«Жасың құтты болсын». Көрісу қандай мереке?

14 наурыз — қазақ халқы үшін ежелден күнтізбедегі айтулы күндердің бірі. Өйткені дәл осы күні ата-бабамыз өкпе-ренішті ұмытып, қыстан аман шыққандарының құрметіне бас қосып, қауышуды құп көрген. Тәрбиелік мәні зор дәстүрдің шығу тегі туралы этнограф Меруерт Егізбаева пікір білдіріп, этнолингвист Эльмира Әбдіғали лингвистикалық табиғатын түсіндіріп берді.

Этнограф Меруерт Егізбаеваның айтуынша, бұл мерекенің шығу тегі өте ертеде басталған.

«Қазақ халқы ертеден мал шаруашылығымен айналысқан, көшіп-қонып жүрген. Сондықтан әр ру, ауыл бір-бірімен көктем шыға қауышатын болған. Бұл 14 наурызға тұспа-тұс келген. Сондықтан «көрісу» деп аталған. Бәрі қыстан аман шыққанына қуанып, жастар жағы үлкендерге барып, аман-саулығын сұраған, батасын алған. Үй-үйде дастархан жайылып, жақсы тілектерін білдіретін болған. Тәрбиелік жағынан мәні өте тереңде. Әлі күнге жалғасын тауып келе жатыр. Жастың үлкенге деген құрметі, өкпе-реніштің ұмтылуы, ақ дастархан жайылып, ағайын-туыстың кездесуі, осының бәрі адамдар арасындағы қарым-қатынасты да реттеген», — деді ол.

Этнограф бұл дәстүр неге батыс өңірінде жақсы сақталғанын әңгімеледі.

«Көрісу наурыздың басы саналады. Бұл ежелде еліміздің барлық өңірінде тойланған. Ол тек Батыс Қазақстан өңіріне емес, күллі қазаққа тән дәстүр. Кейін кеңестік идеологияға байланысты біраз салт-дәстүрлеріміз ұмыт болды. Батыс аймақта жақсы сақталып қалған. Кейінгі кезде бүкіл өңірде тойланып жүр», — деді ол.

Этнолингвист Эльмира Әбдіғали «амал» сөзін түсіндіріп берді.

«Амал — жыл мезгiлiнiң тұрақты түрде қайталанып тұратын күн райының ерекше құбылыстарымен байланысты кезi. Яғни, бір жылдың он екі айындағы табиғат құбылыстарына байланысты халықтық қағида бойынша қалыптасқан болжамдардың атаулары мен реттері», — деді ол.

Тілшінің айтуынша, ертеде әр айдағы ауа райы мен табиғаттағы өзгерістерді, құбылыстарды ұдайы қадағалап, болжап және оны алдын ала хабарлап отыратын есепшілер болған. Қыстың суық не жайлы болатынын, көктем мен жаздың қалай өтетінін, жауын-шашын мөлшерін шаруа адамы есепшілерден сұрап-біліп отырған. Малшы қауым үшін мұндай болжамдардың маңызы зор болған. Малшылар әр айдағы амалдардың қалай өтетінін осы болжамдар арқылы шамалап отырған. Амалдар наурыз айынан басталалған. Олар: құс қанаты, тобылғы жарған, қызыл жұмыртқа, Құралайдың салқыны, Үркердің толғағы, таразының тууы, сүмбіленің тууы, қараша қаздың қайтуы, қырбастың қызылы, теке бұрқылдақ, Бөрісырғақ, теке бұрқақ т.б.

Ғалым Нұргелді Уәли «жеті амалды» қазақтың байырғы экологиялық түсінігіне сай жыл мезгілдерінде тұрақты қайталанып отыратын табиғаттағы ерекше құбылыстардың жиынтық атауы деп көрсеткен. Ерте кезде есепшілер жеті амалға табиғаттың мына құбылыстарын жатқызған: күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, Үркердің батуы, мұздың қатуы, киіктің матауы, Айдың тоғамы, тоқсанның кіруі. Бұл амалдардың әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктері мен белгілері болған.

«Батыс Қазақстан аумағында 14-15 наурызда көрісу дәстүрі бар. Бұл күні олар ағайын-туыс, дос-жаранға қонаққа барып, әртүрлі тарту жасайды. Көрісудің қалыптасқан әдебі бар. Ер адамдар қос қолдап төс соғыстырады, әйелдер жағы құшақтасады, ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады. Қос қолдап амандасып, төс соғыстыру «өмір тірегім — төсім, тіршілік көзім — екі қолым аман-сау болсын» дегенді білдіреді. Наурыз мейрамын мерекелеудің дәстүрлі атрибуттарының ішінде көрісу, наурызкөже, ұйқыашар, самалық айту, дір еткізер, селт еткізер секілді рәсімдер мен ұлттық тағамдар бар», — деп түсіндірді тілші-ғалым.

Халқымыз қыстан аман-есен шыққанына қуанып, қол алысып, құшақтасып, «жасың құтты болсын, ғұмырың ұзақ болсын» деген тілектер айтқан. Жер бетіндегі тіршілік атаулы жаңаратын бұл кезең «амал мерекесі» деп те аталады.

Ғалым «көрісу» сөзінің лингвистикалық сипатын былай көрсетті:

  1. Амандасу, сәлемдесу;
  2. Көптен бері бірін-бірі көрмей, сағынышпен қауышқан адамдардың амандасуы, дауыс шығарып жылап жүздесуі.
  3. Қаза болған адамға көңіл айтып, жылап, құшақтасып көрісуі.
  4. Ұзатылатын қыздың төркін жұртымен қоштасып жылауы, сыңсу айтуы.

Этнолингвист ғалымның айтуынша, «көргеніміз — көріскеніміз» — талайдан бері кездесе алмай жүрген адамдардың бірін-бірі көріп, құшақ жая қауышпаса да, аман-сау жүргенін біліп отыруы. Ал «көрісу» деген бірлікпен тіркестіре айтылатын «көрісуге жазсын» деген тілек тағдыр бізді көрістірсін, тағы кездесуге жазсын деген мағынада айтылады екен.

Таяу Шығыстан 8585 қазақстандық елге қайтарылды  

Таяу Шығыс елдеріндегі жағдайға байланысты жүргізілген эвакуация басталғалы бері 8585 қазақстандық елге қайтарылды.

Қазақстанда биыл қанша баспана салынатыны белгілі болды 

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында елдегі тұрғын үй құрылысының көрсеткіштері туралы баяндама жасады.

Таяу Шығыстағы шиеленіс: Сарапшы Қазақстанға төнетін қауіп жайлы айтты 

Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі және Әзербайжанның Нахичевань қаласындағы әуежай аумағына ұшқышсыз ұшу аппаратының құлауы өңір елдеріне төнуі мүмкін қауіптерді қайтадан күн тәртібіне шығарды.

Қазақстанда күн күрт суытып, аяз -30 градусқа дейін жетеді

Қазақстанның бірнеше өңірінде 10–11 наурыз күндері ауа температурасы күрт төмендейді. Синоптиктердің болжамынша, түнде кей жерлерде минус 30 градусқа дейін суытуы мүмкін.

Қазақстанда әйелдер көп пе, ерлер ме? Ресми статистика жарияланды 

Қазақстан халқының саны 20,5 миллионнан асты. Ұлттық статистика бюросының соңғы деректері еліміздегі әйелдер мен ерлердің санына қатысты нақты мәліметтерді ұсынды.