Қаратау етегіндегі Бөріқазған жазығында 25-30 жылқы жерден басын алмай жайылып жүр. Кенеттен жылқылар әлденеден шошынғандай жан-жаққа шапқылай жөнелді. Әсіресе үйірге жаңадан қосылған қысырықтар тоқтар емес. Тау жақтан Берікқара шатқалынан жарау ат мінген екеудің қарасы көрінгенде Керайғыр қожайыны ма деп осқырынып кісінеп жіберген. Алайда олардың бөтен екенін байқап, бір жамандықты сезгендей осқырынып қойды. Жақында ғана үйірге қосылып, жырақтап жүрген қызыл қысырақтың жонына тісін батырып жіберген Керайғыр үйірді көл жаққа қарай қуалады. Осы арада жарау ат мінген әлгі екеу де жақындап қалған, олар үйірді қолдарындағы құрықпен жасқап тау жаққа қарай бұрды. Керайғырдың үйірді олардың ықпалынан әкетемін деп әрі-бері бұлғақтағанынан ешнәрсе шықпады. Бұжырбет жанамалай шауып, құрығымен аямай бастан ұрған соң Керайғырға үйір алдына түсуден басқа жол қалмаған.
Ақыры екі жендет үйірді Берікқара шатқалынан асырып, жөнге салып алған соң, артқа қарауға мұршаларын келтірмей құрықтап қуалап алысқа шығандап кетті. Ет асым уақыт шапқылаған үйірді екі ұры таудың биігіндегі Шайтанқұзға әкеліп бірақ тіреді. Осы жердегі шағын алаңқайдан тау биігіне асар тұстағы үңгір аузы табиғаттың қолдан соққан қорасы іспетті, ар жағына 50-100 жылқы сыйып кететіндей кеңістік. Бір қызығы аспан көрінбейді, тау құздары биіктеген сайын бір-бірімен ұштасып, алаңқайды күн көзінен жасырып, үңгірді тылсым қараңғылыққа айналдырған. Керайғыр жанұшырып осы қарғыс атқан жерге кіргісі келмей шыңғыра кісінеп бұра қашқанымен, екі жарау атты жендет құлынды биелерді сабалап ұрып-соғып кіргізді. Бұл көргендей емес, үңгір аузына екі жерден үлкен бетон бағана қойып, оған екі қатар белдеме ағаш ілген екен. Жылқыны түгелімен үңгір қуысына айдап салып, осы екі белдеме ағашпен үңгір аузы жабылды.
…Керайғыр біледі бұл жерді, ертеректе қарлы боранда үйірімен ығып адасқанда қожайыны осы үңгірге паналатқан. Аяусыз соққан Берікқара желінен осы үңгір құтқарған. Алайда түні бойы ұлыған қасқыр даусы мен үңгір қуысындағы әр жерден жарқылдаған көгілдір оттардан шошынып шыңғырған құлын даусы үңгір ішін азан-қазан еткен. Керайғырмен үңгір аузына көлденең тұрып алған қожайыны тәңіріне жалбарынып жылқыларды таң атқанша қақпайлап сыртқы үскірік боранға шығармаған. Таңертең бәрі тынышталып, дін аман жылқыларымен ауылға оралған. Сол боранда замандасы Қарайғырдың үйірі ыққаннан ығып түгелдей құздан құлап мерт болған. Келген бетте қожайыны бір апта төсек тартып жатып қалды. Денесі қызып сандырақтай бастаған кезде оның Шайтанқұзда түнеп шыққанынан хабардар бауыры Еламан көрші ауылдағы Қожағаппар атаға апарған. Үш күн бойы құран сүрелерімен оқып, шөп дәрілермен емдеп, аздап қызуы қайтып, сандырақтағанынан арылған қожайынын шығарып салып тұрып атасы: «Шайтанқұз аты айтып тұрғандай шайтан айналдырған жер, ертеректе колхоздан қашып қырғыз арқылы Қытайға өтпекші болған Сандыбай бай отбасымен бораннан ығып осы құзды паналаған екен, содан ұшты-күйлі жоқ болып кеткен. Сен мықтылығыңнан аман қалған сияқтысың. Қатты шошынғансың, бірер күннен соң денеңді түгел ұшық басады содан соң айығасың. Үңгірде көргеніңді көп кісіге айта берме. Мүмкіндігінше ол жаққа жоламауға тырыс»,– деп шығарып салған. Содан бері қожайыны жылқыны ол жаққа шығармайтын.
