Соңғы жылдары елде қоғамды ізгілендіру мақсатында көптеген игі іс шаралар атқарылды. Уақыт талабына ілесе алмайтын заңдар қайта қарастырылып, толықтырулар мен өзгертулерге ұшырады. Оның кейбірі бүгінде өзінің жемісін беріп те жатыр. Алайда, біз оқыстан жаза басып немесе бақытсыздыққа ұшырап темір тордың арғы жағында отырып келгендерді қоғамға қайта кіріктіріп, бейімдей алып жатырмыз ба? Бұл бағытта елде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Тарихқа үңілсек, «Бір жаманы сонда да үй салмаған, Бір жақсысы абақты тұрғызбаған», – деп жырлапты Қадыр Мырза Әлі ақын. Тентегін қариялары тектеп, жүгенсізін ел ағалары жөнге салған ел едік. Қазір қалай? Осы қауқар, осы пәрмен қайда кетті? Бүгінде жаза басқанды да, қасақана қылмысқа барғанды да жазалаудың ең оңтайлы әдісі – түрмеге тоғыту болды.
Иә, қазақ даласында сонау 1720 жылға дейін бірде бір түрме болмапты деседі тарихи деректер. Қазақ топырағында алғаш түрмелер салына бастағанда елдің үрке қарап, маңына барынша жоламауға тырысқанын көркем әдебиеттен де оқыдық. Не де болса қазақтың өз ырқы өзіндегі кең заман ба, әлде қылмыскерді соттап, жыл кескенге көшпенді тұрмыс келмеді ме, ол енді өткеннің әңгімесі. Қалай алсақ та, қазір әлемде қылмыскерді тұтқындап, бас бостандығынан айырудан асқан жаза жоқ. Бізде жалпы, бас бостандығынан айырылғанды тәрбиелейтін қанша мекеме бар, олардың жұмыстары қалай жүреді, жаза басып қылмысқа барғандар жазасын өтеп шыққаннан кейін қалыпты қоғамға қайтадан қалай кірігіп жүр, олардың қайта қылмысқа бармауы үшін қандай шараларды қолға алған жөн?
Айна ШОРМАНБАЕВА, заңгер: «Соттылықтың мәліметтер базасынан өшпеуі – үлкен кедергі»
– Жазасын өтеп шыққан азаматтарды мемлекеттік орындар мен бірқатар жерлерде жұмысқа алмайтыны белгілі. Жазасын өтеп шыққан ауыр қылмыс жасаған азамат пен жеңіл қылмысы үшін жазасын өтеген азаматқа да бірдей соттылығы бар деген анықтама беріледі. Бұл қалыпты өмірге оралғысы келетін адамға үлкен кедергі емес пе?
– Соттылық туралы анықтамалар ҚР Қылмыстық кодексінің 79-бабына сәйкес беріледі. Ауыр қылмыс жасаған адамның соттылығы 8 жылдан кейін жойылады, бірақ мәліметтер базасында қала береді, ауыр қылмыс жасаса да, жеңіл қылмыс жасаса да. Ол іс жүзінде көптеген адамдардың жұмысқа орналасу құқықтарын бұзады. Соттылығы бар адамдарға мысалы, балалармен жұмыс істеуге тыйым салынған. Сонымен қоса, күнделікті өмірде барлық жұмыс беруші бұрын сотты болғандарға күдікпен қарайды, бұл көп жағдайда оларды кемсітуге ұшыратады.
– Кейбір елдерде жазасын өтеп шыққан азаматтарға өз кәсібін ашу үшін төмен пайызбен несиелер, қайтарымсыз гранттар беріледі. Ал біздің елімізде осындай жобалар бар ма?
– Біздің елде түрмеден босап шыққандарды жергілікті әкімдіктерге жіберіп, жұмыспен қамтуды соларға жүктейді, бірақ іс жүзінде тағы жүзеге аспайды. Сондықтан, сотталғандарды әлеуметтік қолдау бағдарламалары жоқ деп айтуға болады.
– Елімізде бостандыққа шыққан адамдарға психологиялық көмек көрсетіп, кеңес беретін немесе қоғам тарапынан жәбір көрген жағдайда қорғап алатын сенім телефондары немесе тиісті мекемелер бар ма?
– Психологиялық көмек жағынан да үкіметтік емес ұйымдар көбірек жұмыс істеп, қолдау жобаларын жүзеге асырады, әсіресе, бұрын сотталған балаларға байланысты. Ал ересектерге көмек көрсететін ұйымдар тапшы. Қазақстанда бұрын сотталғандарды ортаға қайта бейімдеу жүйесін құру керек және оған қаржы бөлу керек. Өкінішке орай, ол жұмыс нәтижесіз болып қалуда.
– Жедел жауабыңызға көп рақмет. Ісіңіз сәтті болсын.
Тақырыпқа орай: Жасөспірімдер арасында да оқыстан жаза басып, темір торға тоғытылып жатқандары бар. Біреуге тағдыр, біреуге қылмыс. Алайда, олардың жас өмірінің өкінішті сабағын қайта түзеуге, қайта тұрып, қалыпты ортада бақытты ғұмыр кешуге толықтай қақысы бар. Осы ретте, жасөспірімдер қылмысының алдын алу, оларға ақ-қараны ажыратуға көмектесу тұрғысында қандай жұмыстар атқарылуда?
