Жыл сайын жылжып желтоқсан жеткенде, осыдан 34 жыл бұрынғы сол бір сүреңсіз күндердің ызғары дүбірлі оқиғаға қатысушылардың əлі күнге дейін жанын қарып, жадында жаңғырады. 1986 жылы Алматыдағы алаңға шыққан жастардың арасында Майра Мұхамадиева да бар еді.
— Мен ол кезде 24 жастамын. Көк базардың жанындағы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің баспасында (қазіргі «Дəуір» баспасы) жұмыс істеп жүргенмін. Кеште жұмыстан келе жатқанда маршруттық автобуста əріптес жігітті кездестіріп қалдым. Алаңда жастар жиналып жатқанын содан естідім, — деп есіне алады Майра. — Не болып жатқанын білмекке құмартып, сол жерде автобустан түсіп, алаңға бардық. Келсек, жастар көп, басында жай қызығушылықпен қарап тұрғанбыз. Артынан арасына қалай кіріп кеткенімізді өзіміз де сезбей қалдық. Басында жай митинг сияқты болды. Жиналған жастар «Атамекен», «Менің Қазақстаным» әндерін шырқады. Кейбір жастар «Қазақстанды өз адамы басқарсын!», «Колбин кетсін!» деп ұрандатып жүрді. Бұл күні алаңды құқық қорғау қызметкерлері қоршап тұрғанмен, тыныш өтті. Желтоқсанның ызғары бойымызды қарып бара жатқан соң, үйге қайттық. Ертеңіне тағы бардық. Милицияның қарасы көбейді, қап-қара киінген ОМОНдар келді. Жақынырақ тұрған қазақ милициялар «Жастар, қайтсаңдаршы. Босқа қиналып қаласыңдар ғой» деп сыбырлап ескертулерін айтып жатты. Біз оларға «Қазақ емессіңдер ме? Намыстарың жоқ па?» деп қайрап қоямыз. Біраздан соң алаңдағы жастарға күш қолдану басталды. Қыздарды шашынан тартып, жігіттерді резеңке сойылмен желкесінен, тілерсегінен ұрып құлатты, су шашып, итпен қудалады. Қолға түскендерді сүйреп машинаға салып, тиеп әкетіп жатты. Кері лықсыған жастардың арасында тапалып қалған мені қазақ жігіттері тұрғызып алып кетті. Жастық жалынымыз ба әлде бойымыздағы ұлттық намысымыз ба, әйтеуір, желтоқсанның сол үш күнінде жұмыстан шығып алаңға келеміз, әйтеуір, милицияның қолына түскен жоқпын, бірақ таяқ жеп қайтатынбыз. Бірақ жатақханаға келген соң, неше түрлі сұмдықты еститінбіз. Жұмыста да қазақтарға деген көзқарастары өзгеріп, өзге ұлт өкілдері өшпенділікпен қараған кездерді бастан өткіздік. Бірақ алаңдағы көк мұздың үстіне төгілген қан, әр жерде домалап жатқан бас киімдер, патриоттық әндерді шырқап, мұздай қаруланған әскерге қасқайып қарсы тұрған қазақтың қайсар жастары әлі күнге дейін көз алдымда, қыздардың шыңғырған дауыстары құлағымда қалып қойды. Сол күндерді көз алдыма елестетудің өзі қиын, мұндай зорлық-зомбылықты ешкімнің басына бермесін. Қаншама жастар қанға бөкті, қаншасы ауру, мүгедек болып қалды, болашақтарына балта шабылып, тағдырлары түбегейлі өзгерді. Сондықтан Тәуелсіздік күнін өз басым мереке емес, қасірет күні деп қабылдаймын.
Айгүл Ахметова,
«Заң газеті»