Жемқорлықпен күрес елімізде жыл өткен сайын күшейіп келеді. Негізі Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алған уақыттан бері сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізіп келеді. Біздің еліміз тәуелсіз мемлекеттер достастығына кіретін мемелекеттер арасында бірінші болып жемқорлыққа қарсы заң қабылдады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» туралы бұл заң 1998 жылы қабылданып, елдегі ашықтықты қамтамасыз етуге, жемқорлыққа тыйым салуды мақсат етті. Одан беріде жемқорлықтың алдын алу мақсатында көптеген заңдар қабылданып, жауапкершілік күшейіп келеді.
Сыбайлас жемқорлық – әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлықтың мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін едәуір төмендететіні, қоғамда демократиялық қайта құруларды жүзеге асыруды тежейтіні, елдің халықаралық беделіне көлеңкетүсіретіні белгілі. Ең бастысы – адамдардың қоғамның демократиялық негізіне деген сеніміне, заң мен әділдікке деген сеніміне, түптеп келгенде,билікке деген сеніміне кері әсер ететіні хақ. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрес азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кінәлілерді жауапқа тарту арқылы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ оларға теңестірілген адамдардың тиімді қызметін қамтамасыз етуді көздейді.
Осы орайда еліміздегі құзырлы органдар сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің, ашық, қолжетімді қызмет көрсетудің механизмін жасауда. Бұл қатарда еліміздің сот құрылымы да бар. Бүгінде сот саласында көрсетілетін қызметтер толық электрондық форматқа көшірілген. Енді сот ғимаратына арнайы келудің, кезекке тұрудың, көптеген анықтама жинаудың қажеттілігі жоқ. Мұның өзі жемқорлық тәуекелдерінің алдын алады.
Сонымен бірге, судьялардың тараптармен процесс барысында, процестен тыс байланысуына да тосқауыл қойылған. Сот ғимараты 100 пайыз дыбыс-бейне жазу құрылғыларымен қамтылғандықтан, жемқорлыққа жол берілмейді деп сеніммен айтуға болады.
Бакиева Салима Абдулрахмановна, Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының судьясы