12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Жанат МУСИН, Ақмола облысы Бұланды аудандық аурухананың бас дәрігері: «МӘРТЕБЕНІ ПАТРИОТ МАМАНДАР ӨСІРЕДІ»

– Жанат Сартайұлы әңгімемізді аудандық ауруханада ұлт денсаулығын жақсарту бағытында атқарылып жатқан іс-шаралардан бастасақ?

– Заманауи диагностикалық және емдеу әдістерін қолдана отырып, халыққа мамандандырылған медициналық көмек көрсету басты міндетіміз. Қазіргі уақытта өткізіліп жатқан негізгі шаралардың қатарында скринингтің орны бөлек, әсіресе, артериялық гипертензия, глаукома, қант диабеті, сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны обырының алдын алуда. Халқымыз «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демей ме? Скринигті аурудың жолын кесетін бірден-бір құтқарушыға теңесек артық емес. Себебі, уақытында анықталып, нәтижелі ем жасалса дерт те тез жеңіледі. Өкініштісі, көп жағдайда азаматтар ауруды асқындырып келеді. Біздің ауруханада ашық есік күні жиі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, құрамында қажетті мамандар бар медициналық бригада ауылдарға шығып тұрғындарға медициналық тексеру жасайды. Мұндай шаралар ұлт денсаулығын сақтауға кепілдік етеді. Ұлт денсаулығын ұлықтауда ерекше мәнге ие жобада ел халқының медициналық қызмет сапасына қанағаттану деңгейін 80 пайызға арттыру көзделсе, бүгінгі таңда ауылдық елді мекендер, оның ішінде тірек және спутниктік ауылдар бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету қолға алынды. Жобада жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау үшін бірнеше шара қарастырылған. Соған орай, аяғы ауыр әйелдер мен бір жасқа дейінгі балалар денсаулығы жіті бақыланады.

– Аурудың алдын алуға бағытталған пилоттық жобалар мен бағдарламалардың халық үшін пайдасы қандай болмақ?

– Елімізде жүзеге асырылып жатқан мейлі ол жоба, бағдарлама, т.б. болсын барлығы халық игілігіне бағытталған. Қазіргі уақытта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда, оның құрамына Новобратск дәрігерлік амбулаториясы, Алтынды және Партизанка фельдшерлік-акушерлік пункттері кіреді. Пилоттық жоба аясында жаңа ғимараттар салу көзделуде. Қажетті құрал-жабдықтармен жан-жақты қамтамасыз етілген медициналық мекемелер өңірде көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырары анық.

– Ауданда дәрігерлер жеткілікті ме, жас мамандарды әлеуметтік қолдауда қандай көмектер көрсетіледі?

– Медициналық кадрлардың, әсіресе, ауылдық жерлерде жетіспеуі өзекті мәселе болып табылады. Жасыратыны жоқ, жақсы өмір іздеуде жастар үлкен қалаларда қалуға тырысады. Дегенмен, Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жүргізілген жұмыстар нәтижесінде өңірде кадрлардың жетіспеушілігі өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға кеміді. Әйтсе де, бұл ретте атқарылар шаруа көп. Мысалы, Бұланды аудандық ауруханасында хирург, акушер-гинеколог, онколог, эндокринолог секілді мамандар жетіспейді. Ауданға аталған мамандарды тартуда жұмыстар жасалып жатыр. Атап айтсам, ауылға келген жас мамандарға біздің ұйымнан – бір айлық еңбекақы, ал жергілікті әкімдіктен – 100 АЕК, облыс әкімдігінен – 5 миллион теңге көлемінде жәрдемақы бөлінеді, сонымен қатар, тұрғын үй құрылысына немесе сатып алуға 2 пайыздық жеңілдетілген несие беру бағдарламасы бар. Біздегі медициналық қызметкерлердің жұмыс тәжірибесі жоғары. Барлық уақытта тексеру мен емдеудің дұрыс әдісі таңдалып, науқастарға білікті медициналық көмек беріледі. Тұрғындар тәуліктің кез келген уақытында жедел медициналық көмекке жүгіне алады.

– Сіздің ойыңызша, медицина мамандарына деген құрметті қалай қалыптастыруға болады?