…Әлден соң жай ғана гүрілдеген жапондық кіші электр қондырғысы үңгір ішін самаладай жарық етіп жіберді. Үңгір аузына жақын жерде қазан- ошағы мен төсек-орны жиналған әлгі екеуі ас-суларын шығарып тамақтануға кірісті. Керайғырдың таңданғаны, ана жылы қожайыны екеуі келгенде мұндай жарқылдаған көгілдір от жоқ. Бірақ мына екеудің әрекеттері тылсым әрі қорқынышты көрінді. Керайғырдың ойы алдамаған екен, түннің бір уағында үңгірге кішігірім шетелдік Мерседес жүк көлігі кірді. Көліктің қосарланған жолаушылар қорабынан түскен бесеу осындағы екі кісімен құшақтасып амандасып, бірге тамақтануға кіріскен. Кешкі тамаққа орыс арағы да араласқан сыңайлы, жетеу гүжілдесіп, тіпті әлден соң даурығып ерегісе бастады, әсіресе өздерін қуалап осында кіргізгеннің біреуі, төртбақ келген Бұжырбет қызып қалғандай, әлдекімге кіжініп боқтап қояды. Біраздан соң ортасындағы басшысы болу керек, жіптіктей қараторы, «Әй Бұжырбет, жетер енді, қойыңдар түге, бұларыңды шеф естімесін, бәріміздің жағдайымызды жасап жатқан сол кісі, әйтпесе баяғыда түрмеде шіритін едіңдер, сендар даурығатындай бұл тірлікті өз беттеріңмен жүргізе алмайсыңдар, емін-еркін ауыл аралап мал тауып жүргендерің, біле білсеңдер менің арқам, мен ертең формамды шешкен күні сендерді кез келген адам түрмеге тоғытады. Соны ойлаңдар, босқа шуламай іске кірісіңдер, біз таң атқанша Тоқмақтың базарына үлгеруіміз керек»,– деген. Басшының сөзі әсер еткендей олар жылдам жиналып іске кірісті. Жіптіктей қара тау етегіндегі қырғызбен шектесетін бірнеше ауылдың учаскелік уәкілі болатын, жанына ілесіп келген төртеуі де бірі бірінен өткен денелі жігіттер көрші қырғыз ауылының жігіттері еді. Үйірді аралап жүрген Бұжырбеттің көзі бірінші ақбиеге түсті, биыл қысыр қалған ақ бие жонданып семіріп алған екен. Жоны жылтырап, жалы күжірейіп тұр. Мал союға машықтанып алған төртеу биенің мойнына шалмалап қыл арқанды салып жіберіп, алаңқайдың аузына тартқанда бейшара бие көзі қарауытып басы айналғандай болған. Қай уақытта салып үлгергені белгісіз әлден соң артқы аяғы ілінген арқан жұлқи тартылғанда оң жағына шоңқиып құлай берді. Екі құлағынан тас қылып ұстап, тізесімен тұқыртып жерге басқан қарулы қолдан шығу мүмкін емес еді, әлден уақытта тамағынан сорылдап аққан қанмен бірге ақбиенің де жаны шыққан. Ақ биені құлатқанда жан дауысы шығып кісінеген Керайғыр шығар ауызға ұмтылған еді, басына тиген құрықтан көзі бұлдырап қайта үйірге қосылды. Осы сәтте Бұжырбет «ой мынау буаз екен ғой»,– деп Ақбиенің жатырынан шыққан жылбысқыны лақтырып тастады. Бұны көрген Керайғырдың шыңғырған дауысы шығанға жеткен. Осы тәсілмен оншақты биені жайғап тастаған ұрылар олардың етін боршаламастан көлік қорабына орналастырды да, қайтара тамақтануға отырды. Үңгір ішін жаңа қуырылған жылқы етінің хош иісі жаулады. Гүжілдеген жетеу тағы да орыс арағын ішкен сияқты біраз айқайласып, үлкен бір дауды бастап кетті. Бәрін тағы сол Бұжырбет бастаған:
– Әй, бригадир, шефіңе айта бар, бізді басынбасын, бірдеңе десе отырғызамын деп қорқытасыңдар, мен ол жақта отырғанмын, онда да тіршілік бар, ондағы ел де ереже, тәртіппен өмір сүреді. Сенің шефің сияқты адамгершілікті таптап, қиянат жасап, кісінің адал еңбегін жеуді ол жақта кешірмейді. Қашанғы біз ел-жұрттың қарғысына ұшырап, сенің шефіңе жұмыс істеуіміз керек. Ақымызды бермесе өз аяғыммен берілемін де, бәріңді әшкерелеймін».
