spot_img
spot_img

Жазықсыз ЖАЗЫҚТЫ

 Қиналып кетті. Тырмысады, көз алдында көрініп тұрған бұтаққа қолын іліндіргісі-ақ келеді. Бірақ алпысқа таяған адамға толық денесін игеріп жоғарыға ұмтылу да оңай емес екен. Аяқ киімінің тұмсығы ғана тиіп тұрған тас бұл тыпырлаған сайын үгіліп, одан бетер есін шығарып барады. Төменге қараса басың айналардай. Жанталасып жан-жағынан тірек іздеп-ақ жатыр. Тырнақтары да сөгіліп, қан тамшылап тұр. Әй өлді деген осы шығар…Ойпыр-ай, мұны көретін, көмекке келетін адам болмағаны ма? Ей, ей…

         Айғайламақ болып күшенген, кіжінген Қасенді әйелі жұлқылап оятып жіберді. «Жан дауысың шығардай не түс көрдің?» деді Айнаш күйеуінің бетіне төне қарап. Ұйқысының бұзылғанына ренжіп тұрғаны белгілі. Түстің әсерінен шыға алмаған Қасен әйеліне жауап та берген жоқ. Оған әйелі де ренжи қоймады. Көрпені өзіне қарай тартты да, шүйдесін көрсетіп теріс аунады.

Ой-соққы

Қысқы каникулдың басталуына да аз қалды. Содан болар, университет алдындағы абыр-сабыр қарбалас азайған. Жамырап амандасатын адам да аз. Студенттер тек емтихан күндері ғана төбе көрсететін. Түстің әсерінен арыла қоймаған Қасен кібіртіктеп жүріп емтиханға кешігіңкіреп қалғанын түсінді. Жас оқытушы болса бір сәрі. Профессорға тексерушілерден сөз есту де оңай емес. Қазіргі жастар да үлкен, кішіге қарап жатпайды. Елдің көзінше «Неге кешіктіңіз, түсінік жазыңыз» деп шаңқ ете түскенде кәдімгідей қысылып қаласың. Сақайып дәл есік тұсында Ләйланың тұрғанының өзі кешіккенін хабар береді. Сұқ саусағымен көзілдірігін көтеруді әдет қылған қыз мұны көре салып қарсы жүрді. «Қап, бәлем. Жап-жас қыздан тағы сөз еститін болдым-ау» деген Қасен ойын пысықтап, сылтауын жұптап үлгергемеді.

— Ағай, сізді полициядан адамдар күтіп отыр. Неге іздегендерін айтпады, — деп сыбырлай сөйлеген Ләйла әлдебір құпияны күткендей бұған сұраулы жүзбен қарады. Көзілдіріктің ар жағындағы көздері мұның өн бойын тінткілеп қылмыс ізін іздегендей тоқтаусыз ойқастап кеткен. Орта жастан асса да мына көзқарастан профессордың өзі сасқалақтайын деді.

— Ләйлажан, өзіңнен басқа бұл пақыр кімге керек дейсің? Қазір сынақ аламын ғой. Полицияға ескерттің бе? – дегенше есіктің ар жағынан ұзын бойлы, қайыстай тартылған қара жігіт көрінді. Ләйла әбігерге түсетіндей түрі де аса сұсты көрінбейді. Тым ажарлы келбетін мына дүрдиген еріннің бұзып тұрғанын қарашы. Артынан тығыншықтай екінші полицей де көрінді. «Бастығы осы болды, жанары ызғарлы екен» деп ой түйіп үлгергенше іздеген адамның келгеніне мәз болған екеу профессорды алып бөлімге барғанша асықты. Қонақтарға бағанадан шай беріп, асты-үстіне түсіп жүрген Ләйла мұндай әрекетті күтпесе керек. Профессорды ортаға алып, дәліз бойымен кетіп бара жатқан екеуге «Ағайды қайда апарасыздар? Бұл кісі не істеп қойды? Ал емтихан тапсырғалы отырған студенттерді қайтеміз?» деп бірнеше сауалды қойып, мардымды жауап естімеген соң керуеннің артынан жүгірген қандендей кібіртіптеп артта қала берді.