– Медицина қызметкерлерінің кадрлық әлеуетін дамыту процесі олардың білімділігі мен кәсіби біліктілігіне ғана емес, сонымен қатар, дәрігердің бүкіл ел тұрғындары алдындағы беделі мен мәртебесінің деңгейіне де тәуелді. Біріншіден, бұл маманның өзіне тікелей қатысты, ол адамдарды жақсы көріп, жанашырлық танытса, сапалы көмек көрсетсе, сөзсіз құрметке ие болады. Дәрігердің жеке басына қойылатын басты талаптың бірі – пациенттерге деген мейірімділік, кез келген сәтте көмекке ұмтылып, оларды тыңдай білу маңызды. Ауырып келген жанды құрметтеу, олардың әлеуметтік жағдайына қарамастан аты-жөнімен атау, тіпті, адам қателесіп келген күннің өзінде оған дұрыс бағыт-бағдар берген абзал. Дәрігер адамды тек емдеп қана қоймайды, оған моральдық қолдау көрсетеді. Бұл үшін дәрігер моральдық-этикалық қасиеттерге де бай болуы қажет. Екіншіден, қазір цифрлық даму заманы, сондықтан, дәрігерлердің жұмысын көрсету үшін әлеуметтік желілерді белсенді пайдалана білудің пайдасы ұшан-теңіз. Олай дейтініміз, халық бәрін әлеуметтік желілер арқылы біліп отырады, жылт еткен жаңалықтың бәрі сонда. Осы себепті, қазақстандық медицинаның жетістіктері, дертінен құлан-таза айыққан науқастар, оларды қатарға қосқан дәрігерлер туралы мәліметтер, сондай-ақ, емделушілердің алғыстары, бұлар өз кезегінде ақ халатты абзал жандарға деген құрметті қалыптастырады. Теңіздің тамшыдан құралатыны секілді әрбір маман ел құрметіне халыққа жасаған әрбір пайдалы ісімен ғана ие болады.

– Бұланды ауданында қанша аурухана, емхана, дәрігерлік пункт бар? Бұлар жергілікті тұрғындарға қажетті медициналық көмек беруде заманауи медициналық аппараттармен жеткілікті түрде қамтылған ба?

– Бұланды өңірінде бүгінде 1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, 4 дәрігерлік амбулатория, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, 23 медициналық пункт бар. Медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу 83 пайызды құрап отыр. Аудандық аурухана үшін бұл жеткілікті көрсеткіш. Сондықтан, дәрігерлер қауымы қызметімізді мемлекет, Денсаулық сақтау министрлігі, облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жасалып жатқан жағдаймен ұштастыра отырып сапалы көрсетуге тиіспіз.

– Сіздерде аудан халқын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешілген?

– Диспансерлік есепте тұратын барлық науқасты қажетті дәрі-дәрмекпен жүз пайыз қамту міндет. Сондықтан, ауданымызда есепте тұрған науқастардың санына сәйкес жыл сайын қажетті дәрі-дәрмектерге өтінім жасалып, аудан халқына жеткізіледі.

– Жастар тәрбиесіне қатысты айтарыңыз?

– Дәрігерлер адам өмірінің сақшылары, сондықтан, бұл салаға жауапкершілікті түсінетіндер ғана келуі керек. Яғни, дәрігерлік оқуды бітірген әрбір жас жергілікті тұрғындарға, пациенттерге өзінің қаншалықты қажет екенін сезінсе, жәй-күй таңдамайды, барлық жерге барып қызмет етеді. Алдағы уақытта, жоғары оқу орындарында ел мен жерді, адамды қадірлеу, сүю сынды патриоттық тәрбиеге басымдық берілгені жөн. Медицина саласының атасы атанған Гиппократ кезінде «Дәрігер – Құдайға жақын адам» немесе «Данышпандықты іздесең – соның бәрі де медицинадан табылады» деген екен. Ғұламаның бұл өсиеті дәрігер атаулыға шексіз жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, әрбір дәрігер өзінің адам жанының арашашы екенін, жұмыс барысында ешқашан қателесуге болмайтынын сезініп, білім-біліктерін ұдайы жетілдіруі, ізденуден жалықпауы тиіс. Осындай мамандар медицина қызметкерлерінің мерейін өсіреді.

– Уақыт тауып, ой бөліскеніңізге үлкен рақмет.

Әңгімелескен Түймегүл ИБАШЕВА, «Заң газеті»

Түркістан облысында заңсыз тұрмыстық химия өндірісімен айналысқан жерасты цехы әшкереленді

2024 жылдың 18 желтоқсанында әділет органдарының қызметкерлері «Белизна» тауар...

Мемлекеттік қызметшілердің үздік жобалары мен бастамалары бойынша конкурс өтті

2024 жылдың 20 желтоқсан күні Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің...

Жоспарлы тексеру аясында мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді

Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және...

Краткосрочные бесплатные курсы: новые возможности для осужденных

Осужденные часто оказываются изолированными от общества и трудового рынка,...

Қысқа мерзімді тегін курстар: сотталғандарға жаңа мүмкіндіктер

Сотталған адамдар қоғамнан және еңбек нарығынан оқшауланып, көп жағдайда...