– Әй, Бұжырбет көке, сені шефпен таныстырып, осы жұмыстың көзін ашып берген мен емес пе едім. Адамгершілік пен қиянат туралы айтып аспаннан түскендей болып отырғаныңа түсінбедім, адал еңбек етіп, белің ауырып жүргендей неңді міндет етесің, осы күніңе зар болып қалма, – деп жіптіктей қара-бригадир нығырлап, өктемдеп сөйлеп Бұжырбетті кәдімгідей тықсырып тастаған. Әртүрлі азық түлікпен, нан-шұжықтармен қатар ала қаптағы арақтарды көрген Бұжырбет жымыңдап:
– Кешір балам, артық айтсам айып етпессің, бірақ жан қысылса менің де баратын жерім бар,– деп сөзінің аяғын қоқан-лоққыға жалғаған. Бірақ бригадир естімегенсіп, оған мән бермеді:
– Жарайды, біз кеттік, ал сендер қарап отырмай тамаққа татитындарын шетінен жайғай беріңдер, бүгін-ертең бітірсек, қалғандарын қырғыз бауырлар осы жерден айдап әкетеді, ана айғырға тиіспеңдер, оның бағасы келісілген,– деп көлікке бет алған. Мерседес көлігі ыңыранып үңгірден шыққанда түн ортасы ауып, жетіқарақшы солтүстіктен жарқырап тұрған еді.
Тоқмақ мал базарынан шыққан бригадир жанындағы қырғыз достарымен қоштасып, қомақты қаржыны қойнына басып, сол күні шефке жеткен. Талапты аудандық ішкі істер бөлімін соңғы он бес жыл үздіксіз басқарған Табыс Құрманов зейнет жасына келсе де өңін бермеген қағілез қараторы кісі. Басында аудандық полиция бөлімінің бастығы Владимир Кумовтың айдаушысы болған Табыс бастығының отынан кіріп күлінен шығатын. Оның әйеліне де ұнаған, қалаға дүкен, базарларға барғанда Зинаның қолына зат ұстатпайтын, томпаңдап бар жүк қалталарын өзі көтеретін. Кейбір халық осы полиция формасындағы жігіттің орыс әйелдің жүк қалталарын көтеріп зыр жүгіріп жүргенін күлкі етсе де, оның қысылатын жөні жоқ еді. Себебі, түнімен ұйықтамай металл мен мал ұрлайтындардың бірінен соң бірін әшкерелейтін Табысты МАИ қызметкерлері жақтырмаса да, бастығы талай жиындарда үлгі етіп айтып абыройын асқақтататын. Табыс деген атына заты сай табыстан да құралақан емес-ті. Металлистер мен барымташылар ай сайын «крышаларын» үлессіз қалдырмайтын. Бірін айтып, бірін айтпай Табыс та бастығымен бөлісіп тұратын. Орыс халқы қанағатшыл, не берсең соны ала береді және алғысын аямайтын.
Соның арқасы шығар, бақ шаба ма, бап шаба ма дегендей бастығы облыстық ішкі істер басқармасына жоғарылағанда да сенімділігі мен бастығына шын берілгені бағаланды, бұның бағы таймады. Қарамағындағы жиырма шақты учаскелік инспектор бұның басыбайлы құлы сияқты айтқанын екі етпейді. Оның үстіне тапсырма көбіне облыстағы бастықтың атынан айтылатындықтан, бөлім бастығы да бұның әрекетіне шектеу қоймайтын. Тіпті, кейбір тірліктерді өзі шешіп тастап бастығына ескертіп қана қоятын Құрмановтың беделі ел арасында шарықтап тұрған. Полиция бастығы да бұған үйреніп алған, айлық, тоқсандық есеп тапсыратын кезде қалдырмай жанына ертіп алады. Облыс бастығына бірге алып кіреді, себебі Табыспен жүрсең Кумовқа кезекке тұрып сарылмайсың, оның хатшысы үнемі бұлаңдап, табысты көрсе болғаны, «шеф сіздерді күтіп отыр»,– деп есік алдындағылардың мысын басып, өздерін төрлетіп жібереді. Шефтың тапсырмасы солай болса керек, сірә. Шынында орыс баласы әділ болатыны рас екен, Кумовтың жиырма шақты шошқасын баққаны болмаса, аса өтіп