Шынында бұлар мұны қайда апара жатыр? Бөлімге сүйрелемей-ақ білгісі келгенін осы жерде сұрай салса болмай ма? Екі жас жігітке әрең ілесіп келе жатқан профессор шырмауық ойдан шыға алмай келеді. «Студенттер арыз жазса, университет ішінде шешілетін еді. Әлде біреу пара алды деді ме екен? Жоқ, әріптестері арыз жазды ма? Әйелі ашқан сұлулық салондарының да жұмысы түзу секілді еді»  Сумақай ойдың жүйрігін-ай.

Атын естігені болмаса полиция бөлімшесін кім көріпті? Темір есікті ашқаннан шылымның күлімсі иісі кеудені қауып қалған. Сен кімсің, профессормын деп өрекпитін Қасенді елеп жатқан ешкім жоқ. Қолындағы швейцариялық сағат та, Итальядан арнайы алған қымбат костюм мен тақасы жылтыраған тұмсығы сүйір туфлиі де айналасындағыларға қызық емес секілді. Мипаздай басып, өзінің асқан мәдениетті екенін көрсеткісі келген Қасен жанындағы қос жігіт кезекшіге мұның құжатын ұсынып, «Күдіктіні жауап алуға апара жатырмыз» дегенде есеңгіреп қалды. Қалай болғаны? Алтын сағатты, қымбат костюмдегі «күдіктінің» аузына қапелімде сөз түспеді.

 Тергеуші алдында

Мұны әкелгендердің екеуі де жедел уәкіл екен. Тергеушіге әлденені сыбырлап айтқан соң Қасеннің жәудіреген сұраулы жүзін елеместен бөлмеге тастады да кетті. Кеше түкірігі жерге түспей тұрған профессор бүгін шарасыз халде алдындағы сұсты жігітке бағышты боп қалған. Ол да мұның дегбірін тауысып, шарасыздығын мойындата түсейін дегендей өтірік құнжыңдап бірдеңені жазғансиды. Сабаққа келмейтін, оқысы келмейтін студенттерге осылай қыр көрсететіні есіне түсіп кетті. Өмір-ай десеңші.  Ал мынау әлі қағаздан бас көтермейді. Алдында біреу отырғанында шаруасы жоқ. Мұның қыбыжықтап, назар аудартпақ болған әрекеті де жауапсыз қалды. Әбден төзімі таусылды-ау деген кезде:

— Сонымен Ажарды өлтіргеніңізді мойындайсыз ба? – деп қойып қалды. Төбесінен біреу мұздай су құйып жібергендей профессор орнынан қарғып тұрды.

— Сіз не деп тұрсыз? Мен профессормын! Ғылымға үлес қосқан, ұрпақ тәрбиелеп отырған адаммын!- деп сұқ саусағын шошайтып ішіне сыймағанын айтып салмақ болған Қасен тегеушінің сыңар езулеп, қойылым көріп отырғандай беймарал отырған түрін көріп бөгеліп қалды. Мынау тіпті мұның қылмыскер екеніне сенімді сияқты ғой.

— Неге тоқтап қалдыңыз? Жалғастыра беріңіз! Сосын профессор адам өлтіре алмайды деп кім айтты сізге? Өлтіреді, менің алдымнан жазықсызбын деп сіз секілді профессор тұрмақ, әкім де, прокурор да, судья да өткен. Одан да жап-жас қызға неге қол жұмсағаныңызды айтсаңызшы. Ескертіп қояйын, қылмысты мойындау жазаны жеңілдетеді.

— Не деп мойындаймын, Ажарды өлтірмесем қалай өлтірдім деп айтамын?

— Сонша студенттің арасынан Ажар деп атын да жатқа біліп тұрсыз. Көкесі, ата сақалыңыз аузыңызға жеткенде өтірік айтып абырой таппайсыз. Іс созылған сайын қауесет те көбейеді. Әйеліңізді, бала-шағаңызды аямайсыз ба?

— Енді неге маған жала жауып тұрсыздар? Менің қолым таза. Қартайғанда біреудің қанын жүктеп не көрініпті.

— Қасен Самғатұлы, сіздің қандай сыйлы адам екеніңізді білеміз. Университетте шу шығармай, осында алып келгеніміз де сондықтан. Түсініңіз, біз себепсіз айып тақпаймыз.

Самай шашы ағарып, қабағының қыртысы көбейгенімен мына тергеуші үлкен ұлымен қатарлас секілді. Сіз деп сыпайы сөйлесе де, сөзі сондай зәрлі, дауысы тым қатқыл. Мұны мойындатуға тас-түйін бекінгендей. Алайда бұл да оңай шағылар жаңғақ емес. Жауды дұрыс таңдамаған екен. Ептеп өз-өзіне келген Қасен орындыққа жайғасып, қарсы шабуылға көшкен.

