Ақпараттық технологиялардың дамуы алаяқтық түрлерінің өсуіне әкелуде. Солардың бірі интернет алаяқтары, соңғы жылдары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Елімізде интернет алаяқтарынан алданғандар саны жылдан-жылға артуда. Алаяқтықтың бұл түрін меңгергендер көбіне WhatsApp мессенджеріндегі қоңырауларды пайдаланатынын, себебі, мұндай қоңырауларды бақылау қиын екенін құқық қорғау органдарының қызметкерлері жоққа шығармайды. Сонымен қатар, мұндай алаяқтар өз құрбандарын интернет-сайттар мен өзге де әлеуметтік желілер арқылы құрығына түсіруде.
Бұл ретте Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауында интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керектігін айтып, құқық қорғау органдарына қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейту әрі азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттыру қажеттігін тапсырған болатын.
Әлеуметтік желілердегі қылмыскерлердің халыққа келтіріп отырған залалы ұшан-теңіз. Сондықтан, азаматтар сақтық шараларына мұқият қарағандары жөн. Соның ең бастысы өздеріне таныс емес телефон қоңырауларына жауап бермеулері керек. Өйткені, алаяқтар өздерін екінші деңгейдегі банктердің, т.б. ресми оргнадардың қызметкерлері ретінде таныстырып, әртүрлі қитұрқы әрекеттерге барады. Есте ұстарлығы, банк қызметкері құпия деректерді телефон арқылы сұрамайды. Осы себепті, SMS хабарлама арқылы келген құпия деректерді немесе кодтарды ешкімге айтпаңыз. Қажет болған жағдайда банк картасы мен банктің мобильді қосымшасын блоктап жауып тастаңыз.
Бұған қоса жеке деректерді, банк карталарын, тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарды құпия ұстаған жөн. Мысалы, интернет алаяқтары көп жағдайда «жеңілдікті онлайн-несиелерді», «төмен пайыздық мөлшерлемемен микроқарыздарды», «артық төлемсіз адал несиелерді» ресімдеу бойынша қызметтерді ұсынады. Сондай-ақ, олар әлеуметтік желілерге әртүрлі заттарды арзанға сататыны туралы жарнамалар беріп, алдын ала төлемді жіберуді сұрайды. Бұл жағдайда әлеуметтік желі беттерінде орналасқан жарнамаларды мұқият тексеріңіз, тауарды қолыңызға алғанға дейін төлемеген дұрыс. Карта деректерін күмәнді сайтқа енгізген жағдайда оны бұғаттау үшін банкке хабарласқан абзал. Дербес ақпаратты беру талап етілетін күмәнді интернет-конкурстар мен лотереяларға қатысудан аулақ болған жөн.
«Сақтансаң сақтаймын» демекші, жылдар бойы жиып-терген қаржыңыздан бір-ақ сәтте айрылып қалмаудың қамын жасау әркімнің басты міндеті. Барлық әрекетті заңды жолмен жасауға ұмтылу алданудың алдын алады.
Мира Иембердиева,
Түрксіб аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы