мен  үйден  молынан тамақ  аламын, бірер жартыны  қоса  аламын,—деп  еді, Кәрімнің  көзі жайнап кетті.

—Менің  сұлуым  ертең  сән салонына барады. Онда  таңертең  машинаңмен  мені  жолда  ала  кетерсің,—деп бірден  келісті. Аманғазының  ішкі  жоспары бар болатын. Кәрімнің  оп-оңай  келісе кеткеніне  Аманғазы  қуанды. Сонымен  түнімен  Майгүл мол қылып қазы-қартасын қосып   ет асып, қаздай тізілген бірнеше  бөтелке  арақты  қоса  алды.

—Мұншама арақты  қайтесің? Сен көп ішпеуші едің ғой, оның  үстіне Кәрім екеуің-ақ балық аулауға  бара жатырсыңдар?!—деп Майгүл таңданып еді.

—Жақсылып  демалғанға  не  жетсін! Анда-санда бас  жазып тұрмаса болмайды,—деп жұмбақтай  сөйледі.

—Байқаңдар. Мас күйлеріңде  суға  түсіп, батып кетпеңдер,—деп, Майгүл алаңдады.

—Сен менің  мас  болғанымды қашан  көрдің?—деп  қарсы  сұрақ қойып  еді, Майгүл  күмілжіп қалды.

—Сонша көп  арақ алған  соң  алаңдағаным ғой,—деп, жуып-шайды. Сонымен таң  атысымен жеңіл машинасын  азық-түлікке  лық  толтырып, Кәрімге жетіп келді. Ол әлі қаннен-қаперсіз  ұйқтап жатыр екен.

—Аманғазы таңғы  шай  ішіп алайық,—деп  еді.

—Табиғатта  демалып, таза  ауада  тамақ  ішеміз.  Майгүл  ет  асып  берген, қазы-қартамен  шай  ішесің,—деп,  Кәрімді   көлігіне  отырғызып  алды. Сол бойы  Жарсу  өзенінің  ең тамаша  оңашалау  жеріне  келіп  тоқтады. Машинадағы  азық-түлікті  түсіріп, дастарханды жайнатып жіберді. Мойындары  сопайған  шөлмектерді  көріп, Кәрім  қуанышын жасыра  алмады.

—Әй, сен Аманғазы, керемет жігітсің! Үйден бәрін сайлап  әкеліпсің, мәләдес!—деп, дастарханның  шетіне жайғасып, екі қырлы стақанға  ащы  суды  мәймілдетіп  құйып, сөз сөйлеместен-ақ тартып жіберді. Кәрім  ішіп  стақанды  қойғаны сол, Аманғазы  қайта  толтыра құйды.

—Ах, шіркін, таза ауада демалғанға  не  жетсін! Тамақ  жетеді, арақ та жетеді. Бүгін бір еркімізше   тамаша демалайық,—деп, Кәрімді одан сайын желпіндіріп қойды. Екеуі  балық  аулауды  ұмытып, той  тойлауға  келгендей  қазы-қартамен  ащы  суды  сілтеп, қызу  әңгімеге  кірісті. Кәрімнің  мас  болып  қыза бастағанын байқаған  Аманғазы  қырлы  стақанды шүпілдете құйды. Бұл кезде  Кәрімнің  тілі  күрмеліп, әбден мас  болғанын  білді. Міне, осы шақты  күткен  Аманғазы  Ләтипа жайлы  әңгіме  бастады.

—Мен Ләтипамен  бірге оқыдым. Ләтипа  тым такаббар, мінезі  паң  еді. Сен оның  мінезіне  қалай  шыдадың?—деп, сыр тартты. Өйткені, Кәрімнің  араққа  үйірлігін жақтырмай  екеуінің  ұрсысып қалғанын сан рет байқаған.

—Аманғазы, дұрыс  айтасың. Мен де оның  мінезіне  шыдамадым,—деп, Кәрім тілі  күрмеліп   айтып қалды. Әңгімені  өрбіту  үшін Аманғазы  Майгүлді айтқан болып, әңгімені қыздыра түсті.

—Кейде  ішіп келгеніңді көріп, Майгүл  айқайлағанда басынан бір қойып  өлтіріп тастағым  келеді,—деп, Кәрімге  сынай   қарады.

—Ия, дұрыс айтасың. Мен де бір ұрып Ләтипаны  өлтіргем,—деді  Кәрімнің  тілі  күрмеліп.