— Байқаймын, мені қылмыскер жасап қойған сияқтысыз.  Ал дәлеліңіз қайсы?

— Осыдан екі күн бұрын сіз 3-курс студенттерінен емтихан алдыңыз. Ажар да бар ішінде. Курстастары Ажардың сынаққа соңынан кіріп, сізбен бірге ғимараттан шығып бара жатқанын көрген.

— Ол қылмыс па? Бірге шыққанымыз рас.

— Ал мына қағазда Рауан Сәтбаев пен Жанерке Сайынқызы Ажардың сіздің көлігіңізге отырғанына куәлік еткен.

— Дұрыс айтасыз, мен оны жолымыз бір болған соң жалдамалы пәтеріне жеткізіп салдым.

— Яғни, сіз Ажардың қайда тұратынын білесіз ғой. Айтыңызшы, сіз барлық студентіңіздің мекен-жайын білесіз бе, әлде Ажардың ғана тұрағы таныс па?

— Солай-ақ болсын. Сабаққа келмейтін, жұмыс істеп оқу ақысын төлеп жүрген Ажарға көмектескенімді, кейде қаржылай қолдау көрсеткенімді мойындаймын. Айналайын-ау онда тұрған не бар?

— Әрине, онда тұрған ештеңе жоқ! Сол күні сіз Ажарды жай жеткізіп тастамағансыз, пәтердің жанындағы дүкеннен бірге сауда жасап, қолтықтасқан қалпы көп қабатты үйге кіргендеріңізді сатушы да, оның көмекшісі де көрген.

— Оны да өтірік дей алмаймын. Ажар қонаққа шақырды. Біраздан бері көмектесіп жүрген соң рақмет айтқысы келетінін айтты.

— Алғыстың бағасы тым қымбат емес пе? Мен сізді сөгіп тұрған жоқпын. Бірақ өзіңізге ләззат сыйлаған жап-жас қызды өлтіру неге қажет болды?

Мынаны естігенде Қасен тағы орнынан қарғып тұрған. Жоқ, Жоқ! Мен оны өлтірген жоқпын! Мен кеткенде ол табалдырыққа дейін шығарып салып есікті жауып алған… Мүмкін емес… Бәсе, неге қоңырау шалмайды деп ойлап едім… Алпамсадай адам басын шеңгелдеп ұстаған қалпы орындыққа сылқ ете түсті. Жаңағы паңдықтың, сенімділіктің жұғыны да қалмаған. Бір сәтте шөгіп кеткен ғалымды уақытша ұстау изоляторына тапсырған тергеуші қылмыстың ашыларына зәредей күмән келтірмеді.

Қара түнек

Ауасы да, көлемі де тар камераға кіргені есінде.  Жүрегі біраздан бері мазалап жүрген еді, шөкелей құлатты. Жанындағылар шуылдап су шашып, дәрігер шақырған екен. Түн болғанда көзін әзер ашты-ау. Берген дәрі өз дегеніне көндіріп ауыр ұйқыға тартса керек. Оянғанда шүберектей жұқа көрпеше мен көк сасыған жамылғы жанын да, денесін де қалтыратып әкетіп бара жатқанын байқады. Бағанағы не деп кетті? Ажардың өлгені рас па? Кешегі түсі бекер болмапты…

Бұрыннан ұстамды, желік қуу қанында жоқ Қасенді құрдастары Айнашыңның бетіне қараумен өтетін болдың деп қажайтын. Расында желік қуып, жігітшілік етпеді. Басында ғылыми жұмыстарын қорғасам, отбасымды асырасам деді. Кейіннен өзіне жеткенмен, туыстарына көмектессем деді. Тоғыз баланың үлкені болған соң өзінен кейінгілерге теріс үлгі көрсеткісі келмеді. Ұят болмасын деумен өтті ғой өмірі. Аллағашүкір, қазір үш баласы да үйлі-баранды. Бес немересі ата-апалап шауып жүр. Бірақ шайтан азғырайын десе оңай екен. Оңбай түсті, омақаса құлады. Ажардың келбетіне, сұлулығына қызыққан бұл жоқ. Желік қой желпінткен. Алпысқа келгенде осылай абыройсыз болам деп ойлып па? Мына қыз да арбап қоймады. Біресе оқу ақысын төлей алмай, біресе сынақтан өте алмай үшінші курстан жоғарыламаған қыздың мұны не үшін жағалайтынын біледі. Бірақ қу көңіл елегісі келмейді. Қуыршақтай қыздың өзін есепсіз жақсы көретініне сенгісі бар. Сол жолы да қолтықтасып пәтерге келген. Күдікті ештеңе жоқ. Кеш таяғанда баяғы жорға желіске салып үйіне кетті. Түк болмағандай… Ал тергеушінің айтып отырғаны не?

