spot_img
spot_img

ЖАМАН ӘДЕТТЕРГЕ ҚАРСЫ ПӘРМЕНДІ ҚҰРАЛ – СПОРТ

Жыл басында Денсаулық сақтау министрлігі есірткіге тәуелді адамдар бойынша ресми деректерді жариялаған. Деректерге сүйенетін болсақ, «Психоактивті заттарды пайдалану салдарынан психикалық мінез-құлық бұзылыстары» диагнозымен елімізде 108 мың 722 адам динамикалық бақылауда тұр екен. Оның 18 329-ы – есірткі құралдары мен психотроптық заттарға тәуелді. Бұл қауіпті заттардың өмірімізге дендеп еніп келе жатқанының көрінісі.

Мәселені Президент те соңғы жолдауында өз деректерімен өзектендіріп, үкіметке тапсырма берген. «Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген есірткі көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Осы тұста Ақмола обылысында есірткіге қарсы жасалған жұмыстар мен атқарылған шаралар легі өзгелерге үлгі боларлықтай. Облыстың құқық қорғау органдарының мамандары жыл басынан бері біраз заңсыздықтың жолын кескен.

Мамандар өз тәжірибелерінде соңғы кезде есірткі тасымалының жаңа формалары пайда болғанын және еш күдік тудырмас өзге сала адамдарының лас іске араласқанын нақты оқиғалармен мысал келтіре отырып тұрғындарды заңсыздықтан аулақ болуға ескертеді. «Жақында есірткі саудасы үшін 10 жылға сотталған Аршалы өңірінен келген шаңғы жаттықтырушысының ісін мысалға келтіруге болады. Оның есірткіні Астанадан облыс аумағында сату үшін тасымалдамақ болған көлігінің жүксалғышынан 39 келіден астам гашиш табылды. Бұл оқиға есірткінің өмірдің ең күтпеген салаларына еніп кетуі мүмкін екенін және есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар әрбір істің қатаң бақылау мен кінәсі дәлелденген жағдайда қатаң жазаланатынын көрсетті», – дейді маман.

Жалпы, Ақмола облысының есірткі бизнесіне қарсы күрес полициясы «Тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезеңінде есірткі бизнесіне қарсы күресте айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізген. Облыстың есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы полиция подполковнигі Виталий Гудыменконың айтуынша, жұмыстың негізгі бағыттары есірткі қылмыстарын ашу, көші-қон бақылауын күшейту және нашақорлықтың алдын алу болған. «Заңсыз айналымнан есірткіні тәркілеу операциясы сәтті өтті: полицейлер 1,6 келіден астам есірткі және психотроптық заттарды, оның ішінде 900 грамм гашиш пен 717 грамм психотроптық заттарды тәркіледі. Есірткі айналымына қатысты 7 заңбұзушылық анықталып, есірткі бизнесін өз кәсібіне айналдырмақ болған 4 тұлға анықталды», – деді подполковник өз есебінде.

Одан бөлек, алдын алу жұмыстары өз нәтижесін беріпті. Есірткіге қатысты қылмыстық жауапкершілік жоқ 4 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтауға мүмкіндік туған. Және де әлеуметтік желілерге күнделікті мониторинг жүргізу барысында есірткі туралы ақпарат тарататын 7 сайт анықталып, бұғатталған. Есірткіге қарсы күрес стратегиясының маңызды элементі – халықпен, әсіресе жастармен профилактикалық жұмыс жүргізу. Ақмола облысында мамандар бүгінде мектептер мен жоғары оқу орындарында есірткінің зияны туралы ақпараттандыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған білім беру бағдарламаларын жүйелі түрде өткізуде. Мәселен, Көкшетау қаласында колледж студенттері қатысқан есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімі мен полиция бөлімінің ұйымдастыруымен есірткіге қарсы іс-шара өтті. «Барлаушылар» және «жоюшылар» болып бөлінген студенттер колледж аумағында және көршілес тұрғын үй секторында рейд жүргізіп, есірткі туралы ақпарат беретін заңсыз белгілерді іздеп, жойған.