—Кәрім, Ләтипаның  мәйітін  қайда  тықтың?—дегені  сол, Кәрім мастығынан бірден айыққандай, Аманғазыға  бұлдыраған  көзімен тұнжырай  қарады. Мен Ләтипаны  өлтірген жоқпын,—деп, мастығынан айыққандай  жантайып жата  кетті. «Қап! Жаңа  ғана шындықты  айтайын деп  еді. Қап! Есін  жиып ала қойғанын қарашы» деп қатты  өкінді. Алайда, Ләтипаның  өліміне  Кәрім  кінәлі  деген   жүрек түкпіріндегі күмәні берік орнықты.  Кешке  дейін  балық  аулауда  жүрген кезде Кәрім  арақ  ішуді қойып, Аманғазыға  сақтықпен қарап, мұнан  кейін  артық-ауыс  сөз  айтпады. Жаңағы қызып отырып, абайсызда  Ләтипаның  өлімі  туралы   артық  сөз  айтып қалғанын  сезіп  шошығаны үрке қараған бет-әлпетінен білініп-ақ тұр.   Аманғазы да бұдар артық  сөз қозғамады. Кешкілік  екеулері  ұсталған  екі-үш балықтарын  көлікке  салып, үйлеріне қайтқан. Жол бойы Кәрім жақ ашпады. Оның  ештеме  айта  қоймайтынын байқаған  Аманғазы да  оны  әңгімеге тартып  қыстамады. Кәрім қалаға  жеткенше  ләм-мим деп  аузын ашпады. Әлденеге алаңдағандай  күй танытқан. Бұл кезде түн қараңғылығы қоюлана түскен. Тек қана үйіне  жеткізіп  салғанда ғана тіл қатты.

—Аманеке, мен бүгін  мас  болып, артық  сөйлеп  қалсам, кешір,—деген.

—Жоғә, ештеме артық  айтқан жоқсың, бәрі дұрыс, алаңдама,—деген  Аманғазы  Кәрімді үйінің  тұсына  түсіріп, сол маңдағы  өз үйіне келген.

—Бүгін кеш қайттыңдар. Қанша балық ұстадың?

—Мына екеуін  қуырып жібер,—деп, екі ақ сазанды Майгүлдің қолына  ұстатқан.

—Пәлі  ақ таңертеңнен бастап, қара  кешке  дейін  ұстағандарың  екі-ақ балық па?!—деп Майгүл таңғалды.

—Есесіне  мен басқа балық ұстадым,—деп, Аманғазы  жұмбақ жауап берді.

—Ол қандай балық?! Кәрім екеуің  қыз-келіншектерге  қырғидай  тиіп, басқа балық ұстағандарың сол ма?!—деп, Майгүл  ашуға  булықты.

—Майгүл!  Саған не болған? Мұндай  қызғаншақ екеніңді күні бүгінге дейін білмеппін. Мен басқа балық деп  Кәрімді айтып отырмын,—деп, Аманғазы  ағынан жарылып,  жылы жымиды.

— Кәрімді қандай  торға  түсірдің? Сен осы Ләтипаны  Кәрім өлтірген болар деп, сұмдық жорамал жасаушы едің. Сол рас па екен?!—деп, көзі шарасынан шығып  атыздай болды.

—Ия, Кәрім өлтіріпті.

—Аманғазы, мұндай  нәрсемен ойнауға болмайды. Шын айтып тұрсың ба?!

—Ия.

—Тергеушілер мойындата алмаған  айыбын сен қалай  мойындаттың?

—Араққа  сылқиып тойған соң, көкпет қатындарды  ұрып  өлтіргім  келеді деп  сөзге тартып едім. Мен де Ләтипаны ұрып өлтіргем деп  байқаусызда айтып қалды.

—Қойшы ей, шын ба?! Астапыралла! Сенейін бе, сенбейін бе?!

—Сенсең де, сенбесең де өзің біл, бірақ шындық осы!

—Сұмдық! Сұмдық!

—Ойбайламай  шай  қойсаңшы, кенезем  кеуіп кетті.

—Жарайды, қазір. Ойпырмай, алла-ай!  Кәрімнің  қанішер екенін білмей  жүріппіз  ғой!  Сұмдық-ай! Байғұс Ләтипа қанішерге қалай  тұрмысқа шыққан?! Кәрімді неге соттамайды?!—деп, сұрақты жаудырды.