Үміт пен күдік

Тергеушінің алдына қайта барды. Тәртіп солай деген тергеуші бұл жолы бірталай сараптама алдырып, қолтаңбасын мөрлетіп, суретке түсіртті. Кабинетке оралған соң тағы сол ызың, тағы сол сауал. «Мойында, пышақты қайда жасырғаныңды айт, жеңілдіктен қағылма!» Бұл да қасарысып қоймады. Ол да қайтпайтын сыңай танытты. Әзірге есеп тең. Енді бір жақсы адвокат болса, ақталары анық.

Камерасына өзін қайрап қайтқанымен, жазықсызбын дегеніне тергеуші тұрмақ, мына жұрт та сенбегенін айтсаңшы. Тіпті кеше ғана араларына қосылған жас баланың өзі «Осы жердегінің бәрі кінсіз» деп мазақтап қояды. Не десін? Бұл жер сөзіңді дәлелдейтін, айтқаныңды тыңдайтын орта емес.

Сол күні алқынып әйелі жетті. Көзі көнектей болып ісіп кетіпті. Не істейміз, қалай көмектесеміз деген жоқ.

—  Осыншама жер ететіндей не жаздым саған. Неге ұл-қызыңның, немерелеріңнің ертеңін ойламадың? – деп жазғыра келді. Иә, кінәлі. Ессіз әрекетке барғаны рас. Бірақ, адам өлтірген жоқ қой.

— Өстіп қарабет қылғанша адам өлтіргенің жақсы еді!

Отыз жыл отасқан әйелінің айтып тұрғанын қара. Оған күйеуінің көңілдес тапқанынан, кісі өлтіргені жеңіл секілді. Бір сәтте жат адамға айналған әйеліне бәрін түсіндіргісі, ақталғысы, кешірім сұрағысы келген. Алайда шатынаған жанардағы жазуды оқыған профессор онысының бәрі бекер екенін ұқты. Ұқты да камерасына асықты.

Артынан ұлы келді, қызы келді. Олар да жер ортасынан асқан әкелеріне жылы сөз айта алмады. «Анамызды бұлай қорлағаныңыз дұрыс болмады» деді реніштерін жасырмай. Не дейді? Адасқаны ақиқат. Ақталғанын қойнындағы әйелі түссінбегенде, баласы түсінер деймісің. Жылап еңіреп бауырлары жетті. Адвокат жалдаймыз, жазаңызды жеңілдетейік дейді бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Бәрі мұның қылмыскер екеніне сеніп алған. Бірте-бірте бұл да сене бастады…

 Түнек

Бүгін өзі нешінші күн? Темекінің түтіні сарғайтқан кір төбеге тесіліп жатқанына үш ай болыпты. Ештеңе өзгерген жоқ. Адвокат та алақан жайып отыр. Сот-биологиялық сараптама өлер алдында Ажардың жынысқа қатынасқа түскенін, ұрық Қасендікі екенін тайға таңба басқандай көрсеткен. Енді оған мұның да күмәні болмады. Қыздың өлген уақытын шамалап болжаған сарапшылар кешкі алты мен тоғыздың арасын көрсетіпті. Қуанып кетіп, мен кептеліс басталмай кешкі бесте үйге қайтқанмын деп көрген. Әрі мұның кетіп бара жатқанын көршісі де байқаған. Үнемі жақтырмай қарайтын сол әйел бір көмекке жарайтын болды деп ойлап болған жоқ. Тергеуші «Әлденені ұмытттым» деген сылтаумен қайта келген боп тұрсыз ғой. Есік бұзылмаған, қыз қарсыласпаған. Айтпақшы, сол қыз аяғым ауыр, мені ал деп қорқытқан жоқ па сізді?» деп қалды.