кеткен еңбегі де жоқ, соған қарамастан ол Табысты үнемі көтермелеп жүретін, сый-марапаттардан да құр қалдырған емес. Министрлікке жоғарылап бара жатқанда бір ай бұрын шақырып алып, аудандық ішкі істер бөліміне бастық боласың дегенде, Табыс шын ниетімен, «басеке, менің шамам келмейді, осы қызметімде қала берейін», – деген. Алайда көпті көрген әккі бастығы «Табыс, неғұрлым қызметің жоғарылаған сайын жүгің азая береді, атқарудан басқару оңай, өзім қолдап отырамын, бір айдан соң мен жоғарыға кетемін, осындағыларға табыстаймын, ауданда өз адамымыз отырғаны шаруашылығымызға да керек»,– деп қолына бұйрығын ұстатқан. Ертесіне өзі келіп бес жыл бірге істеген бастығын жоғарылатып, Табысты аудан басшыларымен таныстырып отырғызған. Содан бері он бес жылдан асыпты. Құдайға шүкір, аудан өзінің туған үйіндей болды, қанша басшылар ауысса да Табыс ауыспайды. Халық та үйреніп алған. Зейнет жасынан да асып барады, Астанадағы басшылары «керек мамансыз, жастарға тәжірибеңізді үйретіңіз», – деп қызметін бір-екі жылға ұзартқан. Өзі де жалықты, демалғысы келеді, оның үстіне жаңа келген прокурор жап-жас болып бұның жұмысындағы кемшіліктердің бірінен соң бірін ашып, облысқа әшкерелеп бітті. Бұрынғылармен шай-су ішіп тындыратын шаруаларын жаңа прокурормен шешу мүмкін болмай қалды. Ең ауыры, соңғы жылдардағы есептен жасырылған қылмыстық істердің саны күрт өскен. Көбі ауылдағы мал ұрлығы, кезінде учаскелік инспекторлардың малы ұрланғандардан алған кешірім арызы түкке аспай қалған. Кейбіреулері тіпті, ұрылардың атын атап, түсін түстеп, ұрлыққа полиция қызметкерлерінің қатысы барын жазған. Қиыны осы болып тұр, егер бұл дәлелденсе жас прокурор аяйын деп отырған жоқ.
Аудан басшылығының қатысуымен Үйлестіру Кеңесінде қаралған бұл мәселе ушығып, енді облыс Әкімінің құқық қорғау құрылымы басшыларының қатысуымен болатын Үйлестіру Кеңесінде қаралмақшы. Жас прокурордың арыны жаман, тоқтайтын түрі жоқ, Астанадан Кумов хабарласып, абыроймен отставкаға кетуге кеңес берген, бірақ облыс басшылары арызын әлі қарайтын емес. Сонымен басы қатып отырғанда тау жақтағы аға учаскелік инспектор Жармақов кірген кабинетіне. Қомақты қаржы салынған қалтаны бастығына сырғыта салып, өзіне телміре қараған. Алайда, бастығы қалтаны салмақтай ұстап темір қобдидың астыңғы қабатына орналастырған соң, біраз уақыт үндемей отырып қалды. Әдетте бастығы бұндай жағдайда қуанышын жасыра алмай, отбасы, жұмыс жайын сұрап іш тартатыны бар болатын. Әккі полицей не болғанын бағдарлай қойды. Өзі де облыстан келген тексерушілер туралы әртүрлі алашапқын әңгімелерден хабардар болатын.
– Не болды, басеке, көңіл-күйіңіз жоқ қой, тағы сол прокуратура ма?,– деп бастығына ентелей жақындаған.
– Бұл жолы қиын соғатын түрі бар, сенің тау жағыңнан арыз қарша борап тұр, ол жақта не жаңалық? Бастығының өз жұмысына көңілі толмай отырғанын байқай қойған Жармақов өзінен пәлені алшақтатқысы келіп,
– Ана Бұжырбеттің тілі шықты, үлес туралы айта бастады, –деп Шайтанқұздағы әңгіменің шетін жеткізген.
– Сенің тапқан адамың емес па, өлсек жанымыз бір деп ант-су ішкенің есіңнен шығып кетті ма? Бұл жолы бастығы барлық жауапкершілікті өз мойнына артатынын сезген полицей үндемей төмен қарады.
