Судьяларға қатысты өрескел заң бұзушылық фактілері бойынша істі қарау барысына жаңа тетік енгізілмек. Соған сәйкес, Сот жюриіне материалдарды тексеру құзыреті беріледі. Бұл судьялар тарапынан заң бұзушылықтарды болдырмауға оң әсерін тигізеді деп күтілуде. Ең бастысы, судьялардың Сот жюриіне іс жіберілгенге дейін барлық материалмен танысуына кепілдік берілді. Бұл жөнінде Парламент Палаталарының бірлескен отырысында мәлім болды.
Алқалы жиында «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып, мақұлданған болатын. Жаңа құжат Мемлекет басшысының сот төрелігін іске асыру сапасын қамтамасыз ету және судьялардың біліктілігін арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттарының бастмашылығымен әзірленген. Бұл Конституциялық заңның мақсаты – тиісті заңнамалық тетіктерді әзірлеу, құқықтың үстемдігін қамтамасыз ету және сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру, сондай-ақ сот қорғауындағы құқықтық кепілдіктерді күшейту арқылы сот жүйесін одан әрі жетілдіру. Заң жобасының негізгі жаңалығының бірі – заң талаптарын өрескел бұзған судьяның әрбір күші жойылған сот актісін тексеру құзыретінің Сот жюриіне берілгенінде. Енді жоғары тұрған орган өз шешімінде өрескел бұзушылық фактісін көрсетсе, материалдар дереу Сот жюриіне жіберіледі. Облыстық соттардың және Жоғарғы Соттың жалпы отырысында сот қауымдастығының анықталған заң бұзушылық туралы пікірі ұсыным түрінде айтылады. Жаңа тетіктің жұмыс істеуі үшін Сот жюриінің құрамын арттыру ұсынылды. Олар белсенді судьялар қатарынан алынады. Түзетулердің екінші бағыты сот төрелігінің сапасы жөніндегі Комиссияның ұйымдастырылуы мен қызметінің тәртібін өзгертуді қамтиды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия судьяның кәсіби қызметін бағалауды жүзеге асырып келген өлшемшарттар қатарынан бірнеше талап алынып тасталды. Соның ішінде «адамгершілік қасиеттері» өлшемшарты бар. Себебі ол бойынша бағалауды Сот жюриі, Судья әдебі жөніндегі комиссия және пленарлық отырыстар жүзеге асырады. Іс жүзінде бұл тәртіп бойынша судья бағалаудан қайта өтіп отырған. Жаңа құжат бойынша, судьяның кәсіби қызметін бағалау кезінде бұрынғыдай бір жылдық қызмет нәтижесі емес, алғашқы үш жылдық нәтижесіне назар аудару ұсынылды. Жиында сөз алған Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаровтың айтуынша, бұл – маңызды шара. Өйткені бір жылда судья кәсіби біліктілігін толыққанды бағалау үшін жеткілікті көлемде істерді қарап, тиісті тәжірибе жинақтап үлгермейді. Судьялар корпусының сапасын арттыру мақсатында Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияға судьяны атқаратын лауазымына сәйкес деп тану туралы шешім шығару және оны Сот төрелігі академиясының біліктілікті арттыру курстарына жолдауға қатысты өкілеттіктер беру ұсынылды. Сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссия шешімдерін Жоғары Сот Кеңесі қарап, олар бойынша тиісті шешімдер қабылдайды. Олар, атап айтқанда, судьяны атқаратын қызметінен босату немесе одан бас тарту туралы, судьяны басқа сотқа ауыстыру туралы және тағы басқа мәселерге қатысты болуы мүмкін. Түзетудің үшінші бағыты судьялар тәуелсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мәселелерін қамтиды. Бұл орайда Конституциялық заң жобасында отставкадағы судьяларға өмір бойғы қамтылым төлемінің мөлшеріне қатысты түзету бар. Сонымен бірге, судьяның Сот жюриіне жіберілгенге дейін барлық материалдармен танысу мүмкіндігі және тәртіптік істі қарауға жеке өзінің немесе өкілінің қатысуы арқылы судьяның құқықтарын толыққанды қорғауға кепілдіктер беретін нормалар ескерілген. Сот төрелігі академиясының рөлін арттыру, оқуын аяқтаған және біліктілік емтиханын тапсырған түлектердің әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында, Жоғарғы Сот Кеңесінің ұсынуы бойынша оларды шалғай елді мекенде орналасқан немесе штат саны үш бірліктен аспайтын соттағы бос лауазымға жіберуді көздейтін норма да енгізіліпті. Мемлекеттік қызметші болып табылмайтын тұлғалардың мемлекеттік сатып алу шеңберінде сот жүйесі үшін оқуға қолжетімділігін кеңейту мақсатында оларды Сот төрелігі академиясының магистратурасында оқыту мүмкіндігі де ескерілген. Жоғарғы Сот Кеңесіне аудандық сот судьяларының бос лауазымдарын ескере отырып, өңірлер бойынша үміткерлер үшін квота белгілеу құқығы берілген. Қазіргі уақытта Әділет академиясының магистратурасында мемлекеттік тапсырыс негізінде мемлекеттік қызметшілер ғана оқуға құқылы, ал адвокаттар, заң консультанттары, нотариустар және басқа да тұлғалардың мұндай мүмкіндігі жоқ. Бұл жаңашылдықтар Мемлекет басшысының сот төрелігін жүзеге асыруға корпоративтік және басқа да құқық салаларындағы жаңа кәсіби кадрларды тарту қажеттігі туралы тапсырмасын орындауға бағытталған.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»