Зымиян… Не деген залып мынау? Араларында мұндай әңгіменің болмағанын айтып біраз ақталды. Бәрі бекер. Тергеушіге ұнайтын әңгіме емес бұл. Ақыры тағы мойындата алмаған тергеуші мұны камераға қайта жіберді.

— Енді бұлай созып жүре алмаймын. Көзге көрініп тұрса да бірнеше сараптама жасадық. Куәгерлерді сөйлеттік. Үй маңыздағы бейнекамераларды тегіс тексердік. Сізден басқа үйге кіріп шыққан бөтен адам жоқ! Енді бұлтақтауды қойыңыз. Менің де, өзіңіздің де уақытыңызды алмай, мойындаңыз, — деді кетерінде.

Ұнжырғасы түскен профессор камераға ілбіп әрең жетті. Біткен жері осы екен ғой. Қарманатын, көмектесетін адам қалмағаны ма? Кешегі жанынан үйіріліп шықпайтын достары қайда? Өмірдегі ең жақыны санайтын әйелінің де сенбейтіні қалай? Балалары да аптасына бір келіп сәлем-сауқат берумен шектеліп жүр. Бауырлары жалдаған адвокаттың сөзі анау. «Мойындай қойыңызшы, адамдармен сөйлесіп жазаны барынша жеңілдетеміз» деп қояды. Әлде, мойындай салғаны дұрыс па? Бәрібір мына шырмауықтан таза шықпайтыны анық. Сөзді көбейтпей өлтірдім деп мойындай салғаны дұрыс шығар? Мына қапаста отырғанша соттың берген жазасын көріп алсын. Осы ойға нақты бекіген жеңілгенін, шарасыздығын мойындаған еді.

Найзағай

Қалыпты жұмыс ырғағына көшкен университет алғашқыдағыдай емес, Қасен Самғатұлының барын да, оның тергеуде жатқанын да ұмыта бастаған. Алғашқы айдағы сыпсың сөз төртінші айда жайлап тыйылған-ды. Ажардың есімі де аталмайтын болды. Тек…

Ажармен бірге қосақталып жүретін Саяның бірнеше күннен бері сабаққа келмеуіне алдымен топтың старостасы назар аударды. Телефоны сөндірулі. Ешкімге хабарласпаған. Оның бұлай ескертпей сабақтан қалатыны жоқ еді. Төртінші күні Сая тұратын пәтерге барып жағдайды білмек болған. Алайда староста Жібек пен Жансая барғанда Сая тұратын үйдің алдында адамға толып кетіпті. Жедел жәрдем де, полицияның бірнеше көлігі де осында. Үйге кіру мүмкін емес.  Мыналардың зембілмен көтеріп бара жатқандары Сая екен. Көршінің шақыртуымен жеткен полицейлер қылмыскерді де көп ұзатпай ұстады. Ал ол Ажардың туған ағасы болатын…

…Өзі Талдықорғанда жұмыс істеп жүрген соң Әділет Ажарға анда-санда келіп, қарындасының жағдайын біліп кететін. Сабақтарын оқып, кешке кафеде ыдыс жуып өз күндерін көріп жүрген екі қызға бұл да риза. Алайда соңғы келгенінде алдынан шыққан Сая безілдеп үйге жолатпады. Алдаусыратып мұны дүкенге апарып, әртүрлі сылтаумен саябақ жақта жүріп алған. Ажар бөлмеде ағылшыннан дайындалып отыр дегенге әуелі сенгенімен, Саяның қуыстанғанына қарап Әділет те күдіктенейін деді. Бір сағат жүрді, екінші сағатқа кетті. Қанша таныс болғанымен, Сая екеуі не айта берсін. Кетіп қалайын десе, Ажарды көргісі, өзімен сөйлескісі келіп тұр. Саяның да сөзі таусылған. Қызды қысылтпайын деген Әділет таныстарына барып келетінін айтып еді, Сая балаша қуанып кетті. Күдігі көбейген Әділет үйден ұзаған болды да, айналып қайта оралды. Жүгіріп төртінші қабатқа көтерілген жігіт қарындасы тұратын пәтердің есігін мысықша аңдып отыр. Бір кезде есік ашылып, «Сау бол, айналайын» деген дауыс естілді де… О тоба ар жақтан мұның әкесінен де үлкен адам шығып келе жатыр… Ол аздай, кішкентай көретін Ажары әлгіні құшақтап, бетінен сүйіп қимай қоштасқан түр танытып тұр. Көзі жасаураған жігіттің бір мезгілде жұдырығы да түйіліп кеткен…