… Бұжырбетпен алғаш кездескен кезі мен осы уақытқа дейінгі бірге жасаған әрекеттері көз алдынан тізбектеліп өтті. Ең алғаш милиция мектебін бітіріп, осы ауданға учаскелік инспектор болып келгенде арманы асқақ, талабы таудай болатын. Бірер жыл адал қызмет жасап, білімін жетілдіріп кәсіби маман болу арманы еді. Шектен шыққан жүктеме мен күні-түні бітпейтін алашапқын жұмыс арманы тұрмақ отбасына қарауға мұршасын келтірмеген. Тіпті, сүйіп қосылған жары да тамақ тапшылығы мен тұрмыс тауқыметін жиі есіне сала беретін.
Ол кезде Бұжырбет аудандағы атақты барымташының бірі еді, Мойынқұмдағы алыс қыстаулардан үйірлеп жылқы әкеліп базарға салатын Бұжырбеттің қолы ашық, ақкөңіл жан сияқты көрінген. «Бауырым, мынау шоталың», – деп жас учасковойдың қолына үнемі бір-екі жылқының құнын тастап кететін. Алғашында шошынып алмаған еді, «маған сенің еш көмегің қажет емес, менің сенен басқа араласатын кісілерім жеткілікті және олар облысты басқарып отыр, мұны ағалық көмек деп қабылда»,– деп іші-бауырына кірген соң, пенде емес пе бас тарта алмаған. Шынында жағдайы да жетісіп тұрған жоқ қой, совхоздың екі бөлмелі үйінің жартысында тұратын жас полицейдің айлығы асынан аспайтын, жолдасы екеуі еденде жатады, жөнді төсек орын да жоқ. Үйіне келіп шай ішіп жүрген Бұжырбет бірде «келін екеуіңнің жерде жатқаның ұят екен, үйіңе жөні түзу төсек орын ал» деп екі жылқының құнын ұстатқанда көңілі босап, осы Бұжырбетті шын жақсы көрген. Тіпті екі кісілік төсегін жуып отырып, «мен сізге өкіл іні болайын» деп айтып салған. Бұжырбет те әккі емес пе, орнынан тұрып жыламсырап, жалғыздығын, көп жылдан бері ажырасып кеткен әйелін, облыс орталығында интернатта жатқан балаларын айтып, кемсеңдеп бұны бауырына басты, өле-өлгенше өзіңнің тілеуіңді тілеп өтемін, өкіл іні емес, шын балам боласың», – деп қапсыра құшақтаған.
Жағдайы түзеліп қоңданып алған Жармақовтың аты енді ауданға да белгілі таныс бола бастаған. Бірде өзіне шақырған Құрманов «сені ұрылармен ауыз жаласып жүр деген ақпарат бар, өткенде ішкі қауіпсіздік басқармасынан келгендерді зорға қайтардым», – деп бетіне сықсия қараған. Және өңінде не ашу, не ыза табы жоқ, біртүрлі күлімсіреп отырғандай болды, Жармақов не жауап берерін білмей, тұла бойын қорқыныш билеп, аңтарылып бастығына қараған еді, телефон шылдыры сөйлеуге мұрша бермеді. Бастығы иегімен есікті нұсқаған соң, жылыстап кабинеттен шыға жөнелген. Біраздан соң бастықтың шақыруымен тізесі дірілдеп ішке енген Жармақов сұлқ тұрып, бастық не үкім айтады деп жалтақтап тұрған еді.
– Облыстағы бастықтардың тамағын тауып береміз деп жалақымызды да алмайтын болдық, соғым сұратып жатыр, не істейміз, – деп бастығы бұған сығырая қараған, ол елпең қағып, «оның жарасы жеңіл ғой, басеке, тек менің жанымды алып қалыңыз, құлыңыз болайын»,– деп ағынан жарылды. Содан бері Құрмановтың сенімді серігіне айналған Жармақов қызметтік өсуді армандауды мүлдем қойды. Бұрынғыдай күндіз-түні берілетін тапсырмадан да босады. Жұмысы жеңілдеген соң ауыл шетіндегі ана жылы айдалып келген гректерден қалған базды жекешелендіріп, қосалқы шаруашылық жүргізіп қойған. Жанында арқырап Талас өзені ағып жатыр, анда-санда бастығын әкеліп, сырбаз жегізіп, қымыз ішкізеді. Екеуі тонның ішкі бауындай, жасырын сыр жоқ. Осындай отырыстың бірінде Құрманов, «сенің өкіл әкеңді ұстайық»,– деп бұған ыржия қараған. Жармақов шошып кеткен «не болып қалды, басеке, маған ыңғайсыздау ғой»,– деп күмілжіген. Әккі бастығы күні бұрын бәрін ойластырып қойған екен, серігіне қарап, «бұл жерде біздің қатысымыз болмайды, қылмысты іздестіру бөлімінің балалары ұстайды, ал біз құтқарамыз», – деді.