Нәтижесінде 11 жазу табылып, сырланған. Нашақорлықпен күрес басқармасының аға офицері полиция подполковнигі Разия Курсанова есірткіге қарсы иммунитетті және азаматтықты дамыту үшін жастардың осындай іс-шараларға қатысуының маңыздылығын атап өтті. Жастар арасындағы есірткімен күресте ата-аналармен де жұмыс жасау маңызды. Ақмола обылысында отбасы құндылықтары мен балалар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған облыстық ата-аналар форумы да жиі өтеді. Сондай шаралардың бірі Зеренді ауданында өтті. Шараға ата-аналар, мамандар мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Форумда құқық бұзушылықтың алдын алу, есірткі қолдану, ерте жүктілік, тәрбиедегі отбасының рөлі мәселелері қаралды. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, білім бөлімінің басшысы, аудандық аурухананың дәрігері, полиция подполковнигі, психолог және еріктілер сөз сөйлеп, өзекті мәселелерге тоқталып, шешу жолдарын ұсынып, білімдері және тәжірибелерімен бөлісті. Форумда отбасы тәрбиесінің, ата-ана мен бала арасындағы ашық диалог пен өзара түсіністіктің маңыздылығы, жасөспірімдерге қолдау мен көмек қажет екендігі айтылды. Бұндай ашық алаңдар ата-аналарға баламен тиімді жұмыс жасау үшін пайдалы болары анық. Жаман әдеттердің өрбуіне қарсы бірден бір құрал ол – спорт. Ақмола облысында бұл бағыттарда ауыз толтырып айтар жетістіктер баршылық. Мысалы 26 сәуірде «Динамо» ДСҚО Ақмола филиалында 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында дзюдодан «Спорт есірткіге қарсы» атты ашық турнирі өткен.

Шараға динамошылар қозғалысының ардагерлері, тәртіп сақшылары, сондай-ақ каратэден әлем чемпионы Әлімжан Молдағалиев пен бокстан Азия чемпионы Нұржан Кәрімжанов сынды танымал спортшылар қатысты.Турнирге «Жас Динамо», Көкшетау спорт мектебі, «Қайрат» жасөспірімдер спорт мектебі, «Болашақ Сарай», «Бірлік», «Тұран», «Абылай хан» секциялары, сондай-ақ спортшылар сияқты сегіз командадан 128 жас спортшы жиналған. Жарыс екі жас тобында жеті салмақ дәрежесі бойынша өтті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Динамо филиалы мен Жедел әрекет ету бөлімінің дипломдарымен және сыйлықтарымен марапатталды. Іс-шара балалардың спорттық дағдыларын дамытуға ықпал етіп қана қоймай, сонымен қатар салауатты өмір салты мен нашақорлыққа қарсы күрестің маңыздылығын жарқын еске түсірді деуге әбден болады. Бұл атқарылып жатқан спорттық шаралардың соңы емес. Күні кеше Ақмола облысында «Сен есірткіден тәуелсіз болсаң, ел де тәуелсіз» атты ауқымды спорттық акция өтті. Көкшетауда облыстық білім басқармасы мен полиция департаментінің ұйымдастыруымен оқушылар мен студенттер арасында президенттік сайыс турнирлері өтті. 9 мектеп пен 10 колледжден 150-ден астам қатысушы күш, төзімділік, жылдамдық және дәлдік бойынша сынға түсті. Турнир жеңімпазы Көкшетау жоғары политехникалық колледжінің командасы болса, екінші орынды Щучинск атындағы жоғары педагогикалық колледжі, үшінші орынды Көкшетау жоғары техникалық колледжі иеленді. Іс-шара салауатты өмір салтын және есірткіге қарсы күресті насихаттайтын оқиға болды.

Облыста нашақорлыққа қарсы бағдарламалар аясында құқық қорғау органдарының өкілдері, дәрігерлер мен психологтар қатысатын дәрістер, семинарлар мен тренингтер жиі өткізілуде. Бұл іс-шаралардың мақсаты – жастар арасында есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыру және әлеуметтік қысымға қарсы тұру дағдыларын дамыту. Жалпы, Ақмола облысында жыл басынан бері есірткіге қарсы күрес белсенді қауіпсіздік шараларынан бастап кең ауқымды профилактикалық науқандарға дейін барлық бағытта жүргізілуде. Өңірдегі құқық қорғау органдары нашақорлық қаупіне қарсы күресте табандылық пен кәсібилік танытуда, бұл Ақмола облысының барлық тұрғындары үшін қауіпсіз және саламатты ортаны құруға көмектесері анық.

Нұрбол ЖЫЛЫС, «Заң газеті»

Жаңаөзенде Ақылбек Теміровты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтті

     2024 жылдың 8-12 маусым аралығында Жаңаөзен қаласы Рахмет...

Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ардагерімен кездесуі өтті

Астана қаласы бойынша ҚАЖ Комитетінің Департаменті №3 мекемесінің қызметкерлері...

СЕРГЕК АҚЫЛ, СЕНІМДІ ӘРЕКЕТ АЛАЯҚТЫҚТАН САҚТАЙДЫ

Биыл сәуір айында алаяқтардан жапа шеккен жергілікті тұрғын Ақмола...

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті

Бүгін Департамент бастамасымен Қоғамдық кеңес жанынан құрылған Сыбайлас жемқорлыққа...