—Ертең  таңертең  тергеушімен  сөйлесіп  көрем,—дегеннен  басқа  Аманғазы бұдан артық ештеме  айтпады. Іштей  қобалжып тұрғаны бет әлпетінен, ойлы жанарынан көрініп тұрды. Өйткені, бір кезде өзі ғашық болған  Ләтипаның  Кәрімдей  қанішердің  қолынан қаза тапқанын білген соң жаны жай таппай, іштей  аласұрып тұрғаны шын еді. Аманғазы түнімен  ұйқтай  алмай  дөңбекшіп шықты. Көз алдынан  кербез сұлу Ләтипаның бейнесі  тұрды да қойды. «Мен  сені  өлтірген қандықол  қылмыскерді бірден  сезгем. Енді оны құрықтатқызбай  қоймаймын. Бұл — менің  саған жасаған  ең  соңғы  азаматтық парызым» деп, іштей  өз-өзіне серт бергендей болды. Таң бозынан асығыс тұрып, таңғы шайын ішпестен тергеушімен  жолығуға  асықты. Бірден  іске  кірісті.

—Менің күмәнім  расталды. Ләтипа марқұмның  күйеуі  мас  кезінде  әйелін  ұрып  өлтіргенін байқамай   мойындады.

—Мәйітті қайда жасырыпты?—деп, тергеуші  Аманғазыдан жауап күтті.

—Ол бірден есін жиып ала қойды. Тіпті, мас кезінде артық-ауыс  сөз  айтқанын айтып, менен кешірім сұрады. Ендігі  жұмыс  сіздердің  қолдарыңызда. Мәйіттің  қайда екенін  айтқызып, жауап  алыңыздар,—деді  Аманғазы.

—Сіз азаматтық жасадыңыз. Қауіпті қылмыскердің жолын  кестіңіз. Егер ол осы  жолы  ұсталмай  құтылып кетсе, тағы біреудің  обалына қалатыны даусыз. Енді Кәрімді құрықтау –біздің  шаруамыз. Қазір қамауға  алуға  ордер жазғызып алам,—деген тергеуші  Аманғазымен жылы қоштасты.

Көп ұзамай  Кәрім  тұтқындалып, бар айыбын мойындады. Үй ішіндегі жанжал  кезінде  Ләтипаны құлақшекеден  бар пәрменімен  ұрып құлатқанын, ол есінен танып жатқанда шұлығымен буындырып, жертөлеге  көміп тастағанын  мойындады. Сот Кәрімді  өмір  бойы бас бостандығынан  айырды. Ашық сотқа  куә  ретінде   қатысқан  Аманғазы мен Майгүл  Кәрімнің  араққа  үйір екенін, Ләтипаға  жиі  қол көтеретінін айтып, куә болды. Сот алқасы Кәрімнің  соңғы  сөзін айтуға  рұқсат берді.

—Мен Ләтипаны сүйдім. Алайда, байқаусызда қатты ұрып, мерт қылдым,—деп өкінішін білдірді. Сот залында қатысып отырған Ләтипаның  әке-шешесі, туған туыстары, достары Кәрімнің қарабет екенін бетіне басып, кешірмейтіндерін бірауыздан айтты. Қылмыскер Кәрім өмір бойы бас бостандығынан айырылды. Алайда, қылмыскер әділ жазасын алғанмен Ләтипаның  орны  ойсырап қалған. Ең  бастысы  сотқа қатысып отырған, алғашында  әкесінің  қылмыскер екеніне  сенбеген  Ләтипа мен Кәрімнің  жалғыз қызы  Алуа сот  аяқталғанда  ардақты  анасын аяусыз  өлтірген қанішер  әкесінен бас тартатынын  мәлімдеді. Бір кездері Ләтипаны  жан-тәнімен  жақсы  көрген Аманғазының  ішкі  түйсігі  алдамапты. Сол түйсігінің  арқасында қылмыскердің жазадан құтылып  кетуіне жол бермегеніне Аманғазы  жүрегі жарыла қуанды. Ең бастысы  жастық шағындағы  сүйген қызы Ләтипа  марқұмның алдында  ең  соңғы  азаматтық  парызын орындағандай  ерекше  күй  кешкен.

Бақыт Мерекенова

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...