Құрмановтың жоспары бойынша қылмысты іздестіру бөлімінің жігіттері көп ұзамай Бұжырбет пен оның серігі Қарамақауды бірнеше ұрланған жылқымен қолға түсіріп, бөлімге әкеліп қамаған. Соңында тергеуші Қиясов бір ай қамауда отырған Бұжырбет пен Қарамақауды тергеуге көмектесіп, шығынды толық өтеуіне байланысты қамақтан босатып, істерін қысқартқан. Бірақ тергеуші екі ұрының алдын ала Жармақовтың кепілдігін алып, енді ұрлық табыстарымен полиция бастығымен бөлісетіні туралы ант-су ішіп уәде бергенінен бейхабар болатын. Содан бері он жылдай уақыт өткен екен, Бұжырбет пен Қарамақау енді Құрмановтың барымташыларына айналды. Көрші ауданның үйір-үйір жылқысымен Шайтанқұзды толтырып тастаған. Пайда шашетектен, ұрлық малды табу мен қабылдап сойып өткізу Жармақовтың қолында, үлес бөлетін де өзі. Бұжырбет пен Қарамақаудың қарсы айтатын сөздері жоқ, қит етсе шеф Құрманов, ұстатып бұрынғы қылмыстарымен шықпайтындай етіп қамаймын деп қорқытады. Жармақов та шефтің атынан бұйрық беріп, екі сөзінде олар үшін түрме есігі айқара ашық тұрғанын еске салудан жалықпайды. Қайран дүние бірде бетін, бірде сыртын береді деген осы да. Енді міне өзі қолдап жүрген өкіл әкесі өзіне қарсы шыға бастады, кешегі сөздері жай емес. Шынында ол ашынып жастығымды ала кетейін деп ұрлықтарын жайып салса, қызметтен де, дүниеден де, абыройдан да айырылатын түрі бар. Тіпті бастығының қазіргі халі оған араша түсетіндей емес. Сондықтан лажсыздан шефке бұл туралы айтпаса болмайтынын байқады, ол кісі ақылды ғой бір шешімін табар деген ойға тоқтаған еді. Сөз арасында бастығы прокурорға кіріп шығуын тапсырған. Бірақ не шаруа екенін айтпаған.
Талапты ауданының прокуроры Аслан Дәрібекұлы жас болса да тәжірибелі маман. Көп жылдар тергеу саласында қызмет жасағандықтан келе сала назарын тергеу жұмысының сапасына бұрған. Оны алаңдатқан негізгі мәселе есеп көрсеткіші бойынша қысқартылған және тоқтатылған істердің шамадан тыс көптігі болатын. Оның көбі мал ұрлығына байланысты болғандықтан, келе сала осы жағдайды өзекті мәселе ретінде қарастырған. Қысқартылған және тоқтатылған қылмыстық істерді зерделеу арқылы ол көптеген қарама-қайшылықтар мен заңсыздықтарды байқады. Біріншіден жәбірленушілер арызындағы ұрланған мал есебінің іс қысқартылған кезде толық көрсетілмеуі, соған байланысты жәбірленушілердің қарсы арыздары күмән тудырды. Сондай-ақ тоқтатылған істер бойынша алдын ала тергеу амалдары атүсті жүргізілген. Кейбір арыздарда мал ұрлығына қатысты сезікті кісілердің аты-жөні толық көрсетілгенмен, оларды анықтау және іздестіру жұмысы мүлдем жүргізілмеген. Ал біршама қылмыстың ауданның таулы аймақтарында орналасқан елді мекендерден екендігі де жас прокурордың назарынан тыс қалмаған. Көмекшілері арқылы қарсы тексеру жұмысы көптеген жәбірленушінің қарсы арызы «бірнеше малын ұрылардан қайтартып, кейін қалғанын әкелдіріп береміз»,– деген аға учаскелік инспектордың өтінішімен жазылғаны анықталды. Сондықтан малы жоғалып арыз бергендер осы уақытқа дейін заңды шешім қабылданбай келе жатқандығын тиек етіп прокурорға қайта арызданды. Тексеру барысында қысқартылған істердің біразы қайта жаңғыртылып, есептен жасырылған бірнеше оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы ретте жас прокурорға Құрманов бірнеше рет кісі салып «істерді қопармай, өзіміздің қызметтік өкілеттігімізбен шешейік, мен де зейнет жасына келдім, тыныш кетейін», – деп келісімге шақырған. Алайда азаматтардың меншік құқығы бұзылып, полиция тарапынан қызметтік заңсыздықтар орын алып отырғанда қандай келісім болуы мүмкін деп ол өзінің прокурорлық ұстанымын айтқан. Құрманов көбіне қызметкері Жармақовты қорғаштайды. Сондықтан, бүгін Жармақовпен жеке кездесіп, түсінік алуға шақырған. Жедел ақпараттар бойынша Жармақовтың полиция бастығының сенімді қызметкері екендігі, көбіне бастығының тапсырмасымен жүріп, өз міндеттерін жеткілікті орындамайтыны, мал ұрлығына қатысы бар екендігі туралы ақпарат жеткілікті болатын. Кабинетіне келген Жармақовты прокурор бірден қыспаққа алды.
