Бүгінгі қоғамда мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен әділеттілігіне қойылатын талаптар күн санап артып келеді. Бұл орайда басты назарда тұрған маңызды мәселенің бірі – жемқорлықпен күрес. Жемқорлық – мемлекеттің дамуына, қоғамның тұрақтылығына, халықтың билікке деген сеніміне орасан зор нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс. Сондықтан бұл кеселмен күресу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың ортақ міндеті.
Жемқорлықты жою – жай ғана мақсат емес, ол өркениетті, әділетті, заң үстемдігі орнаған мемлекетті қалыптастыру жолындағы басты алғышарт. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында жемқорлықпен ымырасыз күрестің жалғасатынын, бұл бағыттағы жұмыстың жүйелі түрде жүргізілуі қажеттігін бірнеше рет қадап айтқан болатын. Мемлекетіміз “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатына негізделіп, ашықтық пен есеп берушілікті нығайтып келеді. Бұл үрдіс жемқорлықпен күрестің нақты әрі пәрменді жолдарының бірі.
Біздің мекемеде де осы бағытта кешенді шаралар атқарылып келеді. Қызметкерлерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, әдеп кодексін сақтау, заң талаптарын бұлжытпай орындау жөнінде түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Қызметтік шешім қабылдауда ашықтық пен әділеттілік басты қағида ретінде ұстанылып отыр. Сонымен қатар, ішкі бақылау және тәуекелдерді басқару жүйесі де жетілдірілуде.
Жемқорлықтың алдын алу – жазалаудан бұрын тұратын маңызды міндет. Бұл бағытта біз еңбек тәртібін нығайту, қызметтік этика талаптарын сақтау, мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру бағытында жұмыстарды жалғастырудамыз. Әрбір маман өз жұмысына адал, жауапты, заң аясында қарау – нағыз патриотизмнің көрінісі деп есептеймін.
Қоғамда жемқорлыққа “норма” ретінде емес, “қылмыс” ретінде қарау мәдениеті қалыптасуы керек. Бұл тек мемлекеттік қызметшілердің емес, бүкіл қоғамның ой-санасына өзгеріс енгізуді қажет етеді. Мектеп қабырғасынан бастап, жоғары оқу орындарында, жұмыс орындарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – уақыт талабы.
Бүгінгі таңда еліміздің әрбір азаматы өз ісіне адал болса, әр мекеме өз қызметін ашық жүргізсе, қоғамда әділеттілік пен сенім салтанат құрады. Жемқорлықпен күресте біз тек жазалау шараларымен шектелмей, оны болдырмаудың тетіктерін нығайтуымыз керек. Бұл – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Осы жауапкершілікті әрқайсымыз терең сезінгенде ғана, біз жарқын болашаққа нық қадам баса аламыз.
Сондықтан да жемқорлықсыз қоғам құру жолындағы әрбір әрекетіміз – ел игілігіне бағытталған маңызды қадам. Бұл жолда бірлігіміз бен жанашырлығымыз, табандылығымыз аса қажет.
А.А.Бактымбетова
ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСЫ ЖӘНЕ ЗАҢГЕРЛІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