Жеке сот орындаушыларының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне және актілеріне дау айту туралы талап қоюлар Қазақстан Республикасы әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (ӘРПК) талаптарына сәйкес мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттарда қаралады.
ӘРПК-ның 136-бабына сәйкес сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.
Егерде талап қоюшы заңда белгіленген мерзімді өткізіп алса сотқа өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтінішхат беруге құқылы.
«Әкімшілік істер бойынша сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2024 жылғы 29 қарашадағы № 5 Нормативтік қаулысының 13-тармағында ӘРПК-нің 136-бабы талап қою түріне, талап қою нысанасына және оларды санамалау тәртібіне байланысты талап қоюды беру мерзімін көздейді.
Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін сот әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін алдын ала тыңдауда анықтайды.
Талап қоюды беруге арналған мерзімінің сақталуын дәлелдеу және талап қоюды беру мерзімін өткізіп алудың дәлелді себептерінің бар-жоғына дәлелдер ұсыну міндеті талап қоюшыға жүктеледі.
ӘРПК-ның 143-бабына сәйкес сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша алдын ала тыңдау сотқа талап қою берілген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
Егерде талап қоюшы соттың шешімімен келіспейтін болса ӘРПК-ның 168-бабының талаптарына сәйкес сот орындаушыларының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) дау айту туралы әкімшілік істер бойынша апелляциялық шағым, шешім жария етілген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей дайындалатын түпкілікті нысандағы шешім шығарылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде беріледі.
Қызылорда облысынң мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында жер даулары мен сот орындаушыларының әрекетіне дау айту туралы талаптар көптеп түседі.
Сотқа шағынатын азаматтар сот орындаушыларының аумақтық палатасына емес, бірден сотқа жүгінетіндіктен, сот орындаушыларының әрекетіне қатысты даулар көбейіп барады.
Сотқа тікелей жүгінудің алдын-алу мақсатында, 2022 жылғы 22 ақпанда Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік соты мен Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Аталған меморандумға сәйкес, сот ұйғарымымен әкімшілік талап қою өндіріске қабылданған соң, сот тараптардың арасындағы дауды сотқа дейін шешу мақсатында әкімшілік талап қоюды Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасында құрылған келісу комиссиясына жолдайды. Меморандумға сәйкес, кейбір даулар сотқа дейін шешіліп отыр.
Сот шешімінің орындалуы бойынша
Айта кету керек, соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді. Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күнінен бастап бір ай мерзімде орындауға міндетті, ол туралы сотқа хабарлауға тиіс.Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде ол ерікті түрде орындалмаған жағдайда, бірінші сатыдағы сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады.Соттың шешімін, ақшалай өндіріп алу туралы соттың ұйғарымын орындамау даусыз тәртіппен осы Кодекстің 127-бабының тоғызыншы бөлігінде белгіленген мөлшерде қайталап ақшалай өндіріп алуға алып келеді.
Сот осы Кодексте белгіленген жағдайларда ақшалай өндіріп алуды қолданады. Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады. Сот ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарады, оның көшірмесі ақшалай өндіріп алу қолданылатын адамға табыс етіледі. Ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы мәселені қарау өзіне қатысты мәжбүрлеу шарасы қолданылатын адамға алдын ала хабарлана отырып, сот отырысында жүргізіледі.
Ақшалай өндіріп алуды төлеу ұйғарым табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады және ол республикалық бюджеттің кірісіне өндіріп алынады.
Ақшалай өндіріп алу қолданылған тұлға оны төлеуден босату немесе ақшалай өндіріп алу мөлшерін азайту туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге құқылы.
Қорытындылай келе, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс шеңберінде жария-құқықтық дауларда, оның ішінде сот орындаушылардың әрекетіне (әрекетсіздігіне) дау айту бойынша туындайтын дауларды шешу мақсатын көздейтін кодекс аясында азаматтар бұрынғыдай өздерінің талабының дұрыстығын дәлелдемейді. Бұл жерде дәлелдеу ауыртпалығы жауапкерге жүктелген. Бұл өз кезегінде азаматтар үшін тиімді.
Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы
А.Сарсенбаев