– Мал ұрлығы туралы арыздың көбі қысқартылған немесе сезіктілер анықталмағандықтан тоқтатылған, осының себебін түсіндіріп бере аласыз ба?
– Мен арыз қабылдап, алғашқы анықтама жұмысын ғана жүргіземін, ал қалған тергеу амалы мен процессуалдық шешімді тергеуші қабылдайды, сондықтан бұл туралы солардан сұраған жөн болар, прокурор мырза.
– Олардан да сұраймыз, дегенмен көп арызда сезікті ретінде С.Сердалиев деген азамат өтеді, алайда ол кісіні табу, тергеу үшін өте күрделі іс болып тұрған сияқты, оның себебін түсіндіре аласыз ба?
– Меніңше бұл сұраққа қылмысты іздестіру бөлімінің жігіттері толық жауап берер деп ойлаймын.
– Азамат Сердалиев сіздің өкіл әкеңіз болғандықтан, оның қайда жүргені және немен айналысатыны туралы сізге белгілі болар деп ойлаған едім.
– Кешіріңіз прокурор мырза, менің өкіл әкем болғаны рас, алайда көп жыл болды біз араласпаймыз және оның қайда жүргенінен де хабарсызбын.
– Жарайды, оқып шығып қолыңызды қойыңыз, әзірге боссыз. Прокурордың кабинетінен терлеп шыққан Жармақов бұл сұрақтың арты жақсылыққа апармайтынын бірден сезді. Өз әріптестерінен де тиісті ақпарат алынғаны белгілі болып тұр. Әсіресе Бұжырбеттің атының аталуы бекер емес. Өткенде тергеушілердің Сердалиевке қатысты іздестіру жұмысын жандандырып жатқанын да естіген.
Жеделдетіп бастығына келіп бар жағдайды баян етті. Құрманов барлық жақтан көмек тоқтатылғанын, ішкі қауіпсіздік басқармасы да мал ұрлығына қатысты облыстық үйлестіру кеңесінің шешімінен соң ешкімді аяйтын емес, басты нысаналары біз болып тұрмыз, – деп шындықты айтты.
– Тығырықтан шығатын жол біреу-ақ, ол қайткенде де Бұжырбет пен Қарамақау бұлардың қолына түспеу керек. Сенің тағдырың осы екеуінің қолында.
– Сонда не істеу керек, оларды қайда тығамыз, өздері де құтырып отыр, шындықты айтып өлеміз деп.
– Ақыры өлім туралы айтып отырса, саған құтылудың жолын өздері көрсетіп отырған сияқты ғой,– деп, Құрманов серігіне сынай қарап, жауап күтті.
– Сонда қалай түсінбедім, оларды…Жармақов бастығына ишара жасап еді, «әрине, басқа жол жоқ», – деп Құрманов ернін басты.
– Ендеше, ертеңнен қалмай қалған малды жайғастырайын, әсіресе ана Керайғырға қырғыздардың көзі түсіп отыр, біраз пұл болатын сияқты,– деп әккі полицей қоштаса бастаған.
Жармақов әкелген арақтың қуаты әлсірей бастаған кезде Бұжырбет серігіне, «мына Керайғырды қырғыздарға апарып сатайық»,– деп ұсыныс жасаған. Себебі өткенде бригадир біраз жылқыны сойып әкеткенде, бір қырғыз өзін жеке шақырып сыбырласқан. Жақын ауылда таудың етегінде тұратын атақты көкпаршы еді. «Осы айғырды шығарып берсең, қомақты қаражат беремін»,– деп уәде еткен. Бұжырбеттің ойы айғырды сатып, қалған жылқымен Қырғызстанға өтіп кету болатын. Әрине, баспанасы жоқ, бала-шағасының қайда қалғанын білмейтін Қарамақауға бұл ұсыныс ұнай кетті. Бұжырбет Керайғырды ноқталап жігіттерге жеткізсек, миллион қалтамызда болады, ал ана менің өкіл балам да, оның шефі де құрысын, мына айғырдың бағасы біздің мына иттерге жасаған қызметімізден мың есе артық, – деп ағынан жарылған.