Ашуын басып жоғары қабатта біраз отырды. Өз көзіне сенгісі келмейді, қарындасын жамандыққа қалай қисын. Ақша үшін, пайда үшін үлкен кісілерді жағалайтын қыздар туралы талай естіген. Бірақ, өз қарындасы… Ажар осындай ұятты іске барады деп ойламапты. Қаны басына шапқан жігіт қарындасының өзімен сөйлесіп көрмек болған. Айғаласа, ұрысса жеңілдеп қалатындай көрінген. Ал ол болса… ұялған да, қысылған да жоқ. Безеріп тұрып айтқаны – «диплом алып алайын да» болды. Айғайлай сөйлеп, қарындасына деген ашу-ызасын лықсыта шығарған жігіт қолына асхана пышағы ілінгенде сәл есін жиғандай болған. Алайда, басында міңгірлеп тұрған қарындасы шапылдап айтысуға көшті. «Мен оқудан шыққанда, мен оқу ақысын төлей алмай қалғанда қайда қалдың?» деп айыптуға көшті. Тістеніп, пышақты нығарлай ұстағаны, қорқытпақ боп Ажарға ұмтылғаны есінде. Бір қараса қарындасы аяғының астында жатыр екен. Қолындағы пышақты жұлып алғанда тыпырлап жатқан қарындасы соңғы рет уф деп жеңілдегендей болды.

Жақынының жансыз денесін тастай қашпақ болған жігіт жүгіріп сыртқа шықпақ болған. Бірақ өзін тежеді. Бойындағы қызу қан жұққан пышақты көргенде сап басылған. Не істеу керек? Саяның да келіп қалмайтынына кепілдік жоқ. Не де болса ешкімге көрінбеу керек. Самдағай жігіт жүгіріп балконға шықты. Екінші қабаттағы пәтердің балконына сыртқа қарап тұр. Оның үстіне кеш қарайып қалғанда айналада бейсауыт адам да байқалмайды. Тәуекел еткен Әділет екінші қабаттан жерге оңай секіріп түсті. Арғы жағы белгілі. Ажарды ауылға апарып жерледі. Профессордың күдікке ілінгенін естіп одан бетер қуанды. Бірақ, осыдан екі күн бұрын Сая хабарласқан. «Мен сенің балконнан секіргеніңді көргенмін. Ажарды неге өлтірдің?» деді ол. Осы сауалымен жас қыз өзіне өлім тілеп алған еді…

Күңгірт сәуле

Ажарды өлтіргенін мойындап барлық қағазға қолын қойған Қасеннің сот отырысын күтіп жатқанына бір аптаның жүзі болған. Темір есік ойбайлап ашылып, арғы жағындағы күзетші өзін шақырғанда  «е менің де сотқа барар кезім келген екен» деп ойлады. Үш ай бойы түсінік берген бөлмесіне тағы келді. Әдеттегідей емес, бұл жолы тергеуші есік аузынан қарсы алды.

-Қолыңызды түсіре беріңіз, жайланып отырыңыз! – деді сосын. Қажетті қағазға қол қойдырған соң рахаттанып отырған түрі ғой. Ақтығын дәлелдей алмағанына өкінген профессордың өмірге өкпесі қара қазандай.

-Сіз бүгіннен бастап боссыз, — деді әлден соң тергеуші. Түс көріп отырғандай аңтарылып қалған бұған:

— Иә, иә боссыз! Нағыз жазықты адам табылды. Қазір тергеуде отыр. Ал сізді енді ұстауға қақым жоқ! Заттарыңзды алып үйіңізге қайта беріңіз!

— Сонда қалай?

— Шын қылмыскер табылды деймін, аға!

Көзінен тарам-тарам жас аққан Қасен өз-өзін ұстай алар емес. Ақталыпты, бостандыққа шығады екен. Айтуға қандай жеңіл иә.

-Әй, мені жазықсыз айыптағаның үшін айтқан бар кешірімің осы ма? Мен саған әу баста кінәлі емеспін деген жоқпын ба? Текке өткен жүз күннің өтеуі кімде? – дауысы дірілдеген профессор бүктеліп отырып қалды. Үш айдан аса уақыт ішінде келісті азаматтан кебістей қартқа айналған оның аянышты түріне жай қарау мүмкін емес еді.

Нұршат Өтеулиева

Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметкері

87714905223

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...