АБДУЛИН Нүркен Ардашерұлы, Жамбыл облысы полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция подполковнигі: «АТА-АНА БАЛА БОЛАШАҒЫНА ЖАУАПТЫ»
– Нүркен Ардашерұлы, жасөспірімдер неге қылмысқа ұрынады, қылмыстың алдын алу жолдары бар ма?
– Қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың біршамасы жұмыспен айналысып тәрбиеге мән бермеген ата-аналардың кесірінен. Атаананың назарынан тыс қалған балалардың әртүрлі қылмысқа баратынын ескеруіміз керек. Бұл қандай да бір нақты отбасының материалдық жеткілікті жағдайына байланысты емес. Отбасының жағдайы бар болуы мүмкін, ата-аналары өз балаларын қазіргі заманға сай үлде мен бүлдеге орап қоюуы мүмкін. Керекті құрал-жабдық, озық техникамен қамтамасыз етіп те қоюы мүмкін, бірақ бала оған қанағаттанбайды. Бала тәрбиесіне ешқандай техника да, ақша да көмектеспейді. Балаға бұл жерде тек қана ата-ананың таптырмайтын тәрбиесі ғана қажет екенін ұмытпаған жөн. Бұл жағдай кейде керісінше болуы да мүмкін. Ата-ана күн көру мен нан табудың жолында кеткенде бала тағы да қараусыз, бақылаусыз, қадағалаусыз қалады. Өзімен өзі қалған бала не істейді?!Әрине, көшеге шығады. Дұрыс емес ортаға түссе, әртүрлі қылмыстарға осылай оп-оңай ұрынады. Сондықтан да, екі жағдайда да ата-ана кінәлі, ата-ана бала өміріне жауапты. Атақты педагог А.Макаренко «Тәрбие үнемі, тіпті сіз болмаған кездері де іске асады» деген.
– Ауыр қылмыстарға ұрынатын балалардың статистикасы жоғары екен. Бұған да ата-ана жауапты ма, ортасы, мектеп, айналаның бұл реттегі жауапкершілігі қандай?
– Бұның әртүрлі, субьективті себептері бар. Оған әрине, тек ата-ананы кінәлай алмаймыз. Тәрбие деңгейі мен баланың айналасынан, қоршаған ортасынан алатын сабақтары да көп. Абай атамыз: «Адам – өз заманының бүлдіршіні. Оның жаман болуына замандастары кінәлі» – деген. Яғни, бұндай қылмыстарға бір ғана фактор себеп бола алмайды, бұл жиынтық кемшіліктердің ортақ мәселесі. 2022 жылдың 7 айында әр түрлі құқықбұзушылықтар үшін 4429 кәмелетке толмаған жасөспірім полиция мекемелеріне жеткізілген. 259 жасөспірім мен 174 қиын отбасы есепке алынған. Қылмысты бірнеше рет жасағаны үшін 11 кәмелетке толмаған арнайы мектеп-интернатқа орналастырылды. Қазіргі таңда бізде ата-аналармен жұмыстар жүргізіліп, өз балаларының тағдырына жауапкершілікпен қарауға шақыру істері атқарылып жатыр. Көрсетілген кезеңде 51 ата-ана мен қамқоршы ата-аналық құқығынан айырылды. Өз балаларының тәрбиесі бойынша міндеттерін тиісті орындамағаны үшін 122 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл жердегі мәселе – ата-аналардың педагогтар мен полиция қызметкерлерін түсінгісі келмейтіндігінде. Кезінде атақты классик Лев Толстой: «баланы тәрбиелеудегі қиындық – ата-аналардың өздерін ақтап, кемшіліктерін түземей, бұл кемшіліктерді балаларының бойынан көрмеуге тырысатындықтарында» деген. Міне сондықтан кейбір жауапсыз ата-аналар сот залынан табылып, қылмыстық және азаматтық жауапкершілікке тартылуда.
– Ал, бауыр еті баласы жазатайым от басып, қылмысқа барып қалса, ондай ата-аналар бірінші кезекте не істеуі тиіс? Балаға қалай қолдау көрсеткені жөн?
– Бала тәрбиесінде бірінші жанұясы, атаанасы, қоршаған ортасының орны зор. Бірақ көп жағдайда кейбір ата-ананың балалар тәрбиесі жөнінде жалпы түсініктері болғанымен, олардың психологиялық мүмкіндіктері жайлы ойлай бермейді. Ата-ананың барлық кезде баланы назарда ұстауы парыз. Сонда оның бүкіл мінез-құқындағы өзгерісті бақылай алады. Күдікті көрінген мәселеде оған бірінші болып көмек те бере алады.
– Бір рет қылмысқа барған бала, қайта қылмыскер атанып бостандығынан айырылмау үшін жақындары не істеу керек? Қандай мамандардың кеңесіне жүгінгені, жаза басқан баланы қалай тәрбиелегені дұрыс?
– Кәмелетке толмағандар арасында алдын алу мәселесімен айналысатын білім беру органдары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар бар. Ата-ана сол арнайы мамандармен жұмысты, байланысты жақсарту керек. Ол жасөспіріммен ересек адамдарша қарым-қатынаста болған абзал. Баламен ашық әңгіме ғана оны көп нәрседен сақтандырады.
– Әңгімеңізге, кеңесіңізге рақмет. Жемісті еңбек тілеймін.
Нұрбек ҚОШКЕЛГЕН