Қарамақау бұл ұсынысқа бұрыннан дайын болатын, арқанын алып серігінің соңынан ерді. Қызыңқырап алған Бұжырбет Керайғырдың алқымын уқалап жақындай берген, оның ойы мойнына шалма салу екенін сезген Керайғырдың жануар санасына, тастай қара мөлдір көздерінен тамшылаған жасымен мөлтілдеп көмек күткен ақбиесінің бейнесі келді. Ақбиені шалмалап құлатқан тажал-адам енді өзіне ауыз салғалы келеді. Ақбиенің кегін қайтаратын сәт туған сияқты. Керайғырдың шыңғырып кісінеген дауысы үңгір ішін жаңғыртты, шалт бұрылып қос аяқтаған тепкісі Бұжырбетті шалқасынан түсірген, ал не болғанын түсінбей мойнындағы шұбатылған шылбырға жармаса берген Қарамақауды басымен соғып жіберген жануар, еркіндігін сезініп, шыңғырып кісенеген күйі үңгірдің шығар бетіне шаншылып, кеудесімен ағаш кедергілерді қирата соғып ылдиға шапты. Шіркін еркіндік, әні-міне деп ажалын күтіп отырған тарпаңдардың қосыла шапқан табанынан Қаратаудың тасы дірілдеп, жотасы шулады. Балдыр көлдің жағасына үйірін ертіп шауып келген Керайғырдың қожайыны кеудесі қанға боялған жануардың қанын жуып дәріледі. Керейғырдың тауға қарап кісіней бергенін байқаған қожайын егде биелердің жетіспейтінін бірден байқаған, содан соң да айғырды тоқымдап, тауға беттеп, еркіне жіберген. Керайғыр қателескен жоқ, ол түйсігімен бар жайды сезініп аршындай шапты, ойы алдамаған сияқты, Шайтанқұзға жеткенде полиция машинасымен тұрған азамат қожайынның алдынан шығып қолын алды, екеуі сөйлесті, бірақ бұл жануар ғой, не сөз болғанын түсіне алмады. Ал полиция көлігінің жанында ес-түссіз, бет-аузы қанға боялған Қарамақау жатқан. Аға учаскелік инспектор Жармақов қожайынға бір апта ұйықтамай, ұрылардың ізіне түсіп, қазір тауып жеткенде қайғылы оқиғаның үстінен түскенін айтқан еді. Бұжырбет тіл тартпай кетіпті, ал мынаның жарақаты ауыр, есін білмейді, бас сүйегі мыжылып кеткен сыңайлы. Ауданнан тергеу тобы мен жедел жәрдем шақыртылды, соларды күтіп отырмын деген тәртіп сақшысына қожайын шын ниетімен разы болып алғысын жаудырған.
…Жетіқарақшы бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін ұрлаған баукеспе ұрылар болыпты. Халық болып соңына түскен соң қылмысы басынан асқан жеті ұры жеткізбей аспанға қашып шығып кеткен. Бастаған – алдыңғы төртеуі, ана артындағы үшеуі ерер-ермес болып жүрген олардың құйыршығы. Екі бүйірдегі жарық жұлдыз – екі батыр. Сонау қатар тұрған екі жұлдыз ақбозат пен көкбозат батырлардың аттары. Олар Темірқазыққа арқандаулы. Шұбатылған арқаны да көрініп тұрады. Аттар Темірқазықты айнала оттайды. Оларды аңдыған жеті ұры да түнімен төңіректеп, айналып жүреді. Ұрылар қайтсе де осы аттарды түсіріп алмақшы. Сақ күзетші алдындағысынан көз жазбайды. Сөйтіп жүргенде таң атады. Таң атысымен Жетіқарақшы көзден тайып, тасаланады.
Ал күндіз бәрі таза, бәрі ақ, тек ақбие мен Керайғыр ғана жоқ. Керайғыр жарақаттары асқынған соң, осы қыста соғымға сойылды.
Ә.Қонысбаев